Сейсенбі, 28 Мамыр 2019 14:46

Емтиханды сәтті тапсыру үшін не істеу керек?

Емтиханды сәтті тапсыру үшін не істеу керек? https://www.google.com/search?biw=1600&bih=708&tbm=isch&sa=1&ei=8PTsXO_JEsjHrgTMzrCQDQ&q=%D0%B5%D0%BC%D1%82%D0%B8%D1%85%D0%B0%D0%BD%D2%93%D0%B0+%D0%B4%D0%B0%D0%B9%D1%8B%D0%BD%D0%B4%D1%8B%D2%9B&oq=%D0%B5%D0%BC%D1%82%D0%B8%D1%85%D0%B0%D0%BD%D2%93%D0%B0+%D0%

Өмір иірімдері сан түрлі белестерден тұрады десек, емтихан сол асулардың бірі. Оны өмірінің соңы деп қараудың қажеті шамалы. Шағын сынақ деп қабылдап, осы уақытқа дейінгі жиған біліміңді көрсететін уақыт деп қараған жөн. ҰБТ тапсырушы түлектер мен сессия сынақтарына дайындалып жүрген шәкірттерге бізден аздаған кеңестерді ұсынамыз.

Ең бірінші әрекет – сенім. Сынақ сәтті болатынына, жоғары ұпай жинайтыныңа сену. «Менің білімім жетпейді, сұрақтар күрделі, мен мұны оқыған жоқпын, ереже жаттай алмай жатырмын, миыма ештеңе қонбай жатыр» деген сияқты негатив ойлардан арыл. Керісінше, менің білімім көп. Мен сұрақтардың жауабын білемін. Мен емтиханда ең жоғары ұпай аламын деп өз-өзіңді сендір. Көз алдыңа емтиханнан кейінгі қуанышыңды, аты-жөніңнің қасында ең жоғары ұпай тұрғанын, ата-анаң, жақындарың қуанып жатқанын елестет.

Екіншіден, сол білімнің өзіңе пайдасын іздеу. Мұны жаттаймын да, ұмытамын деп емес, бұл маған болашақта көп пайдасын тигізер ілім болады деп түсініп оқу. Ең болмағанда балаларыма үйретемін деген ниетпен оқысаң, ақпараттарды сіңіру оңай болады.

Үшіншіден, бай қиялыңызды іске қосып, ережелер мен формулаларды ойын түрінде жаттасаңыз болады Мысалы, парабола котангенспен кездессін, ал көсемшелі тіркестер бастауышқа қырындасын. Осындай қызықты оқиғалар арқылы жаттау мен түсінуге қиын соғатын ақпараттарды тезірек меңгеру үшін осы әдісті пайдалануға болады.

Төртінші, барлық әдіс-тәсілдерді пайдалан. Тек ми арқылы есте сақтауға болады десең, қателесесің. Көру, тыңдау, әңгімелесу, оқу,  қайталау, қозғалыс, графиктер мен схемалар сызу, үйдегілерге мазмұндап беру, түсіндіру арқылы да біраз ақпаратты жаттауға мүмкіндік бар.

Бесіншіден, ұзын сонар мәтіндерді жаттау не есте сақтау қиынға соқса, қысқаша мазмұнын, негізгі мән-мағынасын дәптерге жазып дайындалсаң, кейін емтихан уақытында сөздік қорыңды пайдаланып, мәтініңді толтыра аласың.

Алтыншыдан, сынақ кезінде оңайынан баста. Мысалы, бір сыныпқа жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. ОЛ үшін барлық орындық, парта, шкафтарды сыртқа шығару керек. Ол үшін алдымен, жеңілінен орындықтардан бастап, ең соңында ең ауыр дүниені сыртқа шығарамыз. Сол секілді мидағы ақпараттарды да оңайынан бастап шығару керек. Барлық сұрақтарды бір қарап шығып ең оңай деген тапсырмаларды бірінші орындап таста. Одан кейін деңгейі жоғарыларға көшесің. Билет бойынша емтихандарда «Үш сөйлем» әдісін пайдалансаң болады. Әр сұрақ бойынша проблемасын, ең басты ойын және шешімін жазып алып, кейін әр сөйлемді толығырақ тарқатасың.

Жетінші, шпаргалка, көшіріп алу мүмкіндігіне көп үміт артпа. Егер көшіріп алуды жақсы білмесең, бастамай-ақ қойғаныңыз жөн. Бұған да ептілік керек екеніне келісетін шығарсың.  

Сегізіншіден, демалысты ұмытпа. Әр жарты сағат сайын миыңды тынықтырып, далаға серуенде. Немесе өзің ұнатататын дәмдіні жеп көңіліңді көтер. Ұйқыңды қандыр. Спортпен шұғылданып, бойыңды сергіт. Артық, негативті ақпараттар мүлдем қараушы болма.

Тоғызыншы, ең бастысы қатты уайымға берілме. Емтиханнан нашар баға алып қалсаң, өмір бойы жолың болмайды деген сөз емес. Мүмкін, сенің басқа нәрсеге талантың бар шығар. Сол қабілетіңді шыңдап, өз мамандығыңды таба аласың.  Әлемдегі дарынды жандардың барлығы емтиханнан үздік баға алған жоқ. Тіпті, кейбір данышпандардың оқудан қуылғанын тарих беттерінен оқыған боларсың. Сен ешкімге ұқсамайтын ерекше тұлғасың. Бойыңдағы қарым-қабілетіңді дамытып, өзіңді таба білсең болғаны.

Сәттілік серігің болсын!

 

Ондаған емтихан тапсырып, осы жай-күйді басынан өткерген

 Жансая ЫСҚАҚ. 

 

Read 178 times

Күнтiзбе

« Қараша 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет