Күндер бойынша реттелген элементтер: Сәрсенбі, 08 Қаңтар 2020
Сәрсенбі, 08 Қаңтар 2020 15:02

Еңбекпен келген ақша

Бір саудагер ұлына күнделікті бір аббасиден (парсының күміс тиыны) беріп:

— Ұлым, мынаны ал және оны көбейтуге тырыс, – дейді екен.

 Ал ұлы болса, әкесі берген ақшаны күнде суға лақтыра салуды әдет қылыпты. Саудагер бұл туралы білсе де баласына ештеңе демепті. Ұлы еш жерде жұмыс істемеген екен, ештеңемен айналыспапты да. Әкесінің үйінде тұрып, тек ішіп-жеп қана жатады екен.

 Күндердің бір күні саудагер бүкіл туыс-туғанына:

— Егер ұлым сендерден ақша сұраса, бір тиын да бермеңдер, – деп ескертіпті. Содан кейін баласын шақырып:

— Балам, барып жұмыс істе, ақша тап. Сенің еңбекпен тапқан ақшаңның қандай болатынын көрейін, – депті.

 Ұлы болса, туыс-туғандарын аралап, ақша сұрапты. Бірақ олардың ешқайсысы бір тиын да бермепті. Амалдың жоғынан әлгі бала жалданып жұмыс істейді. Сөйтіп, күні бойы жалаң аяғымен әк езіп, оның ақысына бір аббаси алыпты. Кешке ақшасын әкесіне әкеліп береді. Сонда саудагер:

— Ал, балам, енді мына бір тиынды апарып суға лақтыр, – депті. Ұлы аббасиді қолына ала сала:

— Әке, оны қалай суға лақтырмақпын. Осы бір тиынды қара терге түсіп, қалай тапқанымды білесіз бе? Күні бойы жалаң аяқ әк езгеннен аяғым күлдіреп, күйіп қалды. Жоқ, бұл еңбегімнің ақысын суға лақтыруға қолым бармайды, – деген екен.

 

Еңбектеріңіз бағалансын!

Аударған: Құралай Мұратқызы

Шығыс тәмсілі

Дереккөз: pritchi.ru

Published in Әдебиет

ҚР Президенті Әкімшілігі қоғамдық қабылдауының Telegram-дағы парақшасында қандай санаттағы азаматтар жеңілдікпен баспана ала алатындығын түсіндіріп жазды.

«Белгілі бір санаттағы азаматтарға жеңілдікпен баспана беру бүгінгі күні Қазақстандағы ең өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Осыған қарай Өтініштерді бақылау бөлімі «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдаралмасының 2020-2025 жылдарға ұзартылғандығын хабарлайды. «Бірыңғай тұрғын үй саясатын жүзеге асыру» бірінші міндеті аясында баспана қолжетімділігі сатысы енгізіліп, онда айқындушы фактор халықтың кірісі болады», - делінген таратылған ақпаратта.

Өтініштерді бақылау бөлімінің мәліметінше, отбасы мүшесіне бір күнкөріс минимумына (29,7 мың теңге) дейін табысы бар кезекте тұрған азаматтарға (жетім балаларға, 1, 2-топтағы мүгедектерге, зейнеткерлерге және басқаларына) сатып алуға болмайтын жалдамалы баспана беріледі. «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы отбасы мүшесіне екі күнкөріс минимумына (59,4 мың теңге) дейін табысы бар азаматтар (көпбалалы, толық емес және мүгедек балалары бар отбасылар) пәтер алуына мүмкіндігі бар. Отбасы мүшесіне 3,1 күнкөріс минимумына (92 мың теңге) дейін табысы бар кезекте тұрғандар (әскери қызметшілер, бюджет және мемлекеттік қызметкерлер) «5-20-25» бағдарламасымен әкімдіктердің кредиттік баспанасына үміткер бола алады. Табысы 3,1 күнкөріс минимумынан жоғары азаматтар «7-20-25» бағдарламасына қатыса алады. Ал табысы 5 күнкөріс минимумынан (148,5 мың теңге) жоғары азаматтар «Баспана-хит», «Орда» ҚИК, Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің «Өз үйім» нарықтық өнімдері арқылы бастапқы және қайталама пәтер сатып алуына мүмкіндік жасалған. «Баспана алу ашықтығын қамтамасыз ету және бірыңғай жүйелі есепке алу үшін Тұрғын үй кезегінде тұрғандардың бірыңғай республикалық базасы енгізіледі. Аталған база кезекке тұрғандарға баспананың қолжетімділігін айқындау үшін қолданылады. Бұл мемлекеттік қолдаудың атаулығын және мемлекет қаражатын кәдеге жарату тиімділігін қамтамасыз етеді», - деп атап өтті ҚР Президенті Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауы.


Дереккөз: https://www.inform.kz

Published in Мақалалар

Соңғы күндері Қытайда анықталмаған этиологиядағы пневмонияның өршуі байқалғаны баршаңызға белгілі. Осыған орай, пневмония дегеніміз не және бұл аурудың алдын алу шаралары туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің маманы Нұрбала Бахтиярқызы әңгімелеп берді.

«Пневмония — негізінен альвеолдарды зақымдайтын өкпе тіндерінің қабынуы. Пневмонияның басты себептерінің бірі — пневмококк инфекциясы, ал оның қоздырғышы – пневмококк. Ауру дене қызуының жоғарылауымен, кеуде тұсының ауыруымен, қақырық мол бөлінетін жөтел сияқты белгілермен басталады. Диагностиканың негізгі әдісі флюорография - өкпенің рентгенографиясында қара жарықтар, сондай ақ қақырық дақтары болуы мүмкін», - дейді Нұрбала Бақтиярқызы. Маманның айтуынша, пневмонияның алдын алу үшін:

- тұрғын үй-жайды үнемі желдетіп отыру және таза ұстау;

- қозғалыс режимін сақтау: таза ауада серуенмен бірге қалыпты дене жүктемелері аурудың ықтималдығын төмендетеді;

- жалпы нығайтатын іс-шараларды жүргізу: профилактикалық массаж, шынығу, су процедуралары;

- салауатты өмір салтын ұстану: зиянды әдеттерден бас тарту, қалыпты дене жүктемелерімен толыққанды демалысты ауыстыру;

- тоңазудан аулақ болу;

- тыныс алу органдарының созылмалы ауруларын емдеу курсынан уақытында өту.

Маман Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мәліметтеріне сүйене отырып, соңғы 20 жылда пневмониямен күрес және алдын алу шараларының тиімділігі туралы нақты деректер жинақталғанын атап өтті. Төмендегі шаралар пневмониядан болатын өлім-жітімді азайту ісінде табыс әкелетіні көрсетілді:

- вакцинациялау, соның ішінде steptoccuspneumoniae және Haemophilusinfluenzae типті инфекцияға қарсы вакциналарды пайдалану;

- баланы алғашқы алты айында тек қана емшек сүтімен емізу;

- туылған кезде дене салмағының төмендігін алдын алу және тамақтануды жақсарту;

- үй-жайлардағы ауаның ластануына қарсы күрес және салауатты ортаны қамтамасыз ету;

-АИТВ инфекциясының алдын алу және жүргізу.

Сонымен қатар, Нұрбала Бақтиярқызы пневмония – бүкіл әлемдегі балалар өлімінің басты себебі болатын ауру екенін атап өтті. Егер тиімді шаралар кең ауқымда қолданылса және халықтың неғұрлым осал топтарын қамтыса, бес жасқа дейінгі балалардың қайтыс болу жағдайларының көпшілігінің алдын алуға болар еді. «Қазақстанда вакцинацияның бірегей күнтізбесі бар, онда кең таралған ауруларға қарсы барлық белгілі вакциналар бар. Соның ішінде ең озық 13 – валентті пневмококкты инфекцияға қарсы вакцина бар, ол 13 аса патогенді серотиптерді, яғни пневмококкты қамтиды. Әр елдің өзінің бекітілген профилактикалық егу күнтізбесі болады. Еліміздің өмір сүру деңгейі жоғары болған сайын, егу жүргізілетін жұқпалы аурулардың тізімі кеңірек болады», - дейді маман.

Нұрбала Бақтиярқызы, Қазақстан Республикасының алдын алу екпелерінің Ұлттық күнтізбесі ДДҰ ұсыныстарына сәйкес келетінін, көптеген дамыған елдердің, соның ішінде батыс елдерінің (Австрия, Израиль, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Түркия, Жапония) иммундау кестесіне ұқсас келетіндігін атап өтті. «Иммунитетті нығайту, вакцинация, ЖРВИ-дың алғашқы белгілері кезінде дәрігерге уақытылы қаралу, сондай-ақ ағзаны қорғаудың қосымша шаралары жөнінде емдеуші дәрігерден медициналық кеңес алу қажет. Азаматтардың денсаулығы тек 10%–ға ғана денсаулық сақтау жүйесіне, ал 50% - өмір салты мен адамдардың өз денсаулығына деген қамқорлығына байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн. Пневмониямен және де кез келген аурумен күресудің ең тиіміді әдісі – алдын-алу шаралары екенін ұмытпаңыз»,- деп түйіндеді сөзін Нұрбала Бақтиярқызы.



Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 08 Қаңтар 2020 10:11

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1864 жылы Торғай даласында қазақ балаларына арналған алғашқы мектеп ашылды. Ыбырай Алтынсарин осы оқиғаға байланысты қуанышын Н.Ильминскийге жазған хатында бөлісті.

1963 жылы қаңтардың 8-9-ы Қазақстан Кинематографистер одағының бірінші құрылтай съезі өтті. Онда осы одақтың бірінші хатшысы болып Шәкен Кенжетайұлы Айманов сайланды.

1992 жылы Жезқазғанда тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров атындағы оқушылар сарайы ашылды.

1997 жылы Жамбыл қаласының аты Тараз болып өзгертілді. Біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырдың ортасында Қытай деректерінде сақталған қаланың тарихи атауы қайтарылды.

2007 жылы Парижде Мұстафа Шоқай атындағы қазақ-француз достығының қоғамы ашылды. Мұстафа Шоқай (1889-1941) - өткен жүз жылдықтың бiрiншi жартысындағы ұлттық тарихтың танымал қоғам және саясат қайраткерi, Орта Азияның бостандығы мен тәуелсіздігіне күрескен публицист, идеолог, «Алаш Орда» партиясы жетекшілерінің бірі.

2014 жылы Астана қаласындағы №2 музыка мектебі қазақ халық аспаптар ансамблінің жас домбырашылары Қытайдағы халықаралық «Бейжің жұлдыздары» байқауында бірінші орынды иеленді. Халықаралық байқауға Қазақстан, Қытай, Ресей мен Моңғолиядан 40-қа жуық ансамбль қатысқан болатын.

2016 жылы әлемдегі ең ірі интернет дүкендердің бірі «Amazon» «Leadership Perspectives» атты ҚР Президентінің 2012-2015 жылдар арасында сөйлеген сөздерінің ағылшын тілінде жарияланған жинағын сатылымға шығарды.

2019 жылы Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) комиссиясының құрамына тұңғыш рет Қазақстанның алты өкілі енді. Аталған тізім бүкіләлемдік шахмат федерациясының үш жыл сайын өтетін президенттік кеңесінде бекітіледі. FIDE комиссиясының құрамына әлемнің 130 мемлекетінен 224 адам енді. 2019 жылы ақтөбелік дәрігерлер 1 сағат ішінде 4 мыңнан (4270) астам адамның қан қысымын өлшеді. Барлығы 500 дәрігер Гиннестің рекордын ресми түрде жаңартты. Бұған дейінгі рекорд Үндістанда 2015 жылы тіркелген, онда дәрігерлер бір сағатта 3600 адамның қан қысымын өлшеді.

2019 жылы Египет Араб Республикасындағы ҚР Елшілігінің қолдауымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Каир университетінде әл-Фараби ғылыми-білім орталығын ашты.

Дереккөз: https://www.inform.kz

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет