Күндер бойынша реттелген элементтер: Бейсенбі, 04 Маусым 2020

ҚР Үкіметінің Қаулысымен Серік Жамбылұлы Шәпкенов ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлайды.

С. Шәпкенов 1979 жылы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауылында туған. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «экономист-математик» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы болып бастады. Түрлі жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты құрылымында жұмыс істеді.

2012-2015 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болды.

2015-2016 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы.

2016-2018 жылдары — Атырау қаласының әкімі.

2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болды.

Published in Санаты жоқ
Бейсенбі, 04 Маусым 2020 09:53

Рәміздер - елдігіміздің нышаны

Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Ол – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер болып табылады. Яғни қазіргі таңда ұлттар мен ұлттық мемлекеттердің нағыз өзекті мәселелері экономика, саясат, қорғаныс саласымен емес, керісінше, ұлттың басты құндылығы болып табылатын ұлттық нышандармен де тығыз байланысты.

Мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекет дамуының ажырамас бір бөлігі болып табылады. Рәміздер тарихы алғашқы қоғамдағы тотемге табынудан бастап, кейін түркілер дәуіріндегі көк бөріге табыну, Орта ғасырдағы хандықтар мен патшалықтардың елтаңбалары мен жалаулары және теңгелеріндегі айшықты белгілерімен сабақ-тасады. Қазіргі кезде еліміздің мемлекеттік рәміздері халқымыздың бетке ұстар құжаты сияқты бірегей негіздері мен салт-дәстүрін айқындап көрсетуде. Мемлекеттік рәміздер мәдениетіміз, тарихымыз бен менталитетіміздің көркем туындысы. Еліміздің азаматтарының рәміздерге деген қарым-қатынасы, олардың қаншалықты деңгейде өздерін осы елдің азаматы санайтындықтарының және болашаққа сенімінің, отансүйгіштіктің көрсеткіші іспеттес.

Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік рәміз бойынша елімізді тануға және оны бүкіл әлемге танытуға болады, өйткені онда халқымыздың бүкіл бас-тан кешкен тарихы, бүтіндей мәдениеті жатыр. Сондықтан ол отансүйгіштік сезімнің бастау көзі бола алады.

1992 жылдың 4 маусымы Қазақстан Республикасының рәміздері бекітілген күн болып тарихта қалды. 2007 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қол қойып бекіткен «Қазақстан Республикасының мемлекет-тік рәміздері туралы» Консти-туциялық Заңы мемлекеттік рәміздерімізді пайдалану тәртібін нақты белгілеп берді. Мемлекетік Елтаңба, шын мәнінде, «таңба», «белгі», тіпті «мұра» деген мағына береді. Бұл термин ежелгі түркі қағанаты кезінен бастап қолданыла бастаған.

Қазақ халқы ежелден көк аспанға құрметпен қараған. Аспан асты, жер үстін мекен еткен адамзат баласының еркесі атанған түркілердің аспандай кең көңілінен хабар беретін көк туымыздың түсінің өзінде үлкен философия жатыр. Аспан – кең де құдіретті, шетсіз де шексіздігімен қатар көк тәңірінің де символы. Күннің де білдіретін мағынасы да өте кең. Күн – тіршіліктің тынысы, әлемнің шырағы. Сонымен бірге жапондар айтқандай «жақсыларды білмейтін, жамандарды танымайтын, біреуді жылытам деп әуреленбейтін» барлығына ортақ дарқандықтың белгісі. Ал көк аспан мен күлімдеген күннің астында ешкімге жалтақтамайтын, ешкімнен қорынбайтын еркін де маңғаз қырандай болу адам баласының өмірлік миссиясы. Сондықтан адамзат қоғамы еркіндік пен үміттің бірлігінен құрылған. Осындай қат-қабат мәндер мен мазмұндарды біріктірген көк туымыз көк аспанымызда тәуелсіздікпен бірге желбіреуде.

Елтаңбамыздың да өн бойы ерекше астарларға толып тұр. Шаңырақ қаншама ұлт пен ұлыстың басын қосқан ортақ отан екенімізді білдіретін дара ұғым. Қазақ қанша қауіп пен қатер төнсе де шаңырағын аман сақтаған. Өйткені шаңырақ қазақ үшін ғаламның микрокөшірмесі іспеттес. Ал тұлпар скифтерден бізге дейінгі тарихты жасаған қасиетті жануар. Ол қазақ халқының мінсе көлігі, жесе тамағы, кисе киімі, ішсе сусыны. Қазақ пен жылқы егіз өрілген қос өрім секілді. Сонымен бірге, Елтаңбадағы тұлпарда жеті буынды мүйіз бар. Бұл скиф жылқысының жығасы ғана емес, қасиетті жеті санының да маңыздылығын көрсеткен. Бидай молшылық пен берекенің, ал жұлдыз болашақ пен бірліктің белгісі.

Аспанында алтын күні бар, қамбасы астыққа толы, береке мен бірлікте думанды өмір сүріп жатқан халқымыздың бар қасиетін бейнелеген Әнұранымыздың да орны бөлек. Кезінде Қызыл империяның десі жүріп тұрған кезде де халқымызға рух беріп, болашаққа сеніммен қарауына түрткі болған бұл әннің тарихи маңызы да өте зор.

Қазақстандық рәміз-дердің мақсаты – бір жағынан мемлекеттілік идея-лардың негізгі басымды-лықтарын нығайту әрі тұтастық, тәуелсіздік, ел азаматтарының санасындағы бірліктің ұйтқысы болу. Екінші жағынан – бейбітшіл көршіліктің жақтаушысы сияқты халықаралық деңгейде Қазақстан бе-делін қалыптастыру. Мемле-кеттік рәміздерде қазақ философиясының негізгі ерекшеліктері болатын күрделі, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар бейнеленген. Ұлттық мемле-кеттілік идеологияның сыртқы нысандары мемлекеттік рәміздер болып табылады.

Тек терең білім және мемлекеттік атрибутиканың мазмұнын түсіну, олардың мәніне ену және ұғыну, құрметтеу, біздің мемлекеттегі өмірдің маңызды элементтеріне деген абыройы мен қызығушылықты көтереді. Себебі соқыр сенім, механикалық табынушылық және азаматтардың саналы әрекеті арасында үлкен айырмашылық жатыр.

Әртүрлі елдердің тұрғындары өздерінің мемлекеттік рәміздері-мен заң бойынша мақтанады. Бірақ өзінің туған елінің Елтаңбасы, Туы мен Гимнінің қандай екенін ғана біліп қоймай, олардың маңызын түсіну керек. Ал ол үшін олардың тарихы туралы, мемлекеттік рәміздер қалай пайда болғаны жайлы және ғасырлар бойы қандай жолдан өткенін білу аса маңызды.

Билік символы және мемлекеттік атрибутика ретінде тудың пайда болуы бұрынғы тарихқа ие. Өткен заманда оның пайда болуына екі жағдай көмектесті деп болжап айтуға болады. Біріншіден, бұл адамдардың жүрегі мен санасына жақын зат символын анықтауға талпынысы және бейбітшілік уақытында оған әрдайым жүгінуі сенімділік пен тыныштықты берді, соғыс уақытында рухты көтерді және оның иелерін ерлікке шақырды.

Археологиялық деректер және тарихи дереккөздер негізінде ежелгі мысырлықтар үшін құдай перғауындардың символдары болғаны белгілі. Ассириялықтар үшін мықты енеке бейнесі, гректер үшін Пегас, минотавр бейнелері символ болды. Әртүрлі халық әртүрлі уақыттарда осы мақсаттар үшін бұқа, тасбақа, үкі, бүркіт, жылан, айдаһар және т.б. бейнелерін пайдаланды. Орта ғасырларда граф, герцог және корольдар жайлы айтпағанда, әрбір ер адамның жеке жалауы болды. Жалаудың түсі әртүрлі болған.

Екіншіден, символдар тайпа, халықтың шабыт дереккөзі мен олардың абыройынан басқа, сыртқы функцияны орындау керек еді. Бөтен адамдар оны көргенде, осы халықтың ерекшеліктері туралы, жауынгерлігі мен бейбітшілдігі туралы, шаруашылық пен тұрмыс жайлы пікір айтып, оның қуаты мен айбынын анықтай алатындай жалаушылар құрылған. Мысалы, ежелгі көшпелі тайпаларда, скифтердегі алғашқы жалауларда үрлемелі тудың формасы болды. Бұл өзінің формасымен айдаһардың аузы, аяғы мен құйрығын еске түсіретін ұзын қап болды. Желде ол қампайып қарсыластарына қорқынышты көрінетін.

Егемен ел атанып, мемлекеттік тәуелсіздік мәрте-бесін төрткүл дүниеге танытудың адамзат өркениеті мойындаған бірнеше алғышарты бар. Солардың бірі – тәуелсіз елдің төл рәміздерінің болуы. Бұл – аса маңызды нышандық фактор. Сайып келгенде, астарында «өз тағдыры үшін жауапкершілікті өз қолына алған елміз» деген сертті сыр түйген саяси айырым белгісі, мемлекеттік тәуелсіздіктің рухани болмысының аса жарқын көрінісі іспеттес.

 

Н.Тілеуқабыл

Published in Мақалалар

Қазақ елінің тәуелсіздігі мен дербестігін, егемендігін бүкіл әлемге паш ететін рәміздері - Туы, Елтаңбасы және Әнұраны. Мемлекетіміздің мызғымас негіздерінің бірі саналатын бұл құнды белгілерімізбен халқымыздың сан ғасырлық арман-тілегі, мұқалмас рухы мен қаһармандығы астасып жатыр.

Осы құндылықтарымыз жайында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әр азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы - осы», - дегені есте.

Ендеше, осынау құндылықтарымызды қаншалықты қастерлеп жүрміз? Туымызға, Елтаңбамызға, Әнұранымызға құрметіміз қандай?! Әрине, қоғам болғаннан кейін ішінде ала да, құла да болады. Айталық, күні кеше ғана орта мектепті бітіріп, 11 жылдық еңбегі сіңген мұқабасында Мемлекеттік Елтаңбамыз бар аттестаттарын қоқыс жәшігіне лақтырып кеткен үш жасөспірімнің жөнсіз әрекеті әлеуметтік желіге тарап, қоғамның ашу-ызасын тудырған болатын. Сәл кейін дәл сол үш жасөспірімнің жасаған қылықтары үшін кешірім сұраған видеосы да тараған-ды.

«Құрметті барша қазақстандықтар, ұстаздарымыз, балалықпен жасаған қателігіміз үшін кешірім сұраймыз. Білім туралы аттестат біздің болашағымыздың құжаты екенін түсінеміз, сезінеміз. Біз өзіміздің Елтаңбамызды құрметтейміз, сыйлаймыз. Балалықпен жасаған ісімізге өте қатты өкінеміз», – деген еді олар.

Статистика сөйлейді

Бүгінгі рәміздер күніне орай және жоғарыда атаған жасөспірімдердің қылығын саралау мақсатында мемлекеттік құндылықтарымыздың қадірін түсінбей, аяқасты ететіндердің санын білмек болып ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ақпараттық сервисіндегі статистикалық мәліметтерге жүгінген едік. Ондағы жаңартылған деректерде осы жылдың алғашқы екі айында еліміздің мемлекеттік рәміздерін қорлау дерегі тіркелмегенін көрсетіп тұр. Сондықтан өткен жылғы статистиканы да сүзіп қарап шықтық. Қарап шықтық та, жиі болмаса да мемлекеттік рәміздерімізді қорлайтындардың бар екенін байқадық. Мәселен, сервисте келтірілген деректерге сәйкес, 2019 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айларында ай сайын мемлекеттік рәмізімізді қорлаудың бір-бірден дерегі тіркеліп отырған екен. Ал маусымнан бастап қазан айына дейінгі аралықта оғаш қылық танытып, істі болғандар жоқ. Алайда қараша мен желтоқсанда мемлекеттік рәмізімізді аяқ асты еткендерге қатысты екі-екіден дерек тіркелген.

Жүгенсіздерге заң не дейді?

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 372-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлағандар 2 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сонымен қатар еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 354-1-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ ҚР заңнамасының талаптарын бұза отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін пайдалану және орындау екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранды пайдалану тәртібі қандай?

Еліміздің 2007 жылдың 4 маусымында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті Резиденциясының, Парламентінің, Сенат пен Мәжілістің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Конституциялық Кеңестің, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік ұйымдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдіктерінің, сауда өкілдіктерінің, шетелдегі басқа да ресми мекемелерінің, шетелдегі мекемелерінің басшылары резиденцияларының ғимараттарында және сол мемлекеттің протоколдық практикасына сәйкес көлік құралдарында, сонымен қатар аталған лауазым тұлғаларының кабинеттерінде ұдайы тігіліп тұруы тиіс. Ғимараттарға тұрақты тігілген Мемлекеттік Туға тәуліктің қараңғы мезгілінде жарық түсіп тұруы қажет. Мемлекеттiк Тудың бейнесi Қазақстан Республикасы мемлекеттік наградаларының, Ұлттық Банк банкноттары мен монеталарының элементі немесе геральдикалық негізі ретінде пайдаланылуы мүмкін. Ұлттық аза тұтуға байланысты Мемлекеттiк Ту ұлттық аза тұту мерзiмi ішінде тутұғыр биiктiгiнiң жартысына дейiн төмен түсiрiледi.

Мемлекеттік елтаңбамыз да туымызбен қатар тұрады. Мұнан бөлек, ол Қазақстан Республикасының Президенті мен оның Әкімшілігінің, Парламенттің, оның палаталары мен олардың аппараттарының, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталары Бюроларының, Үкіметтің және Премьер-Министр Кеңсесінің, министрліктердің, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының, Қарулы Күштердің құрамаларының, әскери бөлімдерінің, бөлімшелері мен мекемелерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, жергілікті өкілді, атқарушы органдардың және өзге де мемлекеттік ұйымдардың мөрлері мен құжаттарының бланкілерінде болады. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Үкіметінің, Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Сотының ресми басылымдарында; Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеталарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарында; Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін жеке куәлікте, туу туралы куәлікте, паспортта және өзге де паспорттарда, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінің қызметтік куәліктерінде; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына орнатылатын шекара бағаналарында қолданылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні Қазақстан Республикасының Президенті қызметке кіріскен кезде - ол ант бергеннен кейін; Қазақстан Республикасы Парламенті сессияларының ашылуы және жабылуы кезінде; Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелеріне, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжілістердің салтанатты ашылуы кезінде; теле-, радиоарналар эфирге шыққан кезде тәулiк сайын, олардың хабар таратуы басталғанда және аяқталғанда; Қазақстан Республикасы халқының өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғаларды атап өту құрметіне ескерткіштерді, монументтерді, құлпытастарды және басқа да ғимараттарды ашу кезінде; Қазақстан Республикасының ұлттық (құрама) командасы қатысатын спорттық іс-шаралар өткізілген кезде және басқа да кездерде орындалады.

Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдары шет мемлекеттер аумағында іс-шаралар өткізген кезде Мемлекеттік Гимн Конституциялық заңға, сондай-ақ сол мемлекеттің заңнамасы мен протоколдық практикасына және жергілікті салт-дәстүрге сәйкес орындалады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты жағдайда көтеру және тігу кезінде Мемлекеттік Гимн орындалады, бұл ретте қатысушылар жүздерін Туға қарай бұрады. Мемлекеттік Гимнді оркестр, хор, оркестр мен хор орындайды не ол өзге де вокалдық және аспаптық түрде орындалады. Бұл ретте дыбыс жазу құралдары пайдаланылуы мүмкін. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін ықшамдап орындауға жол беріледі. Мемлекеттік Гимн бекітілген мәтіні мен музыкалық редакциясына дәлме-дәл сәйкестікпен мемлекеттік тілде орындалады. Оның мәтіні мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалардың және өзге де өнер туындыларының негізі ретінде пайдалануға болмайды.

Автор Марлан Жиембай
Дереккөз: inform.kz
Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет