Күндер бойынша реттелген элементтер: Сенбі, 04 Сәуір 2020

Қорғаныс министрлігінде ҚР Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру мәселелері жөніндегі Call-орталығы өз жұмысын бастады.

Қазақстан Республикасының азаматтары әскери міндеттілерді шақырумен байланысты мәселелер бойынша ақпараттық және консультациялық көмекті 8 (7172) 72-15-11 нөмірі арқылы ала алады.
Call-орталық жұмыс күндері сағат таңғы 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді.

Дереккөз: www.gov.kz

Published in Санаты жоқ

3 сәуірде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов телефон арқылы сөйлесті.
Әңгімелесу барысында Елбасы өңірде болып жатқан оң өзгерістерден хабардар екенін айтты. Ең алдымен Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бағытындағы жүргізіліп жатқан жұмыстарды сұрап білді. Облыс басшысы дер кезінде қабылданған шаралар вирустың таралуын тоқтатуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Мұнда жұмыстар «Nur Otan» партиясымен бірлесіп атқарылуда. Волонтерлар «Біз біргеміз» акциясының аясында аурудың алдын алуға елеулі үлес қосып келеді.
Елбасы көктемгі дала жұмыстарының дайындығына ерекше тоқталды. Бұл ретте Жетісу өңірінің ауыл шаруашылығы саласында көшбасшы аймақ екенін де еске салды.
«Биылғы жылы 1 миллион гектарға жуық егіс алқабы игеріледі. Яғни өткен жылмен салыстырғанда алқап көлемі 5 мың гектарға ұлғайтылды. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес біз қант қызылшасының бұрынғы даңқын қайта көтердік. Осы дақылдың егістік алқабы биылғы жылы 16 мың гектарға жеткізіледі, бұл облыстың екі қант зауытының шикізатқа деген сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі.
Әңгімелесу барысында елдегі төтенше жағдай кезінде халықты жұмыспен қамту шараларына ерекше көңіл бөлінді. Бұл орайда Амандық Баталов Алматы қаласында карантин енгізілуіне байланысты қазіргі кезде облыс аумағында қалған шағын және орта бизнес саласынан жұмыстан шығып қалған азаматтардың мәселесін шешу ісіне жіті тоқталды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты қолдауға бағытталған игі шешімдер қабылдады. Алматы облысының басқару органдарының жүйелі жұмысының арқасында және мемлекеттік сараптама қорытындылары бар жобалық-сметалық құжаттардың дер кезінде дайын болуының нәтижесінде біз республикалық бюджеттен 109,2 миллиард теңге алдық. Бұл 22,8 мың жұмыс орнының құрылуымен 977 жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осы соманың 58,9 млрд. теңгесі немесе 54%-і әлеуметтік-мәдени саланың 429 жобасын жүзеге асыруға бағытталады.
Мұның бәрі сіздің Ұлттық әл-ауқат қорын құру туралы дер кезінде қабылдаған салиқалы шешіміңіздің арқасында мүмкін болып отыр», - деді Амандық Баталов.
Бұл ретте Елбасы Қор құру туралы шешім қабылданған жылдарда бұл бастамаға қарсы болғандар да болғанын еске түсірді. «Мен алдағы күндерде бізге ауқымды қаражат қажет болатын қиындықтар туып қалуы мүмкін екендігін білдім. Осымен бірнеше рет біз Ұлттық әл-ауқат қорын қолдану арқылы ауыр сынақтардан шығудың жолын таптық», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Амандық Баталов та тоқсаныншы жылдардағы жағдайларды еске алды. Ол кезде А. Баталов Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі болатын. Осы ауданның тұрғындарымен кездесуге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келген еді.
«Халықпен кездесуде айтқан сөздеріңіз әлі күнге есімде. Сонда сіз сәл шыдай тұру керектігін, экономиканы аяғынан тұрғызуға барлық жағдайды жасап жатқанымызды айттыңыз. Сол айтылғандардың барлығы да орындалды. Сіздің басшылығыңызбен еліміз экономикада елеулі табыстарға қол жеткізді, әлемдік қауымдастықта беделге ие болды. Бүгінгі орын алған жағдайларды ескерсек, бұл қиындықты да лайықты еңсеретінімізге сенемін», - деді Амандық Баталов.
Облыс әкімімен әңгімелесуі барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбев Талдықорғаннан Үшаралға баратын жолдың құрылысы жайлы сұрады. Амандық Баталовтың айтуынша, мердігерлер биылғы жылы жаңа автомагистраль жолын ашуды жоспарлап отыр, ал қалған жұмыстар келесі жылы аяқталады. Сол сияқты Үшарал – Достық жолының жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын, бұл жұмыстардың биылғы жылы аяқталатынын да айтты. Ақши ауылына апаратын 70 шақырымдық жолды қамтитын бірінші кезең аяқталуда, ал екінші бөлігі биыл басталады. Бұл Жетісудың жақұты саналатын Алакөл көліне қазақстандықтардың және шетелдік туристердің қиындықсыз жетуіне жағдай туғызады.
Сонымен бірге облыс әкімі Елбасыға өңірдегі алма бақтарын дамыту жайлы да баяндады. Қазіргі кезде өңірде 24 мыңнан астам алма бағы бар, олардың басым бөлігінде тамшылатып суару әдісі қолданылады. Елбасы апортқа қатысты сауал қойды. Амандық Баталовтың айтуынша, өңірде алманың бұл сорты 2 мың гектарға егілген.
«Біздің алмаларда Іле Алатауының иісі бар, ол әсіресе Араб елдерінде ерекше сұранысқа ие. Бізге Премьер-Министр Асқар Мамин келгенде өнімдерімізді және оларда қолданылатын технологияны көріп, таңданды», - деді облыс әкімі.
Облыс орталығы Талдықорған қаласының қазіргі даму жағдайы да әңгімеге арқау болды. Елбасы қалаға келіп, халықпен кездескісі келетінін айтты.
«Екі мыңыншы жылдардың басында қала халқының саны 97 мыңдай болғанын және олардың көпшілігі басқа жаққа көшкісі келгенін сізге баяндаған едім. Қазіргі кезде мұндағы халықтың саны екі есеге өсіп, 180 мыңнан асты. Сіздің қолдауыңыздың арқасында біз көптеген әлеуметтік маңызды жобаларды іске асырдық. Биылғы жылы 280 орындық студенттер жатақханасының құрылысын аяқтаймыз, Олимпиадалық бассейн салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сіздің «Нұрлы жол» бағдарламаңызбен көп балалы отбасыларға коттедж үйлерді пайдалануға бергенімізде азаматтардың көпшілігі сіздің атыңызға, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына алғыстарын білдірді», - деді облыс әкімі.
Телефон арқылы әңгімелесу соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жемісті еңбектері үшін өңір халқына ризашылығын білдірді. Ол біздің барлық күшіміз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындаудың маңайына шоғырландырылуы тиістігін атап өтті. «Тек біздің ынтымағымыз бен бірлігіміз ғана қазіргі қиындықтарды еңсеруге көмектеді», - деді сөзінің қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев.

Анар Сабырова

Published in Санаты жоқ

Қазақстандық ғалымдар COVID-19 коронавирус инфекциясын анықтайтын екі тест жасап шығарды, деп хабарлайды Хабар 24.

Отандық өнім шетелдік тестпен салыстырғанда дәлдігі жағынан жоғары және адам ағзасындағы қауіпті инфекция туралы мәліметті небәрі 5 сағатта анықтап береді. Қазіргі кезде адамзат үшін өте маңызды тест аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының Орталық референц-зертханасында жасалған.

Мына пакеттердің ішінде реагенті бар кішкентай құтылар жатыр. Ғылыми аты қарапайым көрерменге аса таныс болмағанымен, пайдасы мол. Бұл тест дәріханаларда сатылатын өзге тестерге де ұқсамайды. Тынымсыз еңбектің арқасында отандық биотехнологтар үлкен табысқа қол жеткізіп отыр.

«Бұл тест бүгінде регистрацияға берілді. Оны да болашақта қолданысқа береміз деп отырмыз. Бізде ресейлік бар, европалық тест бар, Қытай Республикасынан келген тестер бар. Біздің тест олардан, өзінің сезімталдылығы жағынан бірдей. Бізге жаңағы материал түскен кезде біз осыны 5-6 сағаттың ішінде дәлелдеп оның жаңағы оң нәтиже, теріс нәтиже екені туралы қорытындымызды бере аламыз», - дейді М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ҰҒО бас директоры Тоқтасын Ерубаев.

Шын мәнінде елімізде қазір екі тест жүйесі бар. Қазақстандық ғалымдардың екі тобы бір мезгілде тест жасауды қолға алған болатын. Олар зерттеу жұмыстарына қаңтар айында, елімізде коронавирус инфекциясы тіркелмей тұрып-ақ кіріскен. Денсаулық сақтау, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің биотехнологтары екі зертханада, бірақ бір ғимараттың ішінде жұмыс істейді.

Айта кетерлігі, Орталық референц-зертхананы американың құпия зертханасы деп шатасып жүргендер бар екен.

«Ол сөздер еш жерде дәлелденбеген. Бұл Орталық референттік лаборатория. Тек қана Қазақстанның мамандары жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін 20 жылдың бірінші қаңтарынан бастап мынау финанстың барлығы Қазақстан үкіметі толық бөлген. Басында америкалық мамандар инженер дайындауға, маман дайындауға өздерінің көмегінің көрсетті. Бүгінде біздің өзіміздің инженер мамандарымыз жаңағы ғалымдарымыз, вирусолог мамандарымыз, бактериолог мамандарымыздың бәрі дайын», дейді Тоқтасын Ерубаев.

Орталықтың негізгі міндеті Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазіргі таңда Ұлттық ғылыми орталық обаға қарсы вакцина шығарады. Бұдан өзге 41 диаогностикалық препарат жасайды. Олардың көмегімен адамзат үшін өте қаупті түйнеме, тырысқақ секілді ауруларды анықтауға болады.

«Қазақстандағы аса қауіпті аурулардың зеттеулері осында жүргізіледі. Бұл – үлкен ғылыми орталық. Мұндай лаборатория Орталық Азияда жоқ. Бұның өзінің үшінші реттіктегі биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз. Бұл лабораторияның Қазақстан үшін үлесі үлкен. Себебі біз негізінен ҚР территориясының 40 пайызы мына аса қауіпті аурулардың таралуы табиғатта бар. Сондықтан оның бәрін зерттеуді осы жерде жүргіземіз», - деп атап өтті аса қауіпті инфекциялар ҰҒО бас директоры.

Коронавирус инфекциясы тараған сәттен бастап әлемдік ғалымдар вакцина жасаудың жолын іздестіруде. Вакцина мәселесі қазақстандық ғалымдарды да алаңдатып отыр.

«COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина жасауға тек қана бір мемлекет емес, әлемдік қауымдастық көңіл бөліп отыр. Сол себепті тұтас консорциумдар құрылып, әр сала бойынша зерттеу жүргізіп жатыр. Біраз уақыт бұрын Ұлттық биотехнологиялар және аса қауіпті инфекциялардың Ұлттық ғылыми орталығы үкіметке отандық вакцинаны жасап, өндіріске беру туралы ұсыныс жасадық», - дейді «Ұлттық биотехнологиялар орталығы» АФ директорының орынбасары Юрий Скиба.

Әрине, коронавирусқа қарсы дәрі немесе вакцина шығару тест жасаумен салыстырғанда қиын. Оған бірнеше жыл кетуі мүмкін. Кісідегінің кілті аспанда дейді. Эпидемия қайталанатын болса, вакцинаны елге жеткізгенше де біраз уақыт кетеді. Сондықтан отандық вакцинаның болуы өте маңызды. Ал біздің ғалымдар жасаған тест екі айдан кейін диагностикалық зертханаларға жеткізіледі деген болжам бар.

Мінеки, Орталық референц-зертхана қазақстандықтардың биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды зерттеулермен айналысуда. Әрине стратегиялық нысан болғандықтан екінің бірі кіре алмайды. Биік қоршаумен қоршалған.

Бірақ америкалық сарбаздар мен шетелдік биотехнологтарды көргеніміз жоқ. АҚШ-тың құпия зертханасы бар екен деген қауесет қана. Жабық нысандардың төңірегінде түрлі әңгімелер болатыны бұрыннан белгілі жайт.

Published in Санаты жоқ
Сенбі, 04 Сәуір 2020 08:37

ІНДЕТ пен МІНДЕТ

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында еліміздегі төтенше жағдай кезіндегі ахуал мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың 31 наурыз күні мәлімдемесіндегі міндеттер және осы кездегі әрбір азаматтың міндеті хақында өз пікірін білдірді.

Алдымен індет туралы

Коронавирус пандемиясы жер жүзіндегі пенде біткеннің барлығы бірдей екенін, ешкімнің ешкімнен айырмашылығы жоқтығын көзімізге шұқып көрсетті. Бай мен кедей де, патша мен пақыр да, ақ пен қара да індеттің алдында бірдей. Бөлмейді, жармайды. Кім екеніңе қарамайды. Емі табылмағанымен қоймай, шекара деген түсінікке бағынбайды. Елден елге, жерден жерге еркін көшіп жүре береді. Жолындағысының бәрін жалмап бара жатыр. Індетті жұқтырмаудың, жақындарыңды аман сақтаудың төте жолы тыныш қана үйіңде отыру екенін түсінуіміз керек. Түсініп те келе жатырмыз. Жәй жүрмей ауру тасып, өзіңнің де, өзгенің де басын қатерге тікпейік десек, шаңырағымыздан шықпауымыз қажет. Келін түсіріп, қыз ұзатып, ас беріп жинала берсек, онда мұның алдын алу, жолын бөгеу мүмкін емес. Елімізде Төтенше жағдай бекерден-бекер енгізілген жоқ. Тәртіпке бағыну, сақтау шарт. Сондықтан өзімізге өзіміз жау болмасақ, үйден шықпайық, отбасымызды, халқымызды сақтайық.

Енді міндет жайында

Төтенше жағдай дедік. Қазақстан ТМД елдерінің арасында қатаң тәртіпті бірінші боп қолға алды. Төтенше жағдай жарияланды. Қалалар карантинге жабылды. Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантиннің талаптары күшейтілді. Ел бәрінен хабардар.

Бұл шаралардың салдарсыз емес екені де анық. Қаншама адам жұмыстан шығып қалып, кәсіпорындар жұмыстарын тоқтатып жатыр. Жұмыссыз қалмағаны ақысыз демалысқа жіберілді. Экономикалық тұрғыдан өте ауыр кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Дағдарыстың салқыны ешкімді айналып өтіп жатқан жоқ. Мұндай сын сағатында мемлекет өз азаматтарына қамқорлық жасауға міндетті. Тарықпауын қамтамасыз етуі керек. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурыз күні мәлімдеме жасады. Мәлімдемемен жұрт танысты, қандай мәселелердің айтылғанынан хабардар деп ойлаймын. Сонда да болса кейбір тұстарына тоқтала кетейін.

• Төтенше жағдайға байланысты төленетін 42500 теңге көлеміндегі қаражат бұрын тұрақты жұмыс істеп, жалақы алғандарға ғана емес, сондай-ақ өзін өзі жұмыспен қамтыған және ресми тіркелмей еңбек ететін азаматтарымызға да берілетін болды.

• Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың санаты кеңейеді. Осының арқасында 800 мыңнан астам адамға көмек көрсетіледі.

• Шағын және орта бизнес өкілдері 6 айға (биылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін) еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан және басқа да төлемдерден босатылады.

Мемлекет басшысы қол қусырып қарап отыратын кез емес екенін біледі. Сондықтан осындай нақты шаралар қабылданып жатыр. Мұның барлығы әлеуметтің әлеуметтік жағдайының әлсіреп кетпеуіне, дағдарыстың салдарын жеңілдетуге, елдегі экономикалық тұрақтылықты сақтауға көмек болады, септігін тигізеді. Яғни, мемлекет өзіне жүктелген міндетті орындап жатыр деуге толық негіз бар.

Әрбір азаматтың міндеті хақында

Төтенше жағдайдың қай кезде енгізілетінен қалың жұрт хабардар ғой деп ойлаймын. Көбіне соғыс жағдайында. Айтқан жерден аулақ, еліміздің шеті бүтін, іші бейбіт. Дегенмен мына індеттің шығыны соғыспен пара-пар болуы мүмкін. Қазір көзіміз көріп, қолымыз ұстамаса да майдандағыдай әрекет жүріп жатыр. Әсіресе, дәрігерлер күнмен, түнмен санаспай әрбір ауру жұқтырған адамның жанын аман алып қалу үшін айқасуда. Бір адам коронавирус жұқтырса, айналасындағы жүздеген кісіге қатер төндіреді. Мылтық кезенбей-ақ, оқ атпай-ақ адамдар өзінің салғырттығынан, жауапсыздығынан қаншама азаматтың басына нәубет әкеледі. Майдан деген де біз осыны да меңзеп отырмыз. Сол себепті әрбір кісі майданда жүргендей жауапкершілікті сезінуі керек. Әйтпесе, немқұрайлылық өкіндіріп тындыруы мүмкін.

Күні кеше бізге көп нәрсе керек еді, көп дүниеге көңіліміз толмайтын. Президенттің Баспасөз хатшысы ретінде емес, штатив арқалап, сюжет жасап елдің арасында жүріп жетілген журналист ретінде қоғамдағы пікірлердің бәрінен хабардар екенімді айтқым келеді. Тіршілікте барлығы қажет, көңіл толмастық болады. Ол қалыпты дүние. Ал қазір ше? Қазір бізге бір ғана нәрсе керек. Ол - амандық. Әрбір қазақстандық пен тұтас халқымыздың, жалғыз Отанымыздың амандығы қажет. Президентіміз де халыққа жасаған әр мәлімдемесінде осыны қайталап айтуда. Амандық болмаса, ауру шалса, ештеңенің керек болмай қалатынын анық түсіндік. Әсіресе, мынадай алмағайып, қысылтаяң, сындарлы шақта бір-бірімізден кемшілік іздемей, мін термей, сүрініп кетсе, табаламай, аяқтан шалмай, арам ойламай, қайта бірімізді біріміз қолдап, қамқорлық танытып, жәрдем жасап, қолтығымыздан демеп, бірлік көрсетейік.

Әдетте біз өзімізге өзгені мысал ретінде келтіруге құмармыз ғой. Америкада торнадо, Жапонияда цунами болып, соның салдарымен бүкіл ел жұмылып күресіп, бір-біріне жәрдемдесіп жатқанда өзімізге үлгі етеміз. "Міне, ел деген осындай болу керек" деп жатамыз. Біз қашанғы өзгені зор санай береміз? Неге қайта басқаға біз үлгі болмаймыз?!

Елдігімізді, тұтастығымызды танытайық. Алақандай жердегі ат төбеліндей ғана халықпыз ғой. Алатайдай бүлінбей, "сен-мен" деп бөлінбей, мына сынақтан барлығымыз бір үйдің баласындай, бес саусақтың саласындай бірігіп өтейік. Біздің алдымызда тұрған басты міндет осы. Елдің де, ердің де сыналатыны осы шақ. Сыналған сәтте сыр беріп қалмайық, ағайын!
#БізБіргеміз

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет