Күндер бойынша реттелген элементтер: Сәрсенбі, 06 Қараша 2019
Сәрсенбі, 06 Қараша 2019 11:13

Арыңды сақта, бойжеткен!

Жуырда Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің мәжіліс залында жас қыздарға арналған ерте жүктіліктің алдын алу  мақсатында «Арыңды сақта, бойжеткен» атты семинар-тренинг өтті.

Шараны Еңбекшіқазақ ауданының жастар ресурстық орталығының психолог маманы Айгерім Дәулетханова жүргізді. Онда аудандық орталық аурухананың ЗОЖ бөлімінің бас дәрігері Арухан Нысанбаева, аудандық орталық аурухананың психолог маманы Вероника Захарченко және бірқатар сала мамандары баяндама оқыды.

Шара барысында «Өмірдің бәрі өрнектен тұрады», «Қызға қырық үйден тыйым», «Ауруын жасырған өледі», «Қыз өмірдің гүлі, болашақ ана, отбасының жүрегі» деген мақалдарға сүйене отырып, қыз тәрбиесі мен денсаулығына қатысты бірнеше ақпараттар мен видеороликтер көрсетіліп, парақшалар таратылды. Қыздарымыз қылықты, ұлдарымыз ұлықты болса, ұлтымыздың да іргесі беки түспек. Қыздың ары – елдің ұяты екенін жадымыздан шығармайық, бойжеткен!

 

Арайлым БАҚБЕРГЕН,

аудандық жастар ресурстық

 орталығының маманы.

****

Қыз тағдыры – әйел  тағдыры,  ана  тағдыры. Ана  тағдыры – бүкіл  адамзаттың  тағдыры. Ұрпақ  жалғастырып  отырған әйел  затының денсаулығы  қоғам  үшін  маңызды.

Мектеп  жасындағы қыз балалардың арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу  мақсатында мектебімізде «Ерте жүктіліктің алдын алу» тақырыбында ата-аналар жиналысы өтті. Жиналыс барысында мектебіміздің тәрбие ісі жөніндегі  орынбасары А.Сабаншиева өз баяндамасында ерте жыныстық қатынасқа түсудің зардаптары, отбасын  жоспарлау туралы ақпарат беріп өтті. Отбасында қыз баланың жеке тұлға болып қалыптасуы үшін ұлттық тәрбиенің маңыздылығын мектептің әлеуметтік педагогі Г.Алуашова айшықтап айтты. Мектеп  психологі Э.Молдахметова жиналыста  қозғалып отырған тақырыпты  аша  түсу үшін ұйымдастырған ойын барысында кәмелетке толмаған  қыздарға қатысты жыныстық қатынастардың алдын алу мәселелері талқыға түсіп, анасы  мен  қызының  арасындағы жылулықты  сезіндіруге  ықпал  жасады.  Жасөспірім қыздардың жастық желікпен қателіктерге бой алдырмау мақсатында көрсетілген түрлі бейнебаяндар өздерінің мазмұндылығымен ерекшеленді. Жиналыс соңында аналар «Қызға  қырық  үйден  тыйым» тақырыбындағы газетке мектебіміздің қыздарына арнап айтылған тыйым  сөздерін жазып  қалдырды.

 

Эльмира МОЛДАХМЕТОВА,

Талдыбұлақ орта

мектебінің педагог-психологі.

Published in Мақалалар

Кез келген адамның қаржы тапшылығын көрмей, еркін өмір сүруді қалайтыны шындық. Иә, еркін өмір. Өйткені ешқашан қаржылық мәселеңді шешпей толық еркіндікке жете алмайтыныңыз өмірдің ақиқаты. Осындайда жеке кәсібін ашып, шаруасын дөңгелетіп отыруды қаламайтын жан болмас, сірә! Тіптен біздің ұлы ғұламаларымыз да кәсіп ашып, еңбек етуді барынша құптағаны тағы бар. Соның бірі Абай атамыз. Абай еңбек ете алмаған елдің бүгіні бүтін, ертеңі берік емес деп үйретеді. Оның ойынша, еңбектен қашып, жұмысты жек көрген адамның өмірі бір-бірін аңдумен, бір-бірін тонаумен өтеді. Сонымен бірге, қырық екінші қара сөзінде «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді?» деп, елді кәсіп қылуға шақырады. Әрине, жеке кәсібін ашып, уыстап ақша табуды көксемейтін адам болмайтыны анық. Тіптен кейбіреуі оның жолдарын ойластырып, ал біреулері жоспарын да сызып жатады. Бірақ оны жүзеге асыруға қаржысының аздығы мен кәсіптің көзін таппауы қолбайлау болуы мүмкін. Әр азаматтың жеке кәсібін ашып, нәсібін табуы тек жеке тұлға үшін емес, мемлекет үшін де маңызы зор. Осы арқылы халықтың жағдайы көтеріліп, мемлекеттің экономикалық қуаты артатыны заңды. Сондықтан тәуелсіздік алғаннан бері мемлекет шағын және орта бизнестің дамуы үшін кәсіпкерлікті барынша қолдап келеді.

Елбасы 2050 жылға дейін ең жоғары дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуін ұлттық саяси даму стратегиясына негіз ете отырып, осы уақыт ішінде бағындырылуға тиісті жеті басымдықты белгілеп берген болатын. Олардың қатарында жаңа бағыттың экономикалық саясаты, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері, білім және кәсіби біліктілік, мемлекеттілікті, қазақстандық демократияны дамыту, салиқалы сыртқы саясат, жаңа қазақстандық патриотизм бар. Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да кәсіпкерлікті дамытуға баса мән берілген. Осы бастамалардың негізінде дүркін-дүркін бағдарламалар қабылданып, қадау-қадау жоспар мен жобалар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде, ел экономикасының екпіні артты, бойына қуат бітті. «Жаhандық дағдарыстың әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, XXІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында ұлттық экономиканың жетекші күші саналатын кәсіпкерлікті жан-жақты қолдауға баса мән берілді. Бизнестің тынысын тарылтып тұрған әкімшілік кедергілер тағы да азайтылады, кәсіпорындардың өсіп-өркендеуіне жасанды бөгет жасайтын мемлекеттік қызметтерді жазалау механизмі қатаңдатылады.

Қазақстанда шағын кәсіпкерлікті қолдау жүйесі қалыптасты және әлде де қызмет етуде. Бұл мәселемен Индустрия және сауда министрлігі, экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Қаржы министрлігі, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі, Статистика жөніндегі агенттігі және атқарушы биліктің басқа да органдары мемлекеттік деңгейде айналысады.

Шағын кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік және өңірлік қорлары құрылған. Дегенмен, Қазақстанда шағын кәсіпкерлік қызметін қолдау бойынша қызмет ету саласы біркелкі дамып жатқан жоқ. Әлемдік тәжірибе көрсететіндей, оның табысты дамуы мемлекеттік қолдауға, осы қызметтерді қажет ететін кәсіпкерлерге, жеке кәсіпкерлікті дамытуды көздеген тұлғаларға тең дәрежеде тәуелді.

Бүгінгі күнде шағын кәсіпкерлікті қолдау саласында түрлі институттар бар. Қазақстанда шағын кәсіпкерлікті қолдау механизмдері оның сараланып дамыған инфрақұрылымы арқылы жүргізіледі. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін тұрақтануын және қалыптастыруын ынталандыру үшін мемлекеттік даму институттары құрылған.

Мемлекеттік бағдарламаларда шағын кәсіпкерлікті қолдаудың – негізгі және қамтамасыз ететін екі түрі бөліп көрсетіледі. Негізгі бағдарламалардың мақсаты – кәсіпкерлік қызметті жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау. Қамтамасыз етуші бағдарламалар шағын кәсіпорындарға сәйкес кәсіпкерлік инфрақұрылымын құруға, ресурстардың қажетті түрлерімен (материалдық, еңбек, қаржылық, ақпараттық) қамтамасыз етуге қызмет етеді.

Жаңа құрылып жатқан кәсіпорындарға қатысты мемлекеттің саясаты көп еңбекті, мемлекеттік қызмет тарапынан көп ұйымдастырушылық күштерді жұмылдыруды талап етеді, ол келесі 6 бағыт бойынша топтастырылады. Яғни, шағын кәсіпорындарға көмек көрсету; оларды қаржылық қолдау, кәсіпорынды басқарудың тиімді жүйесін құруларына қол ұшын беру, ақпараттық қолдау, кәсіпкерлік белсенділікті тиісті салық салу жүйесімен және басқа да реттеу механизмімен ынталандыру және қоғамда кәсіпкерлік климат орнату.

Қазақстанда кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететін негізгі факторларды қысқаша сипаттауға болады.

Табыстылықтың және өсімнің кепілі ретінде жеке меншікті қорғау. Кәсіпкерліктің дамуы үшін жеке меншік институты кәсіпкерлері кез келген табыс алуды емес, алдағы уақытта өндірістің дамуы туралы ойлайды.

Кәсіпкерлікке толықтай қолдау жасау саясатын жүргізу. Бұл саясат кәсіпкерлікті мемлекеттік даму бағдарламасы етіп жариялауды, кәсіпорын ашудың еркіндігін беруді, өндірістік қызметтің еркіндігін, жарғылық капитал талаптарына шек қоюды мәлімдейді.

Импорттық тауарларға эмбарго жариялау. Отандық тауар өндірушіні қорғау үшін, импорттық тауарларға эмбарго жарияланып жатыр. Елге тамақ өнімдерінен бастап, машиналар мен механизмдерге дейін барлық тауарларды әкелген кезде америкалық кәсіпкерлерді қорғау үшін осындай шаралар қолданылды. Өз кезінде осындай саясат отандық кәсіпкерлерді сыртқы бәсекеден қорғауға, айналымдарын өсіріп алып, соңынан шетелдік фирмалармен бәсекеге түсуге мүмкіндік берді.

Салықтық тарифтерді төмендету. Егер салықтар деңгейі теңгерімдік табыстан артық болса (45-50 %), бюджетке түсім көлемінің өсуі әуелі тоқтап, кейіннен төмендей бастайтыны белгілі: кәсіпкерлер салық төлеуді доғарады, демек, салықтық базаның қысқаруына әкеледі. Бұл эффект «Лаффер қисығы» деп аталады және ТМД елдерінде де, біздің елде де байқалады.

Банктік жүйедегі өзгерістер. Кәсіпкерлікті дамытудағы қиын мәселелердің бірі – фирмаларды қаржылық қамтамасыз ету. Бастапқы кезеңде, кәсіпкерлердің қолында қаражат жоқ кезінде банктік несиелер қаржыландырудың жалғыз шешімі болып табылады. Пайыздық мөлшерлемелерді төмендету, несиелендіру мерзімін ұзарту кәсіпкерлік белсенділік танытудың маңызды факторы болып табылады.

Шетелдік инвестицияларды тарту – қаржыландырудың екінші көзі, нақты инвестициялар түрінде ғана емес, технология, «ноу-хау» түрінде көмек алуға мүмкіндік береді.

Кейінгі жылдарда кәсіпкерліктің жоғары қарқынмен дамып келе жатқандығына қарамастан, экономиканың аталмыш секторының сапалық тұрғыдан дамуына кедергі болып отырған бір қатар проблемалар орын алуда. Мұндай проблемаларға мыналар жатады:

Заңнамалық базаның жетілмегендігі – жеке кәсіпкерлік туралы заңдардың нормалары ескірген. Шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі бірқатар мәселелер бойынша нақты нормалар шығарылмаған, мұнысы әкімшілік тосқауылдардың көбеюіне және әрекеттегі заңдардың әртүрлі пайымдалуына әкеледі;

Кәсіпкерлік субъектілерін критерийлік тұрғыдан белгілеу мәселесі – кәсіпкерлік субъектілерін шағын және орта бизнес категориясына жатқызудың критерийлері әлемдік практикаға сәйкес келмейді. Төмендетілген құндылықтық критерийлер экономика мен бизнестің бүгінгі даму деңгейіне сай емес. Олар бизнестің жасанды түрде «бөлінуіне» ықпал етуде, отандық кәсіпкерлікті қолдау шараларының тиімділігі мен оның бәсекеге қабілеттілігін төмендетуде.

Салықтық жүйе жеткілікті дәрежеде дамымаған – Қазақстанның салық жүйесінде шағын бизнес ауқымының өсуіне және оның біртіндеп орта бизнеске айналуына арналған экономикалық стимулдар қарастырылмаған;

Әкімшілік тосқауылдар – әкімшілік тосқауыл дардың болуы шағын және орта бизнестің дамуына елеулі кедергісін тигізуде. Алайда оларды кешенді талдау осы мәселені бұрынғысынан да тиімді шешудің жолдарын ашуда;

Кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылы-мының нашар дамуы және үзінділік сипатқа ие болуы – Қазақстанда орын алып отырған шағын және орта бизнесті қолдау инфрақұрылымы шағын және орта бизнесті дамыту шараларын қолдауды қамтамасыз етпейді және жоғары транзакциялық шығындарға негіз болуда;

Шағын және орта бизнес өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі – қормен жеткілікті деңгейде жарақтандырылмауы, негізгі құралдардың жоғары тозу деңгейі мен төмен дәрежедегі жаңартылуы, сондай-ақ тұтастай шағын және орта бизнес секторының төмен технологиялығы еңбек өнімділігін, шағын және орта бизнес өнімдерінің экономикалық тиімділігін және бәсекеге қабілеттілігін төмендетуде;

Қаржы ресурстарына қол жеткізу қиындығы – әлемдегі қаржы дағдарысы шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландырудың жетіспеушілігі мәселесін одан әрі шиеленістіріп жіберді. Мемлекеттік Тұрақтандыру бағдарламасын уақытында жүзеге асыру дағдарыстық құбылыстардың шағын және орта бизнес секторына жағымсыз әсерін ішінара бәсеңдетуге мүмкіндік берді.

Қорытындылай келе, аталған шаралар өз деңгейінде жүзеге асырылған жағдайда, халық шаруашылығы дамып, әлеуметтік проблемалары жақсарып шешіледі және жұмыспен қамтылған қызметкерлер саны ұлғаятын болады. Бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасының дамуында кәсіпкерлік фирмалардың қарқынды жұмыс істеуінің негізгі нәтижелері болып саналады.

 

Нұрсерік Тілеуқабыл.

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 06 Қараша 2019 10:28

Металлургия ұлы далада өңделді

Әлем тарихын ақтарып көрсеңіз адамзат баласы өткерген миллиондаған жылдарға созылған уақыттың бірнеше дәуірлер мен кезеңдерге бөлінгенін байқайсыз. Өткен дәуірлердің алғашқысы өте ұзақ болса, кейінгілері алғашқы кезеңдермен салыстырғанда тым қысқа болғанын да жақсы білеміз. Ал сол адамзат тарихының кезеңделуі оның пайдаланған еңбек құралдарымен байланысты болатын. Адамның адам болып қалыптасуы еңбек құралдарын пайдаланып үйренгеннен бастап тез қарқынмен жүргені тарихи ақиқат. Бұл адамның басқа жануралардан басты айырмашылығы әрі оны әлемнің қожасы болуына жағдай жасаған себептерінің алғышарты іспеттес. Сонау ерте палеолит кезеңінде қарапайым тас пен ағашты құрал ретінде пайдалануы адамзат тарихына төңкеріс жасаған ұлы оқиға еді. Деседе тас құралдардың орнын металл құралдардың алмастыруы одан да ұлы оқиға болды. Металды өңдеп, одан еңбек құралдары мен қару-жарақ жасап, одан әрі оларды іске жаратуының арқасында адамзат тарихы өзгеше бағытқа бұрылып, жаңаша бетбұрыс жасай білді. Осы бір ұлы өзгерістің бел ортасында болып, әлемге металл өңдеудің құпия сырларын үйреткен біздің ата-бабаларымыз екенін білесіз бе?! Оған титтей де күмәніңіз болмасын. Бұған себеп қазақ даласының қай түкпірі болсын барлық металдардың кеніне бай болса, екіншіден, осы далада өмір сүрген көшпенділердің ұсталық өнерді жай ғана кәсіп емес, қасиетті де тылсым өнер ретінде ұлықтағаны әсер етсе керек.

Дәуір доңғалағын жылжытқан

металдар

 

Б.з.б. 2,6 миллион жылдан бастап б.з.б. 3000 жылдыққа дейінгі ұзақ тарихты адамдар тастан жасалған қарапайым құралдармен еңбек етіп, тірлік кешті. Тарихшылар адамзат баласының ең алғаш өңдеген металы мыс болғанын айтады. Кіші Азияны мекендеген халықтар б.з.б. 7-6 мыңыншы жылдардың өзінде мыс өндіре бастаған. Металлургияның қарапайым салалары адамзатқа өте ерте заманнан белгілі болғанымен алғашқы кезде бұйымдар жасау үшін металдарды салқын күйінде өңдеген. Ал металдар салқындай өңдеуге икемсіз болғандықтан, олардан құралдар жасау да ыңғайсыздық тудырды. Сондықтан металл бұйымдар бірден кең тарала алмады. Дегенмен адамдардың мыстан басқа қалайы, алтын, күміс және метеориттік темірмен танысуына жол ашылды.

Кейіндеп металдарды өңдеудің жаңа технологиялық тәсілі пайда болды. Яғни, адамдар металды салқын күйде емес, жоғары температурада өңдеуді үйренді. Ыстықтай өңдеу кезінде металдан бұйымдар оңай әрі сапалы жасалатынына көздері жеткен соң-ақ, мыс бұйымдар жасау кең тарала бастады. Бірақ мыстың тасқа қарағанда жұмсақтығы әрі тез майысқыштығы тас құралдарды қолданыстан бірден ығыстырып шығара алған жоқ. Есесіне мыстың қалайымен қосындысы одан гөрі мықты әрі сапалы болып шықты. Осыдан кейін ғана бұрынғы тас құралдармен мәңгілікке қош айтысудың мүмкіндігі туды. Адамзат тарихы да ең ұзақ тас дәуірін артқа тастап, жаңа қола дәуіріне қадам басты. Осылайша металл адам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналып, тыныс-тіршілігімен біте қайнасып кетті.

Біртіндеп қоланың да кемшіл тұстары белгілі болып, адамдардың оның орнын басатын жаңа металл іздеуіне тура келді. Қоланың басты кемшілігі оның морт сынғыштығында еді. Егер қатты затқа тисе немесе үлкен күш түссе быт-шыты шығып, қолданысқа жарамай қалатын. Ал ендігі еңбек құралдары мен қару-жарақ жасалатын металл берік әрі қатты болуы тиіс болатын. Адам баласы ондай қасиетке ие металды да іздеп тапты әрі күні бүгінге дейін қолданып келеді. Бұл бір дәуірдің атауына ие болып, тарихтың даму доңғалағын жылдамдатқан темір еді. Бажайлап қарасақ алтын мен күміс қанша бағалы, құнды, қымбат металл болғанымен тарихи салмағы жағынан олардан бәсі әлдеқайда кемшін түсетінін байқаймыз. Қарапайым ғана мыс, қалайы және темірдің адамзат мәдениетін алға бастырудағы алар орнын ешқандай асылтастардың алмастыра алмасы хақ.

Сақтар және

Алтын тері аңызы

 

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді», – деп, қазақ жерінің металлургия дамуының алтын кіндігі болғанын атап өткен болатын. Иә, ата-бабаларымыз металл өңдеудің өз дәуіріндегі теңдессіз білгірлері болғаны тарихи ақиқат. Қазақтың белгілі ғалымы Қ.И.Сәтбаевтың есептеуі бойынша қола дәуірінің өзінде Жезқазғаннан миллион тоннадай кен өндіріліп, одан 100 мың тоннадай мыс қорытылған. Одан бөлек, Шығыс Қазақстанда Нарын мен Қалба кен орнынан да 1100 тонна қалайы өңделгенін дәлелдеген. Бүгінде қазақ жерінде орналасқан Атасу, Талдысай, Суықбұлақ, Қарқаралы-1, Қарқаралы-2, Шортандыбұлақ секілді тағы басқа қоныстардан ежелгі кен орындары табылып отыр.

Қазақ жеріндегі ежелгі металлургияның дамуында тыңнан түрен салып, кейінгілерге өшпес өнеге қалдырған номадтардың арғы бабалары скифтер болатын. Біз тарихтан білетін әлемді жаулаймын деп араны ашылып келген қандышелек Құрыштың (Кир) басын кесіп, тұлыптағы қанға тойдырған, жарты әлемді билігіне қаратып, сонау Эллададан Үндістанға дейін созылған ұлы империяның иегері атанған Ескендір Зұлқарнайынның (Александр Македонский) аптығын басқан, Еуразия құрлығында ерлікке толы іздері сайрап жатқан сақтар еді бұл. Олар тек ержүрек жауынгер ғана емес, алтын қолды үздік ұсталар да болатын. Әсіресе алтын өңдеудің хас шеберлері-тын. Сөзіміз дәлелді болуы үшін алысқа бармай-ақ Есік қорғанынан табылған «Алтын адамды» алға тартсақта жеткілікті. Бүгінде қазақ даласының әр түкпірінен «Алтын адамдар» көптеп табылуда.

Сақтар жайлы көп мәлімет берген ежелгі грек авторларының шығармаларынан олардың алтын өндіруде өз дәуірінің әлемдік көшбасшысы болғанын түсінеміз. Ертедегі грек географы әрі тарихшысы, «География» еңбегінің авторы Страбонның жазбаларында сақтар туралы: «Олар ұрысқа алтын белдік тағып шығады. Аттарына алтын жүген салады. Оларда күміс жоқ, темір аз, бірақ қола мен алтын өте көп», – деп тамсана жазады. Ең қызығы «тарихтың атасы» атанған Геродот еңбектерінде де «алтын қырыққан құзғындар» туралы аңыз келтірілген. Тарихшылар аңызда аталған жерді Алтай өңірімен байланыстырады. Себебі Алтай өңірі алтын кенішіне өте бай болуымен қатар, бұл жер сақтардың алтын бесік атамекені болғандығы тарихтан белгілі.

Сақтар алтын өндірудің де оңтайлы технологиясын ойлап тапқан. Олар алтыны мол өзендердің табанына жаздың басында жүні қалың қой терісін төсеп, ауыр тастармен бастырып кететін. Арада біраз уақыт өтіп, судың беті көпірши бастағанда жидіген теріні судан алып шығады. Одан кейін теріні кептіріп, жүнін қырқады. Қырқылған жүнді отқа жағып, күлінен бір тайтұяқ көлемінде алтын алады. Сосын оны зергерлер қоспалардан тазартып, алхимиялық жолмен саф таза алтын жасайды. Мұндай алтындар «скиф алтыны» деп аталған. Бүгінде ондай алтынның ешқандай баламасы жоқ және ешқайсы жерден кездеспейді. Өйткені, мұндай алтын алудың құпиясын тек сақтар ғана білетін болған.

Ал алтын өндірудің бұл технологиясы өзге елдерге аңыз болып тарады. Ясон бастаған аргонавттардың сансыз қауіпке қарамай айдаһарлар күзететін алтын теріні іздеп Эллададан Қаратеңіз  арқылы Колхидаға, Кавказ жеріне сапар шегетін атақты аңызды естіген боларсыз. Естісеңіз сол «алтын тері» сақтар ойлап тапқан алтын өндіру технологиясына орнатылған ескерткіш іспеттес.

Көшпенділер күнелткен сахарада беріге дейін құйма алтыннан көп нәрсе болған жоқ. Кез-келген үйдің сандығының түбінде тайтұяқ, қойтұяқ жамбылар жататын. Оны тойларда бәйгеге тігіп, қыздың жасауына беретін немесе әдемі зергерлік бұйымдар жасататын. Соның арқасында алтынға деген ашқарақтығы болмайтын. Алтын десе арын сатып, өзгелердей «алтын безгегіне» ұрынбайтын. Алтынға деген сакральды биік көзқарас қалыптастырып, оны сараңдық пен тойымсыздықтың қақпанына түсірмейтін. Көне тарихшылардың өздері де көшпенділердің алтынға келгенде тым салғырт, селқос қарайтынын байқап, жазып кеткен.

 

Көк темір құрсанған көк бөрілер

 

Сақтардан кейінгі Үйсін, Ғұн, Қаңылы секілді елдерде де металлургия саласы қатты дамып, ұсталық өнердің озық үлгісін көрсете білді. Сол кездегі қазақ даласында соғылған қару-жарақтар басқа елдерде өте жоғары бағаланатын. Олардың өз дәуіріндегі ең қуатты әскерлерге ие болуы да осы теңдессіз қару-жарақтарымен байланысты еді. Бұл дәстүр түркі кезеңінде де өз жалғасын тауып, одан әрі дами түсті. Әсіресе түркілер өндірген темірлер үлкен сұранысқа ие болатын. 552 жылы Бумын қаған жужандардан азаттық алу үшін көтерілгенде жужан қағаны Анағұй ең алдымен темір өндірісінің құлдырауынан алаңдағаны біраз жайды аңғартса керек.

Бүгінде темір рудаларын өңдеудің де өзіндік әдістері мен жолдары бар. Қысқаша айтқанда, ең алдымен темір рудасын ұсақтап, сұрыптаудан өткізеді. Одан кейін руданы магниттің көмегімен мейілінше артық қоспалардан арылтады. Мұны байыту деп атайды. Сосын байытылған рудаларды саз бен құмнан тазарту үшін сумен жуып, кептіреді. Бірақ ұсатылған руданың арасынан ауа алмасу қиындайтындықтан агломерат жасау арқылы қайтадан ірілетеді әрі руданың құрамында қалып қойған қоспалардан тазартады. Ең соңында окатыш жасап қорытылуға дайын өнім алады. Әрі қарай оларды домна пештерінде қорытып құрамында 2-5 пайыздық көміртегі бар шойын балқытады. Кейіндеп шойынды химиялық жолмен байытып, құрамындағы көміртектерді компрессорлардың көмегімен арылту арқылы шымыр болат өндіреді. Ал осы аталған технологияны түркілерде өте жақсы білген.

Жалпы түркілер шымыр болатты қылыш, семсер, найза, жебе ұшы, айбалта т.б. секілді қару жасауға пайдаланғаны белгілі. Ол үшін жоғарыдағы технологияға ұқсас өзгеше әдіс қолданған. Бұл туралы Таласбек Әсемқұловтың «Қылыш жеткеру» мақаласында да жан-жақты мәлімет беріледі. Алғашқы кездерде өзге елдің темір өндірушілері темірді өте қарапайым әдіспен от шоғында балқытатын. Мұндай қарадүрсіндеу әдіспен темірдің қорытылуы үшін жеткілікті температураға маңайлай да алмайтын. Ал көшпенділер бұл тығырықтан шығу үшін арнайы пеш пен көрікті пайдаланды. Ең алдымен темір рудаларын арнайы структурамен салынған «қоза там» деп аталатын биік пешке көмірмен бірге қалап, көріктермен ауа үрлеу арқылы балқытады. Көріктердің де бірнеше түрі белгілі. Біріншісі жай көрік. Бұл көріктің басты кемшілігі үздіксіз ауа жібере алмайтындығы. Одан кейін қос көмей көрік. Мұнда екі жай көрік біріктіріліп, аталған кемшілікті жоюға тырысқан. Яғни, бір көрік ауа сорып жатқанда, келесі көрік ауа үрлеп тұрады. Ең жетілген түрі желбуазда бірнеше көрік біріктіріліп, үздіксіз ауа үрлеуге ыңғайластырылған. Бүгінгі компрессорлардан кем түспейтін желбуаз далалық металлургияның теңдессіз жетістігі десек артық айтқандық емес.

Қоза тамда темір жақсы балқығанымен құрамындағы өзге заттардан арылта алмайтын. Сондықтан балқыған лас темірді «қорама» деп аталатын балшықтан арнайы жасалған қалыпқа құйып, одан кейін шынтақтың ұзындығындай білекке ұқсас сом кеспелтектер дайындайды. Осы кеспелтектерді саздау жерге тігінен көміп қояды. Арада кемі 6-7 жыл өткенде темір шіріп, құрамындағы бөгде заттардан тазарады. Осы шіріген кеспелтектерді қазып алып, ұнтақтап ұнға айналдырады. Алынған ұнтақты қазанда бірнеше рет қайнатып, әр қайнаған сайын суын төгіп тастайды. Бұл процесстен кейін ұнтақтың құрамындағы тұздар мен басқада минералдар ағып кететін болған. Енді тазартылған ұнтақты болат қазанда қайта қорытып, таза темір алған. Әрі қарай таза темірді отқа қыздырып, одан қару соғады. Ал қылышты суғару, қасат жасу өз алдына бөлек әңгіме. Мұнан кейінгі қарудың мықты болуы темірдің сапасына емес, ұстаның өнері мен тәжірибесіне байланысты.

Түркілердің темір өндірудегі осындай озық технологиясының арқасында әлемге аты әйгілі болып, әскери өнерден ешкімге дес бермегені белгілі. Көк бөрілі жалауын көтеріп, көк темір құрсанған оғыландар күн астына дейін жортатын. Олардың қолдарында ойнаған қаһарлы алдаспанын көрген дұшпанның тізесі дірілдейтін. Осылайша олар да тарихтың толқынына жармасып, бүгінгі ұлан-қайыр атырапты кейінгі ұрпаққа аманатқа қалдырды.

 

Ұсталардың ұлы жолы

 

Байқағанымыздай бұрынғы сақтарға да да, кейінгі түркілерге де, бүгінгі қазақ халқына да металлургия етене таныс болған. Әрине, металл өңдеу жалпы халықтың емес, жеке ұсталардың еңбегінің арқасында гүлденгені, дамығаны ақиқат. Сондықтан халқымыз ұсталық өнерді барынша қастерлеп, ұсталарды ерекше сыйлаған. Кезінде ұсталардың кәсібімен бақсылар шұғылданған деседі. Бақсы дегенде қазіргі кездегі асай-мүсейін асынып, жын шақырып ойын салатын, ауру емдеп нәпақасын табатын емкөс диуананы елестетсеңіз қателескеніңіз. Ерте кездегі бақсыларды елдің ұйытқысы, халықтың қамқоршысы, рухани көсемі, ақылман абызы деп түсінгеніңіз дұрыс. Демек ұсталық өнердің ежелден бері сакралдық қыры болғаны, бабаларымыздың оны жай кәсіп деп емес, керісінше қасиет тұтқаны байқалады. Яғни, ұсталардың қоғамдық ортадағы беделінің тым жоғары болғаны анық.

Ислам діні келгенге дейін ұсталық өнер тәңірлік өнер ретінде ұлықталып, оның бір тылсым күшпен астасып жатқанына барлығы кәміл сенгені рас. Кейіндеп ислам діні келіп, бұрынғы құндылықтар алмасса да, ұсталардың беделі кеміген жоқ. Енді ұсталық өнер ислами түсінікпен астасып, жаңа мазмұнға ие болды. Осылайша бақсы-ұсталар көмескіленіп, «ұстаның пірі – Дәуіт пайғамбар» болып шыға келді. Иә, қасиетті құранда аты аталған, жаратқаннан түскен илләһи төрт кітаптың бірі забур түскен, жындар мен адамдардың, жан-жануарлардың, қысқасы бар әлемнің падишасы болған Ұлы Сүлейменнің әкесі – Дәуід пайғамбар осы. Аңыздарда айтылуынша Дәуід пайғамбарға ұсталық өнер қонып халыққа алғаш темір соғуды үйреткен екен деседі. Дәуідтің бір ерекшелігі қып-қызыл болып жарқырап тұрған ыстық темірді жалаңаш қолмен ұстай береді екен. Осылайша күніне алпыс адамға сауыт-сайман, қару-жарақ соғатын көрінеді. Және де еңбегіне артық ақы алмайтын имандылығы да бар екен. Кейін өзіне шәкірт тәрбиелейді. Шәкірті де ұстазынан кем соқпайтын үздік ұста болады. Бұған да темірді жалаңаш қолмен соға беретін қасиет дарыпты. Дәуід өлерінде шәкіртіне екі өсиет қалдырады. Біріншісі, ешқашан еңбегіне үстеме ақы алмауды, екіншісі, иттен де үйренуді тапсырыпты. Бірақ шәкірті өз нәпсісін тежей алмай біреуден үстеме ақы алғаны үшін темірді жалаңаш қолмен ұстайтын қасиетінен айырылыпты. Енді темірді ұстай алмай, ұстай алмаған соң бұйым жасай алмай тоқырауға ұшырайды. Күндердің күнінде сүйек мұжып жатқан итке көзі түседі. Сүйекті алдыңғы екі аяғымен қысып алып мұжып жатқан итті көрген шәкірт ұстазының екінші өсиетінің мәнін сонда ғана түсініп, ыстық темірді ұстайтын қышқашты ойлап тапқан екен. Содан бастап ешкім қызған темірді қолмен ұстай алмаса да, қысқаштың арқасында ұсталық өнер бізге жетіпті дейді көне әпсана.

Бүгінде төс пен балғаны серік еткен ұсталар тізгінді техникаға берсе де, бабалардың жолына адалдық танытып келе жатқан ұсталар аз емес. Олардың қатарында біз білетін арғы дүниеде болса да талай шәкірт тәрбиелеп, атағы өлмей келе жатқан Дәркембай Шоқпарұлы, ағайынды Тұрсынжан, Махмұт, Айтберген Құлмановтар бар.

 

Қазақ метталлургиясының бүгінгі күйі

 

Менделеевтің кестесіндегі элементтердің бәрі кездесетін қазақ жері қашанда қазба байлықтан кенде болған емес. Бүгінде ұсталардың орнын машиналар мен техникалар алмастырған жаңа заманда да ел экономикасының басым бөлігін металлургия саласы құрап отыр.

Қазіргі кезде еліміз түсті металлургия өндірісінен әлем бойынша жоғарғы көрсеткіштен түспей келеді. Оның ішінде жеті саласы алға шығып, осы бағытта 28 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Бізде өндірілген түсті металдар дүниежүзінің отыздан астам еліне экспортталып, мемлекеттің айтарлықтай индустриялық әлеуетін анықтап отыр. Түсті металдардың бірі хромит қоры бойынша Қазақстан әлемде екінші орында. Оның жалпы қоры 230 миллион тоннаны құрайды. Негізінен Мұғалжар тауында шоғырланған. Одан басқа марганецтің болжамдық қоры 850-900 миллион тонна болса, мыстың ірі кен орындары Жезқазған, Жамантай кендерінің қоры 10 миллион тоннадан асады. Қорғасын мен мырыштың да жүзден аса кен орындары бар. Алюминий шикізаты ретінде ең көп тараған боксит болып саналса, елімізде оның да екі жүзден аса кені бар екен. Қазақстан алтын қоры бойынша да әлем елдерінің ондығына кірсе, оны өндіруден үшінші орынды иеленеді. Оның да республика аумағында 196 кен орны орналасқан.

Сирек кездесетін металдардан молибден қоры жөнінен 84 кен орнымен әлемде төртінші иеленсек, Азия елдері арасынан бірінші орында тұрмыз. Вольфрам қоры бойынша Қазақстан әлемде көшбасшы болып саналады. Оның 53%-ы 16 ірі кен орнынан алынады. Уран өндірісі бойынша да республика көлемінде жүзден астам кен орны бар болса, оның елуі Солтүстік Қазақстанда орналасқан.

Ал қара металлургияның өкілі болып табылатын темірдің қазақ жеріндегі геологиялық қоры 17 миллиард тоннаны құрап отыр. Оның 93%-ы Қашар, Сарыбай, Соколов, Әйет, Лисаков секілді бес ірі кен орнында шоғырланған.

Байқағанымыздай құдай тағаланың қазақ жеріне қамқорлығы төгіліп астын қазба байлыққа толтыра салғанына шүбә келтіре алмайсыз. Деседе құр атаққа малданып, масайрап кетпей, бұған да шүкір деуміз орынды-ақ. Бұл заманда жаратқанның жіберген нығыметінің қадірін біліп, қажетке жарату да үлкен өнер екені талассыз шындық. Жерінде ешқандай байлығы жоқ Жапонияның өзі ғылым мен білімінің арқасында әлемдегі экономикалық жетіліктің алдыңғы легінде жүргені бізді де бей-жай қалдырмаса керек. Өйткені, кешегі ұлы ұсталар тәжірибесі мен шеберлігіне сенсе, бүгінгі олардың ізбасарлары металлургтер ғылым мен технологияға сенетін дәуірде тұрмыз. Сол себепті тек жер астында сіресіп жатқан байлығымызды өзіміз өңдеп, бұрынғы бабаларымыздың даңқын қайта жаңғыртуымызға кім кедергі?! Ендеше, еліміздің етеңі үшін осы жайды ескере жүрсек бізге де, ұрпақтарымызға да қайырлы болмақ. Ол үшін ежелгі көшпенділердің көрсеткен жүлгесінен айнымай, индустрия мен инновацияны үйлестіре білгеніміз лазым.

 

Нұрсерік Тілеуқабыл.

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 06 Қараша 2019 10:24

Рейд жүргізілді

Аудандық полиция басқармасының ювеналдық полиция тобы, аудандық жастар ресурстық орталығы және полицияға қолдау көрсететін «Жалын» студенттік жасақтары бірлесе «STOP қылмыс» іс-шарасына кірісті. Рейд барысында кафелер мен дүкендер, компьютерлік клубтар мен букмекерлік кеңселер және басқа да ойын-сауық орындары тексеріліп, жауапты адамдар мен қожайындарына жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

А.Бақберген,

 жастар ресурстық орталығының маманы.

Published in Ресми
Сәрсенбі, 06 Қараша 2019 10:22

«Алтын адам» ансамблінің асуы

Өлең өлкесінде, ән әлемінде айшықталып, республикалық «Өнерлі елдің өресі биік» атты ата-апалар арасындағы байқауда әжелеріміз жарады. Төрт номинация бойынша біріншіліктің биігінен көрінді. 

Нақтыласақ, жуырда ғана Алматы қаласында өткен республикалық өнер байқауында «Алтын адам» әжелер ансамблі «Хормен ән салу» номинациясы бойынша бірінші орынға лайық деп танылды. Абзал аналарымыз халық әндерінен поппури орындап, әділ-қазылар мен көрермен ықыласына бөленді. Сол секілді ансамбль мүшесі Күлән Мадиярова «Ән салу» және «Ақындық өнер» номинацияларының жеңімпазы атанды. Ал ансам-бльдің музыкалық көркемдік жетекшісі Нұржамал Шакибаева «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша бірінші орынға ие болды.

Жеңімпаздарды жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз!

 

Роза ИСАТАЕВА,

аудандық «Әйелдер одағы»

қоғамдық қорының төрайымы.

Published in Өнер
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет