Сәрсенбі, 15 Сәуір 2020 11:29

Ұлы Абайдың еліне тағзым

Семей өңірі – ұлылар мекені дегенде, ойыңа бірден Абай, Шәкәрім, М.Әуеэовтің кіндік қандары тамған жері, қасиетті "Жидебай" оралады. Өткен ғасырдың 70 жылдарында Семей өңірінде әскери қызметте комсомол жұмысына байланысты 3 аудан аймағында  орналасқан әскери бөлімдерді  аралап,  сол кездегі елдімекендердегі қызу еңбекті көзбен көрген адамға арада 40 жыл  уақыт салып бүгінгі тіршілікті көргендегі көңіл-күй адам айтқысыз. Атамыз қазақ «50 жылда  ел жаңа» деп бекерге айтпаған екен. Семейде «Полковничий»  аралында ядролық полигон құрбандарына арналған «өлімнен де күшті» ескерткішті, орталық саябақта Жеңіс мемориалды, жапондық Исакавадзима Харима жобасымен  Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпірді, Абайдың, Достоевскийдің мұражай үйі ғимараты, бекіністің 3 қақпасынан сақталған батыс Ямыш қақпасын, бір мұнаралы мешіт, Әнет баба қос мұнаралы тас мешітін т.б. жерлерді тамашаладық.

Келесі күні таңертең Абай ауданы Қарауылға жол тарттық. Жолсерігіміз – Аягөз ауданының тумасы, еліміздің оқу-ағарту ісінің үздігі, ауданның оқу бөлімін,  40 жыл Ақшәйләу орта мектебін басқарған - Қалибек  Нұрұлы.       

Арқалық тауы етегіндегі Күшікбай асуы, Семей-Қарауыл тасжолының 54-шақырымындағы Күшікбай бұлағына аялдадық. Бұлақтың қасиеттілігі – қыста қатпайды, жазда жылымайды, әркез бір қалыпта болады. Ішсең, сарайыңды қандыратын осынау мөлдір бұлақ елі мен жерін жаудан қорғап, 21 жаста мерт болған, 18 ғасырда өмір сүрген уақтың батырына  осы жердегі төбеге батыр мен Ғазизаға арнайы ескерткіш қойылған. М.Әуезов «Қорғансыздың күні» әңгімесінде: «Күшікбай  5-6 ауылдың атасы. Өзі батыр болған.  Дәл қара жолдың аузында, Арқалықтың бір кішілеу биігі басында моласы бар. Кезең де соның атымен аталған» – деп жазған.  Қасиетті бұлақ маңында, жолдың арғы бетіндегі төбеге жерленген оның рухына  тізе бүгіп, зиярат ете келе, Шыңғыстау сырының құпиясын ашар кілт іспетті Күшікбай батырға қойылған белгі – жалпы қазақ батырларына көрсетілген құрмет деген ойға келдім. Алыстан көз тартатын батырдың дулығасы пішіндес монумент маңдайшасындағы қазақтың домбырасы мен еркіндікке ұмтылған аққудың өзіндік айтар сыры бар. Дулығадан  кейінірек қойылған белгітастың оң қапталына найзасы мен қалқаны орналастырылған. Жидебай жолында «Еңлік-Кебек» – махаббат символына айналған қос ғашықтың кесенесіне баратын жолға асфальт төселіп, маңайы абаттанған.           

                                                

Келесі  тоқтаған  жеріміз – Әуезовтың  туған ауылы.  Бөрілідегі мұражайға  айналған бұл шаңырақта Мұхаңның балалық, жастық дәурені өткен,  осы үйге атасы айттырған  алғашқы жары Райханды түсіріп, Мұғамила, Шоқан есімді балаларын сүйген. Жазушының «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-Тоқал», «Сыбанның моласында» сияқты тұңғыш шығармалары да осы шаңырақта жазылған. Әкесі Омархан мен шешесі Нұржамал, әжесі Дінасыл, ағасы Қасымбектердің бейіттері де үйдің іргесінде екен. Бұл үйде  ұлы жазушының бар мұрасы  құнды дүниелер жетерлік.  Мұхтар Омарханұлы пайдаланған заттар, үй жабдықтары, жазушының  кітаптары мен қолжазбалары, ескі фотосуреттері бар. Жазушының қара костюмі  де осында тұр. Ал ерекше есте қалғаны ет сақтайтын шошаласы болды. Мұндай тоңазытқыш бөлмені кейін Абай үйінде де көрдік.  Қазақ етті  сақтаудың түрлі  жолын  білген  ғой.  Арнайы  бір  бөлмені  жаздың  аптабында ешбір сыртқы  энергиясыз  сап-салқын  етіп  ұстаған.

Семей Қарауыл тас жолының оң жағында Ханшыңғыс жотасының етегінде Ащысуға құятын Қасқабұлақ өзені бойында, Шолақтерек көлдеріне таяу тұста, құрғақ дала белдеміндегі  Қасқабұлақ  ауылын  да басып өттік.

Сол күні түске таман Абай тұрған киелі қара шаңыраққа ат басын тіредік.  Есік  ыңырана ашылып, аулаға қадам бастық. Сол жақтағы қанатта бір пәуеске және бір жұмысшы арбасы тұр. Заманында Семей мен Жидебайдың арасында талай шапқылап, қаладағы кітапханадан том-том кітаптарды тасыған пауеске. Қыр қазағының бар жұмысын тындырған еңбекқор атарба. Абай мінуі мүмкін деген көліктен қалғаны осылар ғана.

Жидебайда асханаға кіріп тамақтандық. Абайдың Жидебайдағы қорық-мұражайы үй-дәлізден, асүйден, қонақжайдан, Абайдың жұмыс бөлмесінен, Ділдәнің, Әйгерім мен Еркежанның отауынан, соғым сүрлейтін шошаладан, лапастан, екі себеттен тұрады. Әр бөлмеге Абайдың  өзі Семей өлкетану мұражайына өткізген экспонаттармен қоса, сол үйге тікелей қатысты заттар орналасқан. Ақынның көзі тірісіндегі жиһаз-мүліктер, Ділдә мен Еркежанның жасаулары, саят құралдары, жиған кітаптары, тоғызқұмалақ тақтасы, ақынның қойын сағаты мен тісқабы, жазу үстелі мен орындықтары, ат әбзелдері, сондай-ақ өзге де тұрмыстық-этнографиялық ме- мориалдық мұралар қойылған. Жидебайдың айналасындағы Абайға  тиесілі 6400 га жер қорық ретінде мемлекеттік қорғауға алынған. Қорықтың аймағында Зере, Ұлжан, Құдайберді, Ғабитхан кесенесі, Абай мен Шәкәрімнің ғимарат-кешені, Кеңгірбай бидің мазары, Оспан көлі, Мұқсақұл төбесі, Тұрағұл қыстауы, Тәкежанның қоныстары орын тепкен. Одан  беріректе   Тобықтының  талай  баласының  сауатын  ашқан  атақты   Ғабитхан  молда мен  Оспанның   малшысы   болған  Шәукенбай   жерленіпті.  Мәлімет алған соң  үйге кірдік.

Сол жақ қабырғаға Өскенбайдан Абай балаларына дейінгі шежіре ілінген. Бірінші есіктің табалдырығын аттай бере, ас бөлмеге тап болдық. Мұнда сол замандағы жаңа үлгідегі пештер, күтушілердің құрал-жабдықтары, сыры кетпеген ыдыс-аяқтар көз жауын алады. Одан әрі қонақ бөлмесі, жатын бөлме, Абайдың жұмыс бөлмесі. Ділдә мен Әйгерімнің, Еркежанның отаулары, тағы басқа бір-бірімен жалғасқан әрқайсысы жеке бір тарих болатын жәдігер толы бөлмелер. Жүкаяқтар, сандықтар, тіпті, сол заманның айнасы да түр. Пәкизаттың құңдыз бөркі мен Еркежанның орамалы да осында. Баршамызды таңғалдырған ұлы ақынның қаптама тісі болды. Абайдың өзі ауылға келген шеркес ұстасына арнайы жасатқан Әйгерімнің күміс ертоқымы, саят құралдары, басқа да тұрмыстық мұралар еріксіз көз тартады.

Ақынның 1903 жылы әйелі Еркежан, ұлы Мағауия, немере келіні Кәмәлия, Ақылбайдан туған Пәкизатпен бірге түскен суреті де сақталған. Бұл - Абайдан қалған екі суреттің бірі. Абай оқыған кітаптар бір шкафта тізіліп түр. Сол бөлмеге ақынның жазу үстелі мен терімен қапталған ағаш орындығы да қойылған.

Абай үйінен шыққан  соң,  қос  әулиенің зиратына  беттедік. Қыстаудан бір шақырым жерде орналасқан бейіт  бүгінде  символикалық кешенге айналған. Оған барар  жолда  қос алыпты  туған қос ананың қабіріне тоқтап, дұға бағыштадық. Күллі тобықты  «Кәрі әже»  атаған  Зере әже мен Ұлжан ананың қасында  Шәкәрім әкесі Құдайберді жатыр. Абай мен Шәкәрімнің жатқан жеріне  қарай аяңдадық. Алыптардың қабірлеріне зәулім мұнаралы ақ кесене  орнатылыпты.  Оның биіктігі  6 метр, ұзындығы 200  жүз қадам болатын үлкен тақтаның үстінде орналасқан. Абайдың  қасына інісі Оспан, Шәкәрімнің  қасына ұлы  Ахат қойылыпты.  Екі  күмбездің  ортасында төбесі ашық шағын амфитеатр бар. Жыл сайын “Абай оқулары ақтык сайысы осы кешенде өткізіледі екен.

Құнанбайдың  ата қонысы Жидебайды ол қайтыс  болғаннан кейін кенже ұлы  Оспан мекендеген. Оспан  өмірден  озғаннан  кейін  қазактың әмең- герлік жолымен келіні Еркежанды алған Абай 1894 жылдан   бастап, соңғы он жыл ғұмырын осы Жидебайда өткізген. Жидебай - тарихы бай, шежіреге  толы, киелі де қасиетті мекен. Ертістің суы мен Шыңғыс тауы баурайындағы бай топырақ ұлылар бойына да, ойына да шапағат  нұрын құйып, қиялына қанат бітіріп, көкірек көздерін ашқаны анық. Олар жүрген соқпақтармен жүріп  өткеніңде бір ерекше жылылық тұла бойыңды баурап түскендей болады.    Ол Жидебайдағы  жалынды Абайдың бізге деген алғысы болар.

«Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма», – деген мұң-налаға толы жанынан шыққан өлеңі тереңіне бойлап, 5 күн Семей өңірінде  өткен уақыт ақын жанын түсінгендігімізден  болар. Ұлы ақынның басына зиярат етушілер көп. Бүгінде заман да түзеліп келеді. Біліммен сусындап, кемелденіп, алға карай аяқ басудамыз. Осы игіліктер Абай ақынның арманы еді ғой.  Өзіммен бірге  жиен немере Олжасты да бұл сапарға ала барған едім.  Кітапты оқу бір бөлек болса,  сол кітаптың  кейіпкерлерінің  туған өлкесінде болу,  қолданған заттарын көру, тарихи  жәдігерлерді  тамашалау әсері  күшті де,  жаныңа рухани азық.

  Нұрлан  ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,     

Шелек ауылының тұрғыны

Оқылды 1574 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: Әсерлі кештен әдемі әңгіме »

Соңғы жаңалықтар

Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…
Сәу 19, 2024

Тазалық – ұлы істердің бастамасы

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет