Күндер бойынша реттелген элементтер: Сәрсенбі, 17 Маусым 2020
Сәрсенбі, 17 Маусым 2020 16:56

Зорлық-зомбылыққа жол жоқ

Еңбекшіқазақ ауданында маусым айының 15-18 күндері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдың алу мақсатында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол ЖОҚ» республикалық акциясы өткізілуде.

Акцияның басты мақсаты - тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жою, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа бейім адамдармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізуге бағытталған жүйені қалыптастыру.

Акция барысында Еңбекшіқазақ АПБ ЖПҚБ Әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция капитаны Райгуль Рашидқызы Тюлюбекова тұрғындарға ақпараттық парақшалар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

****

С 15 по 18 июня текущего года, на территорий Енбекшиказахского района проводиться республиканская акция «Нет насилию в семье» с целью профилактике бытового насилия.

Главной целью акции является предупреждения и ликвидация бытового насилия, формирование системы направленные на проведения индивидуальной профилактической работы с лицами, склонных к насилию в отношении женщин.

В ходе акции старшим инспектором по защите прав женщин ОМПС УП Енбекшиказахского района капитаном полиции Тюлюбековой Райгуль Рашидовной жителям района в целях недопущения семейно-бытовых отношений были розданы информационные листовки и проведена разъяснительная беседа с о профилактике насилия.

Published in Мақалалар

Бұл заман білімділер ғасыры. Әуел бастан жастардың жоғары деңгейлі білім алуына көп көңіл бөлінген. Тұңғыш Президент Нұрсылтан Назарбаев 2019 жылы белсенді және талантты жастарды қолдауға бағытталған жалпыұлттық “El Úmiti” бастамасын көтерді.

Жаңа бастама аясында Тұңғыш Президент - Елбасы қоры қазақстандықтар мен мемлекет болашағы үшін бірнеше тың жобаларды іске қосты. Қазірдің өзінде ауыл балалары үшін “Мың бала” пәндік олимпиадасы жүріп жатыр.

Аталған білім бәсекесінің мақсаты: шалғай аудандардағы мектеп жасындағы балалардың қабілетін дамыту және дарынды жасты қолдау.

«Ел үміті» бастамасын жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 77 млн. теңге қаржы бөлінді.

Оның ішінде: «Елбасы медалі» жобасына – 70 млн. теңге, «Мың бала» жобасына – 7 млн.теңге қарастырылған.

«Мың бала» білім сайысына облыс бойынша барлығы 65348 оқушы іріктелген, олардың ішінде 5 сыныпта – 33500, 6 сыныпта – 31848 оқушы.

«Дарын» РҒПО-ғы ұйымдастыруымен «Мың бала» ауылды жердегі мектептерге арналған Ұлттық зияткерлік олимпиадасының I кезеңі – сырттай қаңтар-ақпан айларында өткен.

Облыс бойынша 5000 үміткердің ішінен 1150 оқушы Олимпиаданың ІІ кезеңіне қатысуға тізім бойынша бекітілген.

ІІ облыстық кезеңі Алматы қаласындағы химия – биология бағытындағы НЗМ-де және физика – математика бағытындағы НЗМ-де және Талдықорған қаласының физика – математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі базаларында 2020 жылдың 25-26 маусым күндері өтеді деп күтілуде.

«Талдықорған қаласында өтетін олимпиадаға қатысатын оқушылар бұйрыққа сәйкес Талдықорған қаласындағы сервис және технология колледжі және Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған Ш.Смағулов атындағы облыстық мектеп интернатының жатақханасында орналасады. Қатысушыларға таңғы ас, түскі ас орналасқан жерлерінде сағат 07.00де, 12.30 да жатақхананың асханасында беріледі»,- дейді Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбақыт Қасенова.

Сонымен қатар, «Ел үміті» бастамасы аясында “Елбасы Медалі” жобасы іске асады.

Жоба - өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және олардың үйлесімді жетілуіне мүмкіндік береді. Бағдарламаға қатысушылардың жас шамасы 14 пен 29 аралығын құрайды.

Әр деңгейдің өзінің өту мерзімі мен бағыттары нақтыланған.

Атап айтсақ, қола деңгей 14 жастан жоғары қатысушыларға арналған. «Қола» деңгейінің талаптарын орындау үшін - 6 ай; Күміс деңгей 15 жастан жоғары қатысушыларға арналған. «Күміс» деңгейге – 12 ай; Алтын деңгей 16 жастан жоғары қатысушыларға арналған. «Алтын» деңгейге – 18 ай мерзім белгіленген.

Қазіргі уақыта облыс бойынша 888 жас тіркелген. Тіркелу әлі де жалғасуда.

Published in Санаты жоқ
Сәрсенбі, 17 Маусым 2020 11:56

Жарығың сөнбесін...

Алла Тағала адам баласын жаратқан кезде, дене мүшелерімен бірге екі көз берген. Сол көзіміздің арқасында, ақ пен қараны, жарық пен қараңғылықты, жақсы мен жаманды көріп отырамыз. Қазіргі кезде көзі көрмейтін мүгедек жандар қаншама? Иә, олар шіркін, мына жарық дүниені бір көрсем ғой деп, мына жалған дүниеден өтіп жатқандары бар.

Менің айтпағым, ауылымыз Достықта ел аман, жұрт тынышта күнде болмаса да, айына 2-3 рет электр жарығы сөніп тұруын әдетке айналдырған. Өйткені, ауылымызда ауа-райы қолайсыз, тіпті күн ашық, жылы болып тұрса да, жарығымыз сөніп қала береді. Мұздатқыштағы тағамдарымыз бір тәулікте бұзылып, кейбіреулері тіпті жарамсыз болып қалады. Әттең, ішің ашиды, амал не, тастауға тура келеді. Электр жарығы түнде көз жанарымыз сияқты. Жарық бір сәт сөніп қалса, соқыр адамнан еш айырмашылығымыз болмай қалады емес пе? Бұған кім кінәлі?

Қолайсыз ауа райы ма, білмеймін. Ал біз бір айлық төлемақыны сәл кешіктірсек, «Пәленшеевтің жарығы қиылсын немесе пәлембай теңге қарыз төлесін» – деген хабарлама қағаз жіберіледі. Бүгінде Достық ауылындағы электр жарығы мен ескірген трансформаторлар қай мекемеге қарасты екендігін білмеймін. Бірақ, қарапайым халыққа жарық керек. Иә, ағайын, менің айтарым, жарығымыз әрқашанда сөнбесін.

Ұлжалғас БҰРЫНБАЕВА,

зейнеткер

Published in Санаты жоқ
Сәрсенбі, 17 Маусым 2020 10:53

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Биылғы жылы әлемді әуреге салған коронавирус індетіне байланысты елімізде төтенше жағдай енгізіліп, жаппай халық бұл сынақтан аман-есен өтуге тырысып бағуда. Осы орайда, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ҚМДБ-ның көпке жасаған көмегі орасан зор.

«Қайырлы істің қайырымы бар» аудандық мешіттің бас имамы Сапархан Айдарханұлының түрткі болуымен ауданға қарасты барлық мешіт имамдары жамағатпен бірге жақсы істі жалғастырып, халыққа қайрымдылық жасауда аянып қалмады. Атап айтар болсақ, ауданымызда сомасы бір миллион теңгені құрайтын екі ірі қара мал және онға жуық қой сойылып, жүзге жуық жағдайы төмен отбасыға таратылды. Сондай-ақ, сомасы бір жарым миллион теңгені қамтитын азық-түлік күйінде (сұйық май, қант, ұн, шай, макарон, күріш) бес жүзге жуық отбасыға көмек көрсетілді және үш жүз мың теңге ақшалай берілді. Осындай қиын-қыстау кезеңде мешіт қызметкерлері тарапынан емханада қызмет етіп жатқан ақ халатты абзал жандарға, өрт сөндірушілерге, полиция қызметкеріне және балалар үйіне көмек қолы созылды. Сонымен қатар, аудандық мешіттің атынан мүмкіндігі шектеулі отбасыға мүгедек арбасы тарту етілді.

 

Нұрболат Сыдықов,

Қайназар ауылдық мешітінің

 имамы

Published in Діни

Коронавирус пандемиясы кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) қалай өтеді? Оған қанша түлек қатысады? Шарттары қандай? Азаттық оқырмандарының осы және басқа да сұрақтарына Білім және ғылым министрлігі мен Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы өкілдері жауап берді.

1. ҰБТ қашан және қанша орында өтеді?

Биылғы ҰБТ 21 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. 2020 жылғы мектеп түлектері үшін тест 21 маусым мен 1 шілде аралығында, ал былтырғы мектеп бітірушілер мен колледж түлектеріне 1 шілде мен 5 шілде аралығында өтеді. Тест тапсырушылар 2 метр арақашықтық ұстануы тиіс. Емтихан ел бойынша 161 пунктте өтеді. Аудиториядағы адам саны 2 есеге қысқарады. Барлық аудиториядан онлайн трансляция жүргізіледі. Биыл ҰБТ-ға 111 109 адам (60179 адам қаладан, 50930 адам ауылдан) өтініш берді.

2. ҰБТ кезінде сақтық шаралары қандай болмақ?

Аудиторияға кіргенде дезинфекцияның 5 кезеңі болады. Талапкерлер дезинфекциялайтын тоннель арқылы және аяқ киімді залалсыздандыратын арнайы төсеніштен өтеді. Санитайзермен қолды тазалайды. Дене қызуы өлшеніп, маска ұсынылады.

ҰБТ өтетін аудиторияны залалсыздандырғанда аллергиясы бар азаматтардың жағдай ескеріле ме?

Қазақстанда пайдалануға рұқсат етілген дезинфекция ерітінділері берілген концентрацияға сәйкес оның дезинфекциялық затты қолдану жөніндегі нұсқаулығына сәйкес дайындалады.

3. ҰБТ тапсыру үшін қанша ақша төлеу керек?

Биылғы мектеп түлектері ҰБТ-ға тегін қатысады. Басқа талапкерлер ҰБТ үшін 2242 теңге төлейді.

4. ҰБТ кезінде калькулятор қолдануға бола ма?

Биыл тестілеу кезінде арифметикалық операцияларды (қосу, азайту, көбейту, бөлу) орындауды қамтамасыз ететін қарапайым калькуляторды пайдалануға рұқсат етілді. Бұл ретте калькуляторды аудиторияға кіргізуге рұқсат етілмейді. Калькуляторлар аудиториядағы үстелге алдын ала қойылады.

5. Тест сұрақтарын кімдер дайындады?

Тест тапсырмалары Білім және ғылым министрлігі бекіткен оқулықтарға сәйкес әзірленеді. Сұрақтарды сараптамадан өткізу жұмыстарына жалпы білім беретін орта мектептердің, лицей, гимназия, дарынды балаларға арналған мектептердің, Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибелі мұғалімдері қатысты. Тест тапсырмаларын әзірлеу және сараптамадан өткізу жұмыстарына жұмылдыруға іріктеу барысында мұғалімдердің педагогикалық еңбек өтіліне, тестология саласы бойынша тәжірибесінің болуына назар аударылады.

6. Биыл қанша тест кітабы шықты, оған қанша қаражат бөлінді және кітаптың құны қанша?

2020 жылы кітапшаларды басып шығаруға бюджеттен 16 870 000 теңге бөлінді. Жинақтың орташа бағасы – 152 теңге. Әуелде бюджеттен 94 865 кітапша басу жоспарланған. ҰБТ-ға қатысатындардың саны артып, кітапшалар саны 111 109-ға жеткен.

7. Апелляцияға беру тәртібі қалай жүзеге асады? Апелляцияға барған тест тапсырушының қолында қандай құжат болуы тиіс? Тест тапсырушы қай сұраққа шағым түсіретінін нақты білуі тиіс пе?

ҰБТ өткізу қағидаларына сәйкес апелляциялық өтініштер ҰБТ нәтижелері хабарланғаннан кейін келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін қабылданады және оны апелляциялық комиссия бір күн ішінде қарастырады. Талапкер тестілеуден өткен бөлімшеге барып өтініш береді. ҰБТ-ға қатысу үшін онлайн өтініш берген түсушінің өзімен бірге төлқұжаты, ал арнайы бланк толтыру арқылы өтініш берген түсушінің жеке басын куәландыратын құжаты мен тестілеуге рұқсаттамасы болуы керек. Талапкер апелляцияға өтінішті қандай пәнге, қандай тест тапсырмасына беретінін нақты білуі қажет және әрбір тест тапсырмасы бойынша дәлелді негізін көрсетіп (толық түсіндірме, тапсырманың толық шешімі) беруі тиіс.

8. Апелляциялық өтінішті кім қарайды? Өтініші қандай жағдайда қанағаттандырылады?

Тестілеу өткізу кезінде бірыңғай талаптарды сақтау және түсушілердің даулы мәселелерін шешу мақсатында Республикалық апелляциялық комиссия және тест өтетін жоғарғы оқу орнында апелляциялық комиссия құрылады.

Апелляциялық комиссияның құрамы тестілеу пәндері бойынша негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінен жасақталады.

Апелляциялық комиссия түсушінің әрқайсысымен жеке жұмыс істейді. Тест өткен пункттегі апелляциялық комиссия талапкердің шағымы бойынша оң шешім қабылдаған жағдайда, оның өтініші Республикалық апелляциялық комиссияның қарауына жіберіледі. Республикалық апелляциялық комиссияның шешімі соңғы әрі нақты шешім болады.

Апелляциялық өтініштер тест тапсырмасы дұрыс құрылмаса; дұрыс жауап болмаса; дұрыс жауаптар коды сәйкес келмесе; тест тапсырмасы шартының фрагменті (мәтін, сызба, суреттер, кестелер) табылмаса, соның кесірінен дұрыс жауапты анықтау мүмкін болмағанда; дұрыс жауаптар кодымен сәйкес келетін боялған дөңгелекшені сканер екі және одан көп дөңгелекше ретінде оқыса; дұрыс жауаптар кодымен сәйкес келетін боялған дөңгелекшені сканер бос дөңгелекше ретінде оқыса; жауап парағында ақау болған жағдайларда қанағаттандырылады.

9. Талапкер тест тапсырған кезде «шпаргалка», ұялы телефонмен ұсталса, жазалана ма?

Аудиторияда «шпаргалка», смартфонмен ұсталса, бірден шығарылып, нәтижесі жойылмақ. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұловтың сөзінше, талапкер аудиторияға «шпаргалка», телефон алып кіруге тырысса, тест тапсыруға кірмейді, келесі жылы тапсыруға тура келеді. Ал видеокамераны сараптаған кезде қандай да бір заң бұзушылық анықталса, тест нәтижесі, гранты жойылады.

10. Талапкер ҰБТ тапсыратын жерді ауыстыра ала ма?

COVID-19 пандемиясына байланысты енгізілген карантин кезінде және ҰБТ-ға қатысуға өтініш берушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Республикалық мектептердің ресми хаттары бойынша биыл мектеп бітірушілеріне тұрғылықты мекенжайлары бойынша ҰБТ тапсыруға жағдай жасалды.

11. Оқуға тапсырғанда мектеп кезінде алған мақтау қағаздары мен сертификаттардың пайдасы бола ма?

Шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық стандарттарына сай, ағылшын тілін меңгергенін растайтын TOEFL ITP (кемінде 310 балл), TOEFL IBT (шекті балл – 79-ден кем емес), TOEFL (шекті балл –567-ден кем емес), IELTS (шекті балл – 6.0 балл) халықаралық сертификаттары бар талапкер «Шет тілі (ағылшын)» мамандығын таңдаса, бейіндік пәнінен тестілеу тапсырудан босатылады. Талапкерлерге ағылшын тілінен жоғары балл жазылады.

SAT, ACT, IB халықаралық тестілеудің сертификаттары бар тұлғалар грант тағайындау конкурсына қатыса алады және сәйкесінше, ҰБТ-дан босатылады. SAT балдарын ҰБТ балына ауыстыру үшін SAT Reasoning және SAT Subject сертификаттары болуы шарт. Сонымен қатар, SAT пәнінің нәтижелері бейінді пәндер сәйкес келген жағдайда ҰБТ балдарына ауыстырылады.

SAT – АҚШ-тағы университеттерге түсу үшін арналған стандартталған тестілеу. ACT тесті негізінен АҚШ колледждеріне түсу үшін қолданылады. Ал IB бұл түлектерді АҚШ-тың ғана емес, Еуропа елдерінің университеттеріне түсуге дайындайтын білім беру бағдарламасы.

12. Халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, Алтын белгі иегерлеріне жеңілдік бар ма?

Мектеп пәндерінен халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарында 1-3 орын алғандар, халықаралық және республикалық өнер конкурстарында, спорт жарыстарында 1-3 орын алғандардың таңдаған мамандықтары жеңісіне сәйкес келген жағдайда грант бөлінгенде басымдық берілуі мүмкін. Мысалы, екі-үш талапкердің ұпайы тең болса, грант бөлінгенде олимпиада жүлдегеріне, Алтын белгі иегеріне басымдық беріледі.

13. Биыл шетелдік қазақтарға грант бөліне ме? Пандемия кезінде шекара жабылуы бұған әсер етпеді ма?

2020-2021 оқу жылы Қазақстан азаматы емес, ұлты қазақ азамат үшін 4 пайыз квота шеңберінде грант бөлінді. ҰБТ-ға қатысу үшін ұлты қазақ шетел азаматтарының келуіне, сондай-ақ білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініш беруге рұқсат берілді. Пандемия кезінде шекара жабылуы бұған әсер етпеді.

14. Шығармашылық емтихандар қашан және қалай ұйымдастырылады?

Талапкер шығармашылық емтихан тапсыру үшін өтініштерін өздері таңдаған университет не колледжге 20 маусым мен 7 шілде аралығында тапсыра алады.

Шығармашылық емтихан 8-13 шілде аралығында өтеді.

Дереккөз: azattyq.org 

Өркен ЖОЯМЕРГЕН

 

Published in Санаты жоқ
Сәрсенбі, 17 Маусым 2020 10:06

Әлемдік көшке қашан қосыламыз?

Ақпараттық технология дәуірінде электронды жабдықтардың көмегімен қашықтағы байланысты жүзеге асыру маңызды рөл атқарады. Алпауыт мемлекеттерде телекоммуникация саласы едәуір жоғары көрсеткішке ие. Қазақстанда бұл саланың даму қарқыны қалай?

Жалпы елімізге «телекоммуникация» ұғымы 20 ғасырдың 90-жылдары еніп, жылдан жылға цифрлы байланыстың таралу аумағы ұлғаюда. Бүгінде Қазақстанда «Қазақтелеком», «Telservice LTD», «CompasTeleCom» сынды компаниялар жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде «Қазақтелеком» АҚ – Қазақстанның ең ірі телекоммуникациялық компаниясы  ретінде ұлттық байланыс операторы мәртебесіне ие. «Telservice LTD» ЖШС жүйелік интеграция саласында, ақпараттық және телеқатысым технологияларын пайдалануға негізделетін инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырумен айналысады. Ал «CompasTeleCom» ЖШС Қазақстанның Батыс өңірінде 2011 жылдан бері тұтынушыларына сымды және сымсыз байланыс технологияларын ұсынуда.

Бұл нысандардың қызмет көрсету әдісі әртүрлі болса да, түпкі мақсаттары бір. Ол – бұқараның телефон жүйесі арқылы лезде ақпарат алмасып, қашықтық телеқатысым орнату.

Төтенше жағдай және карантиндік режим енгізілгелі, жүздеген кәсіпорындар уақытша жабылып, барша халыққа себепсіз үйден шығуға тыйым салынды. Қашықтан оқу, үйде отырып жұмыс істеу және бұқараның әлеуметтік желілерде отыру уақытының артуы интернет тұтынушылар санының күрт көбеюіне әкелді. Бұл жағдайда теледидар көретін жандардың да саны екі есеге артқан. Айналып келгенде, отандық телекоммуникацияға сұраныс едәуір артты. Яғни халық кәсіппен айналысу, білім алу мен өзіндік даму қашықтан-ақ жүзеге асырылатынын және бұл тәсілдің тиімдірек екенін түсінді. Мысалға, кәсіпкерлер енді кеңсе жалдамай-ақ, клиенттерін онлайн қабылдай алады. Осы тұрғыда бизнесмендерге арналған «Ismet.kz» платформасы іске қосылды.

«Қазақтелеком» АҚ басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, карантнин басталғалы компаниядағы интернет арналардың трафигі 20 пайызға, ал жоғары контенттегі жергілікті кэш-серверлердегі трафик 15 пайыздан асты. Басқарма басшысы трафиктің артуы Google, Youtube, әлеуметтік желілер мен жедел хабар алмасудың жиілеуінің әсерінен екенін жеткізді. Мекеме өз клиенттері үшін көптеген жеңілдіктер де ұсынды. Коронавируспен күресетін дәрігерлерге тегін байланыс және «Қазақтелекомның» барлық клиенттері үшін Интернет ресурстарына, оның ішінде білім беру ресурстарына шексіз қол жетімділік орнатылды. Сонымен қатар, теледидар абоненттері қосымша ақысыз телеарналардың премиум топтамасына қол жеткізіп, қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда кезең-кезеңімен төлеу мүмкіндігіне ие болды.

Алайда, осы бір қиын кезеңде ұялы байланыс пен интернет желісі еліміздің көптеген аймақтарында қолжетімді еместігін байқатты. Мысалы, қашықтан оқыту барысында ғаламтор жылдамдығының әлсіздігінен студенттер мен оқытушылардың тау-тасты аралап, байланыс іздеп кеткенінен баршамыз хабардармыз. Ал бұл білім алушының оқу үлгеріміне айтарлықтай кері әсерін тигізді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқушыларының «Zoom» платформасы арқылы білім алуын тапсырған еді. Алайда, Қазақстан мұндай өзгеріске дайын болмады. Себебі интернетке шектен тыс салмақ түсіп, қалыпты жұмыс істемей қалар еді. Сонымен қатар, елді мекеннің басым бөлігінің ғаламторға зар болуы да басқа жол іздестіруге итермеледі. Нәтижесінде, министр қашықтан оқыту желіде болуға міндеттемейді деген шешім қабылдады.

Бұл проблемалар ауданымызды да айналып өтпеді. Есік қаласының төменгі жағындағы саяжай тұрғындарының сөзінше, ол жерде интернет тұрмақ, телефонмен сөйлесудің өзі мұң. Оқу бағдарламасынан тыс қалмау үшін балаларымыз аудан орталығындағы туыстарға баруға мәжбүр деп мұңын шаққан еді ата-аналар. Балтабай ауылдық округіне қарасты Өрнек ауылының тұрғындарының да мәселесі осы. Өрнектіктер жақында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминге 121 адамның қолы қойылған ашық хат жазып, ауылдағы интернет мәселесін көтерген еді.  Айтуынша, көрші Еңбек және Ақбастау ауылында «Билайн», «Теле2» мұнаралары бар болса да, интернет желісі өте нашар. «Біздің ауылда, әр үйде мектепте оқитын 2-3 баладан бар. Студенттер әр екінші үйде. Интернет ұстайтын жер іздеп кеткен балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төне ме деп қорқамыз», – делінген ашық хатта.

Өрнектіктердің мәселесі бойынша «Қазақтелеком» АҚ Еңбекшіқазақ желілік техникалық цехінің басшысы Жандос Саденовке жолыққан едік.

– Қазіргі таңда ауданның 21 ауылына талшықты оптикалық байланыс желісі орнатылған. Алайда, барлық аймақты қамту әзірге мүмкін болмай отыр. Бір ауылға интернет желі орнатуға шамамен 20-30 миллион теңге көлемінде қаражат керек. Ал, біздің мекеме коммерциялық тұрғыда жұмыс істегендіктен, табыстық және шығындық есептерге көбірек көңіл бөлеміз. Біз үшін салған қаржының қайтарымы маңыздырақ. Жақында «Қазақтелеком» АҚ АЕМ ТОБЖ (ауылдық елді мекенге талшықты оптикалық байланыс желісі) және «250+» жобаларын бастады. Бұл бастама «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерді кеңжолақты ғаламтор желісімен қамтамасыз етуге бағытталған. Ал бұған дейін, біз көбіне мемлекеттік мекемелерге сымсыз байланыс өткізумен айналыссақ, ендігі бағытымыз желі тарту аумағын кеңейту. Шыны керек, карантин басталғалы желілік байланысқа қатысты арыздар көп келуде. Алайда «Қазақтелеком» акционерлік қоғам ретінде қызмет көрсететін болғандықтан, әр округті толық қамту кейде қолдан келе бермейді. Желі орнату техникасы бүгінде өте қымбатқа түсуде. Соған орай, біз аудан тұрғындарына арнайы роутерлер ұсынамыз. Яғни, ұшқыр ғаламторға мұқтаж жандар өз қалтасынан қаржы шығарып, үйіне орната алады. Тез, әрі тиімді – деген ұсынысын білдірді Жандос Саденов.

Айта кететіні, карантин талай мәселенің бетін ашты. Үкімет төтенше жағдай кезінде табыс көзінен айырылған жандарға 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы төлеген болатын. Жоғарыда айтып өткендей, барлық қызмет көрсету орталықтары онлайн форматқа көшірілді. Осыған орай, үкімет жұмыссыз қалғандар үшін «Enbek.kz», «eGov.kz» порталдары мен «Telegram» мессенджері арқылы жәрдемақы төлеуді қолға алды. Алайда, бұл оңайға соқпады. Операторлар өтініш берушінің көптігінен уақытылы жауап қайтара алмады. Оған қоса, қолданушылар санының күрт өсуінен сайттар дұрыс жұмыс істемей, жұртшылықтың наразылығын тудырды. Ал кей аймақтарда байланыстың әлсіздігінен жәрдемақыға қол жеткізе алмаған халық банктер мен пошталардың алдына қаумалап, карантин талаптарын өрескел бұзып жатты. Әлем жұртшылығы жоғары жылдамдықты 5G интернет желісіне бет бұрғанда, қазақстандықтар ғаламтордың қауқарсыздығынан мемлекеттен берілетін көмекке қол жеткізе алмай, балаларымыз сабақ оқу үшін тау-тасты аралап кетті.   Осыдан-ақ, елімізде телекоммуникацияның даму деңгейінің әлсіз екендігін аңғару қиынға соқпайды. Десек те, «Қазақтелеком» АО басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің сөзіне сүйенсек, қолға алынған жобалар аяқталғаннан кейін, 2020 жылдың соңында ауылды жерлердің 93,5 пайызы мобильді интернетпен қамтылады. Осы бастамалар ауылдар мен қалалардың цифрлық теңсіздігін қысқартып, көп ұзамай Қазақстан әлемдік телекоммуникацияның көшіне қосылады деп сенеміз.

 

Жания АЛПЫСБАЙ

Published in Мақалалар

Жақында NurOtan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, партия филиалының кеңесшісі Бағдат Рахимов, партия филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Асыл Байтулақов аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Азим Халилов, ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Құралай Керімқұлова ауданымызға қарасты ауылдық округтердегі жайылымдық жерлерді анықтау және мемлекет есебіне қайтару мақсатында арнайы рейд жүргізді.

Бүгінгі  таңда ауыл тұрғындары төрт түлікті өргізетін жайылымдық жерлердің басым бөлігі жеке шаруа қожалықтарының меншігінде. Аталған мәселе ауданда ғана емес, мемлекетіміздің күн тәртібінде тұр. Еліміз ауылшаруашылығы саласына баса назар аударатындығын ескерсек, ауданымыздың малды ауылдарында аталған мәселе өзекті. Жайылымдық болып саналатын жер көлемі аудандық жер қатынастары бөлімінің мәліметінше 33 473,0 гектарды құрайды.

Азим Халиловтың айтуынша, қазіргі күнде ауылдық округтер маңындағы жайылымдық жерлер анықталу үстінде. Анықталған жер телімдерінің алдағы уақытта құжаттарын рәсімдеу үшін мемлекет есебінен қаржы бөлінетін болады. Содан кейін жайылымдық жерлер болып есептелетін жер телімдері толыққанды ауыл тұрғындарының малдарын өргізу үшін бекітіліп беріледі.

Аудандық  ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметінше жеке сектор және шаруа қожалықтарында 95 түйе, 20574 жылқы, 324 660 қой, 92 757 ірі-қара тіркелгенін және ұдайы мал басының өсіп отырғандығын ескерсек, алдағы уақытта жайылымдық жер мәселесі NurOtan партиясының қадағалауымен шешімін таппақ.

 

Әділет САРЫБАЙ

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 17 Маусым 2020 09:29

СOVID-19: жаңа антирекорд

Өткен тәулікте Қазақстанда 1033 адамнан коронавирус анықталып, 7 адам қайтыс болды.

Вирусты жұқтырғандардың 350-інде індет белгілері анықталса, қалған 683-і тасымалдаушы ретінде тіркелген. Яғни еш симптомсыз.

3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарға ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есеп жүргізіп жатқаны белгілі.

Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 21 717-ке жетті. Емделіп шыққаны – 9647,  қайтыс болғаны – 88.

Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет