Сәрсенбі, 27 Қараша 2019 15:29

Төрлет, цифрландыру дәуірі!

Бодандықтың бұғауынан арылуды аңсаған қазақ елі азаттық таңында пырақты тұлпардай, қанаты желді тілген сұңқардай биікке ұмтылып келеді. Замана көші түлкі болса, тазы боп шалмақ. Оған дәлел, әлемде жүргізіліп жатқан көз ілеспес жылдамдықтағы цифрландыру дәуірі ел ауласынан алыстаған емес. Керісінше, «қонақ боп» «төріне» шықты. Қазір әр саланы цифрландыру елімізде қарқынды жүргізілуде. Осы ретте, әлемдік сарапшылар не дейді? Бұның артықшылығы мен осал тұсы неде? Осынау сұрақтарға сәл сапарласақ...

Бүгінде әйгілі Bоstоn Cоnsulting Grоup компаниясы Қазақстанның цифландыру бағдарламасына сәйкес, басты стратегиялық әріптесі болып табылады. Аталған компанияның Таяу Шығыс бойынша бөлімінің директоры Александр Тюрпицтің айтуынша, Қазақстан жаңа цифрлық дәуірге аяқ басты. Осындай дамушы елдерде интернеттің өсу қарқыны жылына 15-25 пайызды құрайды. Мұндай көрсеткіш экономиканың өзге ешбір секторында  байқалмайды. Глобальдық тұрғыдағы мәліметтердің 90 пайызы бар болғаны соңғы екі жыл ішінде пайда болды.

«Ал бүгінгі әлемдегі мәліметтер мен ақпараттардың 99 пайызы цифрландырылған. Дүниедегі 35 миллиард қондырғылар мәліметтермен ғаламат жұмыс жасап, олармен күн сайын өзара емін-еркін алмасып отыр. Мұның өзі жер шары халқының санынан 5 есе артық. Сондай-ақ, қосылу мүмкіншілігі бар қондырғылар мен жабдықтардың 1 пайызын ғана құрайды», – дейді А. Тюрпиц.

Дегенмен осы процестің көлеңкелі жағы да жоқ емес, ол кибер шабуылдарға қарсы іс-шаралар немесе оларға кедергі қою. Былтырғы жылы аталмыш корпорация мен ел үкіметі осы мақсатта жарты триллион доллар жұмсапты.

«Соңғы жылдары біздер көптеген инновациялық жаңалықтарға куә болдық. Ал ең таңданарлық жайт – тағы сан алуан инновациялар әлі алдымыздан күтіп тұр. Біз болсақ бар болғаны жаңа ғана кірістік», – деді сарапшы.

Оның пікірінше, қазіргі заманғы технологияларды ендіру түрлі салалардағы өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнімділігін ұлғайтып, оларға «екінші өмір» сыйлайды. Бұған қоса, қосымша жұмыс орындарының ашылуына тікелей ықпал етеді.

«Көріп отырғанымыздай, көптеген ел осы сайыстық жарысқа түсіп, бұл мәселені өздерінің күн тәртібіне қойып үлгерді. Қазір цифрландыру әлетінде Қазақстанға 50-ші орын тиесілі. Соңғы 5-6 жылда Қазақстанның алатын орны бәлендей өзгеріске түскен жоқ. Алайда біздер алдағы он жылдық ішінде Қазақстанның алдыңғы лектегі 30 елдің қатарына енетініне нық сенімдіміз, бұл үшін мүмкіндік атаулы әбден жеткілікті», – дейді.

Әрбір ел өзіне ғана тән ерекше жолдармен алға жылжиды екен. Мысалы, Германия өндіріс-өнеркәсіп интернетін дамытып назар аударған. АҚШ-та жасанды зияткерлік интернетіне басым көңіл бөлінген. Швеция  блокчейнмен, Қытай 3D-баспа, ал Сауд Арабия – кең көлемдегі мәліметтер ағынымен айналысады.

Қазақстан жетістікке жетелер барлық төртеуін де назарда ұстап отырған 15 елдің қатарына жатады. Олар: экономиканың дәстүрлі салаларын цифрлық технологиялардың арқасында трансформациялау, адами капиталды дамыту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және цифрлық инфрақұрылымдарды дамыту.

Бұл турасында Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев: «Қазақстан экономикасына керемет серпін берерлік «цифрлық төңкеріс» басталды. Бұл оқиғаны тарихи оқиға деп айтсам, артық кеткендік болмас», – деген еді.

Шынында жер шарының басым бөлігінде жаңа дәуір ескегін есті. Алдағы онжылдықтар енді «цифрлық рельстерге» жаппай көшу еншісі. Осынау көште ауданымыздың да ауқымды үлесі бар.

Айталық, іргелі ауданымызда мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда жұмыс қарқынды жүргізілуде. Ресми мәлімет бойынша осы жылдың 9 айында «электрондық үкімет» порталы және ақпараттық жүйелер арқылы баламалы негізде көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны 226 606 құрады, бұл көрсетілген қызметтердің жалпы санының 92,98 % .

Ал мемлекеттік қызметтерді аудан әкімдігінің 37 құрылымдық бөлімшелері көрсетеді.

Қызмет түрлерін уақытылы, сапалы әрі электронды көрсетуді бақылау үшін аудан әкімі аппаратында ішкі бақылау және аудит жүргізілетіндігі тағы рас. Олардың берген ресми мәліметіне көз жүгіртсек, 2019 жылдың 9 айында 15 бақылау іс-шаралары өткізіліп, аталған шараға 10 жергілікті атқарушы орган мен 5 ведомстволық бағынысты ұйым қамтылды, нәтижесінде 249 бұзушылық анықталды. Нәтижесінде, жұмысынан мүлт кеткен қызметкерлер жауапқа тартылған.Бұл дегеніміз, мемлекеттік қызметшілерді өз жұмыстарына деген жауапкершілікті күшейтуді, тұрғындар өтініш-тілектеріне уақытылы жауап беруді міндеттейді.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру: табыстар мен өмір сүру сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 80%-ын, ал 2020 жылы мемлекеттік қызметтердің 90%-ын электрондық нысанға ауыстыру қажеттігін атап өтті. Бұл бағыт бойынша ауданда арнайы жұмыс жоспары құрылып, жүйелі іс қолға алынды.

Осы жоспардың негізгі бағыты – халыққа электрондық мемлекеттік қызметтерді түсіндіру жұмыстарының жүйеленуі.

2019 жылдың 9 айында аудандық әкімдіктің мемлекеттік органдарымен және ведомстволық бағынысты ұйымдарымен 289 түсіндіру іс-шаралары өткізілген.

Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда «Электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық түрде мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі туралы бейнероликтер көрсетіліп отырады. Әрі тақырып аясында 8 билборд және 18 баннер ілінген.

Екінші бағыт – халықтың қалың жігіне электрондық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Тұрғындар электрондық мемлекеттік қызметтердің барлық түрлерін өз бетінше ала алуы үшін 2017 жылдан бастап аудан әкімдігінің барлық жергілікті атқарушы органдарының ғимараттарында «Электрондық бұрыштар» ұйымдастырылды. Әкімдіктердің қызметкерлері «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрыштарында «Мемлекеттік қызметтерді алу» дағдыларына үйрету бойынша тұрғындармен үнемі жұмыс жүргізеді.

Қазіргі уақытта аудан бойынша «Электронды бұрыштар» 179 ғимаратта жұмыс істейді.

Осынау игілікті ауданымызда 9 ай ішінде 23416 азамат көрген. Яки, электронды бұрышқа барды, өзіне қажет құжатын кезексіз шығарып алды. Уақыты үнемделді, жүріс-тұрысына жұмсалатын қаражаты қалтасында қалды.

Үшінші бағыт – мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін «Электрондық үкімет»порталымен интеграциялау.

Бұл турасында аудан әкімі Бинәлі Ысқақ: «Аудан әкімдігінің мемлекеттік органдары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарында ақпараттық жүйелердің 9 түрі орнатылды және жұмыс істейді: «Е-лицензиялау», «Е-әкімдік», «Е-собес», «Еңбек нарығы», «Е АСУ», «АХАЖ РП». Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жұмыспен қамту орталығы ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп «Е-халық» ақпараттық жүйесі арқылы халыққа атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша қызмет көрсете бастады. 2019 жылдың мамырынан бастап балаларды балабақшаға кезекке қою және қабылдау «е-Жетісу» (e-zhetysu.kz) ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде жүргізіле бастады. Аудан мектептері ағымдағы жылдың маусым айынан бастап «Мектеп» (Mektep) ақпараттық жүйесі арқылы 1-ші сыныпқа балаларды қабылдайды» – деген еді.

P.S:Елімізде жаңа технологияны жетік меңгере түсу үшін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Ол 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда экономиканың салаларына цифрлы технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT-мамандарды даярлау. Қарап отырсақ, бұл жұмыстардың барлығы атқарылып жатыр.  Оған күнделікті өміріміздегі өзгерістерден көзіміз жетіп келеді. Ең бастысы, әрбір тұрғын цифрлық сауаттылығымызды арттыру арқылы осынау мемлекет үдерісіне өз үлесімізді қоса алатынымызды ұмытпайық. 

 

Баспаға әзірлеген Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Read 26 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет