Дүйсенбі, 23 Қараша 2020 10:57

Әкем салған сара жол

Әкем салған сара жол

Алпыстан жасым асса да,

Әкешім естен кетпейді.

Бақилық болып кетсе де,

Ұстазымның қадірі өшпейді.

 Таутүрген ауылының, Алатау  тауының  етегінде тігілген қазақ үйден  жаңа туған нәрестенің дауысы естіледі...

Тәубә, тәубә қылдым! Жалғызымның оты жанып, ұрпағым жалғасты деген осы! Сақалын жуған жас тамшыларынан Жапар атаның қуаныш сезімдері сезіледі. Күбірлеген сөздері тау жаңғырығының соңына ұласты. Етегіне ораған немересінің құлағына есімің «Сәрсен, Сәрсен, Сәрсен!» деп үш рет айқайлады. Бұл 1922 жылдың көктемі еді...

Қуаныш көпке созылмады. Аяқасты келген аурудан әкесі Әбдіхалық дүние салып, «Ағасы өлсе, інісі мұра» демекші, қайныларына қоспақшы болған анасы Әлтай, құндақтаулы Сәрсенді мұздап қалмасын дегендей, қорадағы қойлардың арасына тастап төркініне қашып кетеді.

Ертемен келінін жоғалтып, немересін қойлардың арасында жылап жатқан жерінен тауып алған Жапар ата баласынан қалған жалғыз тұяғын бауырына салады. Өсіп қалған немересін мен өлсем күні не болады деп ойлады ма: «Сәрсен оқы, білім ал, ауданға бар, бара ғой» деп жалғыз аяқ жолға салып жібереді.

Еңірегенде етегі толып, күңіренгенде қара жер қайысып, 9-10 жасар бала Сәрсен ауылдан жеті шақырым Түрген ауылына келіп жетеді. 1932-33 жылғы ашаршылыққа тап келген баланы қайырымды кісілер балалар үйіне өткізеді.

Орыс тілін түсінбесе де Иван атты дос тауып, өмір мен білімге құштар Сәрсен орысша жылдам үйреніп, сабаққа алғыр болып өседі. Балалар үйінен қашып келіп, (Жапар атасы түсінен шықпай қояды) атасының құшағында жатқан Сәрсенді көршілері оятады. Құшағында қайтыс болған атасын бақилық сапарға аттандырған ол, балалар үйіне түпкілікті орнығады.

Ұлы Отан соғысы басталғанда, Есік қаласындағы мұғалімдер дайындайтын училищеге түскен 19 жасар бозбала шағы еді. Жетімдіктің тауқыметін тартқан Сәрсен өзі сұранып елін қорғауға аттанады. Үш рет жараланған майдангер 1945 жылғы 9 мамырда Мәскеу қызыл алаңында өткен «Жеңіс» шеруінде мотоциклмен жүріп өтеді. Кеудесіне көптеген медаль, ордендерді таққан жігіт аман-есен еліне оралады.

Училищедегі оқуын аяқтап, кіндік қаны тамған Таутүрген ауылындағы ең алғашқы мектептің іргетасын қалап, ашылуына ұйытқы болады. Абай атындағы қазақ ұлттық университетінің тіл, әдебиет факультетін аяқтап, ауыл мектебінде қарапайым мұғалімдіктен бастап, 25 жыл мектептің басшылық қызметін атқарады.

40 жыл  мектепте ұстаздық еткен әкем Ұлы Отан соғысының ардагері, «ҚР халық ағарту ісінің озаты» төсбелгісімен марапатталып, «Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы» атағына ие болған жан. 27 жасынан бастап Түрген селолық округінде депутат боп сайланып, ауыл балаларының әсіресе,  қойшылардың балаларын интернатқа орналастыру үшін қосқан үлесі мол.

Адамның үш ісі оның абыройын асырады: бірінші – қуаң далада қазылған құдық, екінші – өзенге салынған көпір және үшіншісі жол бойына егілген ағаш.

Сол секілді әкем тау бөктеріне «Алматының апортын» егуге әрі ауыл тұрғындарының ауыз су мәселесін шешуге атсалысып, ұстаздықты қатар алып  жүрді.

Әкемнің жолын қуған маған: – Қызым, ең бірінші алдыңдағы балаларды жақсы көр, біліміңді жасартып, үнемі ізденіс үстінде бол! Өнерді бар қалпыңмен сүй, өнерді сүйген жан кешірімді болады, – деп өмірден түйгенін айтып отыратын.

Әкемнің халқына, дастарқанға берген батасы, салған суреттері мен суырып-салма ақындығы көпшіліктің көңілінен шығатын. Соның бірі «Таутүрген менің ауылым» тақырыбындағы төмендегі өлең жолдары:

Жерің жайлы, Таутүрген, таза ауаң,

Қоныс еткен ертеден ата-бабам.

Тамашалап өзіңе қызығады,

Басқа жақтан біздерге келген адам.

 

Тауларың бар тізілген – екі қаптал,

Кіре-беріс ауылға  ашық қақпа.

Сарқырап таудан ағып Түрген жатыр,

Ақбасты Алатауым түстік жақта.

 

Тартылған Асы жаққа сан тарам жол,

Өтеді ойлы-қырлы белдерден ол.

Тамаша жайлау жақты көрем десең,

Ағайын, жолға шық та, жолаушы бол.

 

Шомылған мөлдір суға балаларым,

Гүлге қонып, бал жиған араларым.

Беткейі Алатаудың байлық толы.

Бөленген бау-бақшаға далаларым.

 

Ауылым келін алып, қыз ұзатқан,

Той жасап, ат шаптырып, көкпар тартқан,

Халқымның қалыптасқан дәстүрімен,

Ақынға той бастаған шапан жапқан.

 

Туған жерім – Таутүрген, өскен елім!

Бар байлығын табиғат берген тегін.

Шөбі шүйгін, суы бал, жемісі мол,

Дәмі кетпес аузыңнан теріп жегін!

 

Таутүрген – менің ауылым,

Ағайын, туған, бауырым!

 

«Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы», – демекші, білім нәрімен сусындатып, дәріс алған оқушылары жан-жақта әртүрлі мамандық иелері болып, бір-бір ауыл-аймақтың ақыл айтар ақсақалдары атанып, немере-шөбере сүйген жандар.Халқым деп өмір сүрген абыз ақсақал Сәрсен Әбдіхалықовты ел-жұрты жоғары бағалап, құрмет тұтады.

«Алтын кездік, қап түбінде жатпас» – деп халық даналығында айтқандай, ашаршылықты, алапат соғысты басынан кешірген, Тәуелсіздік тұғырының мықты болуына тілекші болған әкемді «Ұлы даланың ұстазы» деп зор мақтанышпен айта аламын.

Гүлнар Сәрсенқызы АНАРҚҰЛОВА,

Таутүрген орталау

мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Оқылды 1272 рет

Соңғы жаңалықтар

Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Тустукбаев Бағлан Ахихатұлы, 1989 жылы 7 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Әділхан Азамат Әділханұлы, 1993 жылы 11 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келдім.…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы …

Мен Тойғанбеков Бақберген Бауыржанұлы 1988 жылы 21 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет