Күндер бойынша реттелген элементтер: Дүйсенбі, 10 Ақпан 2020
Дүйсенбі, 10 Ақпан 2020 15:08

Хантәңір мұзбалағы

Мұқағали, «Ең бірінші бақытым – халқым менің» деп жырлады. Абайды ұлттың ұлы ақыны десек, Мұқағали – қазақ халқының жарық жұлдызы. Оның өлеңдерінде не құдірет бар дегенде, өз заманының адамдарымен таң азанмен бірге тұрды. Халық күрсінсе, бірге күрсінді, халық шаттанса, бірге шаттанды. Қасиетті Хантәңірі тауынан мұзбалақ қыранның көкте қалықтап жүргенін халық көрді. Бірақ  қолға  ұстап  бағындырудан  қорықты.Өйткені, ол  көк  аспанмен  тілдесіп,  туған  жердің   тасына  дейін  түгендеп, ата-бабалардың  аманатын  көздің  қарашығындай  сақтауға, әр  тырнағы  алмас  қылыштай  жарқылдап,ұлттың  ұлы  тұлғаларын өтірік жаламен жауына байлап  матап  берген, өзгенің  сойылын соғып халыққа қайғы-қасірет әкелген, адамның бет пердесін киген, нағыз түр-түсі шибөрі, жылан сияқтыларды отты жырымен осып өткен, кез келген уақытта аспаннан найзағайдай жарқылдап келіп, алмас тырнақтарымен шеңгелдеп бүріп, тұтас өмірі арпалыспен  өткен ақын.

Мұқағали өзінің естеліктерінде мың ойланып, мың толғанып,заманның ағымына бейімделу керек па деген сұрақты өзіне қоя отырып,ойы жан-жаққа шашырап, не істерін білмей қиналғанда тек кішкентай жүрекке Тәңірім  үлкен рух бергенін сезінгендей анық та айқын қадам басқанын,мына  өлең  жолдарынан  байқағандаймыз:

Барса келмес сапарға араластым,

Енді артыма бұрылып қарамаспын.

Жырлар жазам, дерімді деп өлемін

Қарсы алдында тұрсам да дар ағаштың, – деп жан-тәнімен ұлтты  құрметтеуге, нақты айтсақсалт-дәстүрді сақтауға, тілін дінің сатпауға, Отанды сүюге үндеген ақын. Мұқағали жырларынан қуат алған ұл-қыздарымыз Тәуелсіздік  әкелген  16 желтоқсанда  ұлт  болып  ұйысып, Тәңір  сыйлаған  шыбын жандарын да  қиюға дайын екендіктерін көрсетті. Мұқағали халықтың мұң-мұқтажын өлең арқылы жеткізіп қана қоймай, ақиқаттың ақ жолын жарқыратып  салып  қойды. Сол жолмен жүрген ақын  халықпен бірге.Қайсыбіреулер Мұқағалиды өтірік мақтап,халыққа жағымпазданады. Мұқағалиды туралы айту үшін Мұқағалидың жолына түс,адалдықты,парасаттылықты,мейірімділікті, еліңді, жеріңді жырла.

«Ердің  атын ел  шығарады, елдің  атын ер  шығарады» дегендей халқына қызмет еткен,ұлтымыздың ұлы тұлғаларын бөле жармай,анау-мынаудан мықты еді, мың  жылда бір келетінақын  деген сияқты әсірелеуге жол бермей, өнерді дәріптеп, ақындарымызды құрметтей білуіміз керек. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей, Мұқағали жалғыз емес, ел болып арамызда жүрген Мұқағали жолымен келе жатқан ұл-қыздарымызды ұлықтай  отырып, өткен күннен өнеге алып, келер күнге тектілікті, әдептілікті, ұлтжандылықты  қалыптастыру, әрбір қазақ қазағым деп соққан жүректің лүпілін естігенде  оған деген құрметтің жоғары екенін жеткізе білу үлкен мәдениеттілікті  білдіреді. Мұқағали өлген жоқ,өйткені оның жазған өлеңдері халықтың  санасын оятып, ақынға деген құрмет күннен-күнге артып,қазақтың бір қара  баласы ретінде күнделікті тіршілікте бар қазақтың жүрегінен орын алған,шындықтың шыңын жырмен бағындырған халық ақыны.

                          Сәбетбек БАҒЫБАЕВ

Published in Әдебиет
Дүйсенбі, 10 Ақпан 2020 14:46

Мұқағали тілі

Халық тілінің қайнар көзі сан ғасырды бастан кешіру барысында қалыптасқан ауыз әдебиетінің алтын қорынан бастау алады. Сондықтан тіл халықтың баға жетпес асыл байлығы. Әрқандай халықтың жазба әдебиеті ата-бабаларымыз жаратқан ұшан-теңіз мол ауыз әдебиеттен нәр ала отырып дамиды. Сол үшін орыс халқының әйгілі жазушысы Максим Горький «Сөз өнері ауыз әдебиетінен басталады» дейді.

Ауыз әдебиеті – халық тілін үйренудің мектебі. Халық тілін үйренудің алтын бесігі болған ауыз әдебиеттен үлгі алған Асан қайғы Сәбитұлы, Шалкиіз Тіленшіұлы, Ақтанберді Сарыұлы, Бұқар Қалқаманұлы қатарлы өкілдік сипатқа ие от ауызды, орақ тілді жыраулар дүниеге келді.

XX ғасырға келгенде қазақ әдебиеті өзінен бұрынғы замандар әдебиетіне ұқсамайтын аумалы-төкпелі тариты бастан кешірді. Дәл осы тұстарда Махамбет Өтемесұлы, Абай Құнанбайұлы қатарлы ұлы тұлғалар қазақ өлеңін жыраулық дәстүрден ақындық дәстүрге қарай бетбұрыс жасатты. Әсіресе ұлы ақын Абай төл әдебиетіміздің тілін жүйеге келтіріп, қазақ поэзиясының мазмұнын байытып, түрін молайтып әлемдік әдебиет деңгейіне өсті.

ХХ ғасыр ішінде қазақ әдебиеті орасан биік бір белеске көтеріліп дамыды. Ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай бастаған ұлы көштің жалғасын Мағжан, Қасым, Мұқағали, Төлеген қатарлы жыр жұлдыздары жалғады. Мұқағали Мақатаев аты аталған жыр жұлдыздарының ішінде қазақ поэзиясының тіл байлығын дамытып, өзіндік бір биік белеске көтерген шоқтығы биік дара тұлғалардың бірі еді.

 

2

Қазақ әдебиетінің классигі, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Мұқағали қазақ поэзиясының ұзақ сағынып көрген асыл перзенттерінің бірі. Ол шын мәніндегі ұлттық құбылыс. Сыпыра жырау мен Асан қайғыдан бері қарайғы жыраулық мектепті Махамбет пен Дулат аяқтаса, Абайдан басталған ақындық мектеп Мағжан, Сұлтанмахмұт, Ілияс тұсында жалғасын тапты. Қан кешкен қасіретті ұрпақтың өксік аралас өкініш Қасым жырларынан көрініс тапты. Соларға деген бүкіл халықтық махаббат жыршы қауым тарапынан шын сырымен шынайы жырға деген керемет құштарлықты оятты. Сондай құдіретті тасқынның бой бермес ересен күші барша алапат болмысымен көрініп, айналасына жақұт шашқандай мәз-мейрам еткен жойқын өнегесін Мұқағали шығармаларынан танимыз. Бүгінгідегі қазақ рухы алдың-күлдің тіршіліктен жалығып кеткенде Мұқағали жырларына үңіледі. Оның, мейлінше табиғи шумақтарынан жанына дауа табады. Оның үнсіз жымиғанына да халық жадырап, «қағаржып үнсіз жылағанынан» да халық тебіренгендей, халық күңіренгендей болады. Ол халық болмысымен бірге қайнасып кеткен ұлы тұлға. Ұлы құбылыс, ұлы ақын» («Қазақ әдебиеті», 2011 жыл, 22-шілде), – деп жазған екен.

Мұқағали Мақатаев қазақ халқының тіліне шынайы мұрагерлік еткен әрі халық тілін байытып қазақ поэзиясын тың белеске көтерген ұлы ақын. Оның қай жырларын оқысаңыз да халықтың асыл жауһар сөздері өз орнын тауып құлпырып тұрады. Ақынның:

Өлмесін деп берген ғой тауды маған,

Мен күңіренсем, күрсініп тау жылаған, – деген өлең жолдары кімді болса да суреткердің тіл шеберлігіне еріксіз бас изетеді.

Мұқағали халық тіліне бай ақын. Ол халық тілінің асыл жауһарын өз жырында жаңаша қабылдап, өлең жазудың өресін ерекше биік белеске көтерген сөз зергері.

Мұқағали поэзиясында «Қара», «Ақ», «Көк», «Жасыл», «Сары», «Боз», «Тарғыл» қатарлы сөздердің жиі қолдануынан өзіндік дара ерекшелігі менмұндалап тұрады. Бұл пікірімізге дәлел ретінде ақынның бірнеше өлең шумағын мысалға алайық. Ақынның «Қап-қара, ғажап, сиқырлы» атты жырында:

Қап-қара, ғажап, сиқырлы

Қашпаңдар қара бояудан!

Қандырып уыз-ұйқымды,

Қап-қара түннен оянғам.

Қап-қара түнді көрдім де,

Жап-жарық таңға кездестім.

Қарасыз, сірә, мен мүлде,

Аппақтың нарқын сезбеспін.

Ақ пенен қара алмасып,

Алмасып тұрса әрдайым.

Ақ түске ғана жармасып,

Қараны неге алмаймын, – деп «қара» сөзі бірнеше рет қайталанып тұрса да әр өлең жолдарына әр беріп, өң беріп, өз оқырманын тіл құдіреті арқылы баурайды. Сондай-ақ ақын «қара» мен «ақ» сөзін алмастыра қолданып, оқырман қауымға өмір туралы үлкен ой тастайды.

Мұқағали қазақтың қара өлеңіне өзгеше бояу, өзгеше түс беріп, кемелдендіріп жаңаша үлгіде дамытты. Ақынның:

Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып, өзіне қайтарамын, – деп айтқаны осының айқын мысалы.

Тілдің көркем әдебиеттегі маңызы өте зор, әр суреткер тек көркем сөз өнері арқылы ғана адам жанын зерттейді. Жыр жүйрігі Мұқағалидың «көк», «боз» сөздерін қолдануынан мысал келтіре кетейік.

Көктем де келер,

Құстар да жетер, ән салып.

Көктер де шығар,

Көгілдір нұрға тамсанып. («Көктем де келер».)

 

Боз атқа мініп,

Боз тауға, мүмкін, шығарсың.

Боз көйлек киіп,

Бозарған таңда тұрарсың.

Боз айдай балқып,

Бозарған көкте тұнарсың.

Бозарған, жаным,

Боз түске неге құмарсың?! («Қажыдың, қарғам».)

 

3

Қазақ әдебиетінің жыр жұлдызы Мұқағали Мақатаев поэзиясы ұлттық рухқа тамыр тартып, адам сезімінің құпия сырларын ашып, сыршылдығын, шыншылдығын әйгілеп жатады. Мысалы:

Жақсаттанды демейсің, сүйем десем,

Табынатын тәңірім, ием де сен.

Адам болып күн кешу қиын маған,

Арқа тұтып өзіңе сүйенбесем.

Сен менің сүйегім мен қанымдасың,

Жанымдасың, ұятым, арымдасың.

Саған деген махаббат дамылдасын,

Тек сенің топырағыңды жамылғасын.

Өзіңше түсің де ерек, ісің де ерек,

(Сырым бар саған айтар ішімде көп).

Қомағай көзімді бір тойдыра алмай,

Қорқамын бәрі осының түсім бе деп.

 

Немесе:

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

Мұқағали халықтың жыр асылын тіліне ұйытқан киелі ақын. «Мұқағали нені жырласа да жүрегіңе жеткізе, құлақ құршын қандыра, жаныңды тербете жырлайды» (Нұрғиса Тілендиев).

Мұқағалидың «Дариға, домбырамды берші маған» атты өлеңін оқып отырып халқымыздың «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген ұлағатты сөзі ойыма орала береді. Ақын өлеңдерінен өз дәуірінің бейнесі, ауыл адамдардың нағыз қазақы тірлігі елестейді.

Дариға, домбырамды берші маған,

Жаныма келші, жарым, келші, балам!

Бейуақта іңірдегі көңіліме,

Күй болып күңіреніп енші, далам.

Домбыра, қоңыр қазым, аққуымсың,

Арманым, мұңым, сырым,  шаттығымсың.

Домбыра, жүрегіммен үндес едің,

Сенімен сырласымдай тілдесемін.

Бабамнан қалған мұрам сен болмасаң,

Өнердің не екенін білмес те едім.

Өсірген өнерімді қызыр бабам,

Үніңнен айналайын бұзылмаған.

Киелі пернеңе бір қол соқпасам,

Ішегің жетімсіреп ызыңдаған, – деген шумағында ақын нағыз қазақ болып әлемге жар салады. Атақты батыр Бауыржан Момышұлы: «Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халықтың жанын білмейді», – деп тектен-текке айтпаған.

Мұқағали Мақатаев поэзиясы қазақтың құнарлы топырағында өсіп-өніп жетілген халық тіліне бай мәңгілік поэзия. Ол өз дәуіріндегі қазақ ақындарының ішінде шоқтығы ең биік, мәртебесі ең жоғары, оқырманы ең көп ұлы ақын. Бұған ғалым Мырзатай Жолдасбековтың: «Мұқағали бүтін бір ғасырдағы қазақ поэзиясын биіктетіп кетті», – деген сөзі куә.

«Мұқағали Мақатаев өлеңдері ұлттық поэзияның жаңа бір белеске көтерілгендігін, жаппай еуросентристік ағымға ойысқан заманда қазақтың қара өлеңінің шынайы қасиеттерінің қадірі артып, бұрынғыдан да толысып, кемелдене түскендігінің куәсі. Ол қазақ өлеңнің ұлттық бояуы мен рухын ұстанды, түрлендіре байытты да, сонымен қалың қазақ оқырмандарының жүрегіне жол ашып, ұлттық поэзияның шашасына шаң тимес тарланбозы ретінде мәңгілік ұялап қалды. Сонымен қатар, ақын қазақ лирикасын ХХ ғасыр әдебиетінің озық дәстүрлерімен шынайы құнарландырды.

Мұқағали Мақатаев поэма жанрында да ерекше қолтаңбасымен дараланады. Қазақ тарихының құбылысты мәселелеріне барумен бірге, өзі өмір сүрген кезең шындығына да қалам толғады. Саяси-әлеуметтік, қоғамдық-саяси сарындағы поэмаларының өзінде шынайы көңіл шымырқаныстарына толы көркем шындықты бейнелейді. Ол поэма жанрын тақырыптық жағынан байытты, жанрлық- стилдік тұрғыдан жаңғырта түсті. Дастан, поэмаларында лирикалық сарындар, азаматтық-әлеуметтік тыныс, тарихи арна барынша жеке- дара оқшауланып көрінді. Саяси тақырыптарға да барып, бірнеше құнды поэма қалдырды» («Мұқағали – мәңгілік ғұмыр», «Іле кеші» газеті, 2011 жыл, 12 тамыз, 3-бет).

Мұқағали тілі – нағыз халық тілі. Ақын халықтың ана тілінің кәусәр бұлағынан қанып ішті. Халықтың бай тіліне мұрагерлік етті, ұлы тұлға Махамбеттен жыраулық үлгі алса, алып Абайдан ақындық дәстүр қабылдады.

Жинақтап айтқанда, Мұқағали Мақатаев ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының тілдік қорын байытты, қазақтың қара өлеңіне өзгеше түс беріп, көркем поэзияны ең жоғары деңгейге көтеріп жаңалық енгізіп, үлкен белеске көтеріп, қазақ поэзиясының дат шалмас алтын діңгегіне айналды. Өз поэзиясы арқылы күллі қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік ұлы тұлғаға айналды. Мұқағали қазақ болып әлемге тіл қатты, қазақ болып күллі дүниені шарлады. Мұқағали тілі- халықтың баға жетпес қымбат мұрасына айналды.

Мұқағали тілі – көздері ашылып зерттелмеген халық байлығына айналып кеткен асыл қазына.

 

Нұрлан Сәрсенбаев,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

Published in Әдебиет
Дүйсенбі, 10 Ақпан 2020 11:42

ТАҒАЙЫНДАУ

Джарманов Нурлан Ердаулетович

2019 жылғы  26 желтоқсаннан Алматы облысы бойынша  мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Төлеген Қапсалықұлы Сарсембаевтың Ж-711 бұйрығымен Еңбекшіқазақ ауданы  бойынша  мемлекеттік кірістер  басқармасының  басшысы   лауазымына  тағайындалды.

Н.Джарманов 1999 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет құрылыс академиясын экономист мамандығы, 2004 жылы Қазақ құқықтану және Халықаралық қатынастар институтын  заңгер  мамандығы бойынша  тәмамдаған.

 Еңбек  жолын 2001 жылғы қаңтар айы-нан 2003 жылғы желтоқсан айына дейін Балқаш ауданының Бақанас ауылы бойынша салық комитетінің салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің жеке тұлғалармен жұмыс секторының жетекші салық инспекторы болып  бастаған.

2003-2012 жылдары Алматы облысы Талғар ауданы бойынша салық басқармасында жетекші салық маманы, бас маман-бас салық инспекторы, бөлім басшысы  қызметін  атқарды.

Кейіннен 2012 жылғы мамыр айынан тамыз айына дейін  Алматы  облысы бойынша салық департаментінің салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің бастығы болды. 

2012 жылғы тамыз айынан 2013 жылғы  қыркүйек  айы  аралығында  Жамбыл ауданы бойынша салық басқармасы бастығының орынбасары,

2013 жылғы қыркүйек айынан 2014 жылғы қаңтар айлары арасында Қапшағай қаласы бойынша салық  басқармасы бастығының орынбасары,

2014-2015 жылдары Алматы қаласы бойынша мемлекеттік  кірістер  департаментінің Алатау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында бас маман, бөлім  басшысы,

2015 жылғы шілде айынан 2018 жылғы шілде айлары аралығында Алматы  қаласы  бойынша  мемлекеттік  кірістер  департаментінің бөлім басшысы,

2018 жылғы шілде айынан 2019 жылғы шілде айлары Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Медеу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында басшы орынбасары,

2019 жылғы шілде айынан 2019 жылғы желтоқсан айлары аралығында Алматы облысы Алакөл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы  болды.

Published in Санаты жоқ

Ташкенсаз

Х.Абдуллин атындағы орта мектептің акт залындағы келелі жиын өткен жылғы аудан жетістіктерін саралаудан басталды. 2019 жылы ауылдық округ тұрғындарына «Egov» электронды үкімет порталы арқылы 360 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Ал, 2018 жылы 56 қызмет, яғни, тұрғындар сауаты күн санап артуда. Осы орайда, әкімдік ғимаратында электронды үкімет порталы арқылы өзіне-өзі қызмет ету бұрышы ашылып, бүгінгі таңда тұрғындар тарапынан белсенді қолданысқа ие. Сондай-ақ, елімізде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі қабылданып, төртінші деңгейлі бюджет белгіленгені аян. Бұл орайда округ әкімдігіне былтырғы жылы түскен салық көлемі 18 млн 167 мың теңге. Болжанған сомадан 118% артық. Сонымен қатар 2019 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Ташкенсаз ауылында «Учительская», «Жеңіс» көшелері және Х.Абдуллин атындағы орта мектеп алдындағы алаңқай асфальтталған, яғни, 5000 шаршы шақырым. Жұмсалған қаржы көлемі 10 млн 500 мың теңге. Сондай-ақ, өткен жылы 132 жанұя атаулы әлеуметтік көмек алған. Ондағы 45 отбасы көпбалалы. Оларға көрсетілген қаржылай қолдау көлемі 75 млн 722 мың теңге болған. Өзге де аудан және ауылдық округте өткен жылы атқарылған жұмыстар барысымен таныстырған аудан әкімі Бинәлі Ысқақтың және ауылдық округ әкімі Эльвира Масутованың есебі тұрғындар тарапынан қанағаттанарлық деп танылды.

 

Саймасай

Саймасай ауылдық округіндегі есеп беру кездесуінде аудан басшысы атқарылған жұмыстар легін тарқата келіп,  өткен жылы «Айдарбаев» шаруа қожалығымен 250 бас сиырға арналған сүт өнімдері фермасының құрылысы аяқталғанын жеткізді. Сондай-ақ, Германиядан 3 млн теңгеге «Голштин» асыл тұқымды 327 бас сиыр әкелінген. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың аяғына дейін тағы да 4 млн теңгеге «Джерси» асыл тұқымды 400 бас сиыр әкелу жоспарлануда. Бүгінгі таңда аталған шаруа қожалығында 727 мал басы бар. Ондағы 580 сиыр аналық бас, 53 жылқы болса, күніне 6,300 кг сүт өндіріп отыр.

Сондай-ақ, округ аумағында «Assorti Rancho» кешені жұмыс істеуде. Кешен мейрамхана және демалыс орны есебінде қаладан келетін қонақтарға қашаннан таныс. Жаз мезгілінде күніне 100 адамға дейін қызмет көрсететін болса, 2018 жылдан бері аталған демалыс орны бөдене құсын өсіруді қолға алған. Бүгінгі таңда құстың саны 1500-ге жеткен. Күніне 500 жұмыртқа өндіру үстінде. Құстың еті мен жұмыртқасы «Assorti Rancho» мейрамханасына жеткізіліп, емдік мақсатта тұтынатын келушерге ұсынылады. Сонымен қатар, аталған кешен 50 гектар жерге таңқурай жемісін еккен.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту»  бағдарламасына сәйкес ауылдық округтің 3 бірдей тұрғыны «Бастау бизнес» және «Жеке кәсіпкерлік» курстары бойынша дайындықтан өткен. Өз кәсібін дөңгелету үшін 2 тұрғын 6 млн 500 теңге көлемінде жеңілдетілген несие рәсімдесе, 1 тұрғын 505 мың теңге көлемінде грант ұтып алған.

Өткен жылы, мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық деңгейдегі «Рухани қазына – 2019» фестивалінде Қаракемер ауылының мәдениет үйі «Үздік ауылдық мәдениет үйі» номинациясында жеңімпаз атанған. Округ тынысын тұрғындарға кеңінен баяндаған Дархан Ахметовтың есебі қанағаттанарлық деп танылды.

 

Түрген

Түрген ауылдық округі әкімдігінің акт залында тұрғындарға есеп берген аудан әкімі Бинәлі Ысқақ аудан жетістіктерін әр сала бойынша атап өтті. Ауылшаруашылығы, инфрақұрылым, әлеуметтік-эконмикалық ахуал сөз болған есептік кездесу интенсивті жаңа технологиялардың аудан аумағына келуін кеңінен қамтыды. Түрген ауылындағы 707 шаруа қожалығының 90 субьектісі алма жемісін өсірумен айналысса, оның ішінде 134 гектар бақ дәл осы интенсивті технология қолданумен өскен. Сонымен қатар, өткен жылы «Голд-Продукт» АҚ  4 млн 727 мың 823 бірлік түрлі шарап және өңделген көкөніс көнсервілерін шығарған. Тұрақты жұмыспен 252 адамды қамтыса, жиын-терін уақытында қосымша 400 адамға жуық жұмыс күшін тартқан.

Өзге де ауданда өткен жылы орын алған оқиғалар легін кеңінен баяндаған аудан әкімінің есебі тұрғындар тарапынан қанағаттанарлық деп танылды.

Осыдан кейін Түрген ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Мәди Бейсенбаев кезек алды. 2019 жылы өзін-өзі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында 8 адам арнайы оқытылып, жеке кәсіп ашуға бет бұрған. Оның 7 субьектісі мал шаруашылығын дамытуды қолға алса, 1 адам өзге кәсіп түрін таңдаған. Олар осы мақсатта 34,7 млн теңге жеңілдетілген несие рәсімдеген. Сондай-ақ, өткен жылғы есеп бойынша табиғаты тамаша Түрген шатқалына 40 000-ға жуық турист келіп демалғанын жеткізді. Туристер саны жыл санап артып отырғандығын айтқан Мәди Бейсенбаев келешекте округтің дамуында туризм саласының айтарлықтай үлесі боларын сөз етті. Сонымен қатар «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Түрген ауылындағы Сатай көшесінің тұрғындарына 1200 метр ауызсу құбырлары тартылып, 5 млн 1327 мың теңге жұмсалса, тағы да 3 млн 137 мың теңге қаржы қарастырылып кәріз жүйесін тазарту жұмыстары жүргізілген.

Сондай-ақ, өзге де өткен жылғы істелген жұмыстар баян етілген округ әкімі міндетін атқарушы Мәди Бейсенбаевтың есебі қанағаттанарлық деп танылды.

 

Көктөбе

Аудан әкімінің кезекті есеп беру кездесуі Көктөбе ауылдық округінде жалғасты. «Алма-Агро» ЖШС және «Утениязов» ШҚ 30 гектар жерге интенсивті технологияны қолдана отырып алма жемісінің көшеттерін отырғызған. Тартылған инвестиция көлемі 232 млн теңге. Осы жылы «Алма Иссык» ЖШС аталған технологияны қолдана отырып 9 гектар жерге көшеттер егуді жоспарлап отыр. Негізгі бағыты жүзім және сәндік ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер өсіретін мекеме арнайы питомникте 50 мың алма ағашының жас көшеттерін дайындау жұмыстарын қолға алуда. Сонымен қатар, округте тіркелген 538 шаруа қожалығы 555 гектар жерге алма бақ ексе, ұсақ шаруа қожалықтары 195 гектар жердегі ескірген алма ағаштарын кесіп, орнына алманың сұранысқа ие тұқымдарын егу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, бүгінгі таңда бос жатқан құнарлы жерлерді игеру жұмыстары жүргізіліп, шаруа қожалықтары тарапынан инвестиция тарту, көшеттер егу қарқын алған.

Сонымен қатар, округ әкімі Болат Жасыбаев Көктөбе ауылдық округі аумағында 30-дан аса ұлт өкілінен құралған 15 007 адам тұратындығын жеткізді. Аула саны – 2621.

Өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Қызылжар ауылының ауыз-су құбырларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Асыл-Тау» ЖШС ауылдан 4,5 км жоғары орналасқан «Бүгіл» өзенінің арнасын тазартып, арнайы сүзгілер орнатқан. Сондай-ақ, ауыл көшелерін жарықтандыру бағытында 9 млн 301 мың теңге жұмсалып, 91 жарықтандыру бағаны орнатылған.

Шағын және орта кәсіп те округте өз деңгейінде дамып, 170 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, ауылдық округтің 12 көшесінің атауы өзгертіліп, өскелең ұрпақ үшін үлгі болар тұлғалардың есімі берілген.

Төле би және Алмалы ауылдарында мектеп салу мәселесі аудан әкімінің тікелей қолдауымен қолға алынған. Бүгінгі таңда Төле би ауылында 450 орындық мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Сондай-ақ, Көктөбе ауылында дәрігерлік амбулатория салу жоспарына сәйкес жер телімі белгіленіп, ағымдағы жылы құрылыс жұмыстары жүргізілмек.

Осы және өзге де атқарылған істер сөз болған аудан әкімі Бинәлі Ысқақтың және ауылдық округі әкімінің есебі бірауыздан тұрғындар тарапынан қанағат-танарлық деп танылды.

Атап өткен жөн, әрбір ауылдық округте аудан әкімі есептік кездесу өткізгеннен кейін тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдау жүргізіп отырды. Аудан әкімімен бірге аудан мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, аудан әкімінің бірінші орынбасары Айбек Бидаев бастаған бөлім басшылары да бірге жүріп, тұрғындар мәселесі бойынша хаттама толтырылып, шешу жолдары анықталды.

 

Бөлек

Бөлек ауылындағы М.Горький атындағы орта мектепте өткен есептік кездесуде аудан әкімі бір жылғы атқарылған жұмыстар бойынша баяндама оқып, жос-парлармен бөлісті.

– Ауданымызда 84 мектеп болса, оның 17-сіне жаңа ғимарат салу керек. Бұл нысандар типтік емес әрі ескі. Сонымен қатар, тағы 17 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде Бөлек ауылдық округіне қарасты мектептер де бар. Кезең-кезеңімен жақын жылдары бұл мәселені шешетін боламыз – деп, Бинәлі Әбдіқапасұлы балалардың алаңсыз сапалы білім алуына барлық жағдай жасалатындығын айтты.

Есік топтық су құбырының екінші кезеңі де Бөлек ауылдық округін айналып өтпейді. Бюджеттен 4,5 млн теңге бөлінсе, Есік қаласының айналасындағы 9 елді мекенде тіршілік нәрі оң шешімін таппақ.

Округ әкімі Асыл Изиев ауылшаруашылығы саласында ілгерлілеушілік бар екендігін жеткізді өз есебінде. Оған қоса, кәсіпкерлік саласы мен ауылға инвестиция тарту ойдағыдай жүзеге асуда.

– Округ бойынша сыйым-дылығы 11 мың тоннадан астам жеміс-жидек қоймалары жұмыс істеуде. Жалпы осы салаларда 870 адам жұмыспен қамтылған. «Гас Ойл Сити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 150 миллион теңгеге жуық қаражатқа Қарасай ауылында 30 жұмыс орны бар, 180 бүлдіршінге арналған балабақша ашты – деді округ әкімі.

 

Есік

Бинәлі Әбдіқапасұлы аудан әкімдгінің мәжіліс залында өткен Есік қаласы тұрғындары алдындағы есебінде аудан орталығында электр энергиясын өндіру қарқынды жүзеге асып жатқандығын алға тартты. Сөзіне сүйенсек, ауданымызда 3 гидроэлектростанция Есік өзенінде, Түрген өзенінде 1 ГЭС іске қосылып, электр энергиясын өндіруде. Ағымдағы жылы Есік өзенінде қуаттылығы 4,5 мВт ГЭС-1-дің құрылысы аяқталды. Құрылысқа 814 миллион теңге жұмсалды. Сондай-ақ Шелек өзенінде қуаттылығы 40 МВт ГЭС-тің құрылысы басталды, жоба құны 1,2 миллиард теңгені құрайды.

Сондай-ақ, Есік қаласында тұрғын үй мәселесі де қолға алынуда.

– Ауданда «7-20-25» бағдарламасы бойынша екі құрылыс мекемесі («Альтаир» ӨК, «СилкСтройИнвест» ЖШС) Есік қаласында көп пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысын бастайтын болады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Есік қаласынан 60 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үйді реконструкциялауға 71 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталды.

Сонымен қатар, Есік қаласынан 30 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 4 ауылға (Ақши, Шелек, Алға, Қайназар) жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін инфрақұрылымын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде – дейді аудан басшысы. Оған қоса, аудан орталығындағы оқушылар санының артуына байланысты В.Терешкова атындағы орта мектепке қосымша ғимарат пен сая-жай маңына жаңа мектеп салу жоспарлануда.

Есеп берген қала басшысы Бауыржан Бименов түрлі салалардағы ілгерілеушілікке тоқталды, жоспарларын ортаға салды. Бүгінде қала аумағында өнеркәсіп пен кәсіпкерлік саласы қарқын алуда. Бауыржан Мыныханұлының сөзіне сүйенсек, жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 13 млрд 447 млн теңгені құраған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 898 млн теңгеге артық, өсім 107 пайыз.

«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағ-дарламасы аясында 331 млн 830 мың теңгеге 2 жоба қаржыландырылды. «Мейірімді періште» балабақшасына 184 млн теңге жұмсалған.

Бүгінде Шағын  және орта бизнес субъектілерінің саны  6339. 26 сауда, қызмет көрсету және шағын өндіріс нысандарының іске қосылуынан 171 жұмыс орындары ашылған. Сонымен бірге, аудан орталығына 5 млрд. 146 млн теңге  жеке инвестиция тартылған. Ағымдағы жылы «MG» шаруа қожалығы жылдық қуаттылығы 250 тонна балық өсіретін,  форель шаруашылығын ашуды жоспарлап отыр. Инвестиция құны 570 млн теңгені құрайды. Ол өз кезегінде 22 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етеді.

Есептік кездесулер соңында аудан және округ әкімдерінің есебіне ұсынылған қанағаттанарлық деген баға жиылған көпшілік тарапынан қолдау тапты. Есептік кездесу соңында аудан әкімі азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады.

 

Өділет САРЫБАЙ

Сардарбек НҰРАДИН

Published in Мақалалар
Дүйсенбі, 10 Ақпан 2020 11:00

Тағылымды кездесу

Еңбекшіқазақ ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің мәжіліс залында айтыскер ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет үздігі, «Дарын» жастар мемлекеттік сыйлығының иегері, «Алтын домбыра» сыйлығының 2 дүркін иегері – Бұлғақов Жандарбек Айтақынұлымен кездесу өткізілді.

Кездесудің негізгі мақсаты – қазақ баласының бойына тән тектілікті, ұлттық өнеріміз айтысты және ұрпақ тәрбиесі жөнінде жастарға кеңінен түсіндіру. Аталмыш шараға сонымен қатар жыршы-жырау – Серік Құлатаев және жастар жанашыры, кәсіпкер Жанас Құттыбиев арнайы қатысты. Кездесуді аудандық мәслихат депутаты, Еңбекшіқазақ ауданының жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айбек Ілебаев жүргізді. Кездесуде жастар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптарын алды. Шара соңында Жандарбек Бұлғақов аудан жастарына жыр шумақтарын арнап, естелік суретке түсті. Тағылымы мол кездесуден жастар кереметтей әсер алып, болашақта осындай бағыттағы жиындардың көптеп өткізілуі туралы ізгі тілектерін білдірді.

Өз тілшіміз

Published in Мақалалар
Дүйсенбі, 10 Ақпан 2020 10:46

Қонаев – ұлт мақтанышы

Түрген ауылы Д.А.Қонаев атындағы орта мектебінде «Өрлеу» БАҰО АҚФ Алматы облысы бойынша ПҚБАИ, Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімімен бірлескен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына  108 жыл  толуына арналған «Ұлт мақтанышы Д.А.Қонаев мұрасы негізінде ұлттық құндылықтарды ұлықтау-рухани жаңғыру кепілі» тақырыбында республикалық  ғылыми-тәжірибелік  конференция өтті. Конференцияға қатысушылар Д.А.Қонаев бюстіне гүл шоқтарын қойды.

Конференция – «Өрлеу» БАҰО АҚФ Алматы облысы бойынша ПҚБАИ Д.А.Қонаев атындағы орта мектебімен бірлескен «Рухани жаңғыру – мектеп оқушыларының ғылыми ізденістерін ұлттық құндылықтар аясында әлеуметтендірудің негізі» тақырыбында ғылыми-эксперименттің 3 жылдық жұмыстың қорытынды нәтижесі.

Конференция жұмысы Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі А.Тортаеваның құттықтау сөзімен ашылды. 

Конференцияның І бөлімінде «Өрлеу»БАҰО АҚФ Алматы облысы бойынша ПҚБАИ директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, доцент Т.Ауелгазина «Дәуірдің дара тұлғасы – Д.А.Қонаев», Д.А.Қонаев атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары К.Ақтамқұлова «Қонаев өнегесі арқылы ұлттық құндылықтарды ұлықтау», Д.А.Қонаев атындағы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі М.Кабдиев «Қонаев еңбектеріндегі ұлттық құндылықтар көрінісі», Қорам орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Н.Бибаева «Елін ұмытпаған, елін ұлықтаған – нар тұлға»тақырыбында мемлекет және қоғам қайраткері, ХХ ғасырдың заңғар тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы өз баяндамаларын оқыды. 

Телекөпір бөлімінде Нұр-Сұлтан қаласынан, Атырау, Алматы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарынан аға оқытушылар, мектеп, колледж мұғалімдері баяндамаларын тікелей эфирде ұсынды.

Конференцияның құрметті қонақтары құттықтау сөздерін арнады.

Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы, мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бауыржан Сабырбаев, «Казинтерсервис» ЖШС басшысы  Райхан Аскарова, облыстық білім басқармасы Инклюзивті білім беру саласының маманы Құндыз Нұрпейісова, Алматы қаласы «Азия-мебель» компаниясының  президенті Ерлан Кунанбаев, ақын, сазгер ҚР білім беру ісінің үздік қызметкері, Талғар ауданының құрметті азаматы, мұқағалитанушы Кәмнұр  Тәлімұлы, Алматы қаласындағы  Д.Қонаев мұражайының директоры  Елена Кубашева, Алматы қаласындағы Д.Қонаевтың пәтер-мұражайының директоры  Жаннета Серікбаева, ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Роза Сауранбаева, мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы Елеусіз Сұлтангазиев, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз Гүлнар Жошыбаева,  Еңбекшіқазақ аудандық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы   Хайролла Ахметжанов әсерлі әңгімелерін ортаға салды.

«Ескерген ескісін сақтайды, ел болған естісін сақтайды» демекші Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен қызметтес болған, жұмыс бабымен кездескен, көзін көріп, батасын алған қонақтар Қонаев жайлы құнды естеліктермен бөлісті. Ешбір кітапта жазылмаған Д.Қонаев жайлы естелігін  ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Роза Тілеубердіқызы үш тілде айтып берді.

Бүгінгі өскелең ұрпақ-тың Қазақстан мәде-ниеті, ғылымы, рухани өмірі мен сол мәдениетті жасаушыларға деген қызығу-шылықтарының күн санап арта түсуінен де ұлтымыздың ұлы тұлғаларына деген сүйіспеншілігі мен құрметі анықталады. Сондай өз ғасырының біртума перзенттерінің бірегейі ретінде тарихтың алтын парақтарында өмір жолы мен қызметі хатталып, халқының жадында мәңгілікке сақталып қалған есім – Дінмұхамед Қонаев. Абыз қайраткердің рухани байлығының тереңдігі, оның тұжырымдары мен әлеуметтік еркіндік көкжиегінің кеңдігі – дәл қазіргі уақыттағы қоғам дамуы қандай тұлғаға зәру болатындығын танытады. Конференцияның  барысы   қайраткердің парызы мен елжандылық қасиеті, оның адамгершілігі мен рухани ізгілігі, азаматтық батылдығы жөнінде болды. Д.А.Қонаев турасында тағылымы мол естеліктер айтылып, елге аянбай қызмет еткен жылдарындағы жетістіктері тағы бір рет сараланды.

Конференция соңында Түрген ауылдық  округінің әкімінің  міндетін атқарушы  Мәди Бейсембаев, мектеп басшысы Римма Ахметова республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жоғары өтуіне ықпал еткен «Өрлеу» БАҰО АҚФ Алматы облысы бойынша ПҚБАИ директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Кенесбаевқа, директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, доцент Толқын Ауелгазинаға, Еңбекшіқазақ аудандық білім бөліміне, келген қонақтар мен қатысушыларға алғыстарын білдірді.

 

Құлпынай ТҰРАРОВА,

әлеуметтік педагог

Published in Әдебиет
Дүйсенбі, 10 Ақпан 2020 10:02

Әйтей батыр

Әйтей Құлманбетұлы – XVIII ғасырда өмір сүрген, елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жоңғар қалмақтарымен кескілескен ұрыстарға қатысып ерен ерлігімен көзге түскен қолбасшы, тарихи тұлға.

Халқымыз сан ғасырлар бойы аңсап келген арманына, Аллаға шүкір XXI ғасырдың басында жетіп отыр.Өз алдына шаңырақ көтеріп, жандарын шүберекке түйіп, ата мекенін анталаған  жаудың шабуылынан қорғай білген қаһарлы ата-бабаларымызды қастерлеп еске алмасақ болмайды. Мың өліп, мың тірілген қазақ жұртына бұл еркіндік, бұл бостандық айрықша қымбат.

Әйтей батыр туған жерін, туған елін ежелгі жауымыз құба қалмақтардан қасықтай қаны қалғанша қорғап, қазақ жерінен қуып шыққан, сол жолда құрбан болған қайсар ұлдарымыздың бірі екені тарихқа аян.

Әйтей Құлманбетұлы - Шапырашты тайпасының Асыл руынан шыққан Орынбет ұрпағы. Ол 1712 жылы қазіргі Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Жарсу өзенінің жағасында орналасқан Бесағаш ауылында жылқышының отбасында дүниеге келген. Тарихи деректер мен ел аузындағы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бізге жеткен шежіре мен аңыз әңгімелерден белгілі болғандай, Албанның Әлжан руынан шыққан беделді ел билеген батыры Қангелдінің басшылығымен, Әйтей қалмаққа қарсы көптеген соғыстарға қатысып, әбден шыңдалып өседі. Өмірінің соңғы күндеріне дейін қазақтың шүйгін жерлерін басып алып, жайлап жатқан қалмақты қуып, ерен ерлік көрсетті. Халық батыры атанды

Кескілескен көп ұрыстардың бірінде, қазақтар мен қалмақтардың жасақтары екі төбенің басына жиналып, бірін-бірі жекпе-жекке шақырады. Қалмақтар жағынан зор денелі  алып жасақ Жамқайын атын ойнақтатып екі төбенің ортасындағы жазыққа шығады. Жамқайынның тұлғасын көрген қазақтар қолы абыржып тұрып қалады. Дәті шыдап, жекпе-жекке жуық маңда ешкім шыға қоймайды. Сол кезде ортадан атан төсті, жұмыр мойынды, ұзын құйрық, кең танау құлагерін ойнақтатып, Қангелді атасының батасымен жекпе-жекке Әйтей шығады. Ауыздықпен алысқан құлагерін ор текедей орғытып, Әйтей  жазыққа шығып, екі жауынгер бір-біріне құйындай қарсы шабады. Басын жіберген құлагердің құйрығы жазықта ұшқан құстың құйрығындай түп-түзу болып көрінеді. Екеуі  бірін-бірі көпке дейін ала алмайды. Қалмақтың қара күші басым болғанымен, айла тәсілі шамалы екен. Әйтейдің қимылына төтеп бере алмай, әбден қан сорпаға түседі. Қанша уақыт өткені белгісіз, бір кезде көз ілеспес жылдамдықпен қимылдаған Әйтей, найзамен қалмақтың кіндік тұсынан шаншып, бұрап-бұрап жіберіп тартып қалғанда, оның ішек-қарны ақтарылып, жерге екі бүктеліп түскен жауының басын Әйтей қылышпен шауып тастайды. Мұны көрген қазақ жасақтары қуанғаннан «Бақтиярлап, Қарасайлап», жер-көкті күркіретіп жібереді. Ата-бабаның әруағы қолдап, тұңғыш рет қалмақтың Жамқайын батырымен жекпе-жек соғыста жеңіске жеткен бала жігіт Әйтейдің атағы тез арада Жетісу аумағына кең тарады. Әйтейдің жұрт көзіне түсіп, соғысқа нағыз араласқан кезі осыдан басталады.

1761 жылы соғыстың беті қайтып, ел басына жеңілдік туғанымен, қолбасы Әйтейден айырылған ауыр жыл болды. Кейін Әйтейдің біраз ұрпақтары қазіргі Еңбекшіқазақ ауданының «Белшабдар» деген жерінен, бабасының қайтыс болған жеріне қоныс аударып, өз алдына бір ауыл болды. Ол ауыл бүгінде Қаскелең қаласының жанында орналасқан. 1992 жылдан бері «Әйтей» ауылы болып аталып, батырдың есімі берілді.

Тарихи деректер мен бізге жеткен шежіре әңгімелерден белгілі болғандай, Әйтей батырдың ұрпақтары негізінен Еңбекшіқазақ және Қарасай аудандарында тұрады.

2005 жылы батырдың ұрпақтары арнайы қор ашып, одан түскен қаржыға Әйтей ауылында батырдың сүйегі жатқан жерге кесене тұрғызып, үлкен ас берді. Әйтей ауылынан шыққан мемлекет қайраткерлері мен лауазымды қызмет істейтін ұрпақтары үлкен мешіт тұрғызып, мешіттің салтанатты ашылуына сол кездегі Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің өзі арнайы келіп, ақ тілегін айтқан болатын.

Сол ауылда туып өскен әрі қайраткер, әрі қаламгер ұрпағы, шежіреші, «Бәйдібек баба – алып бәйтерек» кітабын жинақтап жазушы, марқұм ағамыз Балғазиев Аубай туралы орны бөлек өңгіме. Еңбекшіқазақ ауданының әкімі болған Смади Әбдиев, екі кеңшар директорлары болған Болатбек Нурманбетов, Қазыбай Жылқыбеков бауырларымыз бүгінде өмірден озған. Ауданымыздан шығып, білдей бір мұнайлы өлкеде облыс әкімі қызметін атқарған, бүгінде жоғары қызметте жұмыс атқарып жатқан, республикаға белгілі ағайынды Алик Айдарбаев пен Ерік Айдарбаев бабамыздың ұрпақтары ретінде мақтан тұтамыз.

Еліміздің гүлденіп дамуының арқасында, ауданымыздың Қаракемер ауылдық округінде, тұтастай бір үлкен ауыл «Жаңа Сатай» салынып бітуге жақын. Сол ауылдың үлкен бір көшесіне Әйтей батырдың аты берілді. Осындай кең ауқымды игілікті істің басында жүргеніме, бабамның ұрпағы ретінде ескі көздерден естігенімді, Әйтей ұрпақтарының арасында айтылып жүрген аңыз-әңгіме туралы жазғанды жөн көрдім.

 

Қайырбек Далдабаев,

Талдыбұлақ ауылы

Published in Әдебиет
Дүйсенбі, 10 Ақпан 2020 09:34

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

Дүниежүзілік дәнді-бұршақты дақылдар күні

2013 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы дәнді-бұршақты дақылдардың маңыздылығына назар аударту және оны дамыту мақсаттарына қол жеткізу үшін 2016 жылды бұршақ дақылдылар жылы деп жариялады. Оны сәтті өткізгеннен кейін Буркин-Фасо делегациясы Дүниежүзілік дәнді-бұршақты дақылдар күнін бекіту туралы ұсыныс айтты.

Бұл бастама қолдау тауып, 2018 жылдың 20 желтоқсанында Бас ассамблея резолюция қабылдады. Дүниежүзілік дәнді-бұршақты дақылдар күнінің басты міндеті – дәнді-бұршақты дақылдардың қоректік құндылығымен таныстыру, сонымен қатар тұрақты даму мақсатына жету үшін дәнді-бұршақты дақылдардың маңыздылығын түсіндіру.

Халықаралық эпилепсияға қарсы күрес күні

Жыл сайын ақпанның екінші дүйсенбісінде атап өтіледі. Ол ең алғаш 2009 жылы Польшада Эпилепсимен ауыратындар күні ретінде тойланды, 2015 жылы ол Халықаралық дәреже алды.

Медициналық ұйымдар ауру түрі туралы халыққты хабардар ету және алғашқы көмек көрсетуге үйрету мақсатында түрлі акциялар өткізеді.

Пушкинді еске алу күні

Э.Дантеспен дуэльден кейін қаза болған ұлы орыс ақынын еске алу күні. Дантеспен дуэль Санкт-Петербордың іргесіндегі Қара өзенде өткен. Осы күні ақынның жеке суреттерінің, отбасылық альбомының, классикті бейнелеген суретшілердің картиналарының көрмелері өтеді. Мәскеудегі А.С.Пушкин атындағы мемлекеттік бейнелеу өнері музейі мен оның филиалдары келем деушілерді көрмеге шақырады. Санкт-Петерборда ақынды еске алу салтанаты ол тұрған үйдің ауласынан басталады. А.С. Пушкин Дантеспен болған дуэль кезінде алған жарақатынан 1837 жылы 10 ақпанда 37 жасында көз жұмды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1934 жылы шахтерлер орталығы - Қарағанды қала мәртебесін ресми түрде алды.

1993 жылы Ресейдің Қорған облысында тұратын қазақтардың құрылтайы өтті. Құрылтайдың арнайы шешімімен «Шаңырақ» атты Қорған қазақтарының мәдени орталығы құрылды.

1995 жылы Алматыда өткен ТМД елдері Мемлекет басшыларының Кеңесі мен Үкімет басшылары кеңесінің мәжілісінде ұжымдық қауіпсіздік, ТМД шекара және бітімгершілік күштерін құру туралы мәселе талқыланды.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында бейбітшілік пен тұрақтылыққа қолдау көрсету туралы меморандум қабылданды.

2000 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның әскери доктринасы бекітілді.

2000 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі «Астана қаласын дамытудың бас жоспары туралы» Қаулы қабылдады.

2002 жылы Қазақстанның атом өнеркәсібінің ғылыми, техникалық, технологиялық, білім беру проблемалары мен қоршаған орта проблемаларын шешу мақсатында «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының еншілес кәсіпорны - Жоғары технологиялар институты құрылды.

2006 жылы Алматыда Мұқағали Мақатаев атындағы республикалық қоғамдық қор құрылды. Қордың алдына қойған негізгі мақсаты - ақын туралы естеліктерді жарыққа шығарып, жас мұқағалитанушыларды жұртшылыққа таныту. Сондай-ақ, ақын шығармаларын шет тілдеріне аудару.

2008 жылы Өскеменде Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің базасында нанотехнологиялар мен электронды микроскопиялар жөніндегі жапон-қазақстан ғылыми-зерттеу оқу орталығы құрылды. Халықаралық орталықтың құрылуы Қазақстанда ең серпінді жобаларды жүзеге асыру үшін инженерлік бағыттағы зертханалар желісін құрудың президенттік бағдарламасын дамытудағы маңызды қадам болып отыр. Кен-металлургия өнеркәсібі ресурстарын кешенді пайдалану негізінде жаңа материалдар алудың жоғары технологиялар бағыты бойынша жұмыс істейтін «ІРГЕТАС» инженерлік зертханасында заманауи жабдықтарды құрастыру үшін өңірге жапондық «Interactive Corporation» компаниясының өкілдері келді.

2014 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы «А» корпусының мемлекеттік қызметкерлерін қашықтықтан онлайн оқыту» инновациялық жобасын іске қосты.

2015 жылы Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында 1966 жылы ашылған «Шағырлы-Шөмішті» жаңа кен орны пайдалануға берілді. Кен орнындағы газдың жалпы қоры 32,4 млрд текше метрді құрайды.

2018 жылы өскемендік суретші Анастасия Саченок Жапонияның Осака қаласындағы Монета сарайы өткізетін халықаралық конкурста жеңіске жетті.

Конкурс шарттары бойынша, қазылар алқасына тарих, техникалық өркендеу және экология тақырыптары бейнеленген монетаның электронды эскизі мен гравирленген үлгісі ұсынылуы тиіс болды. Анастасия Саченок және оның әріптестері Дидар мен Ерғали ұсынған монета үздік деп танылды.

2019 жылы Қазақстанның шаңғы жарыстары командасының көшбасшысы Алексей Полторанин Словенияның Планица қаласында өткен Альпі кубогында алтын медаль жеңіп алды. Қазақстандық шаңғышы классикалық жүріспен 15 қашықтықта жеңіске қол жеткізді. Полторанин мәреге 36:3.0 уақытта жетті.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz 

 

Published in Санаты жоқ
Дүйсенбі, 10 Ақпан 2020 08:28

Мансап бала кезден басталады

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (МБЖЖ) басты идеясы күллі қазақстандықтар үшін білім алуды мейілінше қолжетімді ету. Мемлекет өз тарапынан бізге балаларымыздың болашақта білім алуына алдын ала қаражат жинақтауға керемет жағдай жасады және бүгінде көптеген адам осы мүмкіндікті  пайдалана бастады.

Бүгінде бағдарлама идеяны "AQYL"деп аталатын нақты брендке, тұжырымдамаға, фирмалық стильге айналдырып отыр. Адамның ой-өрісі, жоғары құзыреттілігі, бәсекеге қабілетті білімі, "өмір бойы" үздіксіз білім алуы қоғамның оны қабылдауына ең маңызды шарттар болатын жағдайда өмір сүретін балаларымыз үшін тілейтініміз осы – ақыл - парасат, ақыл-ой, білімділік емес пе? 

"AQYL"-дың басты көздегені де міне осы – болашақта білім алудың әрбір қазақстандыққа қолжетімділігі! Өз сөзінде, ҚР БҒМ "Қаржы орталығы" АҚ президенті Асқар Ибраимов былай дейді: "Егер ата-аналар оқуға қаражатты мақсатты түрде және алдын ала жинақтайтын болса, болашақта қалаған білімін алатын балалар қатары артатын болады. МБЖЖ өзінің өміршеңдігін толыққанды көрсете білді – ол бойынша депозит ашқан отандастарымыз балаларының болашақта білім алуын инвестициялайды!»  

Осы жүйе бойынша кез келген адам өзінің немесе баласының атына білім беру жинақтау салымын ашып, оны болашақта Қазақстанда не шетелде кәсіптік-техникалық және жоғары білім алу үшін оқу ақысын төлеуге жұмсай алады. Білім беру депозитіне банктен пайыздар, оған қоса жыл сайын 5% немесе әлеуметтік әлсіз санаттағылар үшін  7% Мемлекет сыйлықақысы үстемеленеді. 

Есептеу мысалы (теңгемен):

Ай  сайынғы жарна

(міндетті емес)

10 жылға барлығы

3000

872.000

7000

1.989.000

10.000

2.826.000

Есептеулерге сәйкес, ай сайын осындай білім беру салымдарына 10 мың теңгеден салып отырса, 10 жылдың ішінде 2,8 млн.теңгеден астам қаражат жинақтауға болады.Оның ішінде салынған қаражат үлесі 1.198.000 теңге, ал мемлекеттік сыйлықақысы мен банктің сыйақысы– 1.628.000 теңге.

МБЖЖ-ның артықшылықтары көп, ол барлық қазақстандықтарға басты байлығымыз – балаларымыздың болашағына деген сенімділікті қалыптастыруға көмектесуге бағытталған және олардың алдында лайықты білім алуға жол ашады.  Табыстылықтың берік іргетасы ертең емес, бүгін, қазір қаланады. Әрине, барлығын алдын ала қарастырып қою және жоспарлау мүмкін емес, әйтсе де қолымыздан келгенді істеуге тырысып көру керек!

"AQYL" БІЛІМ БЕРУ ДЕПОЗИТІН АШЫҢЫЗ – БАЛАҢЫЗДЫҢ БОЛАШАҒЫН ОЙЛАҢЫЗ!

Ішкі саясат басқармасының БАҚ бөлімі

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет