Сәрсенбі, 15 Шілде 2020 10:01

Президент тапсырмасы орындалуы тиіс

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің таяудағы кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындауға бағытталған шаралар легі қаралды.

 

Коронавируспен күрес рейтингі іске қосылды

Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты елдегі жағдай туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда республика бойынша 61 755 науқас тіркелген. Оның ішінде 25 448 адам ем алуда, 35 911 адам емделіп шық­ты, 396 адам көз жұмды. Тәулігіне 1700-1800 адам COVID-19 вирусын жұқтыруда.

Жағдайды тұрақтандыру үшін өңірлерде жүргізіліп жатқан шаралардың тиімділігінің 17 көрсеткішіне күн сайын мониторинг жүргі­зіледі. Қосымша тағы 4 индикаторды қосу туралы шешім қабылданды, оның 2-еуі БАҚ-пен жұмыс арқылы әлеуметтік ширығуды азайту және тұрғындардың шағымдарын уақтылы қарастыруға арналған. Дәрі-дәрмектің жеткі­лікті болуына мониторинг жүргізу жұмыстары мен медицина ұйымдарының өтінімдеріне Бірыңғай дистрибьютордың жұмысын көр­сететін тағы 2 индикатор бар. Оған қоса ай­мақ әкімдіктерінің жұмысын бағалау рей­тингі әзірленді.

«Рейтингке сәйкес, 1-орынды 2 облыс – Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыс­тары алып отыр, бұл өңірлерде 17 инди­катордың 9-ы бойынша көзделген инди­каторға қол жеткізілді. Рейтингте 2-орын­ды 5 облыс және Шымкент қаласы алды – 8 индикаторға қол жеткізілді, 3-орында – 3 облыс және Алматы қаласы иеленді, мұнда 7 ин­дикатор бойынша көрсеткіштер түзелді. Рей­тингте соңғы орынды Атырау облысы алып отыр, бұл аймақта 17 индикатордың 5-еуі орындалған»,  – деді А. Цой.

«Бүгінде COVID-19-бен күресу жұмыс­тарына 46 мыңнан аса маман тартылған. Өңірлерде эпидемиологтар, инфекционис­тер, анестезиолог-реаниматологтар, пуль­монологтардың жетіспеушілігі байқалады. Министрлік аса сұранысқа ие түлектерді: 88 анестезиологты, 26 инфекционисті, 7 пульмонологты өңірлерге бөлді», – деді А.Цой.

Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін медициналық жоғары оқу орындарының 2084 маманы мен волонтер жұмысқа тартылып, олар эпидемиялық шараларға жұмылдырылды. Сондай-ақ бұл жұмыстарға студенттер де атсалысуда. Коронавируспен күрес шараларына атсалысқан медицина қызметкерлеріне үстемеақы төленеді.

 

Оқушылар қашықтан оқытылғаны жөн

Елімізде вирус жұқтырған 60 мыңнан астам адамның 1700-ден астамы – балалар.

«Білім мекемелерінің оқушыларының арасында респираторлық инфекциямен ауы­рудың маусымдық өсуін және коро­на­вирус инфекциясына байланысты эпидемиялық қолайсыз жағдайды ескере отырып, шағын жинақталған мектептерді қоспағанда, оқу жылының бірінші тоқсанында орта білім беру ұйымдарының барлық сыныптарын қашықтан оқытуды қарастырған жөн деп санаймыз», – деді А.Цой.

Білім және ғылым министрі А.Аймағам­бетов атап өткендей, педагогтер мен оқушы­лардың коронавирус инфекциясы мен жіті респираторлық вирустық инфекцияларды жұқтыру қаупі жоғары. Мәселен, тек ЖРВИ-мен жыл сайын оқушылардың 70%-ына дейін ауырады. Осыған байланысты министр балалар үшін мектептерді ашуға әлі ерте деп, өткен оқу жылының үшінші және төртінші тоқсанындағы тәжірибені қайталауды — қашықтан оқыту форматын жалғастыруды ұсынды. А.Аймағамбетов осы бағыттағы ұсыныстарды тәптіштеп тұрып ортаға салды.

«Бірінші. Шалғайдағы ауылдардағы ша­ғын жинақты мектептерді ескермегенде, 1 қыр­күйекте оқу жылын еліміздің барлық мектеп­терінде 1-11 сыныптар үшін қашықтан оқыту форматында бастау. Екінші. Бастауыш сыныптардың оқушыларының ата-анасының өтініші бойынша тиісті мүмкіндіктерге қарап, қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, кезекші сыныптардың жұмыс іс­теуіне мүмкіндік беру», – деді министр.

Бұл бастауыш сыныптардың оқушыла­рының жас ерекшеліктеріне, өз бетінше білім алу және өзін өзі тәртіпке салу дағдыларының қалыптаса бастауына байланысты. Бірақ мұндай жағдайда мектептерде санитарлық қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілетін болады.

«Балалар тек бір кабинетте оқиды, үзіліс­тері әртүрлі уақытта болады, кіреберісте дене қызуын өлшеуді ұйымдастырамыз, ауа­ны тазарту, кварцтау және ылғалды тазалау режімі күшейтіледі. Әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін оқытуды ауысымдарға және бала саны 10-15 баладан аспайтын шағын топтарға бөлу, мектепте оқыту күндерінің кезегі жасалады. Десек те, бұл балалар үшін пәндердің бір бөлігі қашықтан оқытылады», – деді министр.

Ол шалғайда орналасқан шағын ауылдық мектептерде штаттық форматта оқыту мүм­кін­­дігін ұсынды. Бұл жалпы оқушылар са­ны­ның 4%-ын құрайды. Осы критерийге сәй­кес келетін 1934 мектепте 127 мың бала бар.

Министр қашықтан оқытудың тек жаңа оқу жылының басталуына қатысты шешім екенін атап айтты.

«Бірінші тоқсан аяқталғаннан кейін эпи­де­миялық жағдайдың тұрақталуына бай­ланысты мектептерде кезең-кезеңмен аралас оқыту және штаттық форматта оқыту жүргі­зіледі», деді ол. Үйде оқытудың ең осал топтары – ерекше білім беруді қажет ететін балалар және табысы төмен отбасылардың балалары, бастауыш сыныптардың оқушылары болғандықтан, осы санаттағы балаларға инклюзивті және қолжетімді білім беру қам­тамасыз етіледі.

Оқу жылына әзірлік барысында 35 мың компьютер сатып алынған. Жер­гілікті атқа­рушы органдар мектептерді, мұға­лім­дерді және оқушыларды компьютерлермен және ин­тернетке қосылумен қамтамасыз етуге тиіс.

Төртінші тоқсанның қорытындысы бо­йын­ша педагогтердің және оқушылардың ұсыныстары бойынша Білім және ғылым министрлігі интернет-платформаларды жаң­­ғырту жұмыстарын жүргізді. Бірінші және екінші тоқсандағы пәндер бойынша оқу материалдары дайын. Онлайн-оқыту үшін әкімдіктер әр мектепте стриминг мүм­кіндігі бар интернет-платформаға қосылу мүмкіндігін қамтамасыз етуі керек.

Жаңа оқу жылын колледждер де қашықтан оқыту режімінде бастайды. Дәстүрлі формат жеке кесте бойынша өндірістік оқытуды және кәсіби практиканы ұйымдастыру кезеңінде көбіне бірінші және бітіруші курстардың білім алушылары үшін, сондай-ақ шалғайда орналасқан колледждерде аз контингент болса, санитарлық нормаларды сақтай отырып жүргізіледі.

«Жалпы, жаңа оқу жылына дайындық бойынша іс-шаралар кешенді түрде жалғас­тырылатын болады», – деп түйіндеді министр.

 

Өңдеу өнеркәсібі өрлеп келеді

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Мемлекет басшысының тапсыр­маларын іске асыру жөнінде шаралар әзір­ленгенін айтты. Соның ішінде Мемлекет басшысының экономика салаларын және халықты қолдаудың қосымша шаралар паке­тін қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен іс-қимыл жоспары жасалады. Тікелей инвестиция тартуда тұрақты ортаны қалыптастыру мақсатында стратегиялық инвесторлар үшін шарттарды сақтаудың тұрақтылығын қам­тамасыз ету бойынша заң­намаға қажетті өзге­рістер енгізіліп, Пар­ламент Мәжілісінің қарауына берілді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың мәліметінше, 2020 жылғы І жартыжылдық қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,8%-ға өскен.

«Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша барлық жоспарлы көрсеткішке қол жеткізу жоспарланды. Өңдеу өнеркәсібі салаларында 1,7 трлн теңге сомаға 65-тен аса жоба іске асырылады. Бұл 2025 жылға қарай саладағы импортты 20%-ға қысқартуға мүм­кіндік береді», – деді министр. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары бойынша жалпы құны 3,7 млрд теңгені құрайтын 6 202 инфра­құрылымдық жоба іске асырылуда, ондағы қазақстандық қамту үлесі – 90%.

Сонымен қатар құрылыс материалдарын шығару бойынша 33 жоба іске асырылуда, осының есебінен импорт үлесін 15%-ға азайту және тұрғын үй құрылысындағы отандық құрылыс материалдарының үлесін 90%-ға дейін жеткізу көзделеді. Министрлік құрылыс саласында қазақстандық қамту үлесін ұлғайту бойынша бұдан басқа да нақ­ты шаралар қабылдауда. Осы мақсатта бюджет есебінен қаржыландырылатын жобаларда отандық материалдарды міндетті түрде қолдану бойынша құқықтық база құрылды. Сараптамадан өткен барлық жобаның жиын­тық ресурстық ведомостары енгізілген портал әзірленді.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қымбаттамауы үшін министрліктің ішкі нарықты толықтыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Мәселен, жер мәселелеріне қатысты Президент Әкім­шілігі Қауіпсіздік Кеңесінің талдамалық тобымен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың әлем­дік тәжірибесіне талдау жасалды. Кеңінен талқылауға шығарылатын бірқатар ұсыныс әзірленді. «4 өңірде ғарыштық мониторинг бойынша қанатқақты жоба іске асырылуда, оның жайылымдық алқаптарға қатысты бірінші кезеңі аяқталды, жыртылған жерлер бойынша екінші кезең басталды, жыл соңына дейін аяқталады»,  – деді министр.

 

Экология өзекті бола түсті

Еліміздегі қазіргі экологиялық ахуал туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндағанындай, қазіргі таңда еліміздегі 3,3 мың полигонда 125 млн тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдық жиналған. Жыл сайын 5 млн тонна қосымша ТҚҚ жиналады. Оны өңдеу үлесі 2018 жылы 11,5% болса, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 14,9%-ға өсті. Қайта өңдеу көлемі Маңғыстау, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында жоғары, ал төмен көрсеткіштер Ақмола, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында төмен.

Министрдің айтуынша, жылдар бойы заңсыз қоқыс төгу орындарының көбеюі мәселесінің шешімі табылмай келеді. «Қа­зақстан ғарыш сапары» АҚ ғарыштық мониторинг шеңберінде 11 шілдедегі жағдай бойынша еліміздің барлық өңірінде 7,5 мыңнан астам осындай полигон анықталған. Әкімдіктермен бірлесіп оны жою жоспары әзірленді.

«Жаңа заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына барынша жол бермеу қажет. Бұл үшін қоғамдық рейдтер өткізіп, анықталған фактілерді жұртқа жария етуді ұсынамыз. Алайда осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін жаңа Экологиялық кодексте қоқыс шығаратын көліктерге GPS-датчиктерді міндетті түрде орнату шаралары көзделді», деді М.Мырзағалиев.

Премьер-Министр Мемлекет басшысы қойған міндеттердің барлығы нақты орындалуы тиіс екенін атап айтты. «Әрбір басшы оның іске асырылуына жеке жауапты болады», – деді А.Мамин.

 

42 500 теңге тағы бір айға төленеді

Отырыста қаралған мәселелерді Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады.

«Қатаң карантиндік шектеу шараларының екінші аптасы өтіп жатыр. Аурудың таралу қарқыны тұрақталып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша эпидемиялық ахуалды одан әрі тұрақтандыру үшін елде шектеу шараларын тағы 2 аптаға – 20 шілдеден бастап 2 тамызға дейін ұзарту туралы шешімді қабылдап отырмыз», деген Үкімет басшысы карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырды және орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге каран­тинді одан әрі сақтаудың барлық шараларын іске асыруды тапсырды.

А.Мамин дәрі-дәрмектің қажетті қоры бар екенін, ол үнемі толықтырылып отыратынын атап айтты. Дәрі-дәрмекті дәріхана желілері мен стационарларға нақты бөлу үшін барлық шараларды қамтамасыз ету қажет.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шектеу шаралары кезеңінде табысынан айырылуға байланысты берілетін әлеуметтік жәрдемақыны – ең төменгі жалақы мөлшеріндегі 42 500 теңгені бір айға төлеу туралы шешім қабылдап отырмыз. Төлем карантин шараларының күшейтілуіне байланысты жұмысы шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлер мен өзін өзі жұмыспен қамтығандардың өтінімі негізінде жүргізіледі», – деді А.Мамин.

Үкімет басшысы төтенше жағдай кезін­дегідей, азаматтардың жекелеген санаттарына (1 миллионнан астам адам) азық-түлік өнімдерін алуға ақшалай көмек беруді жалғастыруды, үшінші тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек та­ғайындауды қолда бар деректер негізінде (128 мыңға жуық отбасы) алдын ала жүргізуді, сон­дай-ақ мүгедектігін қайта куәландыру мерзімі каран­тин кезеңіне тап келген адамдардың (шамамен 30 мың адам) мүгедектігін үш айға автоматты түрде ұзартуды тапсырды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыны­сы бойынша тиісті министрліктер мен әкім­­діктерге жаңа оқу жылының бірінші тоқса­нында орта білім беру ұйымдарының қашықтан оқытуға дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды. Әлеуметтік-экономикалық ахуал нашарлаған жағдайда халық пен биз­несті қолдау бойынша қосымша іс-қимыл жоспары дайындалатын болды. Бюджет қара­жатын тиімді жұмсап, инфляцияны 8-8,5% дең­гейінде ұстау үшін ақша-несие сая­сатын жүргізу керектігі аталды.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі осы аптаның соңына дейін Жер реформасы жөнін­дегі комиссияны құру туралы шешім жоба­­сын енгізуге тиіс. Комиссия жер ресурстарын одан әрі пайдалану бойынша нақты ұсы­ныстар дайын­дауы қажет», – деді Премьер-Министр.

Отырыс барысында Премьер-Министр тарапынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, тауарларды сатып алу және құрылыс жұмыстарын жүр­гізу кезінде жергілікті қамту үлесін ұлғайту, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің жобаларын іске асыруды кеңейту туралы тапсырма берілді.

Дереккөз: egemen.kz 

Оқылды 2489 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Үндеуге қолдау! Президент тапсырмасы орындалуы тиіс »

Соңғы жаңалықтар

Нау 29, 2024

Көктерек қашан «ауыл» болады?

Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт…
Нау 29, 2024

Аудан әкімі тағайындалды

Кеше аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХІХ сессиясында аудан әкімі лауазымынаТалғат…
Нау 29, 2024

Межелер пысықталып, жоспарлар…

Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы…
Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет