Ұстаз – ұлы тұлға. Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындататын да, оң-солын танытып, тәлім-тәрбие беретін де – ұстаз. Яғни елдің қарыштап алға дамуы мен кемшін қалуы осы мамандық иесіне тікелей байланысты десек, артық айтқандық емес. Осынау үлкен жауапкершілікті жан-тәнімен түсінген, өз ісіне адал, білікті мамандардың бірқатарын аудан әкімі Қ.Қашқымбаев мереке күні марапаттады.
Сөзін халқымыздың біртуар батыры Бауыржан Момышұлының «...Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деп бастаған Қуанышбек Қалиұлы педагогтердің қоғамдағы және, жалпы, елдің дамуындағы роліне тоқталып өтті. Сондай-ақ «Ауданымызда да мұғалімдерге деген қамқорлық ерекше. Аудан бюджетінің 70 пайызға жуығы білім саласын дамытуға бөлінуде», – деген әкім өскелең ұрпақтың алаңсыз білім алуына бізде де барлық жағдай жасалып, мектептерді материалдық-техникалық жан-жақты жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қуанышбек Қалиұлы мұғалімдердің қызметіне табыс, отбасына құт-береке тілеп, мерекелік "Құрмет грамотасымен" марапттады. Кештің сәнін кіргізіп, ауданымыздың өнерпаздары ән-күйден шашу шашты.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ