Бейсенбі, 03 Қараша 2016 11:48

Айтыс. Кіл жүйріктер шабысы

Мен үшін қазақ өнерінің мұнары һәм шынары көрінетін айтыс – ұрпақтың бойтұмары болуы тиіс. Себебі, бұл құдіретті өнер есте жоқ ескі заманнан бастау алған. Ашығын айтсақ, сонау Қашқаридің заманында іргесіне тас қаланған. Дәлел дейсіз бе, ендеше М.Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» жинағындағы «Қыс пен Жаздың айтысын», Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметіндегі» «Дозақ пен Пейіштің айтысын» айтайық. Осынау құдіретіміздің құнын асыруды межелеген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ауданымызда «Тәуелсіздік  – тұғырым, Ана тілім – ғұмырым» тақырыбында айтыс ұйымдастырылып, ақындарымызды бәйгеде баптап, көрермендеріміздің айызын бір қандырды жақында. Соңғы 10-15 жылда аудан сахнасынан көлеңкесі де көрінбеген құдіретті өнерімізді «қайта тірілтсек» деген бөлім басшысының ойын біз де құптадық. Таңнан тұрып, айтыстың тілеуін тіледік, өнердің еркелерін, сахнаның серкелерін көруге асықтық. Сонымен, сөздері мірдің оғындай он ақын киелі төрде өз өнерлерін көрсетті.

 

Ашығын айтайық, «Бір ақынның сау болса тіл мен жағы, мың адамның айтады мұң мен зарын» демекші, әр ақын өз әлінше «Тәуелсіздіктің арайлы таңын, ана тіліміздің бүгінгі қамын ойлап, толғанды.  От тілімен қоғамдағы келеңсіздіктерді орап түсуге тырысты. Алайда, кейбіреулерінің бабы келмеді ме, бағы келмеді ме, тебініп шығып, тепеңдеп қалды. Алайда, Қазірет Бердіхан «Азия бүгін» атты газеттегі журналистердің елді-мекендердің қазақша атауларын ұйғыршалап жазғандарын сын садағына алды. Сондай-ақ, қазақ өнерінің солқылдақтығын ашық айтты:

«Неге мұнша меңдеткені мұңның мені,

Мәселе боп кетті Сырдың көбі.

Бұл күнде тыңдайтын әндеріңіз

Батыс жақтан келеді жырдың көбі,

Сайлаубек деп сайрайды ұлдың көбі,

«Найнти уан» деп жылайды қыздың көбі.

Ораздар ойқастаған сахнада,

Қораздар секеңдеп жүр бұл күндері».

Сонымен қатар Ринат Марханов та Тәуелсіздік таңын тереңнен толғап, төкпелей түсті:

«Тілге шебер болсаңыз,

Кем емессіз шеберден.

Ойға көсем болсаңыз,

Кем емессіз өнерден.

Жігіттік сөзің болмаса,

Несі артық өлгеннен.

Тәуелсіздік тойында,

Төкпелеуді жөн көргем.

Тоқсан үште туылғам,

Бақытты ұлмын расында,

Туыла салып анамнан,

Егеменді ел көрген,

Нұрсұлтандай ер көрген.

Әлемнің алпауыттары,

Қазаққа қазір төр берген.

Осы күнге жеткенше,

Айналайын ағайын,

Зұлматтар көп сен көрген.

Келмесін енді басыңа,

Отыз екідегі аштығың,

Қырық бірдегі қырғының.

Сексен алтыдағы сергелдең.

Тоқсан бірде шыққансың,

Кеңес дейтін шеңберден.

Мына менде де арман жоқ,

Есігімнің киелі,

Бесігінде тербелген.

Өздеріңдей қазақ халқы да,

Жүрегінен төр берген

Айналайын ағайын,

Мың есе артық жүлдеден,

Алғыс пен бата сен берген».

Иә, қазақ табиғатының құмарың қанбас қамбаларынан «үш ұйықтасаң түсіңе кірмес» ғаламат шумақтарды төгіп-төгіп жіберген ақынның мұндай өлең жолдарына қалай қол соқпайсың? Отырған халық дамылсыз жас ақынға дем берді. Сонымен қатар Есендос Асубай секілді жас ақындар да айтысқа өң берді. Ал Медетхан Игіліков, Ерқуат Оңашхан, Қуатжан Ынтықбек секілді тіс қаққан шаппа-шап айтыстың майталманды айна көңілден күміс жырларын көмкерді.

Сонымен, екінші айналымға «Еңбекші-қазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжановтың төрағалығындағы қазылар алқасы алты ақынды өткізді. Олар: Қазірет Бердіхан, Ринат Марханов, Ерқуат Оңашхан, Медетхан Игіліков, Есендос Асубай, Алтай Үсен.

Шынын айту керек, бұл айтыста жаттандылық болған жоқ. Алдын-ала бір-бірінің «өлер» жерлерін іздеп, өлең жаттап, келісіп, көрісіп, дайын-далмады ақындар. Өйткені, қарсыластары сол жерде жеребе арқылы ғана анықталды.

Бәрін айт та, бірін айт, бас жүлдеге деген тартыс тамаша өтті. Яғни, айтыстың шарықтау шегі де сол болды. Қазірет пен Ринат шаппа-шап айтыста өздерін нағыз талант иелері екенін дәлелдеді.

Ә дегеннен қос ақын да шабыса кетті. Әзілге салған Қазірет:

«...Теңге деген сенің құрдасың емес пе еді,

Оны да ағайын-жұрт танығасың.

Теңгеміз құлдырап бара жатыр,

Қиналып отыр міне, кәрі-жасың.

Құрдасың құздан құлап бара жатыр,

Сен де бүгін құлайсың ба, нағыласың?», – деп бір қайырды.

Іле-сала Ринат:

«Өңірде өлең-жырдың селдегені,

Қазіреттің мына елді тербегені.

Інісімен жақсы айтыс жасап жатыр,

Бұл ағам қай додада қор боп еді.

Қазірет негізінде мықты ақын ғой,

Ел алдында төгілетін оңды өлеңі.

Екі жыл бұрын Іледе айтысқанбыз,

Сол кезде ағам мені жеңген еді.

Бұл ағамның мәрттігі көп екен ғой,

Мына менің мақсатым да сол боп еді.

Ағамның мәрттігі рас болса,

 

Мына маған ел алдында жол береді», – дегені сол еді Қазірет:

Ринат Зайытовтай жайнайды ғой,

Ағасының қаны бүгін қайнайды ғой.

Жеті-сегіз арасында сөйлесе де,

Мұның ойы он деп қана сайрайды ғой.

 

Жеңілген жерге қайта келіп жеттің,

«Жеңілген күреске тоймайды» ғой.

Мен саған ақылменен өлшетемін,

Көрсетейін тең таңдай, тең шекенің.

Жол берсем жаман үйреніп  кетесің сен,

Мен енді саған жолды көрсетемін.

 

Саған бүгін ағайын жаршы болды,

Өлеңің теңіз емес, тамшы болды.

Бұл айтыстан ысылып қаласың ау,

Қара сөзім саған тиген қамшы болды.

Жағаласып ағаңмен сен қайтесің,

Менің бүгін асығым алшы болды.

Осыменен айтысты тоқтатайық,

Құдайдың өзі саған қарсы болды», – деп Ринатты бір сілкіп алды. Нәтижесінде, бір ғана ұпаймен сөгетілік Қазірет Бердіхан бас жүлдені (70 мың теңге) қарсыласының қолынан алды. Бірінші орынға Ринат Марханов (50 мың теңге) жайғасты. Екіншілікті Медетхан Игіліков пен (30 мың теңге) Ерқуат Оңашхан иеленді. Үздік үштікті Алтай Үсен қорытты. Қатысушылардың барлығына 10 мың теңгеден ақшалай сыйлық ұсынды ұйымдастырушылар.

Түмен ойдың түйінін айтсақ, айтыс барысында ақындар ана тілдің жайын айта-айта, тілі темір татыды. Тәуелсіздік тойын да тамаша жырлады. Татулық пен тұрақтылықты да тұғырынан түсірмеді. Тамұққа тұмшаланған аудандағы айтыс өнеріне шамшырақ болған аудан әкімі Бинәлі Әбдіқапасұлы Ысқаққа ақындар да риясыз алғыстарын білдірді айтыс барысында. Сөйтіп, 4 сағатқа созылған айтыс та көпшілік қошеметімен өз мәресіне жетті.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Оқылды 3855 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 19, 2024

Тазалық – ұлы істердің бастамасы

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Малыбай ауылдық округінің сайлаушылары! Мен, Бектасов Мәди Мәдиярұлы 1982 жылдың…
Сәу 17, 2024

Горнодобывающий сектор – стимул для…

Вольфрам входит в первую десятку редких металлов, незаменимых в современном промышленном…
Сәу 15, 2024

Зоя МАГАМАДОВА, заместитель…

Акцию «Таза Қазақстан» школа имени Толе би проводит с начала апреля. Учащиеся 5-11…
Сәу 15, 2024

Жанаргуль НИЕТАЛИЕВА,…

Тургенский филиал Иле-Алатауского ГНПП такие акции с участием школ Тургенского сельского…
Сәу 15, 2024

Алматы облыс әкімі Марат…

Облыстағы аталған бағыт аясында Жамбыл ауданындағы «Жамбыл Жабаев» мұражайы, «Таңбалы»…
Сәу 11, 2024

Аманаттықтар көмек қолын созуда

Алматы облысында су тасқыны болған өңірлерге көмек жинау қызу жүріп жатыр. Игі бастамаға…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет