Күндер бойынша реттелген элементтер: Дүйсенбі, 22 Маусым 2020

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процессін тежейді.

Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына қауіп төндіреді. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес. Ол: мемлекеттік міндеттерді орындайтын адамдар, сондай-ақ соларға теңелген адамдар, тікелей өзі немесе делдал арқылы өздерінің лауазымды құзыреттерін және онымен байланысты мүмкіншіліктерін немесе өз құзыреттерін басқаша пайдаланып мүліктік пайда, заңмен қарастырылмаған мүліктік жайлылықты және артықшылықты алу болып табылады. Бұлар мемлекеттік қызмет ақтарып жүрген азаматтарға жат қылықтар болуы тиіс. Ар-намыс қағидатын аталған індеттен аулақ ұстауы қажет.

Назира КУМАШЕВА, 

Шелек ауылдық халыққа қызмет көрсету орталығының маманы 

 

Published in Санаты жоқ

 

 

Бүгінгі күнде ХҚКО мамандары тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп, олардың қажеттіліктерін орындау үшін барынша қызмет етуде. Оның ішінде мүгедек жандарға қызмет көрсетудің де өзіндік тәртібі қалыптасқан. 

Кез келген қызмет түрі бойынша 1 және 2-топтағы мүгедектер 1414-ке қоңырау шалып, ХҚКО қызметкерін кез келген қызмет бойынша үйге шақыра алады әрі сапалы қызмет көрсетеді. Бұл мемлекеттің мүгедек жандарға көрсетілген қолдауы болып саналады.

Шелек ауылдық халыққа қызмет көрсету орталығы да бұл қызмет түрін барынша сапалы орындауға әрі мүгедек жандарды барынша қолдауға тырысуда.

Мәулен Асылхан,

Шелек ауылдық халыққа қызмет көрсету орталығының маманы

 

Published in Санаты жоқ
Дүйсенбі, 22 Маусым 2020 10:16

Үкілі үміт оқуда

«Табысты болудың ең іргелі басты факторы білім екенін әрқайсысымыз терең түсінуіміз керек және елімізде қазіргі таңда орын алып отырған жағдайларға қарамастан, ұстаздар қауымы алға ұмтылуы тиіс… Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген Елбасы Н.Назарбаев.

Бүгінгі күні әлемде болып жатқан коронавирус пандемиясына байланысты басты талап – қашықтықтан оқыту болып отыр.

Қашықтықтан оқыту көп жылдан бері оқу орындарында дәстүрлі түрде өз орнын тауып келген оқытудың бір түрі екендігі бәрімізге мәлім. Дегенмен, індеттің таралуына байланысты бұл оқыту түрінің маңыздылығы арта түсті. Дегенмен, бұл босаңсуға жол бермейді, өйткені қазіргі заманғы технологиялар оқу үрдісінің барлық кезеңдерін қашықтық форматқа көшіруге толығымен мүмкіндік бар.

Бүгінгі таңда Алматы облысы бойынша Еңбекшіқазақ, Кербұлақ, Балқаш, Ескелді, Іле, Сарқант, Жамбыл, Алакөл, Қаратал, Көксу, Қарасай, Панфилов, Талғар аудандарынан және Талдықорған, Қапшағай қалаларынан білімді ұстаздар қауымы онлайн форматта екі апта бойы білімдерімізді арттырып жатырмыз. «Қазақстан тарихы және құқық негіздері пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру (онлайн) курсының білім беру бағдарламасы» атты курста жоба тақырыптарын бөліп алып және өзіндік жұмыстарымызды жаңартылған білім беру мазмұны бойынша  өтудеміз және сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдерді қалай пайдалануға болатынын зерделеудеміз. Осыған орай, ойларымызды ортаға салып, оқушыларға жаңа тақырыпты жақсы меңгеруіне ыңғайлысын саралап қолданысқа енгіземіз. Бұл әдіс-тәсілдер дұрыс жасалған ба, оқушыға тиімді ме деген сұрақтарымызға білімді де білікті тренеріміз Хуршидам Ташболатқызы Масимова ханымнан жауап тауып отырдық. Х.Масимованың YouTube желісі арқылы онлайн лекциясында мысал келтіре отырып түсіндірген әрбір сабағы біз үшін құнды. Бізге оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланатыны жайлы және қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалаудың қай кезде, қалай алынатындығы жайлы толық түсінік беріп, білімімізді арттырып отырды.

Міржақып Дулатовтың «...Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман» деген аталы сөзінің маңызын түсіндік. Өркениетті дамудың өзегі білім, ғылым, тәрбие екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Яғни, білімді ұстаз алдынан білімді шәкірт шығады.

XXI ғасыр – ғылым ғасыры. Мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе. Ал осы жалпы еуропалық стандартқа сай жаңа білім беру – жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін бірден-бір жол. Ұстаздардың шығармашылық қабілеті, жаңашылдық әрекеттері, біліктілігі, физиологиялық және психикалық сапасы, педагогикалық кәсіптік біліммен сәйкестенеді. Бұл педагогикалық бағытта оқытушы мен оқушының өзара ынтымақтастық арқылы дамудың жоғарғы деңгейіне жетуде мәні зор.

Ұлтуар ЕРҒАЛИ,

Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі

Published in Мақалалар

Ет пен сүйектен жаралған адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Денсаулығың сыр беріп, қиналған сәтте дәрігерге жүгініп, Гиппократ антына берік абзал жандардан кеңес аламыз. Әлемді коронавирус дерті жайлаған сын сағатта да адамзат саулығы үшін күресте «басты рөлді» сомдаған медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше. Сондықтан болар, ақ халатты абзал жандарға деген құрмет те ерек. Жайдары жаздың басталуымен қатар келетін медицина қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында көпсалалы ауданаралық аурухананың стратегиялық даму жөніндегі директорының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлмира Отынбековамен сұхбат жасап, карантиннен кейінгі дәрігерлердің жай-күйін білген болатынбыз.

– Гүлмира Байділдақызы, әңгімемізді әлемді әуреге салған коронавирустан бастасақ. Елімізге төтенше жағдай мен карантин енгізілгелі дәрігерлер демалыс пен жеке өмірдің не екенін ұмытты. Өз денсаулықтарына төнген қауіпке қарамастан, күн сайын жүздеген науқас қабылдауда. Ауданымызда осы дертке шалдыққан ақ халаттылар бар ма?

– Барша халықты дүр сілкіндірген коронавирус инфекциясының салдарынан елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілді. Осынау сын сағатта жұртшылық бізге, яғни, медицина қызметкерлеріне үміт артып, өз денсаулықтарын сеніп тапсырды. Сәйкесінше, ауыртпашылық ақ халатты абзал жандарға түскені рас. Дәрігерлеріміз денсаулықтарына төнген қауіпке қарамастан, күні-түні аянбай еңбек етті. Әлі күнге індетпен күресті жүйелі жалғастыруда. Алғашында елімізде науқастармен тікелей қатынаста болған дәрігерлердің басым көпшілігі вирус жұқтырып, емханалар карантинге жабылғаны баршамызға аян. Алайда, сақтық шаралары қатаң сақталған ауданымызда осы дертке шалдыққан ақ халаттылар тіркелмегендігін мақтанышпен айта аламыз. Өйткені, оларға эпидемиологиялық бақылау хаттамасы мұқият түсіндірілді. Карантиндік нысандарға жіберілген мамандармен өте маңызды тренинг өткіздік. Машақаты көп қорғаныс киімін біздің мамандар бір жарым-екі минутта киетін болды. Бригадаға ең тәжірибелі, ең озық дәрігерлер мен мейіргерлер таңдалып алынды. Жұмыс тәжірибесі жеткілікті маман өзін де, пациенттерді де қорғай алады. Инфекцияның, ошақтың не екенін түсінбеген адам ағаттық жіберуі мүмкін. Сондықтан, ауру жұқтыру қаупі мамандардың өзіне тікелей байланысты болды.

– Демек, олардың отбасы мүшелерінің де вирус жұқтыру ықтималдығы жоғары болды ғой!

– Үнемі науқастардың жанында болған медицина қызметкерлерінің жақындарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген ақ халаттыларға қолдау көрсетіп, барынша жағдай жасауды Мемлекет Басшысы тапсырған еді. Осы орайда, вирус жұқтырғандармен қатынаста болған қызметкерлеріміз Түрген сайындағы «Денсаулық» шипажайына орналастырылды. Ауысымнан шыққан олар шипажайда демалып, бос уақыттарын таза ауада, табиғат аясында өткізді. Онда  барынша көмек көрсетіліп, үш мезгіл тамаққа дейін қамтамасыз етілді.

– Дәрігерлер – бүгінгі күннің батыры екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Сіздің ойыңызша, батырларымызды бағалап жатырмыз ба?

– Ойланып қарасаңыз, күллі байлықтың жиынтығы не ақша, не болмаса таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы ғана. Сол себептен, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса ем іздеп, бәріміз алдына баратын дәрігерлер қауымының қоғамдағы орны ерекше. Ақ халатты абзал жандардың еңбектерi қандай марапатқа болса да лайық. Әсіресе, карантин кезінде жұртшылық дәрігерлердің еңбегін бағалай түскендей болды. Әріптестерім қазақстандықтардың саулығы үшін аянбай тер төгіп, әр адамның өмірі үшін қолдарынан келгенін жасауда. Әрине, еңбек иелеріне тұрғындар тарапынан да, мемлекеттен де үлкен қолдау көрсетілуде. Әлеуметтік желілерде дәрігерлерге бас иіп, алғыс айтқан челлендждер жарияланып, бізді жігерлендіре түсті. Оған қоса, коронавируспен күресте талмай еңбек еткен медицина қызметкерлеріне материалдық көмек көрсетілді. Карантиндік стационар ретінде біздің қызметкерлер 212 500 теңге үстемақы алды. Үстемақы дәрігерлер мен медбикелерге ғана қарастырылған еді. Бірақ, облыс әкімдігінің қолдауымен басқа қызметкерлеріміз де тізімге енгізілді. Меніңше, бұл – әділ. Өйткені барлығы ауру ошағында жұмыс істеп, денсаулығын қатерге тікті. Кішкентай балалары мен қарт ата-анасын ойлап, жұмыстан бас тартуына да болар еді. Бірақ, біздің қызметкерлердің ешқайсысы жауапкершіліктен қашпады. 10-12 тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеді, отбасынан алшақта тұрды.

– Аудан бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған қанша адам анықталды? Барлығы емделіп шықты ма?

– Елімізді шарпыған індет ауданды да айналып өтпеді. Қазіргі таңда Еңбекшіқазақ ауданында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 198 жағдай тіркелді. Олардың барлығы тиісінше ем қабылдап, 52 адам дерттен толықтай айығып шықты.

– Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы пандемияның екінші толқыны күтілуде деп дабыл қағуда. Осыған дәрігерлеріміз қаншалықты дайын?

– Оныңыз рас, дүние жүзі елдері коронавирустың екінші толқыны болатынын болжап отыр. Оған тоқталып кететін болсақ, елдегі бірінші толқын сәуірдің екінші жартысында байқалды. Вирус жұқтыру деңгейі азайған соң мамыр айының ортасынан бастап қайта өсті. Денсаулық сақтау министрі бүкіл әлемде елеулі толқынның болуы мүмкін екеніне назар аударды. Бүгінгі таңда Covid-19-дың екінші толқыны келе жатыр. Бұл әдетте қазан айында басталатын тұмау мен ЖРВИ-дің маусымдық эпидемиясына байланысты болады.

Алайда, коронавирустың таралуы артқан кезде қатаң шаралар күшейтілетін болады. Іс жүзінде маскалар мен бір реттік қорғау костюмдері, тестілер өндірісінің көлемі ондаған есеге артқан. Санитарлық және инфекцияға қарсы қызметтер күшейтіліп, нығайтылуда. Вирус бәсеңдегенше немесе халықты жаппай иммундау жүргізілмейінше Cоvid-19-дың бірнеше толқыны болуы мүмкін. Сол себепті халық жаппай сақтық шараларын ұстануы қажет.

– Жаппай иммундау дедіңіз, қазіргі таңда көпшілік әртүрлі вирустардың алдын алатын вакцинацияға қарсы болып жатыр. Жалпы екпенің маңыздылығы қандай?

– Балалар мен халықты салға (полиомиелитке), қызылшаға, қызамыққа, туа бiтті қызамыққа, құрөзекке, көкжөтелге, туберкулезге, эпидемиялық паротитке (шошқа мойынға), гемофильдi инфекцияға, «В» және «А» гепатитi мен тұмауға (гриппке) және тағы басқа жұқпалы аурулардан қорғанудың ең сенiмдi әдiсiн қолдану барысында вакцинация, екпелер жасалуда. Вакцинациялаудың негiзгi мақсаты – ол адам ағзасында иммунитет пайда болу арқылы жұқпалы ауруларды қабылдауға қарсы тұру болса, соның нәтижесінде ауруға шалдығу мен өлiм-жiтiм санын азайтуда өте маңызы зор. Екпе жасаудың маңыздылығын бағалауда әрбiр ата-ана мен жалпы қоғамда толық түсiнiк болуы өте қажет. Жұқпалы ауруларға қарсы күрестегі бірден-бір құрал – халықты егумен толық қамту екенін жұртшылықтың жаппай түсінуі маңызды.

Иммунитет арттыру, яғни екпе жасау – қауіпті аурулардың алдын алудың бірден бір шарты. Бұл бүгінгі күндері тәжірибеге енген тәсіл емес. Мұны ертеректе сонау 18 ғасырда пайдаланған.

– Вакциянация иммунитеті әлі дамымаған балалар үшін маңызды емес пе?

– Әрине, болашақ аналарға екпе мәселесі бойынша өз баласына жүкті кезінде ойланған маңызды, өйткені бұл дилемма бала дүниеге келгеннен бас-тап болашақ ата-аналардың алдында міндетті түрде туындауы мүмкін. Екпе жасау немесе жасамау – барлық ата-аналар белсенді түрде талқыға салатын өте өзекті тақырып. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес жұқпалы ауруларға қарсы екпе егу халық үшін міндетті болып табылады, өйткені екпелер егілетін адамның мүддесі үшін ғана емес, бүкіл қоғамда қоздырғыштардың айналымын тоқтатуды қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.

Балаларға екпе жасау – ол адам организмiне вакцина немесе арнайы тәсiлмен дайындалған антигендiк қасиетi бар заттарды енгiзу арқылы белгiлi бiр жұқпалы аурудан алдын ала сақтандыру үшiн қолданылатын әдiс. Қазiргi кезде алдын-ала егу нәтижесiнде көптеген жұқпалы аурулар (мысалы, қара шешек) жойылды. Сондықтан, түрлi жұқпалы ауруларға қарсы егудiң маңызы зор екенiне ешбiр күмән келтiрiлмейдi. Вакцинациялау тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiне (ТМККК) енгiзiлген. Қазақстанда халықты иммундауға байланысты барлық қаржы мәселесiн шешудi мемлекет 1995 жылдан бастап өзiне жүктеген. Жыл сайын вакциналар республикалық бюджет қаржысына сатып алынады. Елiмiзде екпе жасау сәттi жүргiзiлiп келедi және ол аяғы ауыр түрде асқынулармен өтетiн немесе аяқталатын, ең алдымен балаларды ауыр зақымдайтын ауруларға қарсы бағытталған.

– Аурухананың материалдық-техникалық базасына тоқталып өтсеңіз.

– Баршамызға мәлім, аурухананың салынғанына ұзақ уақыт өткен жоқ. Мұнда заман талабына сай барлық медициналық құрал-жабдықтар жұмыс істеуде. Осы тұста, аурухана құрамында үш түрлі стационардың ұйымдастырылғандығын атап өткен жөн. Ағымдағы жылдың 13 наурызында карантиндік стационар ашылды. Провизорлық стационар төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап қызмет көрсетуде. Инфекциялық стационар 29 наурыздан бастап коронавирусқа шалдыққан пациенттерді қабылдай бастады. Қазіргі таңда аурухана бөлімшелері барлық құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен қамтылған.

– Ауылдық амбулаториялардың жағдайы ше?

– Өкінішке қарай, амбулаториялардың басым көпшілігі ескірген. Бірақ, жыл сайын бюджеттен қаржы бөлініп, замануи үлгідегі амбулаториялар бой көтеруде. Жоспар негізінде 2025 жылға дейін барлық ауылдық амбулаториялар күрделі жөндеуден өтіп, жарамсыз күйге түскендері жаңартылуы тиіс.

– Басқа қандай жаңалықтарыңыз бар?

– Жақында ғана ауруханымызға ПТР (полимералды тізбектік реакция) зертханасы орнатылды. Мұндай шешім қабылдануының басты себебі,  ауруханамыз аймақтағы ең ірі медициналық мекеме. Ендігі жүгінушілер көрсеткіштері мен белгілері бойынша және дәрігердің жолдамасымен нақты уақыт режимінде ПТР әдісімен жұқпалы ауру түрлерінің диагностикасын жасай алады. Заманауи ПТР зертхананың ашылуына «Birgemiz Jetisy» қоғамдық қоры қолдау көрсетті. Ауруханамыз тарапынан алдын ала дайындық шаралары жүргізілді, зертханада жұмыс істейтін мамандар біліктіліктерін арттырып, осы жұмысқа бейімделді. ПТР зертханасы ғимараттың жеке блогында (бактериологиялық зертхананың 1-қабатында) орналасқан, кіру-шығу персонал мен биологиялық материалдарды қабылдауға арналған жеке есік арқылы жүргізіледі. ПТР зертханасының ашылуы – жұқпалы ауруды дер кезінде анықтау және әр пациентке сапалы ем көрсету мүмкіндігін арттырады.

– Мереке қарсаңында әріптестеріңізге тілегіңіз.

– Адамгершіліктің асылы болған медицина кәсібінің қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймын. Биік мансаптың да, қызмет пен атақ-даңқтың да дәрігер үшін құны бес тиын. Өмір арашашылары үшін ең бастысы – ұлттың саулығы. Әріптестеріме ең алдымен, бірінші байлықты тілеймін. Отбасылары аман, еңбектері жемісті болсын.

– Сұхбатыңызға рахмет, мерекеңіз құтты болсын!

 

Тілдескен Сардарбек НҰРАДИН

Published in Мақалалар

Медицинаның өркендеуіне зор үлес қосып, бұл ғылымда төңкеріс жасаған ұлы дәрігер, сонымен қатар философия, астрономия, математика секілді іргелі ғылымдарға да қалам тартып, өз қолтаңбасын қалдырған әйгілі ғалым - Әбу Әли Хусейн ибн Абдулла ибн Әли ибн Сина туралы мынадай бір оқиға бар. Бірде теологиямен айналысуды ойлаған ғалым Аристотельдің «Метафизика» еңбегін оқып шықпақшы болады.

Бірақ бір рет оқығаннан түк те түсінбейді. Сосын тағы қайталап оқиды. Сондада ештеңе ұғынып жарытпайды. Осылайша қайталап қырық рет оқып шығады. Кітаптың әрбір сөзі миында жатталып қалғанымен сол күйі оның ішкі өзегі мен ойы түсініксіз күйінде қалады. Сондықтан ғалым аталған кітапты тым түсініксіз жазылған еңбек екен деп бағалап, қайта оқуға құлқы болмайды.

Бірде базардан келе жатқанында бір адамның мұқабалы кітапты мақтап тұрғанын көреді. Ғалымды көрген әлгі саудагер кітапты сатып алуын өтінеді. Деседе, ғалым бұл кітапты сатып алғысы келмей, кетіп қалуға тырысады. Бірақ саудагер кітаптың иесі қаражатқа өте мұқтаж екенін, үш дирхемге бағалайтынын айтып оның жолын бөгей береді. Осылайша әлгі кітапты сатып алған ибн Сина үйіне келген соң ғылымқұмарлығына салып оқи бастайды. Оқыған сайын ғажайып бір күй кешкенін байқайды. Өйткені ол ғалымның қырық рет оқыса да дым түсінбеген «Метафизика» кітабының мақсаты жайында жазылған шығармасы екен. Оқи-оқи санасында жатталып қалған «Метафизиканың» құпиясы енді ашылып, оның терең мазмұны мен мәнін жете түсінеді. Осылайша ғалымға теология ғылымының қақпасы айқара ашылады. Бұған қатты тебіренген ғұлама қуанғаны соншалықты ертеңінде қаладағы барлық кедей-кепшікке садақа таратыпты. Ал сол еңбектің авторы біздің жерлесіміз, ұлы ғалым, өз дәуірінің теңдессіз оқымыстысы, дана философ, майталман математик, атақты астраном, дарынды музыкант, айтулы дәрігер, талантты ақын, яғни бір өзі барлық ғылым мен өнердің төресі болған Әбу Насыр әл-Фараби еді.

Әл-Фарабидың ғылыми еңбектерін өз кезінде Шығыс пен Батыстың талай-талай әйгілі ғұламалары жоғары бағалап, оны өздеріне ұстаз тұтқан. Солардың ішінен бірнешеуінің пікірлерін келтіре кеткенді жөн көрдік. Аталған ғалымдардың бірі Ибн Халликонның: «Әбу Насыр әл-Фараби логика, музыка және басқа да ғылым салаларына қатысты  шығармалардың авторы болған. Ол мұсылмандардың ең ірі философы саналады, ғылымда ешкім бұл кісінің дәрежесіне дейін көтерілген емес. Әбу Әли ибн Сина да оның кітаптарынан  көп нәрсе үйренген. Әбу Әли ибн Синаның сөзіне қарағанда, ол Фараби шығармаларын оқып ләззат алған екен», – деген әдемі естелігі бар.

Ал Захируддин әл-Байхакий болса: «Бұл кісі «Муаллим ас-Саний» – «Екінші ұстаз» деген лақап ат алған. Ислам ғалымдары арасында одан бұрын мұншалықты алғыр адам болмаған еді. Әбу Насырдың көп трактаттары бар. Мен Рай шаһары бастығының кітапханасынан бұл кісінің шығармаларын көрдім. Тіпті, ондай кітаптар жайында ешқашан естімеген де екенмін», – деп ғұлама туралы таңғалыспен баяндайды.

Ибн Әби Усайбианың да ғалым туралы: «Ол риезиет (математика, геометрия) ғылымдарына жетік, білгір, ірі ғұлама, мал-дүниемен ісі жоқ, қарапайым адам еді. Ол тағамға шыдамды, қанағаты мол жан болатын. Ол өзінің мінез-құлқы жағынан ежелгі дәуір философтарына ұқсайтын. Әбу Насыр тәуіпшіліктен де едәуір хабардар еді. Тәуіпшіліктің теориялық жағын жақсы білетін. Бірақ тәуіптік тәжірибені іс жүзінде қолдану және оның ұсақ-түйек емін жасау ісін айтарлықтай терең меңгермеген болатын», – деген шынайы пікірін айтады.

Сонымен бірге, Жамолуддин ибн әл-Кифтий: «Ол логикаға қатысты кітаптарды зерттеу және оларға түсініктеме беруде көп іс тындырды. Логиканың қиын тұстарын айқындай түсті, көпшілікке түсініксіз болған жасырын сырларын ашты әрі бұл ғылымнан пайдалану әдістерін жеңілдетті. Ол өз шығармаларында логикадан пайдалану үшін түсінікті сөз тіркестерін, астарлы меңзеу сөздер қолданып отырды. Тіпті, ол логиканы түсіндіру, үйрету және талдау жасаудағы әл-Киндий, тағы басқалар жіберген олқылықтарды да атап көрсетті.  Әбу Насырдың бұдан басқа «Ихсо ал-улум ва аттарьиф» – «Ғылымды меңгеру және оның мақсатын түсіндіру» туралы жазылған құнды кітабы бар. Мұндай шығарма жазуда осы кезге дейін Әбу Насырдай ешкім озып кеткен емес. Тіпті бұл секілді ой-пікірлерді  оған дейін әлі ешкім айта алмаған, ол кісі шыққан биікке ешкім көтеріле алмаған еді», –  деп, ұлы ғұламаның ғылымдағы орнының қандай екенін анықтап береді. Яғни, ол тек түркі мен ислам әлемі ғана емес барша адамзат ғылымының дамуындағы шоқтығы биік тұлға. Әрине, оның мұндай жетістік пен атаққа ие болып, ғылымның шыңына шығуына тек таланты мен дарыны ғана көмектесті дей алмаймыз. Оның тамаша дарыны мен қатар күллі адамзатқа үлгі боларлық асқақ арманы мен адалдығы жебеу болды.

Оның адалдығын, тазалығын, ғылымға деген құштарлығын қалдырған еңбектері мен сөздерінен анық аңғаруға болады. Ғұламаның айтқан мынадай бір сөзі бар. «Кімде-кім хикмат (философия, даналық) білімін оқып үйренуге кіріспек болса, ол ең алдымен ниеті дұрыс, әдепті, қайырымды, жас адам болуы керек. Ондай кісі адамдарға мейірімді, таза, адал болуы, күнә, қиянат, зұлымдық пен аярлық тәрізді азғын қылықтардан таза болуы тиіс. Білім жолына түскен жан күнделікті күйбең тіршілікті ойламауы қажет. Хикмат білімін оқып үйренуге кіріспек болған адам білімді де, ғалымдарды да құрмет тұтуы шарт. Ондай кісі ең бастысы ғылым адамдарын қадірлейтін болуы керек. Білімді кәсіп, өнер етіп алмауы керек, әрі оны мал-дүние табу құралы етіп жібермеуі керек. Кімде-кім мұны керісінше істейтін болса, онда ол көзбояушы саналады. Жалған ақша таза ақша есептелмейтіні сияқты, жалған сөз ешқашан мәнді сөз болмайды. Егер мінез-құлқы біз айтқандай емес, теріс мінезді кісі болса, ол ешқашанда ғалымдар қатарына қосылмайды. Ағаштың өсіп-жетілгенін бұтақтағы жемісіне қарай бағалайды ғой. Сол секілді адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. Кімде-кім өзін өз дәрежесінен жоғары көтермек болса, ондай адамның өсу жолына тосқауыл қойылады». Әрине, ғалымның әр сөзінен адалдық пен тазалықтың исі аңқып тұрғандай. Осы адалдығының арқасында ғана ол басқа ғалымдарға арман болған белестерді бағындырып, мәнді өмірімен өзгелерді тәнті еткен жоқ па?! Бүгінгі ғылымның емес, байлықтың жолын қуған ғалымсымақтарға әл-Фараби бабамыздың рухы көктен мүсіркей қарап тұрған жоқ па екен деген ой келеді кейде.

Данышпанның мінездегі адалдығымен қоса ғылымға деген адалдығы да өте керемет еді. Соның арқасында  талмай ізденетін, тоқтамай еңбектенетін. Алдыңғы ұстаздарын да шексіз құрметтей білетін. Мәселен, ғалымдардың айтуынша, Аристотельдің «Жан туралы» кітабының Әбу Насыр оқып шыққан нұсқасы табылған. Міне, сол кітапқа Фараби өз қолымен, «мен осы кітапты жүз рет оқыдым» деп жазып қойыпты. Бұл ғалым жайында пікір айтқандардың сөзіне қарағанда, Әбу Насыр, сол философ Аристотельдің «Физика» деген шығармасын қырық рет оқыдым, бірақ оны тағы қайталап оқуым керек деген екен.  Тағы бір жолы Әбу Насыр әл-Фарабиден:

– Философия саласында кім мықты, сіз бе, әлде Аристотель ме? – деп сұрапты.

Сонда әл-Фараби:

– Егер мен сол кісінің өзінен білім алу бақытына ие болғанымда, онда мен оның ең мықты шәкірттерінің бірі болар едім, – деп жауап беріпті дейді. Білімге құштар жандар Әбу Насырға тыным бермей, бірі келіп, бірі кетіп жатады екен. Ең өкініштісі, ол жазған шығармалар бөлек-бөлек шашылып жататын болса керек. Еңбектерін ол үлкен дәптерге емес, жеке парақ қағаздарға жазып тастай берген. Сол үшін көпшілік шығармаларының жеке тараулары мен бөлімдері ғана сақталып, бүгінге жеткен. Деседе, сол теңізден бөлінген тамшыдай ғана болып жеткен еңбектерінің өзімен-ақ барша ғаламды таң қалдырып, мойындата білді.

Ұлы бабамыздың тағы бір асыл қасиеті қанағатшылдығы мен қарапайымдылығы еді. Әл-Фараби Дамаскіге алғаш барған кезінде бір бауға қарауыл әрі бағбан ретінде жұмыс істеген. Сол бау ішінде отырып ұдайы хикмат-философия ғылымымен айналысатын болса керек. Ұшан-теңіз білімі мен жер жарған атағы болса да ол жарлы кісі ретінде өмір сүрген. Тіптен,түні бойы ұйықтамай, шығарма жазумен айналысады екен. Өйткені сол баудағы қарауылдығы үшін берілетін шамды пайдаланатын. Ел билеушісі әмір Сайф ад-Даула Фарабимен әңгімелесуді ұнататын болған. Сондықтан сарайына келген сайын сый-сияпат жасап отыратын. Алайда соған қарамастан Фараби күніне төрт дирхам күміс ақшадан басқа ешқандай сый-сияпаттан пайдаланбайды екен. Әбу Насыр осындай өте қанағатшыл адам болғаны үшін әмірші Сайф ад-Дауланың да ерекше құрметіне бөленген. Сол төрт дирхамның өзін тіршілігіне аса зәру болған нәрселерге ғана жұмсапты. Ол «тұрмыс-тіршілігім не болады» деп қайғырмайды екен. Тіпті баспана етерлік үй-жайды да, өзіне келетін бірен-саран пайданы да ойламай өтіпті. Әбу Насыр алғашқы кезде қазы болып істеген дейді. Ғылым дүниесіне тереңірек бойлаған соң бұл жұмысты тастап, бар жан-тәнімен білімін асыра түсуге кірісіп кетіпті. Ол бойын дүниенің рахаты мен нәпсісінің жетегіне қарай итеретін әрі бар уақытын дау-дамай мен тартыс арасында өткізетін қазылық шеннен гөрі өмірін ғылымға арнауға мүмкіндік беретін қарапайым қарауылдық қызметті артық көріпті.

Музыка саласында да ол білімді болыпты. Бұл салада да оның зерттеулері шарықтау шегіне жетіп, барынша кемелденгені сондай, ғалымдар мен өнерпаздар музыка өнерінде одан озып кету мүмкін емес деген байлам жасаған. Деректерге қарағанда ол ғажайып бір музыка аспабын жасапты, міне, сол аспаптан адамның жан жүрегін елжіретіп жіберетін сиқырлы бір ғажап әуен естілетін болса керек. Бұл туралы да бізге жеткен аңыздар көп. Соның бірінде: мереке күндері жиналған халықтың алдына шыққан бір адам өзінің жасаған аспабымен бір ғаламат күй шалады. Мұны естігендер сол жерде маужырап ұйықтап кетсе керек. Ал келесі күйді орындағанда барлығының ішек-сілесі қатып, мәз-мейрам болады. Енді тағы бір күй шертілгенде тыңдаушылардың барлығы жылай бас-тайды. Осылайша бір күйімен ұйықтатып, бір күйімен күлдіріп, бір күйімен жылатқан өнерпаз аяқасты жоқ болып кетеді. Бірақ орнына бұл күйлерді шерткен Әбу Насыр әл-Фараби деп жазып кеткен екен дейді. Айтылған аңыз шындық па, әлде өтірік пе ол жағы беймәлім. Десе де, аңыздың түбінде ақиқат жататыны тағы бар.

Биыл ғұламаның туғанына 1150 жыл толыпты. Қазақ даласынан шығып, әлемді мойындатқан, өкініштісі, жат жерден топырақ бұйырған ұлы бабамыздың рухы туған жерінен бөлінбек емес.

Кешір мені, туған жер, сені артқа  тастадым.

Кешір мені, туған ел, жолды алысқа бастадым.

Кешір мені, ұлыс-ұрпағым, бақ, байлық, даңқ таппадым.

Кешір мені, ар-ұжданым, білім болды баққаным, – деп алыста жүрсе де атамекенін аңсап өткен дара ғалымның сағынышы желмен бірге туған жерін шарлап жүргенінен шек келтіре алмаймыз. Ел Президенті Қ.Тоқаев осы айтулы мерекені мемлекет көлемінде ауқымды түрде атап өтуге тапсырма бергені есімізде. Бұл да қазақ даласының дарынды перзентіне деген махаббаты мен сағынышының куәсі болса керек.

 

Н.ТІЛЕУҚАБЫЛ

Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет