Бейсенбі, 17 Қыркүйек 2015 11:35

Тәжік баласындай болмағанымыз ба?

Осыдан бірер күн бұрын Есіктегі орталық базарға бас сұқтым. Күнделікті әдетіммен көлік тұрағына беттеп, түскенім сол еді тәжіктің кішкентай баласы қайыр сұрады. Шамасы 8 бен 10 жас аралығында. Бізге беймәлім тілмен бірдеңені шүлдірлетіп жатыр. Ортасында Алла деген сөзін ғана ұқтым. Содан мен де: «Маған қазақ тілінде сөйле. Сосын сұрағаныңды берейін» дедім. Ал ол болса, ләм-мим жоқ, тек басын шұлғи берді. Содан сұраққа тарттым.

– Ұлтың қандай?

– Тәжік – деді зор дауыспен.

– Қазақ тілін білесің бе?

– Иә, – деді.

– Енді неге маған қазақ тілінде сөйлемейсің? дегенім сол еді үнсіз бетіме қарап тұрып алды.

 

Көрдіңіз бе, құрметті оқырман. Күнін әзер көріп жүрген кішкентай тәжік баласының өзі ана тілінде қайыр тілеуде. Тіпті, ақша беремін десеңіз де, мемлекеттік тілде бір ауыз дыбыс шығармады. Ал бізде ше?

Кеңдігімізден бе, әлде рухани кемдігімізден бе нанымызды орысша сатып алып жүрміз. Мектебімізде болашақ жастар бірін-бірі көре қалса «Приветик», апайларымыз «Ой, здравствуй, дорогая» деп бет сүйісетіні тағы бар. Жеті қазақ арасына бір орыс кірсе, тілімізді бұрап шыға келеміз. Тәуелсіздік тұсындағы мұндай масқаралығымызға жол болсын.

Әкім-қаралардың мінберде өз ана тіліне тұтығып жатқанына налимыз. Түбін тесіп жамандап та болдық. Қазір ә десе, жауыр болған әңгіме дейміз. Ал бүгінгі жастарымыз ана тілін қатырып сөйлеп жүр ме? Жарайды, ел ағалары кешегі кеңестің салған қамытынан әлі де босай алмады. Мұндайда «Ауру қалса да әдет қалмайды» деп атам қазақ кесіп айтқан. Ал тәуелсіздік жастарына орыс тілінде сөйлесетіндей не күн туды бастарына? Бәсеке бәсі жоғары қоғамның келешегі – жалынды жастар деп аттандап жүрміз. Осы жерге сауатты ұрпақ деген тіркесті де қосу керек меніңше. Ол қалай дейсіз ғой. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз – өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Бірақ бұл межеден жастарымыз шыға ма? Ол жағы сұрақ. Бір ғана айтарым бар, өз тілін өгейсіткен ұрпақтың болашағы бұлыңғыр.

Ал жарнамалар жайы қалай? Жауабы біреу: «Баяғы жартас – сол жартас». Тіпті базардағыны қойшы, Есіктің іргесінде тұрған Өрікті ауылына кіре-берісіндегі «Өрікті ауылы» деген тақтайшаны қоюға қаржы жоқ аудандық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде. Немесе, «ұсақ-түйекпен» айналысатын бөлім басшысының уақыты тапшы сыңайлы. Себебі,  ауылдың аты өзгергелі де бес жылға жуықтап қалды. Қозғалыс көрінбейді. «Красный емес, Өрікті, Өріктіні кім көріпті?» деп жаздық, осыдан үш-төрт жыл бұрын. Жаманатты болдық. Айтып-айтпай не керек, істің бір қайыры болмай-ақ қойды ғой.

Сол секілді Құлжа ауылындағы тақтайша да «Күлджа» деп тұрғанына жылдан асты. Әкімі болса, «менің құзырымда емес» деп құтылды. Ал тақтайша қатқан орнында қатып тұр. Мұндай сорақылық Түрген округіне де тиесілі. «Турген өз» деген тақтайшасының тұрғанына да біршама уақыт өтті.

Мұндағы мақсатымыз, кекету немесе мұқату емес, тізгін тартқан әкімдер осы назымызды оқыса екен, мемлекеттік тілге құрметпен қараса екен деген ниет. Себебі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің айтуына нансақ, кіріс-шығыс құжат айналымы туралы мәліметтерді жинақтау барысында, уақытылы өткізбей, кедергі туғызатын бөлімдер де кездеседі екен.

 – Ал жарнама, хабарландыру тіліне келетін болсақ, тек Есік қаласы мен Ават, Бәйтерек ауылдық округтерінде орналасқан әлеуметтік нысандарда 81 заң бұзушылық анықталды. Оның көбі – жазылған жарнама тілінің орыс тілінде және стильдік қатеден кеткен тақтайшалар мен афишалар.

Ары бармай-ақ, аудандық емхананың қабырғаларында ілінген көрсеткіштердің басым көпшілігі орыс тілінде. Мемлекеттік тілдің иісі аңқып тұрғаны шамалы, – дейді бөлім басшысы Мұрат Ақаев.

Иә, айта берсек сын көп. Дегенмен, бүгінге осы да жетер. Жазғанымыздан нәтиже шығып, жүйелі жұмыс көрініп жатса, аттандап жариялармыз әлі де. Тек жаңғырығы басқа да ақ жағалылардың жадына жетсе құба-құп. Себебі, Аймауытовша айтсақ: «Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі». Тілегіміз, бәйтерегіміз шөліркемесе екен...

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Оқылды 9998 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…
Сәу 19, 2024

Тазалық – ұлы істердің бастамасы

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет