Күндер бойынша реттелген элементтер: Жұма, 31 Мамыр 2019
Жұма, 31 Мамыр 2019 16:18

«VOICE» жеңімпазы – Іңкәр

Жастар жылына орай ауданымызда дәстүрлі өтетін «VOICE» жас әншілер байқауы Шелек мәдениет үйінде жалғасты. Жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, өнерге аяқ басқан жас буынды ынталандыру мақсатындағы байқауды ұйымдастырушы «Мәңгілік Ел тұғыры» қоғамдық қоры және аудандық жастар ресурстық орталығы. Қолдаған аудандық ішкі саясат бөлімі және Шелек әкімі аппараты.

Шара шымылдығын аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айбек Ілебай өзінің құттықтау сөзімен түрді. Қалауындағы патриоттық әндерін орындаудан жас өнерпаздар аспан әлемін әдемі дауыспен әуелетті. Бастапқыда-ақ, табиғи дауыс пен тынымсыз дайындық көріне бастады. Нәтижесінде, шелектіктер Асым Шахзат және Аяжан Рақымжан үшінші орынды, Ават округінен Алихан Шарипов екінші орынға табан тіресе, Шелек ауылы Абай атындағы орта мектеп оқушысы Іңкәр Рысқұл жүлделі бірінші орынды иеленді. Аида Бидахметова ең жас әрі «Көрермен көзайымы» атанды. Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табысталды.                                           

                                                                                                            А.НҰҒМАН.

Published in Өнер

Өткен демалыста Алмалы ауылындағы стадионда футболдан ауданымыздың суперкубок ойыны өтті. Жарыста былтырғы 1, 2 лиганың чемпиондары Рахат ауылының «Рахат» және көктөбелік «Альтаир» командалары өнер көрсетті. Ауданның бас төрешісі Наурыз Сетнасипов ойынға төрелік етті.

Жарысты тамашалауға көрші ауылдардың жастары жиналып, спорт ардагерлері де қалыс қалмады. Сонымен қатар, ауданымыздан шыққан белгілі волейболшы, «Алтай» клубының ойыншысы Татьяна Фендрикова, спорт жанашыры, аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев, бөлім басшылары мен аталған қос округ әкімдері де ойыншыларға жанкүйер болды.

Жарыстың ашылу салтанатында қатысушыларға сәттілік тілеген Бекет Ахметов футбол ойынының жастар арасындағы маңызына тоқталып өтті:

– Алғашқыда ауданымыздың чемпионатында санаулы ғана команда ойнайтын. Қазір, міне, 30-дан астам команда чемпиондыққа таласады. Яғни, еліміздің болашағы – жастар спортты қолдайды, салауатты өмір салтын ұстанады. Спорт – денсаулық кепілі. Сонымен қатар, жастар арасындағы достықтың көпірі, – деді

Төрешінің ысқырығы берілісімен командалар теңбіл допты ұршықша иіре жөнелді. Бапкерлерінің айтуынша, футболшылардың жартысы ораза ұстаған, соған қарамастан қос чемпион да тамаша ойын үлгісін көрсетті. Осылайша, 1 таймда есеп ашылмады. Ойынның екінші бөлімі де командалардың бір-бірінің қақпасына жасаған қарымта шабуылдарымен басталды. Өз қақпасының жанында рахаттық футболшы ойын ережесін бұзып, көктөбеліктер айып добын соғып, есеп ашты. «Рахат» командасына да талай мүмкіндіктер беріліп, алайда, орайлы сәтті оңтайлы пайдалана алмады. Осылайша, тартысты ойын 1:0 есебімен, «Альтаир» командасының пайдасына шешілді.

Алмалыда өткен суперкубок ойыны биылғы аудан чемпионатының шымылдығын ашты. Сол күні алғашқы ойындары басталды. Аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Ерболат Сарабековтың айтуынша, осы жылғы чемпионатқа 30-дан астам команда қатысып, өз бақтарын сынайды.

Сардарбек НҰРАДИН.

Published in Спорт

Күнтiзбе

« Мамыр 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет