Жұма, 19 Ақпан 2021 09:33

Тіршілік нәрінен таршылық көрген шаруалар

Тіршілік нәрінен таршылық  көрген шаруалар mezet.kz

 

Су – тіршіліктің нәрі. Іргелі ауданымызда ауызсу мәселесі оң шешімін тауып, тұрғындар сапалы тіршілік нәрін тұтынуда. Десек те, қазіргі таңда аграрлы мекеннің суармалы су мәселесі өзекті болып тұр. Былтыр осы тақырып айналасында шаруалар дабыл қағып, су жетпеген алқаптар күйіп кеткен болатын. Жағдай биыл да қайталанбас үшін мәслихат депутаттары мәселенің түйінін тарқатуға кіріскен. Өткен аптада аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, мәслихаттың агроөнеркәсіп пен кәсіпкерлікті қолдау, индустриалды-инновациялық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Раимжан Ибдиминов, төраға орынбасары Ерлан Байшеков, мүшелері Бекболат Алтаев, Айдар Алсеитов шаруаларды сумен қамтамасыз етіп отырған Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының бойымен жүріп өтті. Жол-жөнекей округ әкімдерімен, шаруа қожалығының, су кооперативтерінің басшыларымен кездесіп, талап-тілектеріне құлақ асты.

Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан жолға шыққан халық қалаулыларының сапары Балтабай ауылдық округінен басталып, Малыбай округіне дейін жалғасты.

Сапар барысында барлық округке тиісті мәселе – су жүретін арықтардың қалыпқа келтірілмеуі. Сол себепті каналдан бөлінген судың діттеген жеріне жеткенше жартысына жуығы жерге сіңіп кетеді. Бұл турасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты  Жолдауында: «Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды» – деп атап өткен болатын. Ауданымызда аталған бағытта ауқымды жоба жасалып, қолға алынған. Бірақ Балтабай округінде жүзеге асып жатқан «ПУИД-2» бағдарламасы соңына жетпеген. Бағдарламаға сәйкес, мердігер мекеме Балтабай ауылдық округінде 67 шақырым каналды қайта жаңғырту керек болған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінген. Басталған жұмыстар аяқсыз қалғандықтан  қазіргі таңда мердігер компанияны сотқа берген.

Жоспардағы «ПУИД-3» бағдарламасына сәйкес Қаратұрық ауылдық округінде 150 шақырым каналды қалпына келтіру жоспарланған. Ол да осындай күйге түсе ме деп қауіптенеді шаруалар.

Сапар барысында бұдан бөлек бірқатар проблемалар көтерілді. Соның бірі, ауданның инвесторларға жалға берілетін жерлерді жергілікті әкімдерді ақпараттандырмауы. Бұл негізінен ауылдық округтердің аумағында болғандықтан, тұрғындарға тиісті түсіндіру жұмыстарын өз деңгейде жүргізу үшін олардың бақылау, ақпараттандырылу, келісу функцияларын артыруды қажет екендігін білдіреді. Сондай-ақ, бос жатқан жерлердің басым көпшілігі жергілікті әкімдіктің теңгеріміне алынбаған. Құжат рәсімдеуде кездесетін қиындықтар көп. Сол себепті де ол жерлер бос жатқан болып есептеліп, инвесторларға беріледі. Жайылымдық жер таппай, төрт түлікпен жан бағып отырған шаруалар үшін бұл үлкен мәселе.

Былтыр егін-терім науқанында қуаңшылыққа байланысты бірқатар қиыншылықтар орын алған. Мәселен, сыйымдылығы 320 млн текше метр болатын Үлкен Алматы каналына келетін су әдеттегіден 212 млн текше метрге аз болған.

– Былтырғы судың тапшылығын каналдың басшылығы тауға қардың аз түсуімен байланыстырған еді. Биыл да таудағы қар тізеден аспайды. Демек, осы жылы да егістікке су толығымен берілмей ме? Жауапты мекемелер осы күнге дейін бізбен кездесіп, шағымымызды тыңдаған жоқ. Мәселені шешу үшін бірігіп әрекет етуіміз керек – дейді шаруа қожалығының өкілдері. Сөздеріне сүйенсек, Шелек өңірінің шаруалары ерте көктемде егін егіп, көкөністерін нарыққа шығаруы тиіс. Бірақ ҮАК басшылығы суды тым кеш береді. Ол былай тұрсын, әр округті тиісті тіршілік нәрімен қамтамасыз етпейді. Барлық округ әкімдерінің айтуынша, былтыр су нормадан әлдейқайда аз берілген. Бұл барлық елді мекенге қатысты. Нәтижесінде, суды көп қажет ететін дәнді-дақылдардың басым көпшілігі күйіп кеткен, шаруалар егін алқаптарының көлемін азайтқан, алынған өнім көлемі едәуір кеміген. Бұл өз кезегінде азаматтардың шығынға батуына тікелей әсерін тигізді.

Шелек өңірінің шаруалары тағы бір мәселенің бетін ашты. Айтуларынша, ҮАК су шығынын есептемейді. Айталық, канал 100 литр су берді шаруаларға. Тозығы жеткен арналармен алқапқа судың 50-60 пайызы ғана жетеді. Жерге сіңіп кеткен суды канал басшылығы есепке алмайды. Бұл мәселе кооперативтердің де қабырғасына батып отыр. Су жеткізуші кооперативтер ҮАК-на алған судың ақшасын төлеуге міндетті. Ал шаруалар өзіне келген судың ғана ақшасын төлейді. Осы екі аралықта жерге сіңген суды ешкім мойнына алғысы келмейді.

Кездесулер барысында Бекет Ахметов әкімдерге таудан келетін өзен суларын тиімді пайдалану жолдарын қарастыру керектігін айтты.

– Ауданымызда таудан келетін су арналары бар. Олар-дың мүмкіншіліктерін барынша пайдаланып, арналарды күз мезгілінде тазартып отыру қажет. Су тапшылығы орын алып отырған қазіргідей уақытта тіршілік нәрін барынша үнемдеу керек – деді Бекет Төлегенұлы.

Канал маңындағы кездесулерде шаруалар Шелек өзенінде салынғалы жатқан су электр станциясының мәселесін айтты. Сөздерінше, Шелек өзенінде қуаты 40 МВт болатын «Жарық Су ЛТД» ЖШС-нің су электр станциясын салу туралы шешім қабылданған. Жобаның құны 2,5 млрд теңге, 15 жаңа жұмыс орны ашылады. Қуанарлық жайт. Алайда, қоғамдық тыңдалым кезінде шаруа қожалықтарының пікірін ешкім ескермеген. Мұндағы мәселе – электр станциясы үздіксіз жұмыс істеу үшін үнемі су келіп тұру керек. Ал күз мезгілінен бастап Бартоғай қоймасынан су жіберілмейді, келесі егін мау-сымына жинақталады. Соның өзінде қар аз түсіп, суды жинауда үлкен қиындықтар кездесуде. Ал электр станциясын жыл бойы сумен қамтамасыз етсе, шаруалар мүлдем сусыз қалудан қорқады.

Шаруалардың тіршілік нәрінен таршылық көруінің тағы бір себебі, орманшылық, жайылымдық жерлерді жалға алған азаматтар жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертіп пайдалануда. Елді мекеннің бас жоспарында жайылымдық деп көрсетілген алқаптар бүгінде дәнді-дақылдармен, алма бақтарымен, көкөністермен жайқалып тұр. Әрине, өнімді алқаптардың ұлғайғаны қуантады. Бірақ, бұл суды қадағалауға мүмкіндік бермей отыр. Үлкен Алматы каналы суды құжатта көрсетілген егістіктерге өлшеп береді. Ал жоспарда жоқ жайылымдағы егін назардан тыс қалады. Бұл да өз кезегінде су ресурстарының қажетті мөлшерін жоспарлауға кедергі келтіруде. Соның салдарынан шаруалар арасында түсінбестік орын алып, тіршілік нәріне таласу басталады.

Депутаттардың сапары барысында бұдан бөлек мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылды. Халық қалаулылары егін маусымы басталмай тұрып, проблеманың шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді шаруаларға. Сондай-ақ, алдағы уақытта мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың отырысында аталған тақырып кеңінен қозғалып, талқыланатын болады.

 

Сардарбек НҰРАДИН

Оқылды 1059 рет

Соңғы жаңалықтар

Нау 29, 2024

Көктерек қашан «ауыл» болады?

Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт…
Нау 29, 2024

Аудан әкімі тағайындалды

Кеше аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХІХ сессиясында аудан әкімі лауазымынаТалғат…
Нау 29, 2024

Межелер пысықталып, жоспарлар…

Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы…
Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет