Дүйсенбі, 22 Маусым 2020 10:09

Медицина ғылымдарының кандидаты Гүлмира ОТЫНБЕКОВА: «Сертіне берік, антына адал ақ халаттылар»

Ет пен сүйектен жаралған адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Денсаулығың сыр беріп, қиналған сәтте дәрігерге жүгініп, Гиппократ антына берік абзал жандардан кеңес аламыз. Әлемді коронавирус дерті жайлаған сын сағатта да адамзат саулығы үшін күресте «басты рөлді» сомдаған медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше. Сондықтан болар, ақ халатты абзал жандарға деген құрмет те ерек. Жайдары жаздың басталуымен қатар келетін медицина қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында көпсалалы ауданаралық аурухананың стратегиялық даму жөніндегі директорының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлмира Отынбековамен сұхбат жасап, карантиннен кейінгі дәрігерлердің жай-күйін білген болатынбыз.

– Гүлмира Байділдақызы, әңгімемізді әлемді әуреге салған коронавирустан бастасақ. Елімізге төтенше жағдай мен карантин енгізілгелі дәрігерлер демалыс пен жеке өмірдің не екенін ұмытты. Өз денсаулықтарына төнген қауіпке қарамастан, күн сайын жүздеген науқас қабылдауда. Ауданымызда осы дертке шалдыққан ақ халаттылар бар ма?

– Барша халықты дүр сілкіндірген коронавирус инфекциясының салдарынан елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілді. Осынау сын сағатта жұртшылық бізге, яғни, медицина қызметкерлеріне үміт артып, өз денсаулықтарын сеніп тапсырды. Сәйкесінше, ауыртпашылық ақ халатты абзал жандарға түскені рас. Дәрігерлеріміз денсаулықтарына төнген қауіпке қарамастан, күні-түні аянбай еңбек етті. Әлі күнге індетпен күресті жүйелі жалғастыруда. Алғашында елімізде науқастармен тікелей қатынаста болған дәрігерлердің басым көпшілігі вирус жұқтырып, емханалар карантинге жабылғаны баршамызға аян. Алайда, сақтық шаралары қатаң сақталған ауданымызда осы дертке шалдыққан ақ халаттылар тіркелмегендігін мақтанышпен айта аламыз. Өйткені, оларға эпидемиологиялық бақылау хаттамасы мұқият түсіндірілді. Карантиндік нысандарға жіберілген мамандармен өте маңызды тренинг өткіздік. Машақаты көп қорғаныс киімін біздің мамандар бір жарым-екі минутта киетін болды. Бригадаға ең тәжірибелі, ең озық дәрігерлер мен мейіргерлер таңдалып алынды. Жұмыс тәжірибесі жеткілікті маман өзін де, пациенттерді де қорғай алады. Инфекцияның, ошақтың не екенін түсінбеген адам ағаттық жіберуі мүмкін. Сондықтан, ауру жұқтыру қаупі мамандардың өзіне тікелей байланысты болды.

– Демек, олардың отбасы мүшелерінің де вирус жұқтыру ықтималдығы жоғары болды ғой!

– Үнемі науқастардың жанында болған медицина қызметкерлерінің жақындарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген ақ халаттыларға қолдау көрсетіп, барынша жағдай жасауды Мемлекет Басшысы тапсырған еді. Осы орайда, вирус жұқтырғандармен қатынаста болған қызметкерлеріміз Түрген сайындағы «Денсаулық» шипажайына орналастырылды. Ауысымнан шыққан олар шипажайда демалып, бос уақыттарын таза ауада, табиғат аясында өткізді. Онда  барынша көмек көрсетіліп, үш мезгіл тамаққа дейін қамтамасыз етілді.

– Дәрігерлер – бүгінгі күннің батыры екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Сіздің ойыңызша, батырларымызды бағалап жатырмыз ба?

– Ойланып қарасаңыз, күллі байлықтың жиынтығы не ақша, не болмаса таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы ғана. Сол себептен, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса ем іздеп, бәріміз алдына баратын дәрігерлер қауымының қоғамдағы орны ерекше. Ақ халатты абзал жандардың еңбектерi қандай марапатқа болса да лайық. Әсіресе, карантин кезінде жұртшылық дәрігерлердің еңбегін бағалай түскендей болды. Әріптестерім қазақстандықтардың саулығы үшін аянбай тер төгіп, әр адамның өмірі үшін қолдарынан келгенін жасауда. Әрине, еңбек иелеріне тұрғындар тарапынан да, мемлекеттен де үлкен қолдау көрсетілуде. Әлеуметтік желілерде дәрігерлерге бас иіп, алғыс айтқан челлендждер жарияланып, бізді жігерлендіре түсті. Оған қоса, коронавируспен күресте талмай еңбек еткен медицина қызметкерлеріне материалдық көмек көрсетілді. Карантиндік стационар ретінде біздің қызметкерлер 212 500 теңге үстемақы алды. Үстемақы дәрігерлер мен медбикелерге ғана қарастырылған еді. Бірақ, облыс әкімдігінің қолдауымен басқа қызметкерлеріміз де тізімге енгізілді. Меніңше, бұл – әділ. Өйткені барлығы ауру ошағында жұмыс істеп, денсаулығын қатерге тікті. Кішкентай балалары мен қарт ата-анасын ойлап, жұмыстан бас тартуына да болар еді. Бірақ, біздің қызметкерлердің ешқайсысы жауапкершіліктен қашпады. 10-12 тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеді, отбасынан алшақта тұрды.

– Аудан бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған қанша адам анықталды? Барлығы емделіп шықты ма?

– Елімізді шарпыған індет ауданды да айналып өтпеді. Қазіргі таңда Еңбекшіқазақ ауданында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 198 жағдай тіркелді. Олардың барлығы тиісінше ем қабылдап, 52 адам дерттен толықтай айығып шықты.

– Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы пандемияның екінші толқыны күтілуде деп дабыл қағуда. Осыған дәрігерлеріміз қаншалықты дайын?

– Оныңыз рас, дүние жүзі елдері коронавирустың екінші толқыны болатынын болжап отыр. Оған тоқталып кететін болсақ, елдегі бірінші толқын сәуірдің екінші жартысында байқалды. Вирус жұқтыру деңгейі азайған соң мамыр айының ортасынан бастап қайта өсті. Денсаулық сақтау министрі бүкіл әлемде елеулі толқынның болуы мүмкін екеніне назар аударды. Бүгінгі таңда Covid-19-дың екінші толқыны келе жатыр. Бұл әдетте қазан айында басталатын тұмау мен ЖРВИ-дің маусымдық эпидемиясына байланысты болады.

Алайда, коронавирустың таралуы артқан кезде қатаң шаралар күшейтілетін болады. Іс жүзінде маскалар мен бір реттік қорғау костюмдері, тестілер өндірісінің көлемі ондаған есеге артқан. Санитарлық және инфекцияға қарсы қызметтер күшейтіліп, нығайтылуда. Вирус бәсеңдегенше немесе халықты жаппай иммундау жүргізілмейінше Cоvid-19-дың бірнеше толқыны болуы мүмкін. Сол себепті халық жаппай сақтық шараларын ұстануы қажет.

– Жаппай иммундау дедіңіз, қазіргі таңда көпшілік әртүрлі вирустардың алдын алатын вакцинацияға қарсы болып жатыр. Жалпы екпенің маңыздылығы қандай?

– Балалар мен халықты салға (полиомиелитке), қызылшаға, қызамыққа, туа бiтті қызамыққа, құрөзекке, көкжөтелге, туберкулезге, эпидемиялық паротитке (шошқа мойынға), гемофильдi инфекцияға, «В» және «А» гепатитi мен тұмауға (гриппке) және тағы басқа жұқпалы аурулардан қорғанудың ең сенiмдi әдiсiн қолдану барысында вакцинация, екпелер жасалуда. Вакцинациялаудың негiзгi мақсаты – ол адам ағзасында иммунитет пайда болу арқылы жұқпалы ауруларды қабылдауға қарсы тұру болса, соның нәтижесінде ауруға шалдығу мен өлiм-жiтiм санын азайтуда өте маңызы зор. Екпе жасаудың маңыздылығын бағалауда әрбiр ата-ана мен жалпы қоғамда толық түсiнiк болуы өте қажет. Жұқпалы ауруларға қарсы күрестегі бірден-бір құрал – халықты егумен толық қамту екенін жұртшылықтың жаппай түсінуі маңызды.

Иммунитет арттыру, яғни екпе жасау – қауіпті аурулардың алдын алудың бірден бір шарты. Бұл бүгінгі күндері тәжірибеге енген тәсіл емес. Мұны ертеректе сонау 18 ғасырда пайдаланған.

– Вакциянация иммунитеті әлі дамымаған балалар үшін маңызды емес пе?

– Әрине, болашақ аналарға екпе мәселесі бойынша өз баласына жүкті кезінде ойланған маңызды, өйткені бұл дилемма бала дүниеге келгеннен бас-тап болашақ ата-аналардың алдында міндетті түрде туындауы мүмкін. Екпе жасау немесе жасамау – барлық ата-аналар белсенді түрде талқыға салатын өте өзекті тақырып. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес жұқпалы ауруларға қарсы екпе егу халық үшін міндетті болып табылады, өйткені екпелер егілетін адамның мүддесі үшін ғана емес, бүкіл қоғамда қоздырғыштардың айналымын тоқтатуды қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.

Балаларға екпе жасау – ол адам организмiне вакцина немесе арнайы тәсiлмен дайындалған антигендiк қасиетi бар заттарды енгiзу арқылы белгiлi бiр жұқпалы аурудан алдын ала сақтандыру үшiн қолданылатын әдiс. Қазiргi кезде алдын-ала егу нәтижесiнде көптеген жұқпалы аурулар (мысалы, қара шешек) жойылды. Сондықтан, түрлi жұқпалы ауруларға қарсы егудiң маңызы зор екенiне ешбiр күмән келтiрiлмейдi. Вакцинациялау тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiне (ТМККК) енгiзiлген. Қазақстанда халықты иммундауға байланысты барлық қаржы мәселесiн шешудi мемлекет 1995 жылдан бастап өзiне жүктеген. Жыл сайын вакциналар республикалық бюджет қаржысына сатып алынады. Елiмiзде екпе жасау сәттi жүргiзiлiп келедi және ол аяғы ауыр түрде асқынулармен өтетiн немесе аяқталатын, ең алдымен балаларды ауыр зақымдайтын ауруларға қарсы бағытталған.

– Аурухананың материалдық-техникалық базасына тоқталып өтсеңіз.

– Баршамызға мәлім, аурухананың салынғанына ұзақ уақыт өткен жоқ. Мұнда заман талабына сай барлық медициналық құрал-жабдықтар жұмыс істеуде. Осы тұста, аурухана құрамында үш түрлі стационардың ұйымдастырылғандығын атап өткен жөн. Ағымдағы жылдың 13 наурызында карантиндік стационар ашылды. Провизорлық стационар төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап қызмет көрсетуде. Инфекциялық стационар 29 наурыздан бастап коронавирусқа шалдыққан пациенттерді қабылдай бастады. Қазіргі таңда аурухана бөлімшелері барлық құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен қамтылған.

– Ауылдық амбулаториялардың жағдайы ше?

– Өкінішке қарай, амбулаториялардың басым көпшілігі ескірген. Бірақ, жыл сайын бюджеттен қаржы бөлініп, замануи үлгідегі амбулаториялар бой көтеруде. Жоспар негізінде 2025 жылға дейін барлық ауылдық амбулаториялар күрделі жөндеуден өтіп, жарамсыз күйге түскендері жаңартылуы тиіс.

– Басқа қандай жаңалықтарыңыз бар?

– Жақында ғана ауруханымызға ПТР (полимералды тізбектік реакция) зертханасы орнатылды. Мұндай шешім қабылдануының басты себебі,  ауруханамыз аймақтағы ең ірі медициналық мекеме. Ендігі жүгінушілер көрсеткіштері мен белгілері бойынша және дәрігердің жолдамасымен нақты уақыт режимінде ПТР әдісімен жұқпалы ауру түрлерінің диагностикасын жасай алады. Заманауи ПТР зертхананың ашылуына «Birgemiz Jetisy» қоғамдық қоры қолдау көрсетті. Ауруханамыз тарапынан алдын ала дайындық шаралары жүргізілді, зертханада жұмыс істейтін мамандар біліктіліктерін арттырып, осы жұмысқа бейімделді. ПТР зертханасы ғимараттың жеке блогында (бактериологиялық зертхананың 1-қабатында) орналасқан, кіру-шығу персонал мен биологиялық материалдарды қабылдауға арналған жеке есік арқылы жүргізіледі. ПТР зертханасының ашылуы – жұқпалы ауруды дер кезінде анықтау және әр пациентке сапалы ем көрсету мүмкіндігін арттырады.

– Мереке қарсаңында әріптестеріңізге тілегіңіз.

– Адамгершіліктің асылы болған медицина кәсібінің қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймын. Биік мансаптың да, қызмет пен атақ-даңқтың да дәрігер үшін құны бес тиын. Өмір арашашылары үшін ең бастысы – ұлттың саулығы. Әріптестеріме ең алдымен, бірінші байлықты тілеймін. Отбасылары аман, еңбектері жемісті болсын.

– Сұхбатыңызға рахмет, мерекеңіз құтты болсын!

 

Тілдескен Сардарбек НҰРАДИН

Оқылды 1455 рет

Соңғы жаңалықтар

Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Тустукбаев Бағлан Ахихатұлы, 1989 жылы 7 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Әділхан Азамат Әділханұлы, 1993 жылы 11 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келдім.…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы …

Мен Тойғанбеков Бақберген Бауыржанұлы 1988 жылы 21 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет