Күндер бойынша реттелген элементтер: Сейсенбі, 12 Қараша 2019

Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен қоғамның өзекті проблемасына айналған жастар арасындағы психологиялық мәселелердің алдын алу, NEET санатындағы жастардың санын азайту, сыбайлас жемқорлықпен күрес, өңіріміздегі жас еріктілер қозғалысын дамыту және жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатында облыс көлемінде әр аудан мен қала жас-тары арасында кездесулер өткізу үшін көшпелі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

Жастармен арнайы кездесуге облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшылары яғни, ақпараттық-насихат тобының мүшелері жуырда Еңбекшіқазақ ауданына ат басын тіреді. АНТ мүшелері бір күн ішінде аудан жастарымен бес мекемеде жиын ұйымдастырып, жастармен кездесті.

Қазіргі таңда өзекті мәселеге айналған жұмыссыздықты азайту және жұмыссыз жастардың арасында мемлекеттік арнайы бағдарламаларды түсіндіру, насихаттау мақсатында Бәйтерек ауылдық округі әкімі аппараты ғимаратының алаңында оқушы мен студент және жұмыссыз, маргиналды жастардың қатысуымен бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Шараға Алматы облысының жастар ресурстық орталығы Жастарға әлеуметтік қолдау және қызмет көрсету бөлімінің басшысы Ерлан Шопатаев, бөлім маманы Айгерим Серикова келіп, жиналған жастарға мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттады. Ал мемлекеттік және жекеменшік мекемелер Бәйтерек ауылдық округіне қарасты әл-Фараби атындағы және Алға орта мектебінен, «ЭкоАгроПродкут» ЖШС мен «Альтаир» Кооперативінен өкілдер келіп, бос жұмыс орындарына жастарды шақырды. Сондай-ақ, аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Фериде Есполова аудандағы мекемелердегі бос жұмыс орындарымен таныстырды. Жәрмеңкеге жалпы 50-ге жуық жас қамтылып, оның ішінде Ават ауылдық округінен келген 2 жас және Бәйтерек ауылының екі жас маргиналды тұрғындары «ЭкоАгроПродкут» ЖШС мен «Альтаир» Кооперативінің басшылықтарына түйіндемелерін қалдырды. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл жәрмеңкенің соңында жиналған жастарға арнайы үйлестірме парақшалары таратылды.

Ал Есік медициналық колледжінде мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру бойынша  облысымыздың білікті мамандарынан құрылған мобильді топ колледж студенттерімен кездесті. Кездесу барысында 5 бағыт бойынша түрлі сұрақ-жауаптар талқыланды. Оның ішінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасына жастар ерекше назар аударды.

Сондай-ақ, Есік қаласындағы Жетісу заң колледжінің мәжіліс залында жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, насихаттау  жұмыстары жүргізілді. Онда «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жас-тар қанаты Алматы облыстық филиалының төрағасы Еркебұлан Ақболатов жас мамандармен және жастарға барлық мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп өтті.

Білікті мамандардан құрылған тағы бір топ Жаңашар ауылдық округі, Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінде жастармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы кездесу өткізді. Онда да «Жетісу – адалдық алаңының жас-тары» жобалық кеңесінің басшысы Рахым Тұрланов жастарға сыбайлас жемқорлықтың пайда болуы және оның зардабын түсіндіріп, видеоролик көрсетті.

Аталмыш түсіндіру тобы №1 Рахат орта мектебінің мәжіліс залында да жас буынмен жүздесті. Онда қонақтар мемлекеттік жастар саясаты туралы жалпы түсінік бере отырып, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттады. Жиынға қатысқан жастар жұмыс тобының мүшелеріне сұрақ қойып, толық жауап алды. Кездесуге ауыл жастары, жас мамандар мен жоғарғы сынып оқушылары қатысты.

 

 

А.ӘБІТ,

Еңбекшіқазақ ауданының жастар ресурстық орталығының маманы.

Published in Жастар
Сейсенбі, 12 Қараша 2019 16:11

Айбынды жастар алға шықты

Еңбекшіқазақ ауданының жастар ресурстық орталығы және Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің ұйым-дастыруымен колледждің спорттық алаңында «Айбын» әскери-патриоттық, спорттық ойыны өткізілді.

Аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Мәди Бердібаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарыс АК-74 бөлшектеу және жинау жаттығулары, белтемірге тартылу, кір тасын көтеру(16 кг), алыс қашықтыққа жүгіру, арқан тартыс сынды 5 кезеңнен құралып, оған аудан бойынша 8 команда қатысты. Тартысты өткен жарыстың нәтижесі бойынша 3 орын Қаракемер ауылдық округінің жастарына бұйырса, жүлделі екінші орынды Масақ ауылдық округінің жастары иеленді. Жалпы кезеңдер бойынша үздік көрінген Есік гуманитарлық-экономикалық колледж жастары бірінші орынды қанжығаларына байлады. Жарыс соңында жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталып, алғыс хаттарға ие болды.

Арайлым Бақберген,

 жастар ресурстық орталығының маманы.

Published in Спорт
Сейсенбі, 12 Қараша 2019 10:54

Әке кәсібі – балаға нәсіп

Қазақ халқы ежелден өнерге үлкен мән берген. «Он саусағынан бал тамған шебер» деп баға беріп, ерекше құрметпен қараған. Баласын кішкентайынан еңбекке  баулып, бойындағы қасиетін дарыту үшін жастайынан шыңдаған. Әке мирасын дамыту  ұрпағы үшін асқан жауапкершілікті, өте ұқыптылықты талап етеді. Сондай жанның бірі – Ұста Дәркембай Шоқпарұлының баласы, бүгінде әкесінің кәсібін нәсіп қылып, өнерін жалғаушы, облыс бойынша алғашқы қолөнер мұражайын ашқан Дәулет Дәркембайұлымен кездесу өтті жуырда. Тағылымы мол  тәрбие сағатын Қаракемер мәдениет үйінде аталмыш мекеме қызметкерлері ұйымдастырды.

Шараға «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов, Қаракемер ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Жәмила Серікқызы, Қаракемер мәдениеті үйі директоры Арайлым Мамырбекова, аталған мекеме жанынан құрылған театр ұжымы, Қ.Орымбетов атындағы орта мектеп оқушылары мен ұстаздары қатысты. Жиынды «Шежіре» өнер тәлім отауының жетекшісі Ерқуат Оңашхан жүргізіп отырды.  Келелі кездесуде Дәркембай ұстаның мұрагері Дәулет Шоқпаров әкесінің өмір жолы, өнер жолын әңгімелеп, оқушылар сауалдарына жауап берді. Ақши ауылындағы Д.Шоқпарұлы атындағы музейден әкелген шәкірттерінің өнер туындыларын, қолөнер бұйымдарын таныстырып, олардың жасалу жолын түсіндірді.

Өнерге қызығушы жас өрендерге арнап жуырда мектеп ашқалы жатқанын айтып, қуанышты хабарымен бөлісті. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дегендей Дәркембай Шоқпарұлымен дәмдес болып, жақсы араласқан Еңбекшіқазақ газетінің бас редакторы Хайролла Қасымұлы да өз естеліктерімен бөлісті. 

Жиын соңында Қаракемер мәдениет үйі директоры Арайлым Мамырбекова сөз алып:

  • Өнер – құдіретті де қасиетті ұғым, кез келгеннің басына берілмейтін бақ. Соны ұғынып, аялап, халыққа ұсына білу қажырлы еңбекті, шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Ата баба өнерін жалғастыру одан да үлкен жауапкершілік. Осы уақытқа дейін қаншама шәкірт тәрбиелеп, қазақ өнерін әлемге паш етіп жүрген мақтанышымыз Дәулет ағамызға үлкен алғысымды білдіремін. Бүгінгі шарамыздың мақсаты да осындай тұлғаларымызды үлгі ете отырып, бүлдіршіндердің бойына отансүйгіштік, еңбекқорлық, талапшылдықты дарыту, төл өнерімізді таныстыру, өңірімізден шыққан өнерпаздарымызды үлгі ету болатын. Әрбір дүниенің үлкен еңбекпен, өнермен келетінін ұғынып, құрметпен қараса екен деген тілегім бар, – деп қорытындылады.

Жансая ЫСҚАҚ

Published in Өнер
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет