Жұма, 18 Қазан 2019 14:49

Аудандағы діни ахуал – тұрақты

Аудандағы діни ахуал – тұрақты mezet.kz

Қазанның он бесінде Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің акт залында аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Исламов, аудан имамдары, округ әкімдері және жауапты мамандарының қатысуымен жиын өтті.

Жиынды А.Бидаев жүргізіп, жиылғандарды күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Мінберге көтерілген М.Исламов аудандағы діни ахуалға тоқталып, жат ағымдарға ерген азаматтардың анықталып, олармен байланыс орнатылып, жұмыс жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, аудандағы мешіттердің жай-күйін зерделей келе, тіркелмеген, құжаттары толық емес немесе мүлдем құжатсыз отырған мешіттердің атын атап, ескерту жасады. Осы тұста, А.Бидаев: «Мешіттер салынбай тұрып, алдымен құжаттары ретке келтірілсін», – деген сын-ескертпесін айтты.

Келесі болып мінбер тізгінін тартқан аудандық білім бөлімінің басшысы Бәтес Аманова мектептердегі оқушылардың ислам дініне деген бетбұрыстары жоғары екенін, алайда жұма күндері намазға үлгереміз деп кейбірінің сабақтан қашып немесе кешігіп жатқандарын сынға алды. Сонымен қатар, имамдарға да өтінішін жеткізді. «Мешіттерде қандай уағыз айтылып, нендей оқулар өткізіліп жатқандығын қатаң қадағаласаңыздар. Се-бебі, санасы әлі түбегейлі қалыптаспаған жас жеткіншектер теріс ағымдардың арбауына тез түсіп қалуы мүмкін. Түсіндіру жұмыстарының дұрыс болмағандығынан көп жастарымыз адасуы да ықтимал», – деді Б.Аманова. Ал, мектеп формасының барлық мектеп жасындағы оқушылар үшін бірыңғай екенін, білім ордасына орамал тағып немесе хиджаб киіп келуге тыйым салынатынын тағы бір мәрте қадап айтты. «Кейбір қыздардың мектеп формасы деп тізесінен жоғары тым қысқа белдемше киіп, мектепке барып жатқандарын көріп жүрміз. Сонда оларға тыйым жоқ па?», – деген ауыл имамының сауалына А.Бидаев: «Тәрбие – отбасынан басталады. Қыздарының не киіп үйден шығып бара жатқанын ата-анасы қадағалау қажет. Әкесі қызының қысқа киюіне тыйым салсын», – деп тоқетерін айтты.

Балтабай, Бөлек ауылдық округтерінің әкімдері де баяндамаға шығып, туындаған сұрақтарға жауап берді.

Ауданның бас имамы Сапархан Төреқұлов жиын барысында талқыланған мәселелерге тоқталды. «Мектеп оқушысына ілім алу – бірінші парыз. Оқып жатқан оқуын тастап жұма намазға барамын деуі – дұрыс емес. Егер сол уақытта бос болса, ешқандай себеп болмаса, онда барсын намазға. Алайда, себеп бола тұра және ол себеп – ілім алу болса, білімін алсын, оқуын оқысын», – деп хадистерден мысал келтіре, түсіндірді. Ислам – тыныштықты, татулықты көздейтін дін екенін тілге тиек етіп, ауыл имамдарымен тұрақты түрде әр тақырыпта жиындар өткізіп тұратындықтарын жеткізді.

Жиын соңында нақты тапсырмалар берілді.

 

Алмагүл НҰҒМАН.

Read 677 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет