Бейсенбі, 11 Маусым 2020 12:31

Еңбекшіқазақ ауданы тұрғындарына ҮНДЕУ

Халқымыз адам туған күннен бастап, шілдехана, бесікке салу, қырқынан шығару, тілашар, сүндет той, жасқа келу, қыз ұзату, үйлену тойы т.б. өткізу, жаназа шығару, бақилыққа жөнелту, еске алу әрқайсының өзіне тән жөн-жоралғыларды сақтап, қоғамдық даму жолдары ерекшелігіне қарамай, қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрін қатаң жалғастыруда. Бүгінде қалың мал, әмеңгерлік т.б. дәстүрлер күн тәртібінен шыққан. Үкі тағу, келін түсіру, қыз  ұзату, беташар, өлі-тірі, дорба, ана сүті, шапан ауысу – екі жақты сыйлау, құйрық бауыр, бас, жамбас, төс ұсыну, бата беру, жар-жар, беташар, тойбастар еш өзгеріссіз, отқа май құю, есіктөр, келін қолынан шай ішу болып жалғасын табуда. Жеті атаға дейін туысына үйленбеу қағидаты сақталып, жастар танысып, кейін құдалық, жөн-жоралғы жасалып, келін ата-енеге көп тәуелді емес, тең дәрежеде, үлкендер тіршіліктеріне қолқабыс беріп, бұрынғы талаптар мүлде өзгерген уақыт. Этнолық дәстүр өзгеріссіз орындалуда.

Той мақсаты – ұлттық игі дәстүр мен мінезді қатаң сақтау, кейінгі ұрпаққа көмектесу, ғибрат болар салт-дәстүрімізді кеңінен қолдау. Барыңды үнемді пайдаланып, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу, шынайы мәдениеттің белгісі – ұстамдылық, қарапайымдық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді. Кейінгі кезде той түрі көбейді, қаймағы бұзылмаған салт-дәстүр деңгейі құлдырап, жалған намыс пен дарақылық басым.

Тойға келген халық демалып, қуанышты отыруы, жарасымды әзіл сөздер мен тамаша әндерді естіп, той иесімен бірге қуанышқа бөленуі керек. Бірақ қазіргі өткізіп жүрген тойда көбіне шаршап, даңғаза әуендерді естіп, құлақсарсылып, көптен көрмеген сыйласыңмен бір-екі сөз алмасу, пікірлесу түгілі, амандық-саулық сұрасу да қиын. Жаппай даңғазалықты, күпінуді, жапа-тармағай дүние шашуды, жартылай жалаңаш билейтіндер, шетелдік әуендерге көңіл көтеруді, ішімдік ішуге салынуды дертке айналдырған тойларды көргеніңде қатты ренжисің. Бұл – ұлттық тәрбие, рәсім, байырғы ата-баба дәстүріне деген ынтызарлық пен ықыластың тапшылығы. Бүгінде тойға кешігіп келу әбден үйреншікті жағдайға айналып, тойдан береке кетіп, қазақты әбден шаршатып, қажытуда. Той өткізу әркімнің шама-шарқына қарамастан, өзара бәсекелестікке айналып, атақ-даңқ қуалау пиғылмен өткізілуде.

Ұлттық тәрбиенің, салт-сананың түп-тамыры ең бірінші өз шаңырағыңдағы, әулеттегі, ауылдағы ұлттық экономикалық болмыста екенін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Өз қуанышын өзгеден асыра тойлағанды әдетке айналдырғандар азаймай, шетелден әнші, биші шақыру көбеюде.Тойда тұрпайы дүние өте көп.Тойды қарызға өткізу, қарыздың соңы қайғы-мұң, пұшайман болып, бармақ тістеуге ұласатыны жасырын емес. Өкінішке қарай, жаңа өмір бастаған жас жұбайлардың қадамы қарызға толып, жас отаудың қарызбен тігілетіні көпшілікке ой салмай тұр. Бір күндік атап өтуде даурықпа, даңғой, даңғазалыққа жол бермей, ұлт құндылығын, ысыраптың обал екендігін ұғынып, сауапты іс жасау әлдеқайда дұрыс. Той саны артқасын, сапасы кемиді де, жай ғана отырыс деңгейіне құлдырап, кемшін түскен және шектен шыққан тұстарын өзгертуге мән берілмеуде.

Даңғырлаған музыка, көзбояушылық, бос сөз, жөнсіз мақтау, қазақтың тойы тәрбиелік мәнінен айырылып, бақталастық пен бәсекелестіктің, ысырапшылдық пен астамшылықтың алаңына айналды. Дәстүр мен дарақылықты шатастырып алғандар, ысырапшылдыққа жол беретіндер көп. Тек қана мол дастарқан жайып, жақсы асаба жалдап, сол арада тілек тілеумен екі жас бақытты болмайды. Қуаныштарын тойлап жатқан адамға, әулетінің абыройын асқақтатып, екі жасты қанаттандырып демеу көрсету, қазақылықтың иісі аңқыған, ауылдың алты ауызы, халық әндерін орындап, ұлттық ойындар көрсетіп, қуанышты бөлісу тойдың басты мақсаты болуы тиіс.

Қазақтың ұлттық құндылықтарының бірі ретінде той сипатын мүлде өзгерту – бүгінгі күн талабы. Той мән-мағыналы өтсе, қабырғалы ұлттық мәдениет бейнесін көрсететін шара. Ұлттық әдет-ғұрыптың көрінісі қалаған деңгейге жеттік. «Мерекесі көп елдің берекесі болмайды». Бесік той, кіндік кесу, ат қою, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, қыз ұзату, беташарды өткізуді үйде жақын туыстар 10-15 адаммен қара шаңырақтың дәулетін асқақтатуға тырысқан абзал. Сонымен қатар, соғым басы, шеке, омыртқа, ауызашар мен  дұға-құдайы тамақта ақ дастарханды айдалаға, әлдекімнің мейрамханасына апарып жайғанымыз дұрыс па? Қара шаңырақтың қадірі қайда? Ақ дастарханға берілетін бата, оқылатын құран, тілеген тілек қайда қалады? Шаңырақтың киесі, босағаның беріктігі осындайдан ыдырай бастайтын секілді. Кейінгіге үлгі ретінде тамырын тереңге жайып, көгеріп, көктесін десек, осындай дәстүрді көріп өскен бала мен қыз қара шаңырақтың, ата-дәстүрдің қадірін түсініп, елдің иесі, жердің киесі барына сеніп, елдің елдігін сақтай ала ма? Салт-дәстүрің, ұлттық киім, үйің тұрғанда неге өзгеге қызығамыз?Мейрамхана мен кафе, сұлулық салоны, көлікті жалға алу, әнші-биші, той киім-кешек дүкендері қазақы салт-дәстүрден ажыратып келе жатыр.

Қазақ халқының ұлттық ұғымымен ұштасқан ислам діні еш уақытта дәстүрді теріске шығарған емес. Бақилық болған адамды құрметтеп шығарып салу, жаназасын өткізу – халық міндетіне айналып, дәстүрге енген шара. Жаназадан кейін жерлеу, жетісі, қырқы, жылын атап өту – адамды құрметтеу, ағайын-туыс болып қайғы бөлісу жолы. «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» – дейді халқымыз. Адамның жамбасы жерге тимей жатып, қаралы үйде қонақасы берілуі дәстүрдің бұрмаланғанын көрсетеді. Қазақ қонақасын алыстан ат терлетіп жаназаға қатысуға, топырақ салуға келген қайтыс болған адамның жақын туыс-жекжаттарға берген. «Адамды баршылық та, таршылық та сынайды» – дейді. Тойды, қайтыс болған адамның жылын беру, еске алу, ас беруді де шатастырған заманға тап болдық. Қайтыс болған адамның жылын атап өту – ол жылы. Ол – 12 ай. Қайтыс болған адамға 6 ай толса болды, жылын өткізу деген пайда болды. Бұл дұрыс емес. Ас – қоғамға еңбегі сіңген, беделі бар атақты және 90 жас, 100-ге келген адамдарға ғана берілген. Аста шешілуі күрделі мәселелер, көптің қатысуымен қаралып, шешімін тауып отырған. Ас беру – ас иелері мен рулық-қасиеттеріне ғана сын емес, асқа шақырылған қонақтар үшін де үлкен мәртебе және белгілі бір міндеттемелер де жүктелген. Әр рудың тұтастық негізін байқатады.

Бүгінде қайғымен байланысты жайылатын дастарханға шектеу қойған дұрыс. Жаназа мен тойды ажырату қиын болып барады. Жаназа, басқа да құдайы тамақтарды жаппай даңғазалықты, күпінуді, жапа-тармағай дүние шашуды, шама-шарқына қарамастан өзара бәсекелестікке айналып, атақ-даңқ қуалау пиғылмен өткізу, дастархан басында асты жиналысқа айналдыру белең алған. Қолында жоғы жалған намысқа тырысып, күнбе-күн өз дастарханында балалары мүлде көрмеген тағамның түрлерін қарызға батып алып өткізуде. Өлім-жітім болған кезде адамның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына байланысты алалау, жаназаға, жерлеу рәсіміне қатыспау дертке айналуда.

Әрбір тойды жалтақтамай, ешкімнің көңіліне қарамай уақытында бастау, тост айтуды тоқтату, тамақ ысырабына жол бермеу, дастарханға арақ-шарапты мүлде жолатпау, тойда тек қазақтың ұлттық музыкасын пайдалану, үлкен адамдардың өзара әңгімелесетіндей, сұхбаттасатындай мүмкіндіктер туғызу, музыка дауысын орташа ғана қоюды, жұрттың қалауы тойды қазақыландыру арқылы құндылықтарды қайтаруды, қазіргі жастардың бақытты болуы, ұлтын сүюі, отаншыл болуы үшін де біз жиі өтетін тойларға қойылар талапты күшейтуіміз керек. Ол үшін әрбір ата-ана тойды ықшамдау мәселесі, қуанышқа тағылымы мол ретті той жасап, халықтың алғысына бөленгені дұрыс. Жинақы өтетін тойға ұлттық рең беруде жұрттың мәдениеті де айқындала түседі.

Біз, Еңбекшіқазақ ауданының ардагерлері, тұмаудың сovid-19 түрінің өте қауіптілігін ескеріп, қоғамның басты байлығы адам денсаулығы екенін барлық елді мекен тұрғындарына ескертуді жөн көріп, жалпы сақтық шараларын бұлжытпай орындап, салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сабақтастығын бірізділікке бағыттау мәселелеріне көңіл бөліп, той, жаназа т.б. іс-шараларды алдағы 3 жыл көлемінде 10-15 адам жиналып, тек үйлену тойы мен ас беру рәсімдеріне барлық санэпидемиялық шараларды ескеріп туған-туысқандармен 30-40 адам көлемінде ғана үй төңірегінде өткізуді ұсынамыз.

Еңбекшіқазақ ауданының ардагерлері:

Т.Ұзақов,

А.Тойжанов,

А.Байтулақов,

С.Спатаев,

О.Абибов, 

Е.Апеков,

Ә.Жәпеков,

А.Мұқажанов,

А.Мұқатжанов,

Н.Мұхаметқалиев,

А.Орынбетова,

С.Тажиев,

Т.Тұяқов

Оқылды 2058 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Малыбай ауылдық округінің сайлаушылары! Мен, Бектасов Мәди Мәдиярұлы 1982 жылдың…
Сәу 17, 2024

Горнодобывающий сектор – стимул для…

Вольфрам входит в первую десятку редких металлов, незаменимых в современном промышленном…
Сәу 15, 2024

Зоя МАГАМАДОВА, заместитель…

Акцию «Таза Қазақстан» школа имени Толе би проводит с начала апреля. Учащиеся 5-11…
Сәу 15, 2024

Жанаргуль НИЕТАЛИЕВА,…

Тургенский филиал Иле-Алатауского ГНПП такие акции с участием школ Тургенского сельского…
Сәу 15, 2024

Алматы облыс әкімі Марат…

Облыстағы аталған бағыт аясында Жамбыл ауданындағы «Жамбыл Жабаев» мұражайы, «Таңбалы»…
Сәу 11, 2024

Аманаттықтар көмек қолын созуда

Алматы облысында су тасқыны болған өңірлерге көмек жинау қызу жүріп жатыр. Игі бастамаға…
Сәу 04, 2024

Ұлт саулығына төнген қатер

Денсаулық – бірінші байлық. Сондықтан саламатты өмір салтын ұстанып, деннің сау болуына…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет