Күндер бойынша реттелген элементтер: Сейсенбі, 26 Мамыр 2020
Сейсенбі, 26 Мамыр 2020 09:19

Қара жерді қалай пайдаланамыз?

Жаратқан Иеміз қазақ халқын жерден кенде қылған жоқ. Әрі жерінің асты мен үстін бірдей байлыққа толтырып, бір шетінен екінші шетіне ұшса құстың қанаты талатын ұлан-байтақ аумақты нәсіп етті. Жерінің талай пұшпағы өзгенің қанжығасында кетсе де әлем бойынша тоғызыншы орын алатын территорияға ие болғанымыз Тәңірдің ерекше сыйы. Бірақ осынша аумақты иелену бар да, оны игеру деген бар. Яғни, барын пайдаға жаратып, иелігіндегі жерден халықтың тиісті несібесін теріп жеуі өз алдына бір мәселе. Бұл мәселе тек біздің ғана емес, ежелгі заманнан бері бүкіл әлемді толғандырып келеді. Әсіресе, жермен байланысты егіншілік кәсібінің пайда болуы оның нарқын асыра түсті. Біздің қарастыратынымыз да осы егіншілікке байланысты болмақ.

Қазақ неге егін екпейді?

Біз алпауыт компаниялар мен жер иеленушілерді (миллиондаған гектар алқапты меншігіне алғандарды осылай демеске лаж жоқ) айтып отырған жоқпыз. Ауылдағы қарапайым халық неге егін екпейді? Соны сөз етпекпіз. Алысқа бармалық, Алматы маңындағы ауылдардың шетінде бос қалатын жерлер көп. Бәрінің иесі бар, әрине. Бірақ соны егінмен жайқалтатындар аз. Неге?

Біз ауыл тұрғындарынан арнайы сауалнама жүргізіп білгеніміз төмендегі бірнеше себеп.

Біріншіден, аз жерге еккен егін еңбекті ақтамайды. Жанармай қымбат, егін түрінің сапалы тұқымы тіптен қымбат, оған суды қосыңыз. Су демекші, біздегі су қоймалары жекешеленіп кеткен. Жаз бойы егіншілер суға кезекке тұрып, суғаруға қажетті судың әр кубын 28 тиыннан сатып алуға мәжбүр. Бұл баға әр жерде әр түрлі. Одан да қымбат болуы ықтимал жерлер көп. 28 тиыннан алдыңыз дегеннің өзінде бір гектарға жүгері ексеңіз, жаз бойы 15-20 мың теңгеңіз тек суға кетеді. Суды көп қажет ететін дақыл болса онда тіптен қиын.

Екіншіден, ауылдың көп тұрғыны жаз бойы егін егіп, машақаттанғанымен, күзде сата алмайды. Бізде егінді сату мәселесі өте күрделі процесс.Әсіресе, бірер гектар жерге егін еккендер үшін.

Үшіншіден, аз жерге еккен егін үшін субсидия алу да машақатты жұмыс. Шындығында, мемлекеттің берер субсидиясының түрі көп. Соны қалай алу керек? Ауыл тұғындарының басым бөлігі одан бейхабар. Машақатынан қашады. Керек десеңіз, мемлекетке сенбейді. Субсидияны тек әкімшілікте байланысы барлар алады деп ойлайды. Бізді құртып отырған осы бойкүйездік пен сенбестік.

Сосын... сосын баяғы жалқаулық. Иә, сіз ауылға барыңыз да, егіндік алқаптарын аралаңыз. Тусырап жатқан жерлер көп-ақ. Иесі бар, ол не өзі істетпейді, не істейін деген адамға бермейді.

Әлемде азық-түлік бағасы жыл         сайын өсіп келеді. Біздегідей бір гектар жер түгіл, бір сотық жерге қол жеткізсе, өзін байлардың санатына қосатын елдер бар. Қытайда бір гектар жеріңіз болса, онда бір отбасы тірліктің ауыртпалығынан құтылады. Қалай? Оны тиімді пайдалану арқылы. Себебі, оларда егінге сұраныс жоғары. Не ексе де, тез сатылады. Біздің елде соңғы жылдары елге базарда сұраныс бар егін егуге ынталандырып келеді. Біз енді соны сөз етпекпіз.

 

Мемлекет не істеп жатыр?

Бүгінде мемлекет тарапынан егістік, шабындық, жайылым жерлерді цифрландыру қолға алынып отыр. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назабаев өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «...Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда, қазір ол жеткіліксіз. ...Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс. Ол ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайда бейімдеумен айналысуы қажет», – деген болатын. Осы Жолдаудан соң Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығының бірінші вице-министрі А.К.Евниевтің 2018 жылдың 1 ақпанындағы №4-5/13 хаттамасы негізінде жеке жер иеліктерін «Электрондық карта» жүйесіне көшіре бастады.

Бұл бастаманың пайдасы мол.

Ең біріншіден, қағазбастылықтан арыласыз. Яғни, бұрынғыдай том-том қағаз жинап, папка тігіп әуреленбейсіз. Сонымен қоса құ-жаттарды жоғалту, бүлдіру секілді проблемалардан құтыласыз. Ең бастысы, жеріңіз туралы ақпаратты сенімді жерге сақтайсыз әрі әлемнің кез-келген түпкірінен бақылай аласыз. Тек интернет пен компьютеріңіз болса болғаны. Тіптен қолыңыздағы смартфоныңызды да пайдалануға болады.

Екіншіден, үйде отырып-ақ құжатта-рыңызды рәсімдей аласыз. Бұрынғыдай жол жүріп шаршамайсыз, кезек күтіп әуре болмайсыз. Жүйкеңізді жұқартып, ақшаңызды шығындамайсыз. Тек бір-екі кнопканы басып-ақ өзіңізге қажетті функцияны орындай аласыз.

Үшіншіден, уақытыңызды үнемдейсіз. Бұрынғыдай жеріңізге қатысты бір апта немесе одан да көп уақыт алатын шаруаларыңызды жылдам бітіре аласыз.

Төртіншіден, жемқорлыққа жол бермейсіз. Бұрынғыдай жұмыс бітіру үшін делдалдар мен қызметкерлерге пара беріп, артынан жүгірмейсіз. Бар жұмысты тікелей өзіңіз орындай аласыз.

Бұдан бөлек, егіншілерге мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар бар.

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласын  дамыту үшін субсидия берудің елуден астам түрі қарастырылған. Оның ішіне өсімдік шаруашылығына байланысты берілетін субсидиялар да кіреді. Өсімдік шаруашылығын субсидиялау да бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге қажетті жанар-жағармай және басқа да тауарлар мен материалдар бағасын арзандатуға, көп жылдық жеміс-жидек екпелері мен жүзімді отырғызуға және өсіруге кеткен шығындардың құнын ішінара өтеуге, шитті мақтаның сапасын және мақтаны қайта өңдейтін ұйымдар қабылдау кезінде шитті мақтаның сапасын сараптауға кеткен шығындарды мақта иелеріне толық өтеуге, тыңайтқыштардың бағасын (органикалықты қоспағанда) және ауылшаруашылығы дақылдарын отандық өндірушілер өндірген гербицидтермен өңдеуге жұмсалған шығындардың құнын арзандатуға және тұқым шаруашылығын дамытуға арналған субсидиялар бар.

Сіз енді ойлай беріңіз, мемлекет тарапынан жасалған жағдайды неге пайдаланбайсыз? Иә, мен егін ектім дегеннің бәріне ақша үлестірмейді. Нақты құжаттық, сараптамалық тексеруден өтесіз. Онсыз болмайды. Дегенмен, ел алғанды Сіз неге алмайсыз. Бір гектарға соя бұршағын егіп, оған кеткен жалпы шығынның кем дегенде 40 пайызын мемлекеттен қайтарып алуға мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін қағазбастылықты сылтауратпай, құжат жасаудан ерінбеңіз. Елге ортақ игілікті тиімді пайдаланып үйрену керек.

Бұл туралы Еңбекшіқазақ ауданының ауыл шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары М.Тәшкенбай: «Егер жер өңдеп, егін салатын болсаңыз көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде мемлекет сізді арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, тұқым сатып алу кезінде шығыныңыздың 30-70%-ын қайтарып ала аласыз. Яғни, сіз тұқымға 600 теңге жұмсасаңыз, мемлекет сізге оның 371 теңгесін қайтарып береді. Оның ішіне жеміс ағаштарының көшеттері де кіреді. Одан басқа өсімдік шаруашылығына басқа субсидия түрлері бар», – деген болатын.

Өз болашағын ойлаған диқандар еккен өнімдерін сақтандыру мүмкіндіктері де бар. Егер табиғи апаттар мен басқа да себептерден өнім ала алмай қалған жағдайда сақтандырған жерінің шығынын өндіріп алуына болады. Ол үшін сақтандыру компанияларымен шартқа отыру тиіс. Сақтандыру сомасы ретінде жүгерінің бір гектары 611 теңге болып белгіленген.

Қорыта келгенде, бүгінгі күні егін егуге ниеттенген кез келген азаматқа мемлекеттен көрсетілетін көмегі аз емес. Тек ерінбей еңбек етіп, қиындықтан қашпаған диқандар өз еңбегінің жемісін жеп, бейнетінің зейнетін көруге мүмкіндігі мол. Көрші мемлекеттерде импортталып келген сапасы күмәнді өнімдерді тұтынғаннан, өз қолыңмен өсірген өнімді пайдалану әлдеқайда артық. Есесіне өзің еккен өнімнің дәмі мен сапасы да олардан асып түсері айдан анық. Келешек ұрпағыңның дені сау болуы үшін де таза өнімнің маңызы зор. Демек егін шаруашылығын дамытпай басқа елдерден асып түсеміз дегеніміз ақымақтың ісі болмақ.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Published in Мақалалар

Алматы облысында 179 адам коронавирус инфекциясынан айықты. Бұл туралы «JETISÝ MEDIA» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында белгілі болды.

Аты жаман ауруға шалдыққандар саны облыс бойынша 288 адамды құрап отыр. Жұқпалы аурулар ауруханасында 97 адам ем-дом қабылдауда. Олардың 13-і үйдегі карантинге жабылған.

«Өңірдегі індет жұқтырғандар санының өсуі халықтың карантиндік сақтық шараларын сақтамауымен тығыз байланысты»,- дейді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.

Облыста аталған кеселді анықтайтын 6 бірдей зертхана жұмыс жасайды. Тәулігіне 2,5 мың адамнан сынама алынады. Жақын арада 7-ші «Олимп» талдау мекемесі өз жұмысын бастайды. Аталмыш, зертхана іске қосылса онда тәулігіне алынатын талдаудың саны 3 мыңға жетеді деп күтілуде.

Бүгінгі күні коронавирус инфекциясына шалдыққандағы өсу көрсеткіші 4,6 %-ды құрап отыр. Ал, аталған көрсеткіш 7%-ға жеткен уақытта облыс орталығын карантинге жабу қауіпі туындайды.

Сондай-ақ, Бауыржан Ербозымұлы карантин шараларын жеңілдету Талдықорған қаласы мен Кеген, Талғар аудандарына қатысты емес екендігін атап өтті.

Аймақтың бас дәрігері әлі де болса вирустың жойылмағанын алға тартуда. Сондықтан барша халықты сақтық шараларын бұлжытпай ұстануға шақырады. Еске сала кету керек, облыста коронавирустан көз жұмғандар тіркелген жоқ.

Анар САБЫРОВА

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет