Күндер бойынша реттелген элементтер: Жұма, 14 Ақпан 2020

Сұлулығымен тамсандырған, ақындардың жырына арқау болып, талайларға ән салдырған киелі Жетісуды сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес. Табиғаттың барлық сұлулығын өз бойына жинап алған Жетісудың өзен-көлдері, тау-тастары мен жазық даласы сан мыңдаған тарихтан сыр шертеді.Облыста 7 ірі өзеннен бөлек, ыстық шөлдалалар, мыңдаған шағын және үлкен сарқырамалар, көлдер мен өзендерді, ормандар мен Алатаудың қарлы шыңдарын кездестіруге болады.Жетісу өңірі Сиверс алмасының отаны болып есептелінеді.Бұл өлкенің көркем табиғаты туристердің көз жанарын жаулайтыны анық. Осы себепті Жетісу өлкесі саяхатшылардың аялдайтын мекені болуға әбден лайықты.

Туристерді тұрақты түрде қабылдайтын аймақтың дамуы мен келешегіне қатысты туристік жобалардың бірқатарын Алматы облысының туризм басқармасының басшысы Жанар Алчимбаеваайтып берді.

Бәрімізге айқын, жеті өзені тоғысқан ұлы өлке   шығыста Қытай Халық Республикасымен шектесіп, Солтүстік Тянь-Шань жоталарының арасында орналасқан. Теңдесі жоқ қазақ жерін «алтын бесік» деп атайды. Жұмбағы көп жұмақ мекеннің көркемдігін жер жаһанға мәшһүр ету мақсатында  Алматы облыстық туризм  басқармасы 2019 жылдан бастап өлкенің көрікті жерлерін кеңінен таныту үшін "Google", "Yandex", "Wikipedia" жаһандық платформаларымен жұмыс істеуді бастаған.

Туристік салаға, тамақтану, демалыс объектілеріне, көлік қызметтеріне қатысты барлық мәліметтерді  осы платформаларға түсіреді. Бұл қызметтерді мобильді телефон арқылы тез табуға көмектеседі. Бизнесмендердің пікірлері бойынша кейбір нысандарда алдын ала орындарға тапсырыс беруге  болатын онлайн қызметтерді қолдануға болады. Бұл Жетісу туристік брендінің дамуы мен танылуына өте тиімді әсер етіп жатыр.

Өткен жылдың ерекше оқиғаларынның бірі туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдауы. Онда басым бағыттар анықталған. Республика бойынша 10  үздік жобаға Алматы облысының екі жері – Алакөл және Алматы тау кластері кіреді. Ал 50 үздік жобаға "Қорғас" , Жоңғария, Балқаш көлінің жағалауы кірген.

2019 жылы облысқа 40 млрд.теңге жеке инвестиция тартылған сол арқылы  көптеген жаңа нысандардың құрылысы басталады. Осы жылы Алакөл көлінің жағалауында коттедж қалашығы бой көтермек, сондай-ақ Ұйғыр ауданында тау кластерінің көз тартарлық бір неше нысандары салынып, саяхатшыларға есігін айқара ашады деп жоспарланған.

2020 жылы  туристік маршруттарды жайғастыру үшін бірыңғай брендбук  туристік бағыты іске асыру жоспарлануда. Алғашқы бағыт,  Шарын саябағында, Көлсай көлдерінде, Іле Алатауы және Жоңғар Алатауы ұлттық парктеріне бет алады . Сонымен қатар, биылғы жылы біз Алтын Емел паркінде геосаябаққа қатысты саяхатшыларға арналған  турөнімдерді даярлап отырмыз,-  деп хабарлады Жанар Галифулдақызы

Бұған дейін Алматы облыстық туризм басқармасы зерттеу институтымен  3 жыл бойы геологиялық парк құру бойынша зерттеу жүргізген болатын. Осы жылдан бастап, маусым айына дейін геоэкскурстарды таныстыруды жоспарлап отыр. Саяхатшылар  демалумен қатар медициналық қызметтерді де ала алады. Биылғы маусымнан бастап, Алакөлдің бірнеше нысандарына медицина қызметкерлерін тартады деп күтілуде.  Бұдан басқа, ішкі нарық үшін ауқымды маркетингтік стратегияны әзірлеу қолға алынған.

Іске асып жатқан Тау-кен кластерінің жобалары 8 бағытқа бөлінген. Бүгінгі күні жоба Талғар ауданынан бастап Шарын, Көлсай, Қаскелеңге дейін  қамтылды.

Жақын арада демалыс орындарын  кеңейтіледі.Демалыс орындары екі алаңға бөлінеді: "Апорт" және "Ақтас". Сондай - ақ қазір "Түрген" жобасы бойынша инвесторлармен жұмыс  жасалуда, бұл Түрген шатқалындағы ірі тау курорты. Бұдан басқа, Шарын шатқалына жақын жерде "Парк –шатқал"жобасы жүзеге асырылады. Жоба өзінің бірегейлігімен қызықты. Онда аспалы көпірлері бар локация ұсынылады деп тілге тиек етті басқарма басшысы.

Жетісу өңірінде жергілікті және шетелдік туристер қызығушылық танытатын бірнеше үздік  орындар бар. Олар Алматы облысының төл құжаты болып саналады. Алайда, өңірдің туризм басқармасы жүргізген  зертетуінің барысында туристердің қызығушылығын тудыратын 162 қызықты  нысан анықталды. Бүгінгі таңда тұтынушылар, соның ішінде шетелдік туристер баратын туристік орындар қалыптасқан. Ең көп келетін орындар: Алакөл, Көлсай, Қайыңды, Шарын шатқалы. Бұдан басқа, саяхатшыларға Жоңғар-Алатау ұлттық паркі, Корин шатқалы,  суда ескекпен есу сайысын  жүргізу үшін жақсы сипаттамасы бар өзендер кіретін Жоңғар кластері үлкен қызығушылық тудырып отыр.

Ел басының  "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруға келер болсақ, "Киелі жерлер "бағыты бойынша жұмыс жасалуда. Таңбалы тас " - жартастағы ресурстаркөрмесі, өте қызықты және тарихи маңызды бар  нысан. Бірақ, біраз уақытқа дейін автожолдың сапасына байланысты оған өту мүмкін емес еді.Соған байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізіп, биыл аяқталады деп сенім білдірді Жанар ханым.

Алматы облысында әлемнің әр шетінен келген қонақтарды қабылдайтын бірнеше этноауылдың болуы үлкен қуаныш. Мәселен, мұндай тарихы бар этноауыл – Талғар ауданындағы "ғұндар". Сонымен қатар, Қарасай ауданындағы "Номад" этноауылы да бар. Өткен жылы онда Тұңғыш Президенттің "Ұлы даланың жеті қыры"атты бағдарламалық мақаласының идеяларын жүзеге асыруға бағытталған тақырыптық фестивальдер өткізілген. Ағымдағы жылы аталған фестивальдар коммерциялық мәртебеге ие болады. Яғни, бұл нысан өз туристерін қабылдауға және ірі іс-шараларды ұйымдастыруға дайын.

Шетелдік туристер Алматы облысына  экологиялық  таза мекен деп ат басын бұрады. Ұшса қыран құстың қанаты талатын, сайын даланың болмысына тамсанбайтын адам кемде кем. Облыстың экономикасының дамуына үлес қосатын айшықты саланың сансыз жетістіктері ел игілі үшін екені даусыз. Топырағында мәдениет пен өркениеттің тамыры кеңінен жайылған осынау өлкеге келгендер өзгеше сезімге бөленетіні һақ. Әлемнің 7 кереметі туған өлкенің көркемдігіне жетпес, Қазақ даласының кербез бөлігі болған Жетісу өңірі саяхатшылардың сая табар орнына айналуда. 

Гүлжанат Нұрасыл

Published in Мақалалар

Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық экономиканы дамытудың кепілі. Осыны ұстанған мемлекетіміз бүгінде шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасап, жол ашуда. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев «Еліміздің экономикалық саясатының бірден-бір басымды бағыты – кәсіпкерлік» – деген болатын. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та өз Жолдауында маңызды саланың басымдықтарын айтып өтті: «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады» – деп бизнесті қолдауға Ұлттық қордан 100 млрд теңге бөлінетіндігін айтты. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы жетекші рөл атқарады. Азаматтарды кәсіпкерлікке оқыту, бизнес-жоспар құрып, несие алу секілді жұмыстардың барлығы осы мекеме арқылы жүзеге асырылуда бүгінде. Өңіріміздегі маңызды саланың даму қарқыны қай деңгейде? Осы сауалға жауап алу мақсатында аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бақытгүл Дүйсебековамен тілдескен болатынбыз.

– Бақытгүл Дүйсебекқызы, бүгінгі таңда кәсіпкерлерге немесе осы бағытқа бет бұрған азаматтарға мемлекет қаншалықты қол ұшын беруде?

– Өзіңіз білесіз, кәсіпкерлік – ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Оны қолдап, дамыту үшін мемлекет тарапынан бірнеше бағдарлама қабылданып, бүгінде өз жемісін беруде. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы былтырғы Жолдауында шағын және орта бизнеске ерекше тоқталды. Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компания-ларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырды. Бұл заң 1 қаңтардан бастап жүзеге асуда. Оған қоса, түрлі мекемелер тарапынан бизнес нысандарына жиі жасалатын тексерістерді азайтып, осы саланың дамуына кедергі келтіретін кез-келген әрекетті мемлекетке қарсы жасалған қылмыс болып есептелетіндігін айтты. Қазіргі таңда кәсіпкерлер палатасы да аудан аумағындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде.

Нақтырақ айтқанда, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Еңбекшіқазақ ауданының кәсіпкерлер палатасы филиалының менеджер-кеңесшілерімен  шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мәселелері бойынша 975 қызмет көрсетілді. Оның ішінде, 40 кәсіпкерге сервистік қолдау жасалды. Қарапайым заттар экономикасы бойынша ауданда 7 жоба ұсынылып, «Нұрлы құс» ЖШС (55 млн 400 мың теңге), «Gassoil сity Esik» ЖШС (40 млн тенге) және «Губрева Нина Толегеновна» ЖК-нің (50 млн теңге) жобалары мақұлданды.

– «Бастау бизнес» жобасы аясында қанша адам кәсібін ашты?

«Бастау бизнес» жобасы өткен жылдың 14 наурызында іске қосылды. Бірінші жарты жылдықта 421 адамды қамту жоспарланған болатын, 476 азамат оқытылып, жоспар 113 пайызға орындалды. 172 қатысушы «Ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қорынан» несие алды. Жалпы өткен жылы 160 азаматқа «Игілік», «Кәсіпкер», «Егінжай», «Сыбаға» бағдарламалары аясында 576 млн 445 мың теңге несие берілді.

– Мемлекеттен қайтарымсыз грант алған азаматтар болды ма?

62 жас кәсіпкеріміз 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржыға қол жеткізді. Бұл біздің ауданымыз үшін аз.

Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 3 млн теңге көлемінде берілетін грантқа 16 тыңдаушы қатысып, 5 азамат өздерінің жобаларын қорғады. Атап айтсақ, ІІ топтағы мүгедек Сымбат Меделхан тігін цехын ашты. Ағаш өңдеумен және қолөнермен айналысатын Абзал Әкімбек кәсіби мамандарға арналған музыкалық аспаптар өндіру цехының жұмысын бастады. Асель Таванова заманауи үлгідегі «Аstydia» сұлулық салонының жобасын қорғап, грант ұтып алды. Ал Берикали  Таванов наубайхананың жұмысын жүргізуде.

– Осы қаржылардың мақсатты жұмсалуы бақыланады ма?

Әрине, судың да сұрауы бар. Азаматтар алған қаржыларын қорғаған жобасы бойынша жұмсауы тиіс. Алайда, кейбір адамдар қаражаттарды басқа мақсаттарға жұмсап жатады. 2018-2019 жылдары берілген мемлекеттік гранттарды мақсатты пайдалану бойынша жасалған мониторингінің нәтижесінде 52 гранттың 6-ы өз мақсатында пайдаланбағаны анықталып, тиісті құжаттар жасалынды.

– «Бизнес-кеңесші» жобасына тоқталып өтсеңіз.

– Аталған жоба бойынша 25 адам оқып, сертификат алды, сонымен қатар онлайн режимде тапсырғандар саны 71.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 6 съездіне біздің ауданнан «Жас кәсіпкер» жобасынан жабдықтар шығару цехының (столярный цех) басшысы Асем Тынайбекова мен «Керім-ай» студиясының басшысы Айгерим Сундетбаева делегат болып қатысты.

Ағымдағы жылы филиал қызметкерлері арнайы бекітілген кестеге сәйкес ауылдық округтерде тұрғындармен 29 кездесу өткізіп, тиісті кеңестер берілді.

Айына 2 рет мемлекеттік органдардың (жұмыспен қамту бөлімі, кәсіпкерлік бөлімі, жер қатынастары бөлімі, сәулет және қала құрылысы бөлімі, ауыл шаруашылығы бөлімі) қатысуымен азаматтарды қабылдау жүргізілді.

Аграрлық оқыту орталығы арқылы ауданда 13 семинарға 52 азамат қатысып, сертификаттарын алды.

– Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жұмыстары жүргізіледі ме?

– Негізінен, кәсіпкерлеріміздің құқығы заңмен қорғалады және ол Мемлекет басшысының тікелей назарында. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту филиал қызметінің негізгі бағыты болып табылады. Мәселен, осы бағытта былтыр бізге 4 өтініш түсті. Бірі субсидияға қол жеткізе алмай жүрсе, енді бірі жер алу және әкімшілік айыппұл төлеу мәселесі бойынша жүгінді. Оған қоса, «Бахтияр» базарында орын алған өрттен зардап шеккен кәсіпкерлер шығынды өндіру бойынша өтініш жазды.

– Адами капиталды дамыту да сіздердің басты бағыттарыңыз емес пе?

– Оныңыз рас, өткен жылдың күзінде ауданда тұңғыш рет ауданның іскер әйелдер кеңесі құрылған болатын. Құрылғаннан бастап аталған кеңес белсенді жұмыс атқарып аудан көлемінде 5 дөңгелек үстел өткізді. Кеңес өз жұмысын үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар және ауданның жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе атқарып, ынтымақтастықта жүзеге асырып келеді.

Ұйым бірқатар әртүрлі әлеуметтік маңызы бар ic-шаралар өткізді, алдағы уақытта да өз жұмысын күшейтіп, шағын және орта бизнесті дамытуға қомақты үлес қосады деп үміттенеміз.

Ағымдағы жылы шілде айында Түрген шатқалында «Стэтсон Ранчо» демалыс кешенінде республикалық ауылдық аймақтарда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту атты семинар жиыны өткізілді. Оған еліміздің түпкір-түпкірінен кәсібін дөңгелетіп отырған әйел азаматтар қатысып, тәжірибе алмасты, ой бөлісті.

– Биылғы жылғы жоспарларыңыз-бен бөлісе кетсеңіз.

– Негізгі жоспарымыз сізге мәлім, кәсіпкерлерде қолдау оларға барынша көмек қолын созу. Десек те, қазіргі уақытта «Бизнес-кеңесші» жобасы аясында 40 адам оқытылып жатыр. Бізге берілген жоспар 25 адамды қамту болатын, ниет білдірушілер санының көптігіне байланысты облысқа сұраныс жіберіліп, тағы 15 адамға көбейттік. Сонымен қатар, «Бастау-бизнес», «Жас кәсіпкер» жобалары бойынша оқуға қатысуға 560 азамат кезекте тұр. Бірақ, әлі басталмады.

Кәсіп ашқанына 3 жылдан асып, бизнесі дамып жатқан азаматтарға үлкен мүмкіндік беретін «Бизнес-өсім» жобасы жақын арада іске қосылады. Бұл бағыт бойынша 25 адамды оқытып, үздік шыққандарын шетелге тәжірибе алмасуға жібереміз. Сол жақта оқытылып, шетелдік грант ұтып алуға болады.

Жас кәсіпкерлер мен озық идеясы бар адамдарға биыл үлкен мүмкіндіктер берілуде. «Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлерікті қолдау» бағдарламасы аясында 2 млн мен 5 млн теңге аралығында қайтарымсыз гранттар беріледі.

– Сұқбатыңызға рақмет!

 

Сұқбаттасқан

Сардарбек НҰРАДИН

Published in Мақалалар
Жұма, 14 Ақпан 2020 09:42

Халықтың Тұрары

Жақында Жаңашар ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінде  Тұрар Рысқұловтың туылғанына 125 жыл толуына орай апталық өтті.

Ашылу салтанаты оқушыларды қазақ халқының тау тұлға азаматы, ұлты үшін талай мәрте тәуекелге бел буған Тұрар Рысқұловтың өмір жолымен таныстырудан және ұлтжандылығын дәріптеуден басталды. Апта бойы барлық сыныптарда «Тұрар Рысқұлов – халық жанашыры» тақырыбы аясында ашық сынып сағаттары өтті. Тарих пәнінің мұғалімдері мен оқушы-гидттер апта бойы барлық білім алушыларды арнайы кес-те бойынша мектеп қабырғасындағы Тұрар Рысқұлов мұражайымен таныстырды. Мектеп кітапханашысы Сара Бабаханованың ұйымдастыруымен Ұстаздар арасында «Сахна оқырманы» тақырыбындағы әдеби-сазды кеш өтті. Кеште ұстаздар қауымы Т.Рысқұлов рухына арнау өлеңдерін, монологтарын, хаттарын оқыды. Мектеп оқушылары  Тұрар Рысқұлов рухына арналған өлеңдерді мәнерлеп оқып, 3-4-сынып оқушылары бірігіп «Туған ел» әнін хормен орындады. 7-10-сынып оқушылары «Халықтың Тұрары» тақырыбында көрініс қойды. Көріністе қоғам қайраткерінің халық үшін күрес жүргізуі, Сталинмен кездесуі, Түрксіб теміржолын салу кезеңіндегі қазақ халқының мүддесін жоғарыға қойып, аштық кезеңінде Сталинге халықтың жағдайын айтып, аман алып қалуды талап етуі, соңында сотталуы және Тұрар Рысқұловтың халыққа айтқан арыз-назы көрсетілді. Апталық «Тұрар Рысқұлов – Алаш қайраткерлерінің бірі және бірегейі» тақырыбымен салтанатты түрде жабылды.

Мәнсия ТУКЕТАЕВА,

Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Published in Мақалалар
Жұма, 14 Ақпан 2020 09:40

Шайым – Орта Азия чемпионы

Жақында Шымкент қаласында өткен кәсіпқой бокстан халықаралық жарыста Қаратұрық ауылының түлегі    Шайым Илмжанов Орта Азия чемпионы атанды. Ол ақтық кездесуде Тәжікстан чемпионы Абдумуслим Адинаевпен жекпе-жекке шығып, бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті және «Орта Азия чемпионы» атты белдікке ие болды.

Шайымға қолдау көрсету үшін Қаратұрық ауылының жігітбасы М.Мұрадилов пен Х.Семятовтың ұйымдастыруымен 30-ға жақын ауыл жастары Шымкент қаласына арнайы барды.

Ш.Илмжанов Қаратұрық ауылындағы оқып жүрген кездері, яғни екінші сыныптан бастап ауылымыздың танымал бокс бапкері, М.Маметова атындағы орта мектептің дене шынықтыру мұғалімі Н.Разиевтың тобында жаттықты. Мектеп бітіргенше Шайым аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, түрлі орындарға ие болып жүрді.

Орта мектепті бітірген соң Алматы қаласындағы республикалық медициналық колледжге оқуға түседі және бокс бапкері Д.Дүйсенбаевтың тобында жаттығуын жалғастырады. Бірнеше жарыстарда жеңімпаз атанып, колледж туын желбіретті.

2019 жылы жаз айларында Шайым Түркия елінің Анадолы қаласына барып, дайындығын және бір рет пысықтап қайтады. Шымкент қаласына келіп, бапкер Р.Сайдуллаевтың басшылығымен жаттығуын жалғастырады.

«Енді алдағы мақсат-жоспарым әлемдегі ірі-ірі боксшылармен кездесіп, жекпе-жектерде жеңістерді қолға келтіру. Қазақстан Республикасының Туын желбірету. Соған бар күшімді саламын», – дейді Ш.Илмжанов.

Шайымның жеңісі туралы сүйінші хабар келген соң Қаратұрық ауылының әйелдер кеңесінің төрайымы Г.Бақиева мен кәсіпкер Р.Разиеваның ұйымдастыруымен ауыл ақсақалдары, жастар Шайымның туған-туысқандары ауылдағы «Айша» кафесінде Орта Азия чемпионы Ш.Илмжанов пен оның бапкерлерін салтанатты түрде қарсы алды. Ауылдың көркемөнерпаздары өздерінің ән-күйлерімен чемпионға құрмет көрсетті. Салтанатта ауыл ақсақалы О.Бахтияров, Шайымның жаттықтырушылары Н.Разиев, Д.Дүйсенбаев, Шелек өңірі ұйғыр этномәдениеті орталығының төрағасы М.Абдуллаев, жігітбасы М.Мурадинов, Х.Семятовтар құттықтау сөздерін айтып, игі тілектерін білдірді.

Шайымның қолға келтірген жеңісіне байланысты туған-туысқандары мен мен ата-анасының қуанышын бүкіл ауыл тұрғындары тең бөлісті. Салтанат соңында Шайымның ата-анасы ауыл тұрғындарына, шайымның бапкерлеріне, осы шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

 

И.Усманов,

еңбек ардагері

Published in Спорт
Жұма, 14 Ақпан 2020 08:30

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық кітап сыйлау күні

2012 жылдан бері жыл сайын атап өтіледі. Бұл күн балаларға кітап сыйлап, олардың кітапқа деген сүйіспеншілігін оятатын адамдардың басын қосады. Оған АҚШ-тың қарапайым тұрғыны, балалар кітабы сайтының негізін қалаушы Эмми Бродмур ханым бастамашыл болды.

Жүректің туа бітті ақауы туралы ақпаратты тарату күні

Туа бітті жүрек ақауымен балалары бар отбасыларға көмек ұсынатын канадалық Children's Heart Society коммерциялық емес қайырымдылық ұйымы құрылды. бастаманы HeartKids (Австралия) және Dr. Mani Children Heart Foundation (Үндістан) сияқты ұйымдар қолдады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Мемлекеттік ономастика комиссиясының шешімімен Гурьев облысы мен Гурьев қаласының атауы Атырау облысы және Атырау қаласы болып өзгерді. Ал Павлодар облысының Ермак ауданы Ақсу ауданы аталды.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттікке (МАГАТЭ) кірді.

1997 жылы Ақ үйде Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары президенттерінің кездесуі болды. Келіссөздердің қорытындысына орай, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ әкімшілігінің басшысы Билл Клинтон Демократиялық әріптестік туралы хартияға қол қойды.

2011 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі Астана қаласы Қан орталығының базасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Трансфузиология ғылыми-өңдірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды.

2013 жылы Алматыда Халықаралық бизнес академиясында (ХБА) Нидерланды маркетинг институтының (NIMA) (НИМА-бағдарлама), Қазақстан маркетинг, жарнама және PR федерациясының (ХМЖФ және PR) Халықаралық маркетинг мектебінің бағдарламасына қатысушылардың бірінші тобы бітіріп шықты.

2014 жылы Алматыда Қазақстан үшін бірегей «МЕДЕУ DREAM FEST» фестивалі өтті.

2015 жылы Сеулде (Оңтүстік Корея) мәнерлеп сырғанаудан Сочидегі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, қазақстандық спортшы Денис Тен төрт құрлық чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Төрт құрлықтың чемпионатына Америка, Азия, Африка және Аустралиядан келген мәнерлеп сырғанаушылар қатысты.

2017 жылы Қазақстан кәсіпқой бокстағы титулдар саны бойынша әлемнің үздік бес елі қатарына қосылды. Қазақстандық боксшы Жанат Жақияновтың 53,5 кг салмақ санатында WBA Super және IBO белдіктерін жеңіп алуы осы нәтижеге жетуге мүмкіндік берді.

2017 жылы Дубайда өткен The World Government Summit халықаралық үкіметтік саммитінде Қазақстан «Egov mgov» мобильді қосымшасын енгізгені үшін халықаралық «First World Govtechineers Race-2017» сыйлығымен марапатталды. Награданы Дубай әмірі, БАӘ Премьер-министрі әрі вице-президенті шейх Мұхаммед ибн Рашид Әл Мактум табыс етті.

2017 жылы Ақтау қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» 12-сынып оқушысы Сәттіғали Жолдасбай нашар көретін және зағип жандар үшін арнайы смарт-тақия ойлап тапты. Мұндай идея Сәттіғалиға атасының үйіне ауылға барған кезде келген екен. Ол ауылда ағасының көзі нашар көргендіктен ылғи кедергілерге тап бола беретінін байқайды. Ақтауға келген соң мектеп оқушысы ұстазымен ақылдаса отырып, арнайы қозғалыс құрылғысы орнатылған тақия жасап шығарады. Бұл құрылғы жолда кездесетін кедергілер жөнінде дыбыстап, тақияның иесіне белгі беріп отырады.

2018 жылы Олимпиада арнасы (Olympic Channel) Сочидегі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен туралы деректі фильм жариялады.

2019 жылы Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасы мен Танзания Біріккен Республикасының тұрақты өкілдері Қайрат Омаров пен Модаст Джонатан Меро екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойды.

Дереккөз: inform.kz

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет