Күндер бойынша реттелген элементтер: Дүйсенбі, 29 Маусым 2020

Бейне байланыс режимі арқылы өткізілген жиынға Үкімет мүшелері, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары, қалалар мен облыстардың әкімдері қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде дер кезінде жарияланған қатаң карантин шаралары уақыттан ұтып, эпидемияның қатты өршіп кетпеуіне мүмкіндік бергенін атап өтті. Өкінішке қарай, Төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін барлық карантин шаралары босаңсып кетті.
– Биылғы 11 мамырда шектеулер алынғаннан кейін вирустың таралуы 7 есе өсті. Бұл көп жағдайда бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты болып отыр. Мемлекеттік басқару жүйесінің орталық және жергілікті органдары Төтенше жағдай режимі тоқтағаннан кейінгі кезеңде тиімді жұмыс істеуге дайын болмағанын атап өту қажет. Ведомствоаралық комиссия өзіне жүктелген міндетті атқаруға шамасы жетпеді. Мұны ашық мойындау керек. Денсаулық сақтау министрлігі орталық және жергілікті билік органдарының жұмысын үйлестіре алмады, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, жергілікті жерлерде тиісті жұмыстар дер кезінде атқарылмай, тиімділігі аз шаралардың қабылдануы салдарынан еңбек ұжымдарында, ірі өндіріс орындарында жаппай вирус жұқтыру ошақтары пайда болды. Атырау облысындағы Теңіз кен орны індет жұқтырудың орталығына айналды. Онда дертке шалдыққан 1222 адам тіркелді. Алматы қаласында тұрғындардың ғана емес, медицина қызметкерлерінің арасында да науқастанғандар өте көп. Елордадағы көптеген мекемелер карантин жағдайының өзінде санитарлық талаптарды сақтамаған. Өңірлердегі ауруханаларда науқастар жататын орынға, медицина кадрларына, дәрі-дәрмекке, медициналық құрал-жабдықтарға тапшылық қатты байқалады.
– Жұмысына салғырт қарағаны үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевқа ескерту жасаймын. Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақовқа және Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е.Тоғжановқа сөгіс жариялаймын. Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуалды реттеу қажеттігін ескертемін. Аталған мәселе барлық облыстың басшыларына да қатысты. Тиімді ақпараттық жұмыстың өз деңгейінде жүргізілмеуі де жағдайды ушықтыра түсуде. Біздің халықпен арадағы диалогымыз өз деңгейінде нәтиже бермеді. Ақпараттар легі теріс пікірлердің ықпалында кетіп, дәрігерлердің ерлікке пара-пар еңбектері көрінбей қалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке цифрландыру саласындағы жұмыстарға салғырт қарағаны үшін ескерту берілді.
Мемлекет басшысы Ведомствоаралық комиссияның шұғыл әрі қатаң үйлестіру жұмыстарын қамтамасыз етуге, оның орындалуына мониторинг жүргізуге және бақылауға қауқарсыз болып отырғанын айтты.
– Пандемиямен күрес жөніндегі барлық шешімдерді, оның әлеуметтік және экономикалық теріс әсерлерін жоюды Премьер-Министр басшылық ететін тиісті Мемлекеттік комиссия аясында пысықтауды тапсырамын. Мемлекеттік комиссия ең маңызды деген ресурстардың таралуын бір орталықтан бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Қазіргі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдау мақсатында Мемлекеттік комиссияға екі күннің ішінде биылғы наурыз-мамыр айларындағыдай қатаң карантин режимін енгізу мәселесі бойынша маған ұсыныс әзірлеп, енгізуді тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев лабораториялық зерттеулердің тиімділігін арттыруды, реагенттер мен жұмсалатын материалдардың үздіксіз жеткізілуін шешуді, ПТР-лабораториялардың саны мен қуаттылығын арттыруды тапсырды.
– Тұрғындардың лабораториялар маңындағы кезектің көптігіне, санитарлық нормалардың сақталмауына қатысты шағымдануы әділетті. Мұның бәрі тікелей ауру жұқтыру қаупін күшейтеді. Сондықтан вирус жұқтырудың алдын алу және бір орталықтан таратуды қамтамасыз ету, сондай-ақ, есепке қою мақсатында ПТР сынамаларын тапсыруды онлайн жазылу немесе Call орталық арқылы жүргізу қажет. Індет ошақтарындағы жұмыстар үшін, әсіресе ауылдық жерлерде мобильді лабораторияларды ұйымдастыру және мобильді қызметті одан әрі дамыту үшін қаржы бөлу аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіп, емдеудің маңыздылығын атап өтті. Осы ретте проблемаларды шешу үшін Үкімет пен өңірлердің әкімдеріне барлық қаржылық және инфрақұрылымдық ресурстарды жұмылдыру тапсырылды.
– Пандемияның екінші толқынын ескере отырып, шілденің соңына дейін жұқпалы дертке шалдыққандарға арналған төсек орындарын 50 пайызға арттыруды тапсырамын. Бұл үшін өңірлер барлық резервті, соның ішінде, жеке және ведомстволық медицина орталықтарын пайдалануы керек. Үкіметке дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесін бес күннің ішінде шешуді тапсырамын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі жүргізіп жатқан ақпараттық жұмыстарының маңыздылығын айрықша атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыс бастапқы кезеңде жақсы ұйымдастырылды. Бірақ мемлекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жібергендей әсер қалдырады.


– Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды. Олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей, торығуда. Өкілетті қызмет орындарынан дұрыс жауап ала алмаған тұрғындардан шағымдар көп түсіп жатыр. www.coronavirus2020.kz сайтына қырық мыңға жуық сұрақ келіп түсті. Қазіргі таңда оның үштен біріне ғана жауап берілді. Мұндай қарым-қатынастың нәтижесінде теріс әрі жалған ақпараттар өршіп тұр. Бұл біздің жұмысымызды одан сайын қиындатуда, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ақпараттық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту қажет екенін айтты. Жауапты тұлғалар өткізетін тұрақты брифингтерді жолға қойып, індет жұқтырған кездегі іс-әрекеттердің алгоритмі жөнінде халықты нақты әрі сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.
– Телеарналарда тікелей эфир арқылы дәрігерлерден кеңес алып, тұрғындардың сұрақтарына нақты жауап беретін бағдарламалар ұйымдастыруға не кедергі? Азаматтарға емделудің протоколы мен алгоритмін жеткізу керек. Дәрі-дәрмектер мен оны пайдалану жөнінде түсіндіру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әкімдер мен министрлерге бюджетті қайта қарау және конференция, дөңгелек үстел, салтанатты шаралар, консалтингтік және PR-қызмет секілді қажетсіз шығындардан бас тарту жөнінде тапсырма берілді. Бұл қаржының барлығы эпидемиямен нақты күреске бағытталуы керек. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бағаны тұрақтандыруға, азаматтарды қажетті азық-түлікпен, жұмыспен қамтамасыз етуге, экономикалық белсенділікті арттыруға және цифрлық технологияны дамытуға қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар жүйелі әрі толыққанды орындалуы тиіс. Бұл мәселе әрбір әкімнің ерекше бақылауында болуы қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті шұғыл шаралар қабылдаумен қатар, коронавирус пандемиясының ұзаққа созылуына дайын болуға шақырды. Осыған байланысты орта мерзімді перспективаға арналған Қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі ұлттық жоспарын әзірлеуді тапсырды.
– Иә, бұл – қауіпті ауру. Оны емдейтін вакцина әлі жасалған жоқ. Бірақ оны қауіпті екен деп байбалам салып, үрейге бой алдырмау керек. Сондай-ақ жөнсіз әрекетке барып, дәрігерлерге тіл тигізіп, санитарлық режимді бұзуға жол берілмейді. Ал науқастанып қалғандар сарыуайымға, пессимизмге салынбағаны жөн. Ем алумен қатар, ағзаның күші, адамның көңіл-күйі оның құлантаза айығып кетуіне ықпал етеді. Денсаулық сақтау министрлігі және санитарлық дәрігерлердің ұсынымдары мен талаптарын естен шығармауды сұраймын. Мұның бәрі мемлекеттің ең басты игілігі – сіздердің, Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған, – деді Мемлекет басшысы.
Кеңес барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов сөз сөйледі.

Дереккөз: akorda.kz 

Published in Санаты жоқ
Дүйсенбі, 29 Маусым 2020 14:33

Жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады

Əлемдік пандемия COVID-19 қоғамның барлық саласына өз əсерін тигізді. Карантин кезеңі азаматтардың жүріс-тұрыстарын шектегенімен жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Елімізде індеттің таралу қауіпі əлі де сақталып отырғандығына байланысты қоғамдық жəне жеке ұйымдар жұмыс тəсілдерін өзгертті. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тəртібі де жаңа форматқа көшті. Енді азаматтар фронт-офистерде тек қағаз жүзінде көрсетілетін 100-ге жуық қызметтер мен egov.kz арқылы рəсімделген өтініштердің нəтижесін ала алады.

Бүгінгі таңда электронды үкімет порталында барлық мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамын қазақстандықтар өз үйінен немесе жұмыс орнында отырып-ақ алуына болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болса болғаны. Қазіргі уақытта ЭЦҚ-ны да egov.kz порталында алу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ кейбір қызметтер мен сервистерді ЭЦҚ-сыз, бір реттік құпиясөздің көмегімен алуға болады. Ол үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет. Электронды түрде қолжетімді қызметтерді азаматтар өздігінен egov.kz порталында, eGov mobile, EgovKzBot2.0 мобильді қосымшаларының, Facebook жəне Вконтакте əлеуметтік желілері чат-боттар арқылы да ала алады.

Осы жерде айта кеткен жөн, жоғарыда айтылған жаңашылдықтар тек қалалық халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына ғана қатысты. Ал аудандық маңызы бар қалаларда, сондай-ақ аудан орталықтарында орналасқан бөлімдерде қалаға қарағанда келушілер санының айтарлықтай аз болуына байланысты өзгеріссіз, бұрынғыдай жұмыс жасап жатыр.

Сондай-ақ, үш санаттағы азаматтар, яғни зейнеткерлер, көп балалы отбасылар жəне мүгедектігі бар азаматтар электрондық қызметтерді ХҚО-дан ала алады. Ол үшін əр фронт-офисте жеңілдік терезелері ұйымдастырылған.

Əлемдік сарапшылардың айтуынша, пандемиядан кейін əлем бұрынғыдай болмайды, жаңа ережелердің пайда болуы заңды құбылыс. Төтенше жағдай енгізілген соң «Азаматтарға арналған үкімет» өз қызметін тоқтатпай, қашықтан жұмыс істеді. Қазірдің өзінде республика бойынша 2000-ға жуық маман қоңырау арқылы азаматтарға консультациялық көмек көрсетіп, қызметтерді онлайн рəсімдеу бойынша ақпараттық сүйемелдеу жасауда. Алматы облысындағы 1414 call-орталықта арнайы оқудан өткен 100-ге жуық қызметкер телефон арқылы кеңес беруде. Бұдан бөлек, филиалдың 50 қызметкері бейнеқоңырау арқылы қызмет алушыларды мобильді азаматтар базасына тіркейді, тағы 20 қызметкер бейнеқоңырау арқылы көрсетілетін қызметті алушыларды бейнеидентификациялау үшін тартылған.

Байланыс орталықтары дүйсенбіден сенбіге дейін таңғы 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Қоңырау шалу тегін.

Сондай-ақ, енді «Азаматтарға арналған үкімет» операторлары қазақстандықтарға egov. kz порталындағы бейне қоңырау арқылы тікелей кеңес бере алады. Ол үшін парақшаның оң жақ төменгі бұрышындағы «Виртуалды ассистент» батырмасын басу қажет. Карантин жағдайында филиал қызметкерлері бірыңғай байланыс арқылы қоңырау шалған аймақ тұрғындарына 62 мыңға жуық кеңес берді. Үйден жұмыс жасаған қызметкерлеріміз ұялы телефон арқылы 72 мыңнан аса кеңес берді жəне 120 мыңға жуық бейнеқоңырауға жауап берді.

Айта кетейік, соңғы екі айда 12 мынға жуық дайын құжаттар берілді жəне мандандырылған ХҚО арқылы онлайн режимінде азаматтарға 300 жуық жүргізуші куəлігі берілді жəне автокөлікті қайта тіркеу бойынша 150 астам қызмет көрсетілді Сондай-ақ, карантин уақытында egov.kz электронды үкімет порталы, Telegram боттағы eGovKzBot2.0, eGovMobile мобильдік қосымшалары арқылы қызмет алуға өтініш берушілер саны артқанын байқадық.

Сондай-ақ, бүгінде аймақтағы ХҚО бөлімдері барлық санитарлық-эпидемиологиялық стандарттарға сəйкес жұмыс жасап жатыр. Атап айтқанда, орталықтардың ғимараттарында бетперде киіп жүру режимі сақталған. Ғимараттарда санитарлық тазартқыштар орналастырылып, антисептиктермен қамтамасыз етілген. Вирус жұқтыру қаупін болдырмау мақсатында кезекте тұрған азаматтар үшін ғимараттардың ішінде де, сыртында да 1,5-2 метр қашықтықта таңбалар қойылған. Бүгінде кең таралған мемлекеттік қызметтер электронды түрге өтті. Осы орайда қызмет алушыларға қажетті құжаттарын онлайн рəсімдеуге кеңес беремін. Өздеріңізге жəне жақындарыңызға қамқор болыңыздар. Амандықта болайық!

Ермек БЕКЖҮНІСОВ,

Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының

Алматы облысы бойынша директоры

Published in Санаты жоқ

2020 жылдың көктемі бәріміз үшін оңай болған жоқ. Көптеген адамдар үшін нағыз сынақ болды, әсіресе, шағын кәсіпорындарға әсер етті. Бірақ «толқынға ілесіп», ағымдағы жағдайға тез бейімделе алатын адам ғана аман қалатынын уақыт көрсетті.

«Жігер» мүмкіндігі шектеулі азаматтарды құқықтық және әлеуметтік қорғау жөніндегі Алматы облыстық қоғамдық бірлестігі 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның басты бағыты - жұмыссыз әйелдерді жұмысқа орналастыру. Бірлестік базасында тоқыма қайта өңдеу бойынша тігін цехы жұмыс істейді. 2019 жылы қоғамдық бірлестік әлеуметтік кәсіпкерлік жолымен жүруді шешті, «Ескі заттардың жаңа өмірі» жобасын әзірледі және «Әрекет» жобасы аясында «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорынан грант ұтып алды.

Грант қаражатына өнеркәсіптік тігін жабдығы сатып алынды, ол жұмыс орындарының санын кеңейтуге мүмкіндік берді. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан 12 әйел жұмысқа орналастырылды. Кәсіпорын төсек-орын және үй тоқымасын шығаруды, сондай-ақ балалар киімін тігуді жолға қойды. Алайда пандемия өз әсерін тигізбей қоймады. «Жігер» командасы бірден жауап берді: өндіріс тоқтаған жоқ, бірақ қайта жанданды. Енді көп реттік қорғаныш маскаларын шығару керек деп шешілді.

«Қатаң карантиндік шаралар қабылданғанға дейін біз цехта жұмыс істедік. Сапалы материалдарды пайдаланып, маскалар тігілді. Біз бірден өнімнің бір бөлігін қайырымдылыққа – көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлерге табыстаймыз деп шештік», - дейді «Жігер» ҚБ жетекшісі Ажар Қыдыралина.

Карантин кезінде 10 000 маска тігіліп, 4 000 маска қайырымдылыққа берілді, қалғандары сатылды. Табыс материал сатып алуға және цех қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуге жұмсалды.

«Төтенше жағдай режимі жарияланғаннан соң біз қызметкерлерді үйден жұмыс істеуге жіберіп, оларға тігін машинкаларын таратып бердік. Біз үшін карантин лайықты түрде жеңіп шыққан сынақ болды. Біздің қызметкерлеріміздің ешқайсысы жұмыстан айырылып, жұмыссыз қалған жоқ», - дейді Ажар Қыдыралина.

Қазір маскалар шығару тоқтатылды, ал тігін цехының қызметкерлері декор элементтерін дайындаумен айналысуда: олар өз қолдарымен бойлық және үстелдік шамдар, себеттер жасайды, сондай-ақ ескі заттарды қайта өңдейді және қалпына келтіреді. Өндірілетін өнім жергілікті тұрғындар арасында сатылады, өнімнің құны 8 000-нан 20 000 теңгеге дейін, олардың барлығы - эксклюзивті.

«Әсіресе өңірлерде жұмыссыздық мәселесі өзекті болып қалуда және бұл мәселені елемеу дұрыс емес болар еді. «Ескі заттардың жаңа өмірі» жобасы адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған және мұнда халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарынан шыққан әйелдерге ерекше көңіл бөлінеді. Жалақы оларға сатылатын өнім есебінен беріледі. Әлеуметтік кәсіпкерлік осылай жұмыс істейді», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» Қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.

«Жігер» ҚБ-нің жоспары - Талдықорған қаласының жұмыссыз азаматтарына жұмыс орындарын ұсынып, өз өндірісін кеңейте отырып, әрі қарай өсе беру.

 

 

 

 «ӘREKET» жобасы туралы анықтама

«ӘREKET» Гранттар байқауы 2019 жылдың маусымында басталды. Жобаның бастамашысы – «Samruk-Kazyna Тrust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. Бірінші кезең өтінім беруден тұрды. Байқауға барлығы 290 өтініш келіп түсті, оның ішінде бірінші кезеңде, байқау комиссиясының мұқият бақылауынан кейін 67 өтініш іріктелді.

Екінші кезеңнің шарты іріктелген коммерциялық емес ұйымдардың толық өтінімдер беруі болды. 1 тамызда Комиссия 51 финалисті анықтады, олар Нұр-Сұлтанға оқуға келді (101 адам, әр КЕҰ-дан 2 өкілден).

Олардың барлығы қаржы, әлеуметтік кәсіпкерлік, PR және маркетинг саласының жетекші халықаралық сарапшыларынан үш күндік оқудан өтті. 2019 жылдың 13-15 тамызы аралығында КЕҰ өкілдері әлеуметтік кәсіпкерліктің заңдық және салықтық аспектілерін, бизнес-модельдерді құруды, маркетинг-жоспар құруды және т.б. зерттеді.

Оқудан кейін барлық КЕҰ өз жобаларын қазылар алқасының қарауына ұсынды. Нәтижесінде 25 қазақстандық КЕҰ 3 млн теңгеге дейінгі грантқа ие болды, оның ішінде Алматы облысынан 5 КЕҰ және Алматы қаласынан 3 КЕҰ. Жеңімпаздардың арасында «Жігер» ҚБ гранттың арқасында «Ескі заттардың жаңа өмірі» жобасын жүзеге асыра алды.

Қазір барлық жеңген жобалар іске асырылуда. Тоғыз ай ішінде қатысушылар өз өңірлерінде жобаларды дамытады. Осы уақыт ішінде Қордың менеджерлері грант алушыларға түрлі мәселелер бойынша кеңестер берді, онлайн оқыту вебинарлары арқылы қолдау көрсетіп, жобаның тиімділігіне және қаражатты тиімді бөлуге мониторинг жүргізуде.

Айта кету керек, Гранттар байқауында жеңіске жеткен жобалар – «Samruk-Kazyna Тrust» Қорымен шарт жасалғаннан кейін де өз жұмысын жалғастырады. Гранттар байқауы олар үшін әлеуметтік кәсіпкерлік әлеміндегі «трамплин» алаңына айналды. Жобаның негізгі міндеті қоғамға нақты пайда әкелетін және КЕҰ-ға әлеуметтік кәсіпкерлік жүргізуге үйрететін аса маңызды жобаларды анықтау болды.

Жобаның басты мақсаты - Қазақстанның коммерциялық емес ұйымдары арасында әлеуметтік кәсіпкерлік мәдениетін дамыту, оларды бизнесті жүргізу дағдыларына үйрету және кәсіпкерлік тәсіл арқылы әлеуметтік проблемаларды шешу.

«ӘREKET» жобасын «Самұрық-Қазына» АҚ барлық компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асырады.

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет