Күндер бойынша реттелген элементтер: Дүйсенбі, 13 Қаңтар 2020

Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек ету – әркімнің міндеті. Бүгінгі жас – болашақ Қазақстанның  жанды бейнесі. Оларды білім жолына салып, түзу бағыттан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу-білімнің тізгінін ұстату – басты парыз.

Мықты мемлекет жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен жастардың саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салады. Қазіргі таңда мемлекет дәл осы бағытта көптеген жұмыстар атқаруда. Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін өзгермейтін темірқазығы табанды еңбек екенін, Мәңгілік Елдің ең басты сипаттарының бірі ғылым мен білім екенін ескерсек, осы бағытта атқарылуы тиіс ауқымды шараларды қайта пысықтап, жаңғыру сүзгісінен өткізген абзал. Себебі, жастар жаңашылдыққа ұмтылады, өзіндік бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тырысады. Жас адамдар жаңа заманның сұранысына жылдам бейімделеді.

Мемлекеттің тұрақты дамуы-ның негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі – жастар секторы. Оған Қазақстанда айрықша назар аударылады.Сондықтан ел болу жолында кейінгі буын өкілдерін ұлттық тәрбиеге баулып өсірудің маңызы айрықша. Бұл тұрғыда сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қосып, жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұрпақ тәрбиелеу – тұтас қоғам алдындағы ортақ міндет. Кейінгі жылдары жастар саясаты ауқымында жобаларды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайды. Мәселен, «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға», «Жастар тәжірибесі» сияқты көптеген мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы – аталмыш қолдаудың бір көрінісі. Енді саннан сапаға ауысу, білім деңгейін көтеру, жастардың тың идеяларына кеңінен қолдау көрсетіп, талапты әрі табанды жастар ғана жасампаз болашақтың жемісін көреді деген идеология қалыптастыру басты приоритет болуы тиіс. Ол үшін жастардың еңбекке араласуына, олардың әлеуметтік жағдайларының жақсаруына мемлекет тарапынан бүгінгіден де артық көңіл бөлінгені жөн. Жастар саясатының жүзеге асырылу барысына, кәсіпкерлікке баулу және жұмыспен қамтуға, жалын иелеріне арналған ресурстық орталықтардың қызметі мен бағыттарына, таланттылар мен дарындыларға қолдау көрсетуге аса ыждаһаттылықпен қарау керек. Осы міндеттер үдесінен шыға білсек кемел келешекке қарай қарымды қадамдар істемекпіз. Шыны керек, біз қазір білімнің салтанат құрған заманының құрдасы болып отырмыз. Бұрынғыдай шоқпармен шауып, қылышпен қырып алатын уақыт тарих қойнауына сіңіп, жоқ болды. Тек қана сана мен ақылдың салмағы артып, білім мен ғылымның құны еселенді. Жаңа технологиялар мен инновацияның дәурені жүріп тұр. Бұл ретте басты міндет алдымен жастардың иығына түсетіні мәлім. Себебі, уақыт ағысы бір орнында дамылдап қалмайды, үздіксіз, үзіліссіз алдыға жылжиды. Сондықтан кәсіби кадрлар қатарын көбейтіп, баянды болашақтың бағытын бағамдау солардың қолында. Осы мәселеде жастардың өмірге, еңбекке, ізденіс пен жаңашылдыққа деген құлшынысын арттыру мақсатында «Бәсекелестік» тенденциясын жолға қойған абзал. Тек қана бір-бірін басып-озуға ұмтылып, өзінің идеялары мен принциптері жолында аянып қалмайтын ұрпақтың ғана жаһандық бәсекелестіктегі бәсі жоғары болмақ. Қазір жастарға мол мүмкіндіктер ұсынылып отыр. Ал сол мүмкіндіктерден мейлінше өзіне тиімдісін қанжығалап, пайдасына асыратындар ғана көш басынан көрінбек.

 

Арайлым Бақбергенқызы,

Жастар ресурстық орталығының маманы

Published in Мақалалар

Қазақстанда кәсіпкерлер үш жылға салық төлеуден босатылды.

Өткен жылдың соңғы күндерінде Мемлекет басшысы микро және шағын бизнесті табыс салығынан үш жылға босататын заңға қол қойды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін, бюджет, салық заңнамасын және теміржол көлігі туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы арқылы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін бірқатар отандық салық төлеушілерді салық төлеуден босатылды.

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, бұл шағын және орта бизнес өкілдерінің салық жүктемесін жеңілдету үшін жасалуда. «Заңнамаға сәйкес микро бизнес - бұл 15 адамға дейінгі жұмысшысы бар және жылдық табысы 30 мың АЕК (79 млн теңге) дейінгі жеке кәсіпкерлер, шағын бизнес – бұл 100 адамға дейінгі жұмысшысы және 300 мың АЕК (795 млн теңге) жылдық табысы бар жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар.

Табысқа салынатын салық – заңды тұлғалар үшін корпоративтік табыс салығы, жеке кәсіпкерлер үшін жеке табыс салығы, шаруа немесе фермер қожалықтары үшін бірыңғай жер салығы, сондай-ақ оңайлатылған декларация негізінде АСР қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлер үшін әлеуметтік салық болып табылады. Барлық қалған салықтар мен төлемдер міндеттемелер туындаған кезде төленеді» делінген хабарламада.

Бұл ретте, салық төлеуден босату арнайы салық режімдерін (АСР) қолданатын шағын және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылады. Сонымен қатар, мыналарды орындайтын салық төлеушілер салықтан босатылмайды:

1) есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті;

2) акцизделетін өнімді өндіруді және (немесе) көтерме саудада сатуды;

3) астық қабылдау пункттерінде астықты сақтау бойынша қызметті;

4) лотерея өткізуді;

5) ойын бизнесі саласындағы қызметті;

6) радиоактивті материалдар айналымына байланысты қызметті;

7) банктік қызметті (не банк операцияларының жекелеген түрлері) және сақтандыру нарығындағы қызметті (сақтандыру агентінің қызметінен басқа);

8) аудиторлық қызметті;

9) бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті;

10) кредиттік бюролардың қызметін;

11) күзет қызметін;

12) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымына байланысты қызметті;

13) жер қойнауын пайдалану саласындағы қызметті, оның ішінде алтын іздеушілердің қызметін;

14) пайдалы қазбаларды сатуды, оның ішінде трейдерлер қызметін, көмір, мұнай сату бойынша қызметті;

15) бензиннің, дизель отыны мен мазуттың мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін бөлшек саудада сатуды;

16) сыртқы экономикалық қызметті. «Табысқа салынатын салықтардан босату 1,2 млн микро және шағын кәсіпкерлік субъектісіне қолданылады.

Бұл бизнеске үш жыл ішінде 380 млрд теңгеден астам қаражат үнемдеуге, босаған қаражатты өз қызметін дамытуға бағыттауға мүмкіндік береді» делінген хабарламада.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz

Published in Мақалалар

Отан... Бұл сөздің ішінде қаншама сезім, қаншама адалдық, қаншама махаббат жатыр десеңші! Сол Отанға деген сезімдер мен махаббат, адалдық пен сенім  кейде әрбіріміздің жүрегімізді нұрға бөлеп, жанымызды жадырата түсетіндей көрінеді. Ал оның бәрі жалғыз Отанымыз Қазақстан Респуликасына деген асқақ сүйіспеншіліктен туындайтыны түсінікті. Өйткені ол бүгінде өз тәуелсіздігін алған дербес ел. Ал ол тәуелсіздік еліне жанашыр тұлғалардың әрі өз Отанының шын патриоттарының жасаған еңбектерінің жемісі екені хақ. Бірақ біздің еліміз қашанда осындай тәуелсіз әрі бейбіт болған емес. Әрине, өткен замандарда дәуірлеген империялар құрып, әлем тарихының көшбасшысы болғанымыз белгілі. Десе де, кез келген үстемдіктің мәңгі жалғаспайтыны тағы бар. Бізде бұрынғы қуатымыздан айырылып, өзге елдің үстемдігін мойындауымызға тура келді. Бірақ оның құны да соншалықты ауыр болды. Патшалық Ресей кезеңінде қаншама ұлтазаттық көтерілістеріміз қанға бөксе, бергі Қызыл империя тұсында алапат аштыққа да ұрындық, екіншідүниежүзілік соғыста да қырылдық. Есесіне, талай боздақтарымыз бен көшбасшыларымызды бодауына бердік. Одан бергі тарихымыз да ащы жас пен қызыл қан арқылы жазылыпты. Соның ішіндегі екі алапаттың қасіретті тарихымыз үшін орны бөлек. Біріншісінде қазақтың талай баласының алыстағы Ауғанда сүйегі қалса, кешегі Желтоқсанда жігіттеріміздің алды атылып, арты қуғын мен соққының зардабын тартып, қыздарымыз шашынан сүйреліп қорланғанын ұмыта қойғанымыз жоқ. Ұмытылуы да мүмкін емес. Өйткені ол халқымыздың басынан өткен нәубет. Ал кешегі тарих бүгінгіге сабақ болары ақиқат. Сондықтан өткен тарихымыздың қаралы беттерін бүгінгі ұрпаққа жеткізе білуіміз шарт. Осы бір ұлы міндетті арқалап, жас ұрпақ алдындағы миссиясын атқару мақсатында Шелек ауылындағы №1 мектепте үлкен іс-шара болып өткен болатын.

Қанмен жазылған қос тарих

Ауған соғысы – КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс. КОКП және КСРО басшылығы Ауғанстандағы 1978 жылғы сәуір төңкерісі нәтижесінде билікке келген “халықтық-демократиялық үкіметті” қолдап, көршілес елдің социализм бағытымен дамуын көздеп, “интернационалдық әскери жәрдем береміз” деген желеумен оның ішкі істеріне араласты. Бұл “қырғи қабақ соғыс” кезеңі өткеннен кейінгі уақытта да КСРО-ның өзге елдерді өз ықпалына қарату саясатының айқын көрінісі еді. Осылайша 1979 жылдың 27 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізген болатын. Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, 761 адам қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті. Аман оралғандардың ішінде мүгедектер де бар. Аталған соғыс туралы Н.Ә.Назарбаевтың: «Ауған соғысында қыруар қаржы шығындалды, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір Кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма? Бұл ұтылыс жоғарғы әскери команданың белгілі бір бөлігін мықтап ойлантты», – деген ойлы сөзі бар. Иә, Ауған соғысы аяқталып тарихтың қойнауына кетті. Бірақ балаларынан айырылып қан жылаған ананың зарлы дауысы мен соғысқа қатысып тірі қалған әрбір сарбаздың санасында «Ауған синдромы» деген қара дақ қалды. Әділетсіз соғысқа еріксіз қатысып қаза болғандардың рухы ұрпақтарының тәуелсіз елде өмір сүретініне риза болып жатқандай сезіледі.

Ауған соғысы КСРО-ның пиғылының қандай екенін көрсетсе, оның нағыз бет-бейнесін паш еткен Желтоқсан көтерілісі екені анық. Қазақ жастарының рухы мен қайсарлығын танытып, бар ғаламды батырлығына тәнті еткен, мызғымастай көрінген Қызыл империяның іргесін шайқалтқан бұл оқиғаны тебіренбей еске алу мүмкін емес. «Ұлтшыл» деп күстәланса да, «нашақор», «маскүнем» деп ғайбаттаса да, таяқпен ұрып, шашынан сүйресе де, итжеккенге айдап, оққа байласа да олардың өр рухын жасыту КСРО-ның да қолынан келмеді. Нәтижесінде, еліміз егемендік алып, жаңа ғасырдың есігін тәуелсіз мемлекет ретінде аттады.

Иә, екеуі де қасірет пен қайғыға толы тарих. Бірақ рух пен ерліктің, батырлық пен қайсарлықтың дастаны іспетті. Бүгінгі жастар үшін де үлгі мен өнеге болатын отансүйгіштік пен адалдықтың көрінісі. Сондықтан олардың ерлігі жүрегіміздің төрінен орын алап, санамыздың түпкірінде сақталатыны анық.

 

Ерлік пен тәрбиені егіз еткен шара

«Желтоқсан – тәуелсіздік бастауы» деген атаумен өткен шараға Ауған жерінде оқтың астында, оттың үстінде жүрген ардагерлер мен Желтоқсанның ызғарынан ықпай, мұзды жарып шыққан гүлдей асқақтық танытқан азаматтар қатысты. Қонақтардың қатарында Желтоқсан көтерілісіне қатысқан А.Байтуриев, А.Рузиев, Г.Әбженбаева, К.Абдикасова секілді аға-әпкелеріміз бен Ауған соғысының ардагері А.Исламов бар.

Ең алдымен сөз алған мектеп директоры А.М.Қырықбай келген қонақтарға алғысын айтып, жылы лебізін білдірді. «Ауған соғысы мен Желтоқсан көтерілісі еліміздің тарихындағы елеулі оқиғалар. Соғыс та, көтеріліс те қантөгіссіз, бейбіт түрде өтпейтіні айдан анық. Ал соны біле тұрып тәуекел ету ердің ғана қолынан келетін іс. Кез-келген көтеріліс болсын, соғыс болсын тек қасірет әкелетіні шындық. Ал оның белортасында жүріп қатысу, куәгері болу айтқанға ғана жеңіл. Кеудеңді оққа тосып, жаныңды бәске тігуге бару үшін Отанға деген шексіз сүйіспеншілігің мен халқыңа деген құрметің керек. Сондықтан сіздердің істеген істеріңіз бен орындаған миссияларыңыз біздің шәкірттер үшін өнеге. Сіздердей батыр аға-әпкелерінің сөзін тыңдап, көзін көру шәкірттер үшін де, біз үшін де мәртебе. Сіздерден тәлім алып, сіздерге ұқсауға тырысқан балалардан болашақта елім деген ер шығатыны ақиқат», – деп қонақтардың ерлігін жоғары бағалады.

А.М.Қырықбайдың басқаруындағы бұл мектептің іргетасы жақында қаланса да, барша республикаға танымал білім ордасына айналып үлгерді. Мұғалімдерінің біліктілігі мен оқушыларының білімі арқасында үлкен жетістіктерге жетіп отырған мектептің өнерлі шәкірттері де талай асуды бағындырып, өзгелерге таңдай қақтыруда. Әсіресе пән олимпиядалары мен өнер мүшәйраларында жеткен жетістіктері аз емес. Спорт саласындағы жүлделері де бір төбе. Арнайы құрылған жүз домбырадан тұратын домбырашылар тобы бар. Бұл да дәстүрлі өнерге деген құрметтен туындаса керек.

Шара барысында аталған өнерлі оқушылардың орындауында әуезді ән мен күмбірлеген күй орындалып тыңдаушылардың айызын қандырды. Мың бұралған бишілердің де өнері қонақтардың көңілінен шығып жатты. Сонымен бірге, оқушылардың Желтоқсан көтерілісінің батыры Қ.Рысқұлбековтың өмірінен алынған көрністері де олардың өткен тарихты қалай түйсініп, қандай үлгі алғанын көрсеткендей. Бүгінгі шағын көрініс ертеңгі үлкен идеологияның басқышы болатыны сөзсіз. Сондықтан біз де оған бей-жай қарай алмадық.

Оқушылардың қонақтарға қойған сұрақтары да біраз жайды аңғартқандай. «Адамның білімділігін  берген жауабынан емес, қойған сұрағына танисың» демекші олардың қойған сұрақтарынан тарихқа деген құрметі мен терең білімдерін байқадық. Тиісінше қойған сұрақтарына қонақтар тұшымды жауап беріп шараның маңызы мен мәнін асыра түсті. Әйтеуір өткен шара оқушылардың жүрегінде аз да болса Отанға деген сүйіспеншіліктің отын жаққаны ақиқат. Ерлік пен тәрбиені егіз өрген бұл шараның басты мақсаты да осы болғаны ақиқат.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Published in Мақалалар
Дүйсенбі, 13 Қаңтар 2020 09:00

Доброта – лучший подарок

В предновогодние  дни доброта и милосердие востребованы как никогда. Ведь не у всех есть  возможность ощутить атмосферу общего веселья, поучаствовать в корпоративах, утренниках и елках, получить подарок … Особенно это касается детей, страдающих тяжелыми заболеваниями, жизнь которых протекает в стенах дома. Но, благодаря неравнодушным людям, они тоже получили возможность полноценно встретить  Новый год. Елку для   детей с ограниченными возможностями четвертый год подряд организуют предпринимательницы Донаханум Каримова, хозяйка кафе «Али баба» в г.Есике, и Динара Ганиева, хозяйка ресторана «Алатау холл» в с.Коктобе, приобретают для них подарки. В канун  2020 года по сложившейся традиции они пригласили сто маленьких пациентов КГУ «Кабинет психолого-педагогической коррекции №14» в г.Есике на утренник в ресторане «Алатау холл».

В теплом, просторном  зале детишек ждало новогоднее представление с участием сказочных персонажей, подготовленное волонтерами –  студентами Есикского гуманитарно-экономического колледжа. И, конечно же,  Аяз-ата и Акша кар каждому ребенку вручили кулек со «сладким» угощением.

Руководитель кабинета коррекции  Лаура Батубаева и  ее сотрудники  выражают искреннюю признательность Динаре Агапашаровне и Донаханум Шаисмаиловне,  волонтерам  ЕГЭК и преподавателям колледжа  Г.Бидибай, С.Мамешовой, А.Калиевой, педагогу-организатору С.Баусариевой за проявленные  душевность и отзывчивость, человеческое тепло, за щедрость и бескорыстный труд, чтобы  радость праздника посетила семьи таких детей.

 

И.ВИКТОРОВ

Published in Мақалалар
Дүйсенбі, 13 Қаңтар 2020 08:51

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1926 жылы Қошке (Қошмұхамбет) Кемеңгеровтің «Алтын сақина» пьесасымен қазақтың бірінші кәсіби ұлттық театры - Қазақ драма театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры) ресми ашылу рәсімі өтті. Өнер ұжымы алғаш рет 1925 жылы Қызылорда қаласында ұйымдастырылған болатын. 1929 жылы театр труппасы Алматыға қоныс аударды. 1937 жылы академиялық мәртебесін алса, ал 1961 жылы қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. Театр сахнасында халық шығармашылығының танымал шеберлері: Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, т.б. өнер көрсеткен. 1926-1932 жылдары театрға актер және режиссер Жұмат Шанин басшылық жасаған.

1934 жылы Алматыда Қазақ музыкалық драма театры (қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) құрылды. Театр сахнасында ең бірінші Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектаклі мен Бейімбет Майлиннің «Шұға» драмасы қойылды.

2004 жылы Қазақстан Республикасының рухани және білім беру салаларын дамыту, мәдени мұраларды пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

2006 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1994 жылы Қазақстан ратификациялаған БҰҰ балалар құқығы туралы Конвенцияға сәйкес ҚР Білім және ғылым министрлігінің балалар құқығын қорғау бойынша комитеті құрылды. Комитеттің басты міндеті - балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.

2010 жылы Астанада қазақстандық үлесті дамыту мәселелері бойынша Сараптама кеңесінің І отырысы өтті.

2011 жылы Мәскеу қаласының Атаулы оқиғалар мен отандық тарих және мәдениет қайраткерлерінің есімін мәңгілік есте қалдыру жөніндегі комиссиясы Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің қазақтың мемлекеттік және саяси қайраткері Тұрар Рысқұловтың есімін мәңгілік есте қалдыру туралы ұсынысын қолдады. Комиссияның шешіміне сәйкес, мемориалдық тақта Мәскеуде Т.Рысқұлов 1931-1934 жылдары өмір сүрген Покровский бульвар, 14 мекенжайындағы үйге орнатылатын болады. Естелік тақтаны көркемдеуді және оны қаржыландыруды қазақстандық тарап өз мойнына алады.

2012 жылы Оралда ақын Қасым Аманжолов пен Абдолла Жұмағалиевтер тұрған, жұмыс істеген үйлерге орнатылған ескерткіш тақталардың ашылу рәсімі өтті.

2017 жылы Қазақстандық боксшы, әлемнің екі дүркін чемпионы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев 2017 жылы Алматыда өткен Дүниежүзілік қысқы Универсиада қонақтары мен еріктілері орналасатын Атлетика қалашығының әкімі болып тағайындалды.

2018 жылы Қазақстан Республикасы заңнамасын электронды нұсқада шоғырландыру мақсатында Бірыңғай құқықтық ақпарат жүйесі жасалды. Ол үшін Нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкі мен «Әділет» жүйесі біріктірілді.

2019 жылы Қызылорда қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Әлихан Шәкіман 3D модельдеу арқылы жел генераторының бірегей түрін жасап шығарды. Ғылыми жұмыс бойынша оқушы екі жыл жұмыс істеген. Инженерлердің көмегімен идеяның түпнұсқасы шықты. Аталмыш жел генераторы экологиялық зиянсыз, бір жағынан шуды азайтса, екінші жағынан үнемді.


Дереккөз: https://www.inform.kz/kz

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет