Күндер бойынша реттелген элементтер: Бейсенбі, 20 Маусым 2019
Бейсенбі, 20 Маусым 2019 16:59

Ақ халаттылар ардақталды

Дәрігердің арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болу қажеттігін айтқан Гиппократ мамандық иелеріне үлкен жауапкершілік артып кеткендей. Расында, жаны мен тәні жаралы науқасқа жылы сөздің өзі – жарты ем екені, айтпаса да түсінікті. Ақ халаттылардың төл мерекесінде аудан әкімі Бинәлі Ысқақ абзал жандарды арнайы құттықтады.

Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің акт залына медицина саласына еңбегі сіңген ардагерлер мен аурухана қызметкерлері шақырылып, салтанатты шараның куәсі болды. Аудан медицинасының жеткен жетістіктері мен бүгінгі хал-ахуалына тоқталып өткен Бинәлі Әбдіқапасұлы осы салада талмай еңбектеніп жүрген медицина қызметкерлерін құттықтап, Алғыс хаттармен марапаттады.  Сонымен қатар, медицина ардагерлері де әріптестерін атаулы мерекелерімен құттықтап, тұрғындар денсаулығының сақшыларына амандық тіледі. Артынша аудан өнерпаздарының ән-биімен әрленген салтанатты шара өз мәресіне жетті. Жалпы айта кетсек, ауданымызда екі орталық аурухана бар. Олар Есік қаласында және Шелек ауылында. Сонымен қатар, Есік қаласында орталық перзентхана орналасқан. Есік орталық ауруханасында 269 дәрігер, 1078 медициналық қызметкерлер, ал Шелек ауылындағы орталық ауруханасында 66 дәрігер, 211 орта буынды медициналық қызметкерлер бар. Есік перзентханасында 209 медициналық қызметкер ана мен баланың өмірі мен денсаулығы үшін аянбай тер төгуде. 355 адамға арналған Есік қаласының орталық ауруханасы күніне орта есеппен 500-ге жуық адам қабылдайтын болса, 180 адамға арналған Шелек ауылдық ауруханасы қызметкерлері күніне 350 адам қабылдайды. Аудан бойынша 42 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 19 шұғыл медициналық көмек көрсету бригадасы және бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін 4 нысан бар.

 

Алмагүл НҰҒМАН.

Published in Ресми
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет