Бейсенбі, 23 Мамыр 2019 09:50

«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»

«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» mezet.kz

Осы аптада Түрген ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің мәжіліс залында аралас жекпе-жектен 3 дүркін әлем чемпионы, Еуразияның 2 дүркін чемпионы, Әлем Кубогінің иегері, бүгінгі жастардың кумиріне айналған Ардақ Назаровпен кездесу өтті. Соңғы уақытта жастар тәрбиесімен айналысып, оларға бағыт-бағдар көрсетіп жүрген чемпионмен кездесуге алыс-жақын ауылдардың жастарымен қатар, округ әкімі Бота Елеусізова, мектеп директоры Римма Ахметова қатысты.

Д.Қонаев сынды біртуар ұлдың қасиетті шаңырағына келген Ардақ Құттықожаұлы асыл азамат жайлы сөз қозғап өтті:

– Қазақтың Бауыржан Момышұлы деген батыры бар. Талай рет ажалмен бетпе-бет келсе де еш мойымай, жау қоршауын бұзып шыққан атамыз өте сыншыл адам болыпты. Бірде Бауыржан атамыз жатқан аурухана қызметкерлері шарқ ұрып, мекемені тазалап, кіре-берістен оның жатқан бөлмесіне дейін қызыл кілем төсейді. Басшылардан біреу келетінін сезген батыр кім келсе де бір сынап алайын деп ойлап жатады. Күткеніндей, жанында бірнеше адам бар Дінмұхаммед Қонаев келіп, Баукеңнің халін сұрапты. Аман-саулықтан кейін «Дінмұхаммед Ахметұлы, осы сіз қай елден боласыз?» - деген батырдың сұрағына Димекең еш мүдірместен өзі шыққан тегін айта жөнеледі. Сонда Бауыржан атамыз: «Е, түбі белгісіз рудан екенсің ғой» - деп әзілдейді. Оны сезе қойған Димекең қарқылдап күліп: «Айтқаныңыз дұрыс болды ғой, Бауке. Мен бұрын білмеппін, сұраған адамдарға тура солай айта жүрермін» - дейді. Әңгіме арасында Баукең бірінші хатшымен бірге келген бір-екі лауазымды адамды сөзбен түртіп, ренжітіп алады. Осы сәтте өзінің қағытпа әзіліне ашуланбай, әзілмен жауап берген Димаш атамызға қарап, есімі тарихта алтын әріппен жазылатынын айтып кеткен Бауыржан атамыздың айтқаны келді. Осындай мектепте білім алып отырған сендер сабақта әрдайым озат болуларың керек – деген Ардақ Назаров сөзін балалақ шақтағы естеліктерімен жалғады. Айтуынша, бала күнінен қара күш иесі болған. Өзінің туып-өскен жері Райымбек ауданында (бұрынғы Нарынқол) картоп өсіретін. Күзгі терім кезінде бір қап картопты қиналмастан жүк көлігіне лақтырып тастайтын болған.  «Мектепте де «Менің атым Қожадағы» Қожа болдым» – деп еске алады. Бұзықтық жасамаса да, үнемі энергиясы тасып, бір нәрсені бүлдіріп алатын. Сол үшін талай рет ұстаздарынан ұрыс естіген. Баласының қабілетін сезген анасы Ардақты 4 сыныпта грек-рим күресіне береді.

Бала күнінен Алматыға әр барғанын санап, алып қалада тұруды армандаған бала Ардақ 8 сыныпта арманына жетеді. Алматыға келіп, колледжге оқуға түседі.

– Біз отбасымызда 6 ағайындымыз. 1 қыз 5 ұл. Ең үлкені мен болғандықтан оқуымды жалғастырып, жоғарғы оқу орнына түсуге мүмкіндік болмады. Артымнан ерген бауырларымды оқыту басты мақсатым болды. Күндіз-түні қара жұмыс істедім, вокзалда жүк тасыдым, цемент түсірдім. Арасында жаттығуымды да ұмытқан жоқпын. Күнде ұйықтар алдында «Немен айналысамын? Не істеймін? Қалай ақша табамын?» деп ойлап жатамын. Ол кез көше мен базарларды әлімжеттік жайлаған, «рекеттердің» заманы еді. Алайда, әке-шешем берген тәрбие, олардың артқан үміті мені жаман жолдан аулақ ұстады. Талай қазақтың мықты жігіттері сол жолға түсіп, арам ақшаның соңынан кетті. Осылайша, Асхат деген досымның ықпалымен 1999 жылдың мамыр айында спортқа бет бұрып, күнімнің жартысын жаттығуға арнадым. 2002 жылы джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы атандым. Осы уақыттан бастап өмірімді толықтай спортқа арнап, жекпе-жекпен (ММА) айналыстым. Кейіннен, Еуропа, Азия, Еуразия чемпионы болдым. Сонда бапкерім «Сен әлем чемпионы боласың» – дегенде алдыма үлкен мақсат қойдым. Үздіксіз жаттығу мен төккен тердің арқасында ең алғаш 2005 жылы, 25 жасымда әлем чемпионы атандым – деген Ардақ Құттықожаұлы жиылған жастарға кез-келген істі бастағанда алға мақсат қою керектігін айтты. Және сол мақсатқа жету жолында мойымай, үздіксіз еңбек етутиіс.

Өзінің өмір жолынан сыр шерткен чемпион адамгершілік жайында да сөз қозғады. Жастарды білімді болуға, спортпен айналысуға шақырды. Айтуынша, адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да адамгершіліктен аттамауы керек. Күшің тасып, әлсіздерге әлімжеттік көрсеткенше, рингке шығып, еліңнің атын шығар. Күніңді босқа өткізбей, бос уақытыңды білімге, спортқа арна. Ең бастысы, саған жарық дүние сыйлап, тәрбие берген, осы күнге жеткізіп, бар жақсыны алдыңа тосқан ата-ананы әрдайым құрметтеу керек. Олардың әр айтқан сөзін мүлтіксіз орындап, қадірлеу – әр баланың міндеті, парызы. Осыны айтқан Ардақ Назаров жиылған жастарға бүгіннен бастап түзелуді, өтірік айтпай, ұрлық жасамай, адал жүруді тапсырды.

– Көзі тірісінде жүрегі қазақ деп соққан алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» – деген екен. Осы сөз менің де өмірлік ұстанымыма айналды – деген чемпион әр қазақтың кеудесінде осы сөз жаңғырып тұру керектігін айтты.

Жиын соңында Бота Елеусізова жастардың сұрауын жерге қалдырмай, кездесуге келген Ардақ Назаровақа, шараны ұйымдастырған Жанас Құттыбиовқа алғысын жеткізді.

Сардарбек НҰРАДИН.

Read 183 times

Күнтiзбе

« Қараша 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет