Сәрсенбі, 09 Қыркүйек 2020 10:00

Төтеншеліктердің тынымсыз тірлігі

Түрген өзен алабындағы № 1 көл Түрген өзен алабындағы № 1 көл mezet.kz

Су – тіршілік нәрі. Сусыз адамзат та, табиғат та өсіп-өне алмайды. Сондай-ақ судың айтып келмейтін алапат апат екені де рас. Жойқын селдің бүкіл қалаларды шайып кеткен жағдайлары тарихта талай жазылған. Осы орайда селдің алдын алып, елдің қауіпсіздігін қадағалап отырған – «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекеме мамандарына артылған жүктің салмағы да ауыр.

Дегенмен, күн-түн демей, тынымсыз тер төгетін төтеншеліктердің нақты немен айналысатынын баршамыз біле бермейміз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін бір күнімізді сала мамандарымен бірге өткіздік. «Қазселденқорғау» ММ-нің Есік қаласында орналасқан филиалы – Іле Алатау аумақтық пайдалану техникалық басқармасының бір топ маманы 3750 метр биіктікке тікұшақпен көтерілді. Мұндағы мақсат – Түрген өзен алабындағы № 1 көлдегі су деңгейін төмендету жұмыстарын жүргізу.

 Таудағы бақылаушылар бекеті

Жалпы, «Қазселденқорғау» ММ ІААПТБ-на қарасты алты аудан бар. Бұл – облысымыздың оңтүстік өңірі – Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Жамбыл, Кеген, Райымбек аудандары. Аталған аумақ көлемінде табиғи апаттардың алдын алып, халық пен шаруашылық нысандарының қауіпсіздігін қадағалау осы мекеменің мойнында. Қысқы қар көшкіні, көктемгі су тасқыны мен топырақ көшкіні, жазғы сел қаупі төтеншеліктердің тыныш отыруына мұрсат бермейді. Бұған филиалға қарасты аумақтың да ауқымды екенін қосыңыз. Апаттың алдын алу үшін маусым сайын жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс атқарылады. «Қауіпті аудандарда орналасқан тұрғын үйлер мен түрлі шаруашылық нысандарының иелеріне үнемі ескерту-хабарламалар таратылады, қауіпті аймақтарда ескерту-қалқаншалары қойылып, үнемі жаңартылады. Топырақ көшкіні, су тасқыны қаупі бар аймақтарға уақытылы бақылау жасалып, жерүсті және аэровизуалды зерттеу жүргізілді», – дейді «Қазселденқорғау» ММ ІААПТБ басшысы Еркін Ахметов.

Таудағы көлдер осынау мұздықтардан толады

Иә, бұл аталғандар – «жердегі» жұмыстың бір бөлігі болса, биік таулы аймақтарда да атқарылар шаруа шаш етектен. Мекемеге қарасты таулы аймақта 556 мұздық және 264 мореналық көл тіркелген. Олардың да жай-күйі, тау өзендеріндегі мұз кептелістерін бақылау, сел ағындыларының арнасы мен сырғыма қаупі бар ошақтардың жағдайы үнемі төтеншеліктердің жіті қадағалауында. Жыл он екі ай жұмыс істейтін гидробекеттермен қатар таудағы мұздықтардың еріп, сел қаупі күшейетін уақытта маусымдық бекеттер де ашылады. Олардың саны көлдердің қауіптілігіне қарай белгіленеді. Биыл  маусымдық 15 гидробекет жұмыс істеп жатыр. Таудағы ауа температурасының төмендеп, мұздықтар қайта қатып, қауіп сейілгенге дейін мекеме мамандары сонда болады. Олар мұз көлдердің гидрометеорологиялық жағдайын бақылап, мұздықтардан көлге келіп жатқан судың көлемі, ауа райы, жауын-шашын жайлы тәулігіне үш уақыт ақпарат беріп отырады. Диспетчер деректерді қабылдап, күнделікті кесте толтырылады. Әдеттегіден әлдеқандай өзгешелік байқалса, инженер, гидролог мамандар тиісті іске жылдам кірісіп, апаттың алдын алады.  

 

«Қазселденқорғау» ММ ІААПТБ басшысы Еркін Ахметов

Биылғы маусымда мұндай қауіп төндіріп тұрған төрт көл тіркелген. «Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ ауданының биік таулы аймақтарында орналасқан бұл көлдердің айдынынан асып кету қаупі жоғары болғандықтан су деңгейін түсіру жұмыстары жүргізілді. Бастапқы кезде көлдердегі су деңгейі 1-1,5 млн. текше метрге жуық болатын», – дейді «Қазселденқорғау» ММ ІААПТБ басшысы Еркін Ахметов.

Жарылыс жұмыстары

Су деңгейі жоғары, қауіпті көлдің бірі – біз барған – Түрген өзен алабындағы № 1 көл. Оның бастапқы көлемі 700 мың 52 текше метр болған екен. Егер тау басындағы мұндай мореналық көл ернеуінен асса, жолындағысын шайып табиғатқа да, төменде орналасқан елді мекендерге де үлкен қауіп төндіреді. Қауіптің алдын алу үшін мамандар алдымен онда батиметриялық зерттеу жасады. Көлдің ең терең нүктесі 30 метрге дейін жетеді. Ал одан кейін судың төмен түсетін арнасын кеңейту, әрі тереңдету үшін жару жұмыстарын жүргізді. Эвакуациялық арна тазартылып, сифондар арқылы 257 мың 890 текше метр су ағызылды. Осылайша тиісті жұмыстардан кейін су көлемі 572 мың 160 текше метрге азайып, қауіпті деңгейден түсті.

Су деңгейін түсіргеннен кейінгі көрініс

Бұл айтқанымыз – мекеменің атқарған бір ғана жұмысы. Ал жыл бойы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алып, ел қауіпсіздігін қадағалап отырған мамандарға артылған жауапкершілік те жоғары. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа биылғы Жолдауында Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру қажеттігін айтқан еді. Әрине, айтып келмейтін апаттың дүлей күшке ие екенін ескерсек, бұл министрліктің жұмысын қайта бастауы құба-құп болар еді.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

 

Оқылды 1383 рет

Медиа

mezet.kz

Соңғы жаңалықтар

Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Тустукбаев Бағлан Ахихатұлы, 1989 жылы 7 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Әділхан Азамат Әділханұлы, 1993 жылы 11 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келдім.…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы …

Мен Тойғанбеков Бақберген Бауыржанұлы 1988 жылы 21 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет