Күндер бойынша реттелген элементтер: Сейсенбі, 01 Қазан 2019
Сейсенбі, 01 Қазан 2019 15:19

Кітап – рухани әлем бастауы

Кітап – рухани әлемінің мөлдір бастауы екеніне дау айтатын жан баласы  бола қоймас. Бүгінгі күні ғылыми-техникалық прогресс, электронды ақпарат құралдары, ақпараттың басқа да көздері қаншама көбейгенімен, оны кітаппен ешқашан ауыстыруға болмайды.

Аудандық кітапхана 1934 жылдың 1-қаңтарында шаңырақ көтерген.  Алғаш ашылғандағы кітап қоры 2126 дана еді. 1936 жылы кітап саны 6426 данаға жеткен. Аудандық кітапхана 1936 жылы сол кезеңдегі халықтың «Көзі мен құлағына» айналған. 25 әртүрлі мерзімді газет-журналдарға жазылған. Кітапхананың тұңғыш меңгерушісі – Литвякова Елизавета Васильевна.

Бүгінде 85 жылдық тарихы бар  аудандық кітапхананың  кітап қоры – 52885 данаға жетті, оның ішінде қазақ тілінде – 19499 дана.

Кітап өміріміздің ажырамас серігі. Ол ортақ мұра, халық қазынасы, мәдениет пен руханияттың алтын қоры. Соны қастерлеп ұстап, оқырманға жеткізуші – кітапханашылар. Бәз біреуге бұл іс оңай, қарапайым болып көрінетін шығар. Олай емес, оқырман ойынан шығу керек. Әдебиет, тарихи құжаттық материалдарды іріктеу білім мен біліктілікті талап етеді. Аудандық кітапхана ұжымында қарапайымдылық пен біліктілікті серік етіп, ел алғысын арқалаған еңбек ардагерлері аз болған жоқ. Атап айтсақ: Ибраева Күләш Назарқызы, Аюбаева Яна Ысқаққызы, Шәріпбаева Шолпан Темірқызы, Хамиева Рымжан, Андреева Марина Аркадьевна, Қағазбаева Сәуле Кеңесбекқызы, Бекмағанбетова Сания, Финашутина Валентина Семеновна, Полежаева Нина Ивановна, Тетера Розалия Станиславовна, Ожерельева Людмила Ивановна, Бейсенқұлова Роза Базылбекқызы, Бондарева Тамара Ивановна, Десятова Наталья Алексеевна. Тізе берсең таусылмас еңбектерімен ел мақтанышына бөленген кітапханашылар жұмыс істегенін біз бүгін үлкен мақтанышпен айта аламыз. Олардың бүгінгі ізбасарлары Азизова Сания Ахметқызы, Жандосова Гүлнәр Жұмашқызы кітапхана директоры, Бөгенебаева Бүбүайша Намазқызы, Свининникова Галина Романовна, Саурықова Гүлия Сағатбекқызы, Талипова Ләззат Қанатқызы оқырман алғысын арқалап жүр.

Өмірде өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығын өмір бойы сүйіп өтетін жандар болады, соның бірі - Аюбаева Яна Искаковна. Ол Есік қаласында туып, өскен. 1936 жылы А.Мәлкеев атындағы мектеп-интернатты бітірген соң  Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық институтының кітапхана факультетін оқып бітірді. 40 жылдан астам өмірін кітапхана саласына арнап, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Яна Искаковнаны әріптестері де, кітапхана оқырмандары да жақсы көретін. Кез-келген қиындыққа төтеп бере алатын және де қасиетті қазыналарымызды көзінің қарашығындай сақтап, насихаттап жүрді. Қиын-қыстау кездері (1990-1998 жж) кітапхана ғимараты болмай Яна Искаковна кітап қорын үйде сақтап, «Еңбекшіқазақ» газетінің бұрынғы  ғимаратынан Ахметжанов Хайролла Қасымұлы бір бөлме бөліп беріп, кітапхана сол жерге орналасқан болатын. Өмір жолында кездескен қиындықтарға мойымай, Яна апайымыз адал еңбек етті.

Яна апайымыз ары таза, адал, инабатты, сыпайы, парасатты, байсалды еңбекқор жан еді...

 

Өз тілшіміз.

***

Редакциядан қосымша. Өткен ғасырдың сонау тоқсаныншы жылдары Кеңес одағы ыдырап, өтпелі деген кезеңнен Тәуелсіздікке кірген кездері еліміз қиындықтарды бастан кешіп жатты. Рубль аймағынан шығып, өз валютамыз – теңгенің өмірге келмеген кезінде бюджет салаларының қызметкерлері жалақысыз отырған кезеңде кітапханалар, тіпті мәдениет ошақтары түгелдей қажет болмай қалғандай күн кешкен еді. Дәл сол кезеңде Яна Ысқаққызы басқарып отырған кітапхана ғимараты жекешелендіру  деген науқан «желімен» «ұшып» кеткенде бірнеше мыңдаған кітаптар «баспанасыз» қалғанда сол бағалы рухани құндылықты өмірлік жолдасы Қадыр ағаймен өз тұрағындағы «времянка» деп атап жүрген үйге кіргізіп алған еді. Күндердің күнінде, қазіргі базарға айналып кеткен екі қабатты баспасөз ғимаратына Яна Ысқаққызы келіп редакция орналасқан екінші этажынан кітапханаға бір бөлме сұрады. Қуана-қуана бөлме ғана емес үлкен залды (бұл ғимаратта кезінде аудандық партия комитеті орналасқан болатын) босатып бердік. Кейіннен Абылайхан атындағы мектепке орын жетпей жатқанда редакция да, райсобес, районо деп орысшалап қойған бөлімдер түгел босатып берді ғимаратты мектепке.

Ал Яна апай Аюбаева кітапхана жұмысын ғана емес, жастарды тәрбиелеу ісімен де айналысты сол кезде.

Кітап қоры да Абылайхан атындағы мектеп ұстаздары мен оқушыларына қызмет етуде. Өткен күннен қалған белгі марқұм Яна Ысқаққызы сақтап қалған рухани байлық – кітаптар.

Хайролла Ахметжанов.

 

Published in Мақалалар

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» атты жобасы аясында Тескенсу ауылының 90 жылдық мерейтойына орай футболдан аудандық турнир өткізілді.

Жарысқа 8 команда қатысып, ойын тартысқа толы болды. Нәтижесінде, жеңімпаз командалар анықталып, І-орынды Ашысай командасы, ІІ-орынды Тескенсу командасы, ІІІ-орынды Қазақстан командасы иеленді. Командалар кубок, диплом, сертификат және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Іс-шараның мақсаты – аудан жастарын саламатты өмір-салтын ұстануға шақыру. Жастар арасында достық қарым-қатынас орната отырып, белсенділіктерін арттыру.

 

Жәнібек Болғамбай,

Тескенсу ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі

әдіскер-нұсқаушысы.

Published in Спорт
Сейсенбі, 01 Қазан 2019 15:07

Жайлылық пен бақыт мекені

Еліміздегі үздіксіз білім беруді дамытуда ата-ананың педагогикалық мәдениеттілігін арттыру өте маңызды. Баланы оқыту мен тәрбиелеуде ата-ананы мектептің қоғамдық, салауаттылық, руханилық, тәрбиелік үрдісіне тарту, мектеппен байланысын дамыту – мектеп ұжымының күн тәртібіндегі негізгі мәселесі. Осы орайда елімізде қыркүйек айында «Отбасы – бақыт мекені» айлығы өте орынды ұйымдастырылып келеді. Т.Кенжебаев атындағы орта мектептің мектепалды даярлық тобынан бастап, 1-11 сынып оқушыларының ата-аналарымен «Ұстаз – мектептің жүрегі, ата-ана – мектептің тірегі, ал бала – оның жайқалған бәйтерегі» атты ауқымды байқау-шара өткізілді. 

«Ата-ананың өз өнері»  кезеңінде әр отбасы бірін-бірі қайталамай, көрермендерді өз өнерлерімен таңғалдырды. Мектепалды даярлық тобының ата-аналары қағаздан жасалған қолөнер бұйымдарымен көрерменнің көз жауын алса,  1«А» сынып ата-аналарының 100 пайызы белсене қатысып, «Қара жорға»  биін мың бұрала биледі. Сынып жетекші Алия Ашимова ата-аналар мен балаларды қатыстыра отырып, ертегілерді сахналады. 4 «А» сынып оқушысы Бекнұр Тұрсынбай әжесімен бірге «Ана туралы жырды»  орындап, қошеметке бөленді. Қатысушылар бұл шарада халқымыздың салт-дәстүрін де назардан тыс қалдырмады. 5 «А» сыныбының аналары қыз баланың құлағын тесіп, сырға салу дәстүрін жаңғыртты. Қазіргі таңда жасыратыны жоқ отбасындағы әкелердің бала тәрбиесіне уақыт бөле бермейтіні шындық. Бірақ байқаудың өн бойында мектебіміздің әкелері белсенділік танытты. Бірі би билесе,  енді бірі қоңыр даусымен ән салып, баршаға жақсы көңіл-күй сыйлады. Осындай  тәлімді шараны  ұйымдастырған мектеп ұжымына ата-аналар мен көрермендер алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді. Барша белсене қатысқан ата-аналар арнайы сыйлықтар мен Алғыс хаттармен марапатталды.

 

Г.Абдилдаева,

Т.Кенжебаев атындағы орта

мектептің педагог-психологі.

****

Қоғамдағы отбасылық құндылық-тарды насихаттау мақсатында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен елімізде 14-қырқүйек «Отбасы күні» болып жарияланған болатын.

Отбасы күніне орай Д.Қонаев атындағы орта мектептің директоры Р.Ахметованың қолдауы-мен, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Н.Сейдаметова, Р.Дурсунова, бастауыш сынып  және  дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері бірлесе «Отбасы – бақыт мекені» атты жанұялық-спорттық сайыс ұйымдастырды. Арқан тарту, қаппен секіру сияқты отбасылық бірлікті талап ететін турларда барлық жанұялар намыстарына тырысты. Қызықты да тартысты өткен сайыста жеңімпаздар анықталып, мақтау қағаздарымен мараптталды.

 

Бұлбұл Жікпелова,

бастауыш сынып мұғалімі.

Published in Мақалалар

Күнтiзбе

« Қазан 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет