Күндер бойынша реттелген элементтер: Сәрсенбі, 12 Ақпан 2020
Сәрсенбі, 12 Ақпан 2020 12:23

Діни сауат қажет

Дін – ізгіліктің белгісі, тәрбиенің құралы. Дегенмен, оны жойқын қару ретінде пайдаланатын топтардың шығып жатқаны жасырын емес. Осы тұрғыда шынайы дін мен басқаның аражігін ажыратып алу маңызды. Әсіресе, жастар үшін.

Сондықтан да жер-жерде діни экстремизм мен терроризмнің не екенін, оның салдары қандай болатынын түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізіліп келеді. Мұндай шараның бірі Р.Тоқатаев атындағы орта мектепте өтті. Аудандық кітапхана қызметкерлері мен мектеп ұжымы бірлесе ұйымдастырған шарада жалпы дін, ислам діні, экстремизм мен терроризм ұғымдары жайында кеңінен талқыланып, түсіндірілді.

 

Еңбекшіқазақ ауданының діни істер жөніндегі инспекторы – Сатай Олжас оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, Алматы облысы бойынша «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» КММ жүргізген мониторинг қорытындыларымен таныстырды. Арам пиғылын әлеуметтік желілермен жүзеге асырушы экстремистік топтардың жұмыстары мен айла-тәсілдері туралы нтернетті белсенді пайдаланатын жастарға жан-жақты айтылды.

 

Алматы облысы бойынша дәстүрлі емес діни ағымдардың әлеуметтік желідегі аккаунттары мен топтарында тіркелген қолданушылардың жас көрсеткіштеріне зер салсақ, былтырғы мәліметтер негізінде 18 жасқа дейінгілер саны – 6933, 18-30 жас – 10 324, 30 жастан жоғарылар – 4083 болса, жасын көрсетпеген қолданушылар – 15 877 екен. Яғни осыншама жан өздері біліп-білмей тіркелген дәстүрлі емес діни ағымдардың топтарында жарияланған ақпаратпен сусындап қана қоймай, оны өзгелерге таратып отыр. Мысалы, негізгі ақпарат көзінде жарияланған материалдар саны – 6 266 623 болса, оны аккаунт қолданушылары таратқанда 128 527 983-ке дейін көбейеді екен. Ал олардың көпшілігі араб әліпбиімен жазылғандықтан, видео-аудио материалдардың негізгі бөлігі араб-парсы тілдерінде болғандықтан оның мазмұнын толық түсінбестен таратып жатамыз. Қарапайым мысал, барлығымыз бір-бірімізге жұма сайын жарыса жіберетін «Жұма мүбәрак болсын» сынды сурет-видеолардағы араб әліпбиімен жихадқа шақыратын мәтіндер жазылған жайттар да кездескен екен. Біз тілді білмегендіктен, еш арам ойсыз оларды таратып жатырмыз. Ал ол үшін заң алдына жауап беруге тура келетінін де ескеру керек.

Осы орайда діни сауат пен білімімізді арттырудың маңызы жайында дінтану пәнінің мұғалімі Өміржан Ерғалым мен аудандық кітапхана қызметкері Күлия Саурықова өз ойларын ортаға салып, балаларға көрнекілік құралдарын, видеоларын көрсетті. Р.Тоқатаев атындағы орта мектептің директоры Рима Смағұлқызы мұндай іс-шараларды оқушыларға жиі өткізіп тұратынын айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Қ.Мұратқызы

 

Published in Мақалалар

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары ­– ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирустық инфекция бойынша Қазақстан Республикасында қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Баспасөз конференциясындағы баяндаманың толық нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

11 ақпанда сағат 7.00-де Қытай Халық Республикасында барлық провинцияларында (автономды аудандарда, муниципалитеттерде) жаңа коронавирустық пневмонияның 42 638 расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде 1 016-сы өліммен аяқталған (өлім көрсеткіші – 2,3 %), 3 996 (9,3%) адам сауығып шығарылды. 

Әлемде 27 елде коронавирустың жаңа түрімен сырқаттанудың 448 расталған жағдайы тіркелді.

Бұл ретте, ҚХР-да сырқаттанушылықтың өсу қарқыны 31 қаңтардан бастап  11 ақпан аралығында 3,6 есе (22%-дан 6,1%-ға дейін) төмендеді. 

Бұл ҚХР-да эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтану үрдісі байқалғанын көрсетеді.  

Сонымен қатар басқа елдерде коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың өсуі 3,8%-дан 27%-ға дейінгі аралықта. 

Республикада коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуына жол бермеу мақсатында ағымдағы жылғы 6 қаңтардан бастап мемлекеттік шекара арқылы өтетін барлық пункттерде барлығы 260 885 адам қаралды, оның ішінде ҚХР-дан – 30 852.

Бүгінгі таңға температурамен және ЖРВИ симптомдары бар 140 адам емдеуге жатқызылды, оның 113-і  сауығып шықты, 27-і стационарда жатыр. Науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. 

Емдеуге жатқызылған адамдардың ешқайсысында коронавирус анықталған жоқ.

Медициналық ұйымдар Қытайдан келген 23 059 адамның денсаулығына тұратын жері бойынша 14 күн бойы мониторинг жасайды.  

Бүгінгі күні инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты 15 478 адам мониторингтен алынды, 8 690 адам медициналық бақылауда тұр.  Ешкімде коронавирустық инфекцияға күдік тіркелген жоқ.

Әлемде коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты: 

Біріншіден, Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың 27 қаңтарында ҚР Үкіметі жанынан Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың төрағалығымен коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шараларды үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды, оның құрамына барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері кіреді. 

Екіншіден, ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шаралар жоспары іске асырылуда (2020 жылғы 29 қаңтардағы №14-р өкім).

Үшінші, ҚХР-дан шекара арқылы өтетін барлық пункттерде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау күшейтілді (тепловизорлармен бақылау, денсаулық жағдайының мониторингі);

Төртінші, медициналық ұйымдардың дайындығы қамтамасыз етілді (10,2 мың төсек, оның ішінде 4,4 мың қосымша), маскалар, медициналық бұйымдардың бағасы, олардың қорлары бақылануда. 

Бесінші, визалар беру, ҚХР азаматтарының 72 сағаттық визасыз болу режимі, «Қорғас» ШЫХО қызметі тоқтатылды.

Алтыншы, 1 ақпанда Ухань қаласынан санавиациямен 83 қазақстандық, сондай-ақ Қырғызстанның 18 азаматы, 5 – Беларусь, 1 - Арменияның  азаматы эвакуацияланды, олар кейін арнайы медициналық мекемелерге карантинге жатқызылды. 

Жетінші, кезең-кезеңмен жолаушылар тасымалы тоқтатылды (авиа, теміржол, автокөлік);

Аса қауіпті инфекциялар ұлттық орталығы Ұлттық биотехнологиялар орталығымен бірлесіп коронавирусты жедел диагностикалауға мүмкіндік беретін қазақстандық диагностикалық жүйені әзірледі.

Бұдан басқа, Ресей Федерациясы мен ҚХР-дан диагностикалық тесттер алынды. Осылайша, коронавирустық инфекцияға күдікті барлық пациенттерге, сондай-ақ  Ухань қаласынан арнайы бортпен келген адамдарға зертханалық диагностика жүргізілді. Барлығы 313 адам тексерілді. Нәтижелері теріс, коронавирус табылған жоқ.

Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп Ухань қаласынан эвакуацияланған азаматтарымыздың денсаулық жағдайына мониторинг жүргізілуде (Түмен облысы – 3 адам, Ташкент қаласы – 5 адам). Жағдайы қанағаттанарлық, коронавирус анықталған жоқ.

Сонымен қатар, Пекин қаласындағы ҚР азаматтарын шығару мәселесі қарастырылуда. Бүгінгі таңда 363 адам қайтып келуге ниет білдіріп отыр.  

Бүгін таңғы сағат 6:05-те Нұр-Сұлтан қаласына Пекиннен Қытайдың 36 қаласынан Қазақстанның 217 азаматы бар рейс келді. Барлығы кемінде 3 күн мерзімге медициналық және зертханалық тексеру үшін стационарға жеткізілді және емдеуге жатқызылды. Денсаулық жағдайлары қанағаттанарлық. Жұмыс жалғасуда. Мерзімі аяқталған жағдайда және  талдаулары теріс болған жағдайда тұрғылықты жері бойынша бақылауға берілетін болады.

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 12 Ақпан 2020 09:01

Шаңғы жарысы

Жақында Есік қаласында  «Алматы облысы білім беру мекемелері қызметкерлерінің кәсіптік одағы» аудандық филиалының  қолдауымен аудан мектептерінің ұстаздары арасында шаңғы тебуден жарыс өтті.

«Алматы облысы білім беру мекемелері қызметкер-лерінің кәсіптік одағы» аудандық филиалының төрағасы Серік Надырбаев: – «Жарысты өткізудегі мақсат – Елбасы саясатын қолдау және ұстаздар қауымын салауатты өмір салтын ұстануға тарту, сондай-ақ, шаңғы тебу спортының дамуына себепші болу», – деді. Аудан мектептерінен бәсекеде бақ сынау үшін 60-тан аса ұстаздар қауымы келген. Оларға төрешілер Д.Нұрмұхамбетов, Қ.Бірімбаев, Н.Матаева жарыс ережесін түсіндіріп және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау жөнінде нұсқаулықтар берді. Ерлер 3000 метр қашықтыққа, әйелдер 1000 метр қашықтыққа шаңғымен сырғанауы қажет болды. Төрешілер шаңғышыларды жас ерекшеліктеріне қарай бес топқа бөліп, жарысты бастауға пәрмен берді. Бірінші кезекте әйелдер қауымы 1000 метр қашықтықты қысқа уақыт ішінде бағындыруға барынша тырысып бақты. Бір-бірін басып озуға ұмтылған әйелдер арасынан мәре сызығын 1-топта Айдана Сағат (Байтерек орта мектебі), 2-топта Светлана Сляднева (М.Ломоносов атындағы орта мектеп), 3-топта Гулзира Түңлікбева (И.Шорманов атындағы орта мектеп), 4- топта Назигуль Иштымбаева (Алға орта мектебі), 5-топта Екатерина Шамакова (Б.Маилин атындағы орта мектеп) кесіп өтті. Ал, 1-топта Көкен Назерке (И.Шорманов атындағы орта мектеп), 2-топта Айнур Бахыт (Рахат орта мектебі), 3-топта Махерам Нурахунова (М.Ауезов атындағы орта мектеп), 4-топта Кәкей Хыргауыл (Аймен орта мектебі), 5-топта Наталья Матаева (Қ.Сәтпаев атындағы орта мектеп) мәре сызығын екінші болып кесті. Қыздар арасында шаңғы тебу техникасы ерекше көзге түскен  1-топта Жадыра Шоманова (аудандық балалар мен жасөспірімдердің туристік және экскурсия орталығы), 2-топта Раушан Парманова (И.Шорманов атындағы орта мектеп), 3-топта Айгүл Жүнісжанова (Абылай хан атындағы орта мектеп), 4-топта Нук Еркегул (Аймен орта мектебі) үздік үштікті қорытындылады.

Ерлер арасындағы 3000 метр қашықтықта үздік шаңғы тебушілерді анықтау кезегі келіп жетті. Мұнда 1-топта Диас Сугірбаев (И.Шорманов атындағы орта мектеп), 2-топта Қанат Бірімбаев (И.Шорманов атындағы орта мектеп), 3-топта Рашид Бахтиев (Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп), 4-топта Дулат Нурмухамбетов (Абылай хан атындағы орта мектеп),  5-топта Сәрсен Қасымов (А.Бубенцов атындағы орта мектеп) қарсыластарына «шаң қаптырды». Екінші орынды 1-топта Нартай Қанатбек (Рахат ауылдық  №1 орта мектебі), 2-топта Дидар Шерганаков, 3-топта Жақсыбек Аманбаев (И.Шормановатындағы орта мектеп), 4-топта Аслан Фахратов (Д.Қонаев атындағы орта мектеп), 5-топта Тұрсынбек Бухатов (А.Жексембеков атындағы орта мектеп) алып жарыс жолын жақсы аяқтаса, Серикбол Сисенбаев (Абылай хан атындағы орта мектеп), Азат Зурдунов (И.Шорманов атындағы орта мектеп), Қайрат Беделбаев (Д.Қонаев атындағы орта мектеп), Элмар Касымов (Қ.Сәтпаев атындағы орта мектеп), Нұрлан Сайлыбаев (Абылай хан атындағы орта мектеп) 3-орынды еншіледі. Бәсеке соңында жүлделі орындар иеленген ұстаздар кәсіподақ ұйымының атынан грамоталар және қаржылай сыйлықтар алып, естелік суретке түсті.

 

Нұрғиса Әлішев,

ұйымдастыру жөніндегі маман

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 12 Ақпан 2020 08:47

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық Ғылым және гуманизм күні (Дарвин күні)

Ағылшынның белгілі натуралист ғалымы Чарльз Дарвиннің туған күніне орай жыл сайын тойланады. Ғалымның табиғи сұрыпталу теориясы, эволюциялық теориясы көзі тірісінде-ақ ғылыми төңкеріс жасады деп бағаланды.

Қызыл қол таңбалары күні

Атаулы күн саяси қайраткерлер мен жұртшылық назарын соғыс балаларына аудару мақсатында аталып өтеді. 2002 жылдың 12 ақпанында Балалар құқықтары туралы конвенцияға қосымша түрде қабылданған қарулы қақтығыстарға тартылған балаларға қатысты Факультативтік хаттама күшіне енді. 2008 жылы әлемде балалар мен жасөспірімдер қызыл қол таңбаларын жинау науқанын бастады. 250 мыңнан астам бала қолының таңбасы жиналып, БҰҰ Бас хатшысы Пак Ги Мунға 2009 жылдың 12 ақпанында тапсырылды. Оны Колумбия мен Кот-д'Ивуарда соғыстарға қатысқан әскери балалар мен Германияның жас белсенділері тапсырып, әскер ретінде балаларды пайдалануды тоқтатуға үндеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1955 жылы Қызылорда облысында Байқоңыр ғарыш айлағын салу туралы шешім қабылданды. 6717 шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Осы ғарыш айлағынан алғашқы жасанды спутник және тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин ұшырылды.

1992 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.

1994 жылы Норвегияның Лилехаммер қаласында өткен ХVII қысқы ойындарға тәуелсіз Қазақстан құрамасы алғаш рет қатысты.

2001 жылы Павлодарда ХХ ғасырдың басында алғашқы жарықпен сурет салу салонын ашқан Дмитрий Багаевтың Музей-үйі ашылды. Ол түсірген суреттер арқылы қазіргі ұрпақ өткен ғасырдың бас кезіндегі қазақ тұрмысы туралы құнды деректерге ие болып отыр.

2007 жылы Ұлттық банктің Орталық филиалына номиналы 500 теңгелік екі коллекциялық күміс шақа келіп түсті. Шақалардың дайындалу сапасы - «proof», тиражы - 4 мың дана. Бірінші шақада - баласын бесікке бөлеп жатқан ана бейнеленсе, екіншісінде - Алматыдағы орталық мешіт бейнеленген. Коллекциялық шақаның салмағы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм. Әрқайсысының құны 5 мың теңге. Шақалар 925-сынамалы күмістен жасалған.

2014 жылы Қызылқұм шөлейтінде шымкенттік археологтар XVIII ғасыр батырларының сауытын тапты.

Кездейсоқ жәдігер жайлы археологтарға жергілікті тұрғындар айтқан. Тарихшылар алғаш рет үш ғасыр бұрын қазақтар жоңғарлармен қалай айқасқаны туралы деректі дәлел тапты. Дулыға, сауыт, жамылғылар ұқыпты шешіліп, арнайы сақтау үшін қойғандай етіп орналастырылған.

2015 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ серіктік навигациялық аппаратураның сәйкестікті бағалау зертханасын (СБЗ) құру бойынша жұмыстарды аяқтады, оның көмегімен СНА метрологиялық сипаттамасы жүргізіледі. Навигациялық және жиілік-уақытша параметрлердің кемшіліктерін өлшейді. Теңізде, құрылықта, авиацияда, ғарышта, геодезияда және басқа да арнайы қолдану саласында СНА техникалық мүмкіндіктерін айқындайды.

2015 жылы Toshiba International (Жапония) қоры әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасына теңдессіз беземе жиынтығын берді. Құнды дүниені сыйлау ҚазҰУ шығыстану факультетінің Оңтүстік Азия және Қиыр Шығыс кафедрасының қормен серіктестігі аясында жүзеге асты. Сыйлық – Эдо дәуіріндегі танымал жапондық укиё-э жиынтығы (1600-1868), сонымен қатар оған укиё-э туралы ақпарат беретін видеоматериалдар мен кітаптар жиынтығы кіреді.

2016 жылы Баку қаласында Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Елшілігінің жаңа ғимаратында еліміздің мемлекеттік туы салтанатты түрде көтерілді.

Елшіліктің жаңа ғимараты Қазақстанның шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктерінің, сондай-ақ Әзербайжанда аккредиттелген шетелдік дипломатиялық кеңселердің арасындағы ең сұлу ғимараттардың бірі.

Елшілік ғимараты Баку қаласының Хатаин ауданында орналасқан. Жалпы 0,5 гектар аумақты алып жатыр, ғимарат пен елшілік қызметкерлеріне арнап салынған тұрғын кешенінің жалпы ауданы 7 000 шаршы метрден асады.

2016 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ шығарған режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Жаңғақ ағашы» фильмі Францияның Везуль қаласында өткен ХХІІ Халықаралық Азия киносы фестивалінің негізгі конкурс бағдарламасында көрсетіліп, бірден екі жүлдені: халықаралық қазылар алқасының және Киносыншылардың арнайы сыйлықтарын жеңіп алды. «Жаңғақ ағашына» Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Филиппин және Түркия елдерінен ұсынылған 8 фильм бәсекелес болды. Жалпы, фестиваль аясында әртүрлі бағдарламалар бойынша 90-нан астам фильм көрсетілді.

2019 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында Жастар жылына арналған «Ұлы дала жастары» мәдени-көрмелік іс-шаралар топтамасының салтанатты ашылуы өтті. Елбасы кітапханасы Жастар жылына арналған ауқымды іс-шаралар топтамасын бастады. Солардың қатарында «Жастар - ел тірегі» кешенді тақырыптық көрмесі, заманауи суретшілердің, мүсіншілердің, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің, өнертанушылардың шығармашылығын насихаттауға, қолдауға бағытталған байқау жарияланды.

Дереккөз: inform.kz

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет