Жұма, 01 Қараша 2019 12:17

Тамсандырған Түрген мен естен кетпес Есік көлі

Тамсандырған Түрген мен естен кетпес Есік көлі mezet.kz

Ауданымыздың көзтартар табиғаты мен сырлы тарихы келген қонақты еліктірмей қоймайды. Жетісудың жауһары саналатын Еңбекшіқазақ ауданының мерейі мен мәртебесін асыратын көрікті жерлері жетерлік. Көздің жауын алар  табиғатымыздың сұлулығын көріп, туристік нысандарды аралап, сан ғасырлық тарихымызбен танысу мақсатында облыстың түкпір-түкпірінен меймандар келді жуырда. Қонақтар арасында тілшілер де, спортшылар да, білім мен мәдениет саласы мамандары да, туристік индустрия өкілдері де бар.

Облыстық туризм және ақпараттық қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен өткен екі күндік сапар барысында ауданымыздың мақтаныштарын тамашалады.

Алдымен Есік қорық-музейіне бас сұққан меймандарға мекеме директоры Тасқын Тойбаев Рахат қала жұртындағы қазба жұмыстарын көрсетті. Содан соң ғимарат ішіндегі жәдігерлерді музей қызметшісі Жазира Құрбанәлі таныстырды. Тарихтан тағылым алған Талдықорғандықтар тұп-тұнық, қашан барсаң да көкпеңбек болып көздің жауын алып жататын Есік көліне ат басын тіреді. Аялап қана алақанға салғандай, айналасы жасыл шыршамен көмкерілген мөп-мөлдір суы –табиғаттың тамаша туындысы іспетті. Қайықпен серуендеп сұлулыққа тамсанып, ары қарай Түрген шатқалындағы Аюлы сарқырамасына жол тарттық.

Жоғарыдан құлдилаған таза бұлақ  көрген көзді ләззатқа бөлеп, жаратқанның шеберлігіне таңдандырмай қоймайды. Бірінші күнгі демалысты осылайша қызықты өткізген меймандар «Тау-Жанашар» қонақ үйіне аялдады.

Таң шапағы көтерілгеннен ерте оянып, таңғы астан соң, Қайрақ сарқырамасына қарай бағыт алдық.

1,5 сағат жаяу көтеріліп, бұл ғажапты да көру бұйырды. Тау басындағы қар, тас арасындағы мұз сарқырамаға ерекше көрік беріп тұрғандай. Естелік суретке түсіп, тарихымен танысып, ауызбіршілікпен төменге түстік.

Ұйымдастырушылар қонақтарға Алматы облысының көрікті мекендері туралы ақпарат жазылған Атлас тарту етіп, шығарып салды. Екі күндік сапар барысында Қазақстанда біз бағасын біле бермейтін, қоқыс төгіп қадірлемейтін киелі жерлер өте көп екенін аңғардық. Қолда бардың қадірін біліп, баға жетпес байлығым-табиғатымызды бағалайық, аялайық.

Жансая ЫСҚАҚ

Read 718 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет