Күндер бойынша реттелген элементтер: Сейсенбі, 15 Қазан 2019
Сейсенбі, 15 Қазан 2019 11:38

Асығың алшысынан түссін...

Кез-келген қазақы ортада өскен бала үшін асықтың орны ерекше. Асық сан ғасырлық тарихпен жасасып келе жатқан халқымыздың асыл мұрасының бірі. Оның ел-жұрт жадында көмескі болса да көрініс беріп келуі ұлттық құндылық тұрғысынан қарауды да қажет етеді. Оған себеп асық барлық түркі-монғол халықтарда кездесетін сүйек ойыны екендігі белгілі. Орта Азияның кең даласында қола, ерте темір және түркі дәуірі ескерткіштеріне археологиялық қазба жүргізу барысында қабірден адам мәйітімен бірге асықтар да жиі табылып отырған.

«Есік» қорық-музей қызмет-керлері 2017 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Рахат сайына жүргізілген кешенді археологиялық қазба жұмысы барысында қабірден бала мүрдесімен бірге жерленген он екі асықты тапты. Табылған асықтардың ішінде біреуінің ортасында тесігі бар, тесік өте ұқыпты ойылған. Демек, кезінде тұмар ретінде қолданылуы мүмкін деген болжам бар. Аталмыш асықтар бала қабірінен табылды. Кейбір зерттеулерге сүйенсек, асықтардың қабірден табылуы ғұрыптық, дүниетанымдық мәнінің бол-ғандығын айғақтайды екен. Сондай-ақ Е.В.Купрянова, С.С.Марков, А.М.Сагалев, С.В.Сотникова сынды Ресей зерттеушілердің асықтың қабір-де кездесу семантикасына байланысты пікірлері бір арнаға тоғысады. Ал С.В.Сотникова өз зерттеулерінде асықпен жерлеуді балалардың жас ерекшелігіне қарай екі топқа бөліп қарастырған. Бірінші 5-6 жастағы балалар аз асықтармен жерленген, екінші 7-11 жастағы балалармен жерленген асықтардың санының көп болуы яғни өздерінің асық ойнау барысында ұтқан асықтары болуы мүмкін деген жорамал айтқан екен. [1. 256]. Ал біздің археологтар асықтардың неліктен мүрдемен бірге жерленгенінің сырын әлі аша қойған жоқ. Сондай-ақ асық ересек адамның қабірінен де табылып жататыны да кездеседі. Алайда, зерттеушілер тарапынан әлі ересек адамдардың қабірлерінде кездесетін асықтар туралы толық түсінік берген ешкім жоқ. Ол болашақтың еншісіне қалып отыр.

Өзім де бала кезімде көрші балалармен асық ойнағанды жақсы көрдім, сол кезде асық ойынының ерекшеліктері мен алты қырының атауын білу және ойнай білу кез келген қазақы ортада өскен бала үшін үлкен абырой еді. Ойнау әдісін меңгергеннен кейін ойында жеңімпаз болу мен үшін үлкен мақсат болатын. Әрине, бұл ерекше ептілік пен ұқыптылықты қажет етеді. Сондықтан асық ойынын ойнаған кезде өзімнің асық ойнаудағы шеберлігім мен икемділігімді көрсеткім келіп тұратын және өз қатарластарымнан үнемі басым болуды мақсат етіп қоятынмын. Асық ойыны балалардың ойлау қабілетін жетілдірсе, асық ату дәлдікке, мергендікке икемдейді. Жалпы балалардың асықты біріге ойнауы тәртіп пен талапқа бағына білуге итермелейді. Жазушы, батыр Бауыржан Момыш-ұлының асық туралы айтқан «Асық – үлкен халықтық тәрбие» деген сөзін осы арада еске ала кетсек артық болмас.   

Асық ойындарының әр ортада түрлі атауы кездеседі. Өзім ойнаған ортадағы асық атаула-рының бірнешеуіне тоқтала кететін болсам, асық ойынына көбінесе қойдың асығы алынады, ешкінікі «өкіршік» деп аталады. Ал сиыр, жылқы, түйенікі сақа деп аталады. Асықтың қырынан тұрған ойыстау беті – алшы, жазықтау келген қыры – тәйке, ішкі ойыс жағы – шіге (шік), дөңес бетін – бүге (бүк) десе, сондай-ақ асықтың жілікпен ұстасып тұрған қобылы қырын – омпа (оңқы), ал толарсақ пен топай сүйектерімен байланысып тұрған доғал басы – шомпа (шоңқы) деп аталады. Оң жақ жіліктің асығы оңқай, сол жақ жіліктігі солақай. Алайда адамдардың басым көпшілігі оңқай болып келгендіктен, иіруге, қағуға, атуға ыңғайлы оңқай асықтарды алады, ондай асықтар алшысынан түсуге де бейім болады. Демек, қазақтың «асығың алшысынан түссін» деген тілегі «ісің оңынан болып, алға қойған арман-мақсаттарың орындалсын» деген ізгі ниеттен туындаса керек.

Қазақта асық қасиетті саналады. Мәселен, дәстүрлі қазақы ортада келіні құрсақ көтергенде, ата-енесі ырымдап асық жинай бастаған, онысы ұл тілегені. Сондай-ақ баласы ұл болса, бесіктің басына сақа ілген, бәле-жала аулақ болып, шымыр қайратты болсын дегені. Қыз бала болса еліктің асығын ілген, сұлу, әдемі болсын деп. 

Қорыта келе, қазіргі таңда асық ойнаушылар саны да азайып барады, сонау ерте дәуірден бері жалғасып келе жатқан асық ойыны мен оның ғұрыптық танымдылығын жетілдіре түсу керектігін уақыт көрсетіп отыр. Сондықтан осы үрдісті қайта жаңғыртып, қолға алса нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында табылған құнды жәдігерлерді жинақтап, зерттей келе ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртуға үлес қосу болып табылады. Демек, қабірден табылған асықтарды алдағы уақытта отандық зерттеушілер мен ғалымдар жан-жақты зерттей, зерделей келе, құпиясын ашады деп ойлаймыз.

Әдебиеттер:

  1. Сотникова С.В. «Детские погребения с наборами альчиков и роль игры в обществах степного населения эпохи бронзы». Бронзовый век Восточной Европы: Характеристика культур, хронология и периодизация. Самара: НТЦ, 2001.
  2. Төлеубаев Ә.Т. «Қазақ халқы этнографиясының мәселелері» – Алматы: Servis Press, 2013. Т. 2. – 496 б.
  3. Артықбаев Ж.О. «Арджаспа туралы аңыз. Қазақ тарихы мен этнологиясының мәселелері». ІІ том. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2009.

Гүлмира Жұмай,

 «Есік» мемлекеттік

 тарихи-мәдени қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері.

Published in Мақалалар

Кітапхана – дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Осы салада үздіксіз 40 жыл еңбек еткен, бүгінде зейнет жасқа келіп, бейнетінің рахатын көріп отырған, «Үздік кітапханашы» төсбелгісінің иегері Абылай хан атындағы орта мектептің кітапханашысы Ажаркүл Қартбаевадан ұлы қызмет саласының қыр-сырын сұрап, сұхбаттасқан едік.

Ажаркүл Байғабылқызы, алдымен мереке қарсаңында келіп жеткен зейнеткерлік жасыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Әуелі отбасыңыз, қызмет жолыңыз туралы баяндап берсеңіз.

– Мен 1960 жылы Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Сазды ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін. Әкем мал дәрігері, анам – совхозда сауыншы болып жұмыс істеді. Ата-анамыз жастайымыздан үй шаруасына да, дала жұмыстарына да шыңдап өсірді. Мектеп бітіргеннен кейін алғашқы жылы облыс орталығы Қызылорда қаласына оқуға тапсыруға бардым. Ол кезде тамыр-таныстың кезеңі, түсе алмай үйге қайттым. Үйде бос жатпайын деп, ауылдағы мектеп-интернатқа тәрбиеші болып орналастым. Келесі жылы қайта бағымды сынап бардым. Тағы құладым. Бұл жолы келсем, ауылдағы кітапханашының орны босапты. Кітапқа бала кезден құмар болып өскен, жарықсыз, май шамның сәулесімен оқитын мен үшін үлкен қуаныш-тын. Себебі, ол кезеңде кітап өте аз, оқырман көп. Таласып-тармасып, кезекке тұрып оқитынбыз. Қуана-қуана қызметіме кірісіп кеттім. Дегенмен, жоғары білім, диплом керек болды. Қайта бардым құжаттарымды арқалап. Тағы өтпедім. Келер жылы әділеттілікті сол кездегі астанамыздан іздеп, қайтпас қайсарлығыммен арман қала Алматыда мақсатым орындалды. Қыздар педогогикалық институтына оқуға түстім. Осылайша дипломы бар «Кітапханашы» атандым. Ауылымда тек кітапханашылық емес, қоғамдық жұмыстарға да белсене араластым. Партияға мүше болып, комсомол хатшысы қызметін атқардым. Бір қызығы, өмірімде екі-ақ жерде жұмыс істеппін. Отбасылы болғанша, ауыл кітапханасында, 1995 жылы тұрмысқа шығып, Есік қаласына көшіп келдік. Сол жылы Абылай хан атындағы орта мектепке жұмысқа орналастым. Содан бері табаны күректей 40 жыл бір салада үздіксіз қызмет етудемін. Жолдасым да білім саласынан алшақ емес. Ұстаздық қызмет атқарған. Алла берген бір қызымыз бар.

Адам өмірде екі таң-даудан қателеспеуі керек дейді. Таңдауыңыз неліктен осы салаға түсті?

– Аллаға шүкір, екі таңдаудан да қателеспедім. Күйеуім түсінігі мол, жанымды ұғатын, әрдайым қолдау білдіретін азамат. Тіпті, бізде мектепке жаңа оқулықтар келетін науқан кезінде ауыр-ауыр кітаптарды көтеру нәзік жандылар үшін қиын. Сол кездерде жолдасым көмек көрсетеді. Бала кезден кітапты жастанып оқып, әр шығарманың кейіпкерімен бірге күн кешіп, қуанса қуанып, мұңайған сәтте кей кезде жылап алатын кездерім болатын. Жоғарыда айтып кеткендей кітап аз кезең. Өзім қалаған шығарманы еркін оқып, қалауымша парақтағым келіп, осы саланы таңдадым. Кәсібімді сүйіп, тынымсыз тіршілігімді, ерен еңбегімді ескеріп, былтыр Республикалық «Үздік кітапханашы» төс-белгісімен марапатталдым. Атқарған қызметімнің, еткен еңбегімнің жемісі деп білемін бұл атақты.

Осы ретте қазір жастар кітап оқиды ма деген сұрақтың тууы заңды сияқты. Әдеби кітаптарға деген сұраныс қан-шалықты?

– Сұрағыңыз орынды. Қазіргі серігіміз смартфон болған заманда кітап арқалап жүрген жастарды көру сирек құбылыс. Дегенмен, оқитын балалар да жоқ емес. Оған кітапхананың қосқан үлесі көп десем артық емес. Біз оқырманға тек керегін тауып берумен шектелмейміз. Әр мемлекеттік мерекелерді, ақын-жазушылардың туған күндерін, айтулы даталарда мәдени іс-шаралар ұйымдастырамыз. Қа-ламгерлердің ғұмырнамасымен таныстырып қана қоймай, шығар-маларын насихаттаймыз. Сондай сәттерде оқушылардың кітапқа оқуға деген қызығушылығы оянып, құштарлығы ашылады. Біз тек білім беріп қана қоймай, жас өрендерді ұқыптылыққа, жауапкершілікке тәрбиелейміз. Айына бір рет сыныптарды аралап, кітаптың тазалығын, түгелдігін тексеріп, жыртылған, бүлінген жерлеріне ескерту жасап отырамыз.

Ғаламторды оңай көре-тін оқырман іздегенін интернеттен түгендейді де, кітапханаға келуін доғарады деген пікірлер де бар...

Дұрыс айтасыз, қазіргі ақпарат қолжетімді заманда керегіңді ғаламтордан іздеу оңай әрі жылдам. Десе де, ондағы мәліметтердің дұрыс-бұрыстығын ешкім тексермейді, біріншіден. Екіншіден, ультра-күлгінді сәулелер бәрібір адам денсаулығына әсер етпей қоймайды. Сондықтан көзбен көріп, қолмен ұстап оқығандай болмайтыны анық. Әрі кітаптағы ақпараттар шынайы. Егер жалған болса, авторына шағымдана аласыз. Дамыған мемлекеттер неге әлі күнге дейін бас тартпай отыр газет-журнал, кітаптардан. Әйтпесе, оларда мүмкіндік те, жағдай да жетеді ғой. Себебі біледі  қағаздың құны ешқашан жоғалмайтындығын. Демек, кітапханаға келушілер азаймайды. Мектепте мұғалімдер оқушыларға интернеттен емес, кітаптан тауып оқып келіңдер деп тапсырма береді көбінесе.  Біз өз тарапымыздан олардың қажеттіліктерін өтеуге әзірміз.  Осылайша шәкірттеріміздің толыққанды білім алуына ықпал етудеміз.

Елбасы Н.Назарбаев биылғы жылды жастарға арнады. Сіздер өз тараптары-ңыздан шәкірттеріңізге қан-дай тағылымды шаралар өткіздіңіздер?

– Оқырмандарымыздың басым көпшілігі оқушылар болған-дықтан тек биыл емес, әр шарамыз жастардың тәрбиесіне арналады. Мектеп ұстаздарымен де, ата-аналармен бірлесе түрлі мерекелік шаралар, жарыстар, тәрбие сағаттарын, елімізге еңбегі сіңген тарихи тұлғалардың, қаламгер-жазушыларымыздың өмірі мен шығармашылығына арнап әдеби кештер ұйымдастырамыз. Еліміздегі болып жатқан түрлі тарихи, саяси оқиғаларға және жас тарды толғантатын мәселелерге байланысты тақырыптарға да тоқталамыз. Кітапханада өткізілген әрбір мәдени шараның мазмұндылығына, тәрбиелік мәніне назар аударып, оқырмандар конференциясы, пікір алмасулар, дебаттар жүргізіледі. Мысалы, «Әкем, анам және мен, отбасымыз оқырман» атты сайысымыз оқушылар жадында ұзақ сақталды. «Мен таңдаған мамандық» атты тәрбие сағатында шәкірттеріміздің болашақ саласын таңдауына ықпал етіп, бағыт-бағдар бердік. Ұлы ақындарымызға арналған поэзия кештерінде өнерпаздарымыз өнерлерін ортаға салып, өздерін барынша жан-жақты көрстетуде. Жас өрендеріміздің бойы на білім нәрін сеуіп, ел болашағын тәрбиелеп шығару әрқайсымыздың міндетіміз деп ойлаймын.

Кәсіби шыңдалған кітапханашы деген кім? Ол қандай қасиеттерге ие болуы керек?

– Кітапханашы – кітап пен оқырман арасындағы алтын көпір іспеттес. Кітапсүйер қауымға керегін тауып беріп қана қоймай, соның мазмұнын, мән-мағынасын түсіндіріп, ұлттық құндылықтарды насихаттауда еңбегі ұшан-теңіз. Оқырманды баурап алар жылы шырайымен қарсы алып, оқу-білімге деген қызығушылығын арттыруда кітапханашының рөлі зор. Осынау жауапты саланың маманы болуы үшін оқырман талабын қанағаттандырып, сан сауалына жауап тауып бере алатын білімді болуы шарт. Кәсіби біліктілікпен қоса, жоғары этика талап етіледі. Оқырманына әдебімен, жүріс-тұрысымен үлгі болуы тиіс. Сонда ғана кітапхана оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, киелі орны болмақ.

Әріптесеріңізге тілегіңіз.

– Әр таңын білімнің қайнар көзі кітаппен ашатын, сол кітаптағы асыл мұраларды оқырмандарға жеткізетін кітап-ханашы мамандығы қарапайым мамандық болып көрінгенімен, асқан жауапкершілікті талап ететін рухани қазына ордасының қызметкерлерін келіп жеткен төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Оқырмандарыңыз озат білімді, ел тұтқасын ұстар азаматтар болсын. Еңбектеріңізге жеміс, толағай табыс, отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық тілеймін.

Әдемі әңгімеңізге рақмет. Сізге де бар жақсылықты тілейміз.

 

Сұхбаттасқан Ж.БОЛАТБЕКҚЫЗЫ.

Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет