Сәрсенбі, 28 Қазан 2020 11:17

Гүлмира Отынбекова: Ауруханада оттегі станциясы құрылды

Гүлмира Отынбекова: Ауруханада оттегі станциясы құрылды mezet.kz

Тұтқиылдан шапқан жау секілді коронавирустың бірінші толқыны көпшілікті абдыратып тастады. Бүкіл әлемге таралып, қаншама жанның өмірін жалмап жатқанда, әрине, тәжірибенің жоқтығынан кім де болса тосылып қалады. Дегенмен, мұндай жағдайда қарап отыруға әсте болмайды. Әсіресе, денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері дүниежүзіне қауіпті инфекция тарап жатқанда әр минуттың қаншалық маңызды екенін бағамдай біледі. Жылдам әрекетке көшіп, жан-жақтың тәжірибесін назарға ала отырып, облысымыздағы алғашқы науқастарды қабылдаған – біздің Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасы болды. Бұны біреу білсе, біреу білмес.

Ал енді алдымызда қайта болуы мүмкін деп болжам жасалған коронавирустың екінші толқыны тұр. Әрине, әрбіріміздің тілегіміз – бұл бәленің қайталанбауы. Десе де, дүниежүзінде орын алып жатқан жағдайды көзбен көре тұра бейқам отыруға болмайды. Өйткені бүкіл әлемнен бөлектеніп, оқшау жатпағандықтан сақтық шаралары артық етпейді. Ендеше, біздің аудандағы қазіргі жағдай қандай? Бұл сұрақтың жауабын Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасы директорының Стратегиялық даму жөніндегі орынбасары, медицина ғылымының кандидаты Гүлмира Отынбековадан сұрап-білдік.

–  Коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайындықтарыңыз қандай?

– Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасы коронавирустың ықтимал екінші толқынына жан-жақты дайын. Аурухана ғимаратынан бөлек орналасқан инфекциялық бөлім бар. Онда коронавирустың инфекциясы анықталған науқастарға 30, ал вирус белгілері бар науқастарға 40, сондай-ақ реанимациялық 10 төсек-орын бөлек орналастырылып, жабдықталған. Барлығы да оттегі аппараттарымен, өзге де қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Аурухана екі айға жететін дәрі-дәрмек қорымен қамтылған. Қоғамдық бақылаушылар ай сайын келіп, біздегі дайындықты тексеріп тұрады және бүгінге дейін бақылаушылардың тек оң бағасын алып келеміз.

– Медицина қызметкерлері жеткілікті ме?

– Иә, маман тапшылығы жоқ. Қазіргі уақытта 150 дәрігер, 361 мейірбике және 108 кіші мейірбике жұмыс істеп жатыр.

– Тәжірибенің жоқтығына байланысты коронавирустың бірінші толқынында ескерілмеген қандай мәселелер болды? Оларды қайталамау үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Әрине, бәрі тәжірибемен келеді. Коронавирустың бірінші кезеңінде жіберілген қателікке қайта ұрынбау үшін бірқатар жұмыс атқарылды. Мысалы, жазда Мәскеуден әріптестеріміз арнайы келіп, пандемия кезіндегі өз тәжірибелерімен бөліскен еді. Сонда ресейлік мамандар біздегі инфекциялық бөлімді, провизорлық орталықты аралағанда төсек-орындар мен өзге де аймақтардың арасын бөліп тұрған қарапайым материалды пластикке ауыстыруға кеңес берген болатын. Бұл айтылған кеңесті назарға алып, бүкіл жұмыс орындары мен қауіпті-қауіпсіз аймақтар пластикпен бөлінді. Қауіпті-қауіпсіз аумақтардан шыққан медқызметкерлердің жолы түйіспеу үшін пластикпен арнайы дәліз жасалды. Өздеріңіз білесіздер, коронавирус жұқтырған науқастармен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлер арнайы қорғаныш киімін киеді. Ал ол киіммен ұзақ жүру ыңғайсыз, терлетеді, ауа өткізбейді дегендей. Соған байланысты медқызметкерлердің жұмыс уақыты арасында үш сағат сайын демалып, бой жазып алуларына мүмкіндік қарастырылған. Дәрігерлер қауіпті аймақтан, яғни науқастар жатқан бөлімнен шығып, демалуы үшін және науқастардың медициналық құжаттарын толтыруы үшін арнайы бөлмелер де жабдықталып, жаңа айтқанымдай, пластикпен бөлінген. Сонымен қатар дәліздерде жүріп-тұру жолдары белгіленіп, бір жүйеге келтірілді. Яғни кедергісіз, әрі қауіпсіз қозғалыс қарастырылды.

Қауіпті-қауіпсіз аумақтардан шыққан медқызметкерлердің жолы түйіспеу үшін жасалған дәліз

Коронавирустың бірінші толқынында оттегіні Алматы қаласынан баллондармен әкеліп, пайдаландық. Бұл, әрине, оңай емес. Аурудың өршіп тұрған уақытында оттегінің қаншалық маңызға ие болғанын баршаңыз білесіздер. Кейбір аймақтарда оттегінің жоқтығынан немесе кеш жеткізілуінен көптеген науқастардың жағдайы орташадан қауіптіге асқынып, қиындап кеткен жайттар да кездесті. Бұл коронавирустың бірінші кезеңінде көпшілігімізге үлкен сабақ болды. Осы мәселені ескере отырып, Алматы облысы әкімдігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының шешімімен біздің ауруханада оттегі станциясы құрылды. Ол жерден оттегі әр төсекке, яғни әр науқасқа тікелей жүйемен жеткізілген. Бұрынғыдай баллон тасуға күш те, уақыт та кетпейді. Оттегі сол станцияда өндіріледі. Сондықтан оттегі тапшылығы туындауы тәрізді мәселе де өз шешімін тапты.

Орталықтандырылған оттегі станциясы

 

– Бүгінде коронавирустан емделіп жатқан науқастар бар ма?

– Қазіргі таңда коронавирус инфекциясы анықталған жеті науқас ем қабылдап жатыр. Олар Іле, Қарасай, Талғар аудандары мен Қапшағай қаласынан келген және екеуі өзіміздің Шелек ауылынан түсті. Жағдайлары қалыпты.

– Коронавирустың бірінші толқынында ем алғандардың статистикасына тоқталсаңыз...

– Инфекциялық бөлімде барлығы 375 адам емделіп шықты. Олардың 166-сы Еңбекшіқазақ ауданынан. Ал симптомсыз амбулаториялық ем алған науқастар саны – біздің аудан бойынша 248 адам. Провизорлық орталықта 749 адам емделсе, оның 519-ы пневмония диагнозымен амбулаториялық ем қабылдады. Сонымен қатар Бәйдібек би ауылында карантиндік бөлім ашылған болатын. Сол жерде 161 адам тіркеліп, ПТР анализдерінің қорытындысы шыққанша оқшауланды.

Коронавирус жұқтырғандардың арасында 40-қа жуық жүкті әйел болды. Олардың барлығы біздің ауруханада ем алып, осында босанды. Тіпті кейбіріне кесар тілігі де жасалды. Аты жаман аурумен тек ересектер ғана ауырған жоқ. Сонымен қатар балаларда да коронавирус диагнозы анықталды. Дегенмен, балалардың көпшілігінде коронавирустың симптомсыз түрі болды. Әрі олар ауруханада емес, көбі үйде карантиндік режимде жатып ем алып-ақ сауығып кетті.

Ал егде жастағы науқастардың жүрек аурулары, қан қысымы сияқты қосымша аурулары болғандықтан, әрі иммунитеттерінің төмендігінен жағдайы біршама қиындады. 

– Ауданның қай өңірлерінде ауруды жұқтыру көрсеткіші жоғары болды? Оның себептері қандай?

– Коронавирустың бірінші толқынында да біз тек Еңбекшіқазақ емес, өзге де аудандардан науқастарды қабылдадық. Көршілес Талғар, Кеген, Райымбек аудандарымен қатар Іле, Қарасайдан да, Кербұлақтан да науқастар түсті. Олардың ішінде көпшілігі Талғар, Іле, Қарасайдан болса, өзіміздің Еңбекшіқазақ ауданынан тіркелген науқастардың басым бөлігі Есік қаласынікі. Мұның негізгі себебі – Есік қаласында халықтың көп шоғырлануы, әрине. Сондай-ақ қала тұрғындарының көбі Алматыға қатынап жұмыс істейді және оқу оқиды. Бұл да негізгі себептің бірі бола алады. Сондықтан көпшілік шоғырланатын орындарға бармауға кеңес береміз.

– Аудан тұрғындарына айтатын тағы қандай кеңестеріңіз бар?

– Халқымыз «Ауырып – ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. Осы нақыл сөздің маңызы қазіргі пандемия кезінде артып тұрғандай. Ал ауырмаудың жалғыз жолы – қатаң санитарлық талаптарды сақтау. Бетпердесіз қоғамдық орындарға мүлде бармаңыздар. Ара қашықтықты сақтаңыздар. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, 1,80-2 метрге жуық қашықтықты сақтаған жағдайда вирустың науқастан жұғу көрсеткіші нөлге тең екен. Осыны ескеріңіздер. Көпшілік жиналатын орындардан аулақ болыңыздар. Той-томалаққа, өлім-жітімге қазіргі қиын қыстау заманда бармай тұра тұрыңыздар. Өйткені мұндай жиындарда ешқандай ара қашықтық сақталмайтыны анық. Сондай-ақ инфекцияның көбі қолдан жұғатынын ескеріңіздер. Үнемі қолды мұқият сабындап жууды, антисептикпен сүртуді ұмытпаңыздар. Қолмен бет-ауызды, көз бен мұрынды ұстауға болмайтынын балаларыңызға түсіндіріңіздер. Тек өздеріңіздің ғана емес, айналаңыздағылардың да денсаулығы сіздерге тікелей байланысты екенін ұмытпаңыздар.

Сұқбаттасқан

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

Оқылды 5134 рет

Медиа

mezet.kz

Соңғы жаңалықтар

Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Тустукбаев Бағлан Ахихатұлы, 1989 жылы 7 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Әділхан Азамат Әділханұлы, 1993 жылы 11 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келдім.…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы …

Мен Тойғанбеков Бақберген Бауыржанұлы 1988 жылы 21 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет