Дүйсенбі, 16 Қараша 2020 11:44

Мұхтар Мағауин. Адам сенбес

Мұхтар Мағауин. Ежелгі Түрік қағанатының астанасы Орда-балық қаласының орнында, Моңғолия, 2003 Мұхтар Мағауин. Ежелгі Түрік қағанатының астанасы Орда-балық қаласының орнында, Моңғолия, 2003

Мынау фәни дүниеде шексіз ғарыш, тылсым табиғат қана емес, әлемнің түйіртпек тозаңынан да елеусіз жекелеген адамдардың өмірінде неше түрлі ғажайып оқиғалар ұшырасады дейді. Әдетте мүлде түсініксіз, сырлы-сырдаң, тіпті, мистикалық. Біреу шайтанды көріпті, біреу аруақпен тілдесіпті, әулиенің елесін шалыпты, дегендей. Одан әрмен – жат планеталық ұшпа дәлеңке… Салуалы, ақыл-есі түзу кісілер айтқан мұндай буалдыр хикаялар сырттай нақты, деректі көрінгенімен, көбіне-көп, үнемі дерлік күмәнді саналар еді. Осындай, әрқилы себеппен ешкімге айтпаған, тек бірді-екілі балам мен айрықша жақын кейбір інілеріме ғана шет жағасын шығарған әлей оқиғалар, екі-үш, бәлкім, төрт-бес мәрте біздің де басымыздан өтіп еді. Кейбірі – кездейсоқ, істің сәтіне байланысты, кейбірі – шынында да ақылға сыйымсыз, тылсымға тақау жағдаяттар. Қай-қайсына да таңырқамадық, бәрін де өзіміздің ерекше талайымызға тән құбылыс, тіпті, ғарыштан жеткен аянның нақты, рухани және заттық болмысы деп білдік. Бәлкім, кейбірін баспаға ұсынбасам да, қағазға түсіріп, кейінгі бір заманда жариялауға ризашылық беріп, Едігеге тапсырып кетермін. Ал дәп осы арада айтпағым – басқа. Әдепкі өмірде өзім нақты куә болған, әлдеқандай қораш көріністер. Нақты, айна қатесіз, өмірлік оқиғалар. Ол кезде де, кейін де әрқилы жағдай, көбіне қонақ үстіндегі қысыр әңгімеде сыртқа шығатын еді. Ешқашан ешкім сеніп көрген емес. Қалжың, орайымен туған анекдот деп қана қабылдайды. Осы қысқа хикаялардың ерекше бітімінен емес. Керісінше, тым жұпыны мазмұнынан. Ешқашан болмаған, болса да әсірелеп жіберген сияқтымын. «Ер сөзін еріккеннен ермек еттім, – Осыны жазғамын жоқ өнер қысып…» – деп толғанып еді Абайдың ұлы Ақылбай әлемдік деңгейдегі «Дағыстан» дастанында. Сол үшін ұстаз-әкесінен сөгіс естіген. Біз ерікпесек те, әрқайсы дербес һәм өзара жалғас, жинақтап келгенде ұзақ-сонар, әркім әрқилы қабылдар естелік жазбалар үстінде бір сәт көңіл делбеу үшін осындай бөстекі әңгімені қыстыра кетуді артық көрмедік. Шынын айтайық, біз ең алдымен жазушы болғандықтан және көп жасап, көп көрген ұзақ ғұмырымызға сәйкес, не қилы жағдайларды бастан өткердік, егер әлдеқалай, сол қатардағы кейбір оқыс әңгімелерді алға тарта қалсақ, көпшілік оқушы, тыңдаушым мынау өмірде не болмайды, ықтимал, мүмкін жағдай, дер еді. Осыған керісінше, ендігіміз – сәл басқашарақ, ешқандай мистикасыз, бірақ ешкім сенбес, өзгеше хикаялар. Міне, қараңыз.

 

І. Хат танымайтын студент

1976 жылдың май айында Академияның Әдебиет институтындағы төлемі жоғары, уақыты мол, аса жайлы ғылыми қызметімді тастап, ұстаздық жұмыс, ҚазПИ – Қазақ педагогтық институтының қазақ әдебиеті кафедрасына ауыстым. Сырттай қарағанда, таң қаларлық жағдай. Академияда бес жылға жуық отырғам. Және қалған өмірім түгелдей осы жерде өтеді деп ойлайтын едім. Алайда, оп-оңай қоштастық. Астымнан су шыққан жоқ, әйткенмен, соңғы кезде өзімді жайсыз сезіне бастаған едім. Мұндағы ең үлкен басшылық болмаса да, берідегі бөлім мен қатарлас әріптестер әрбір жаңа кітабым шыққан сайын маған үдірейе қарайтын. Расында, ғылыми тұрғыдағы тиесілі жұмыстар уақытында атқарылып жатыр, ешкім де орнымнан қозғай алмас еді. Сөйтіп жүргенде, бір күні Академияға әлдеқалай жолы түсе қалған Серік аға Қирабаевпен ұзын дәлізде кездейсоқ ұшырасып қалдым. Есен-саулықтан соң, өзі басқарып отырған кафедрада ғылым кандидаты, доценттік орын шыққанын, соған қолайлы кісі табылмай жатқанын, жария конкурстан соң құжат тапсырған жалғыз талапкердің өресі тым төмен, әрі қолайсыз жағдайын айтқан. Мен сені шақырар едім, мұндағы майшелпекті қимайсың ғой, деді. Әйткенмен, бізде де жағдай жаман емес, ең үлкен жұмыс – лекция оқу десек, сөз білетін, білімдар кісіге қиындық туғызбайды, оның үстіне біздегі бос уақыт та мұндағыдан кем емес, қысқы сессияда – қырық күн, жазғы демалыста үш-төрт ай еркіндік, аптасына асса екі-үш күн ғана, қосар, немесе төрт сағаттық лекциядан соң күнұзақ және қалған үш-төрт күнде қатарынан тағы да кеңшілік. Оның үстіне, мұндағы тұйықтық жоқ, жастардың арасы, жазуыңа да жаңа тақырыптар табар едің. Және үш жылдан соң докторантураға жіберем… дегені. Еппен айтылған өтімді үгіт. Мен мұнда апта бойы боспын, ана жақтың қызығатын ештеңесі жоқ, ешқандай толқыныс, күмән тумаған, күлдім де қойдым. Алайда, Сер-ағаңның көңілі қайтпасын деп, бірден қайырмай, екі-үш күннің ішінде жауабын берейін, дегем. Сол сәтінде ұмытып кетіппін. Бір күн, екі күн өтті. Үшінші күн, үздіксіз жазу арасындағы тыныс еді, таңертеңгі шайда ұзағырақ отырып қалыппын. Кенеттен есіме түскені. Келіншегіме айттым. Бұл кісі мен ойламаған лепес тапты. Мына Академия түптің-түбінде саған жайсыз болуы мүмкін. Өзің де айтып жүрсің, әрбір кітабым шыққан сайын маған ұрлық жасаған адамдай, қиғаш қарайды, деп. Ал ҚазПИ-де өзіңнің ағаларың отыр. Серік аға ғана емес, Нығмет ағаң, Төкен аға Абдрахманов… Жаңа айтылғандай, жастардың ортасы. Оның үстіне, үш жылдан соң еңбекақысы толық сақталатын диссертациялық демалысқа шығарса… – деді. Бұл сөзге мен мыйлана қоймадым. Мына Академияда елу жыл отыруға болады. Бармайтынымды айтып, телефондай салуым керек. Әйткенмен, қатесіз, азғана эксперимент. Қазір шылдыратам. Сағат он бір жарым, Сер-ағаң үйде жоқ, жұмысқа кетуге тиіс. Лекция, немесе кафедра мәжілісі, аспиранттармен кездесу. Үйде болса да, бұрнада, баспада хабарласып жүргендей, Әлия жеңгей алуға керек. Екі тарамның бір ғана шешімі бар – рақмет айтам. Егер ғайыптан Серік ағамның өзі көтерсе… онда келісем. Неге екенін білмеймін, осындай бір елес. Мен жалпы, алмағайып қандай жағдайда тәуекелмен шешпес едім. Қашанда бар істі таразылап қана, бұлталақсыз, нақты. Кездейсоққа жол жоқ. Ал дәп осы ретте… өзімнің болмыс-бітіміме, өмірлік ғадетіме мүлде қарама-қайшы долбар. Телефон соқтым. Күтпеген жерде Серік ағамның өзі көтерген…

Енді міне, жаңа өмір. Менің қуанышым да, кейісім де жоқ. Ойламаған жерден осылай болып шықты. Өткендегіден бәрі басқаша. Артық емес, кем де емес. Уақыттан тым көп ұтылмасам керек. Тек кейде таң атар-атпаста міндетті дәрісіңе асығатының бар. Бұған тез үйрендім. Есесіне ертерек қолың босайды. Және кейінгі толқын – аузыңа қарап, әр сөзіңді бағып отырған студент жастардың ортасы. Ресми саясаттан ауытқымасаң да, басқаша үлгі, тәрбие беріп жатырмын, зерделі жаңа ұрпақ көкірегіне жаңа бір сәуле құям деген алданыш бар. Ақыры оң болып шықты. Алдымнан өткен біраз бала күні кешеге дейін, қазір де руханият саласында пайдалы қызмет жасады, әлі де жасап жатыр.

Қазір ойлап отырсам, тып-тыныш академиядан, қайткенде дабыры бар ҚазПИ-ге, ұстаздық қыметке көшерде біз жүгінген екідай шешім таразысы күмәнді, ал нәтиже – мүлде қисынсыз екен. Енді осы орайдағы адам сенгісіз оқиға.

Әлбетте, бұл кезде Қазақстандағы барлық жоғарғы оқу орындарын жаппай былық деп айтпайын, біршама ұнамсыз жағдаяттар жайлап алған екен. Оқуға түсу өте қиын. Негізінен ректор мен проректордың, одан қалса, факультет деканының арнайы тізімі бойынша. Көлденеңнен тек емтиханшы мұғалімдердің бірді-екілі кісісі ғана өтер еді. Кейде олардың өзі өткізе алмайды. Соншама тығыз конкурс. Бар кілтипан арам былыққа тіреліп тұрған жоқ. Әдетте, таза қазақы жағдаят – біреудің танысы, біреудің туысы араласпақ. Енді біреулері тым жоғарыдан тапсырылған. Алғашқы жылы қабылдау емтиханына қатысқанда аңдағаным. Ең үлкен екі кісімен қайшы келіп, бұдан соңғы жылдары мынау, сырттай жауапты, шын мәнісінде қолжаулық міндеттен бас тартып едім, бастықтарым да маған құмартып тұрмаса керек. Шындығында, өз күшімен түсетін балалар да жоқ емес. Ал жалпы қиындық – абитуриенттің білім дәрежесіне мүлде дерлік қатыссыз. Қолдаушысы күшті болса, орташа баланың өзі зырқырап өтпек.

Обалы қанша, қалай түсті десек те, ҚазПИ-дің филология факультеті студенттерінің жалпы дайындығы жақсы еді. Қатарлас ҚазМУ-ден әлдеқайда жоғары болды. Ақырғы нәтижеге қарап айтам. Кейін сол, мен көрген балалардың ішінен ақын да, сыншы да, қайраткер мен ғалым да шықты. Сонымен қатар, обалы не, жекелеген нашарлар да ұшырасып қалатын. Ал осы ретте айтқалы отырғаным – шетін ғана емес, ерекше ғажайып жағдай.

Сол алғашқы жылдың қысқы сессиясы. Өзім әуелден оқытпаған, тек жаңадан дәріс берген үшінші курс студенттерінен емтихан алып отырмын. Менің бұл кездегі талабым қатаңдау болса керек, көбіне «орташа» мен «жақсы». Төрт-бес бала ғана үздік, екі-үш бала «қанағаттанғысыз», қайыра тапсыруы керек. Кезегімен өтіп жатыр. Сөйтсем, бойы ортадан жоғары, өңкиген бір жігіт жауаптан тартынып, отырыңқырап қалған екен. Озғындап алдына түскен ұл мен қыздан соң байқап қалып, жауапқа шақырғам. Әрең келіп, екі бүктеліп, әзер отырды. Билетін қолынан алдым. Бірінші сұрақ… Жауап жоқ, тұқыра берді. Екінші сұрақ… Аузын ашпады. Үшінші сұрақ… дыбыс жоқ. Билеттен тыс, өте оңай бірер сауал тастадым. Ләм-мим тырс етпеді. Сен өзің қажетті әдебиетті мүлде қарамаған сияқтысың ғой, дедім. Әйтпесе, Абайдың бұл өлеңі мектеп оқулығына да енген. «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды…» Кім екен?» «Абай» – деді жасқана сөйлеп. «Қыс», – дедім. Алып көрсеттім. Мен отырған столдың тартпалы қуысында жатқан, бесінші, әлде алтыншы кластың кітабы. Сондағы үзінді. Тәрізі, өткенде, тілден емтихан кезінде, немесе басқа жағдайда қалып қойған. Жаңа бір бетін аштым. Шағын жаттығу мәтіні. Жарты бетке жетпейді. Толстой, «Полкан деген ит». Артқа барып мынаны оқып шық, дедім. Маған мазмұндап айтып бересің. Барды, отырды, жер қазғандай тұқшиып, оқуға кірісті. Екі-үш студенттен соң қайыра шақырдым. Иә, не болыпты? Тым-тырыс. Бірде бақырайып бетіме, бірде жыпылықтап төменге қарай береді. «Әй, сен манадан бері ойнап отырдың ба? Қане, екеуіміз қосылып оқиықшы… – деппін. – Әуелі сен оқы…» Тағы да тым-тырыс. «Қане, жай ғана оқып көрші…» – деймін. Сөйтсем, сенесіз бе, жоқ, сенбейсіз – мүлде оқи алмайды екен. Әуелде мен де сенгем жоқ. Кітапты қолыма алып, қасыма шақырдым. «Мынау не деген әріп?» «Ыл…» Келесі әріп?» «Ее…» «Одан соң?» «Вы…» «Не болды?» – Айта алмады. «Лев» – дедім мен төзімім таусылып. «Енді мынау?» «Ты…» Одан соң «Оо…» Толстойды да түгендеп бере алмаған. Енді басқа да қаріптерді жекелей адақтап шықтық. О ғажап, бәрін де таныды. Тек «е» мен оның төңкеріліп шыққан сыңары «ә» таңбасын ғана шатыстырып еді. Енді мен ерінбей, жалықпай, алдымдағы қағазға қолдан жазып көрсетіп едім. Бірінші кластың Әліпе үлгісімен. «А-Т-А». «Ата» емес, «Ат» болып шықты, ат та емес, «а-ты»…» Есімді жия алмай азғана отырып, сынақ кітапшасын ақтарып қарадым. Бірінші курс, бірінші семестр… Өтіпті. Екінші курс, екінші семестр… Ол да бүтін. Үшінші курс, бірінші семестр… менен бұрын екі емтихан тапсырған екен. Бұл да, бұрнағылар да түгел «қанағаттанарлық» – яғни, қатар-қатар үштік. «Болды, – дедім. – Енді ауылға қайтасың. Міне, адал бағаң – екі – «Қанағаттанғысыз!» Бұл сөз ешқандай әсер еткен жоқ, бүктесінін жазып, орнынан тұрды. Сүйретіліп шығып кетті. Алдымда әлі де үш-төрт бала қалған. Қарасам, бәрі тұқшиып, бірақ тым көңілді отыр. «Осыған дейін бірге оқып келдіңдер ме?» – деппін, басқа сөз таба алмай. Әуелгі курстан бері, міне, үш жыл бойы бірге оқыпты. «Содан бері осылай тапсырып келе ме?» – деген сұрағым жауапсыз қалды.

Балаларды түгел атқарып, тәлтіректемесем де, басым айналуға жақын жағдайда кең дәлізге шығып едім. Кафедрамен орта жолда Ф.М. дейтін тіл маманы, профессор әйелге ұшырастым. Бұл да таң қаларлық жағдай, ғылымын білмеймін, күнделікті тіршілікте, естуімше, тіпті, студент ұл мен қыз алдында бейбастақ, тәрбиесіз жан еді. Шегір көздерімен ежірейе түйіліп, маған қарады да: «Е, Мұқа, қайырлы болсын, – дегені. – Анау студентіңіз, – аты-жөнін айтты, – жаңа деканға кіріп шықты. Соны айтайын деп едім сізге. Байқаңыз, оның артында кісісі бар…» «Студенттің артында кісісі болғанда, мұғалімнің артында одан да күштісі неге болмайды?! – дедім. – Масқара ғой. Тым құрса хат танымайды екен…» «Өзіңіз білесіз. Апайыңыз болған соң айтқаным…» – деді. Шынында да апай, біздің Аягөзден. Аңдалып қалғандай, әлгі студенттің артындағы кісі – факультет деканы, – әдебиетші, немесе тілші емес, партия тарихынан ба, маркстік философиядан ба, әйтеуір ғылым кандидаты, ректорат тарабынан түскен екен, жасы елудің үстіне шыққан, бірде осы маңда машинаға отырып жатқанда көріп қалғам, жұтынып тұрған жас әйелі бар, жылтыр төбе, сыптығыр қара кісі болатын. Кәсіподақ жиналыстарында қатқыл сөйлейтін. Мен мұғалімдер институтында осыдан соң тағы үш жылдай қызмет атқарып, Серік ағамның әуелгі уәдесі бойынша, докторантураға шықтым, манағы хат танымайтын бала қайыра көзіме түспеді. Деканмен де тоқайласқан емеспін, әлдеқалай ұшырасқанда құрметпен амандасып, тартына сөйлейтін еді. Кейінде естігенім, әлдебір былығы ашылып, жеті-сегіз жылға сотталып кеткен екен.

Ең қызығы – менің осы, өз алдымнан өткерген шынайы оқиғаға ешқашан ешкім сеніп көрген емес. Сол кезде және кейін де, әлдеқалай еске түсіп, айтыла қалған жағдайда тыңдаушыларым түгелдей: «Иә, неше түрлі мыйғұла бар ғой, бірақ сіз әсірелеп отырсыз, он жылдық мектепті бітіріп, институтта оқып жүрген дырдай жігіт, мейлі, оқуға құлықсыз болсын, меңіреу, мақау болсын, хат танымауы мүмкін емес…» – деседі. Қазір тәуелсіздік заман, бұрынғыдан көп алға бастық, бірақ біздің білгіштер «ғаламтор» деп атаған бүкілқазақтық өсектор интернет бетінде мыйғұла, тауансыз мақұлықтың нешеме түрі жаппай өріп жүр. Кесірі Алатаудан асқандай. Ешқандай қисынды уәжге тоқтамайды, ауыздарынан ақтарылған былапыт боқтық жарым дүниеге еркін таралып жатыр, бұлардың шын сөзден гөрі өтірікке бейімі артық, не сауат, сана жоқ, не әдеп, тәрбие жоқ. Осындайда ойлаймын, әттегене, баяғы хат танымай қалған студентім мыналардан өлшеусіз артық екен ғой, деп. Өздеріне соншама сенімді осы бір ерекше қауым түгелімен хат танымай қалса, дүниені осыншама былғамай, момақан кейіпте, тып-тыныш отырар еді ғой деп.

 

  1. Шикі ет – сынған тіс

Мектепте бірге оқыған, бұдан соң қатарлас өскен, тетелес жетілген төрт-бес жігіт едік. Туған ауылымыздан алыс Алматыға үздік-создық қоныстандық. Енді ұшыраспай, жүздеспей тұрмайсың. Қалтқысыз табысудың мәйегі – өзара қонақ. Арнайы шақырысамыз, бұдан қалса, балалардың туған күні, мектепке барғаны, бітіргені, институтқа түскені, одан әрі… ұлдың үйленгені, қыздың ұзатылғаны… Сылтау көп және бәрі де орынды. Әуелден-ақ біздің топтың арақ-шарапқа әуестігі жоқ еді. Ең үлкен қызық – әрқилы әңгіме, баяғы заман естеліктері, және, әрине, мол дастарқан. Бар дастарқан емес, қазақша ет. Ендігі сенімсіз хикаямыз да осы етке қатысты.

Бұл ет жарықтықты әзірлеу оп-оңай сияқты. Әйелің қазанға салады, қажетті мөлшерде тұзын сеуіп, екі сағат шамасында қайнатады… одан соңғысы белгілі. Белгісізі – біздің бір досымыздың үйіндегі ет қашанда шикі болатын. Шикі болғанда… тастай қатты. Алдымызға келеді, үлкен табақтан ептеп аласың, содан соң… бір жапырағын үшке бөліп, малжаңдап отырғаның. Ұялағаннан жұтынасың, тамағыңнан әрең өтеді, орталық табаққа қайыра қол созу қайда, алдыңдағы, қандай қиындық күтіп тұрғанын біліп шақтап алған сыбағаңның өзі жарым-жартылай ғана кетілген. Бұл ет жай ғана шикі емес, тіс батпайтын дәрежеде. Бірде, өзара, яғни әлгі үй иесінен тысқары жерде: «Жүк машинасының артқы доңғалағының покрышкасындай…» – дегенім бар. Менің қасқырдай тісімнің өзіне солай көрінген.

1983 жылы Якутия – Саха еліне, қазақ әдебиетінің онкүндігіне барып едім. Жиырма-шақты жазушы. Күтім, құрметіміз ерекше болды. Риясыз, туыстық көңіл. Арақ-шарабы самсаған мол дастарқан. Жабайы үйрек, қаз еті, бұғының тілі, бізге ерсілеу көрінген, алайда бұрнағы қазақта да болған қаншұжық, балықтың неше атасы. Әлбетте, ең бастысы – жылқы еті. Толық піспеген. Бағзыда қазақ: «Ет қанды болмай, жігіт әлді болмайды», – деген. Яғни, шала-шарпы, бір ғана қайнаған, табиғи қалпы. Сахалар күні бүгінге дейін осылай қабылдайды екен. Әйткенмен, қазақтар қанын кетіріп, езіп жейді деп естіген, бір емес, екі қайнатса керек. Әлбетте, жеріне жетпеген, соған орай жарым-жартылай ғана, қатаң піскен. Біздің жігіттер ұсақтап турап, ептеп қана жеді, соның өзінде көбінің іші түйілген. Тек мен ғана ешқандай қиындық көрмеп едім. Қаны шығып тұрса, баяғыдай болар еді деп, қажетті мөлшерде қарпып жүрдім. Есебі, шикілтім ет мен үшін тым оғаш емес екен.

Алайда, біздің досымыздың әйелі пісірген, пісірген емес, шикілей тартқан етіне еркін кірісе алмас едім. Мен кейінде көрген саха дастарқанындағы ет – мұның қасында мыйпалау сияқты. Қайткенде, ептеп болса да, тартынбай жедім ғой. Ал мынау… якутыңыз не, қазанға түспеген сүр еттен де қатқыл. Содан, қайтарда, немесе басқа бір жағдайда әйелдерімізге айтамыз ғой: мына абысындарыңа етті қалай пісірудің жөнін үйретпейсіңдер ме деп. Қалай үйретеміз, дейді. Жаңа түскен жас келіншек емес. Не қиындығы бар. Орта жолдан суырып алмай, екі сағаттан астам қайнатса жетіп жатыр емес пе. Тіпті болмаса, достарың өз әйеліне ескертпей ме. Біздің үйлерден піскен ет жеп жүр. Пісіре түс, қайната түс, деп… Айтты, айтпады, түсініксіз, жұмбақ жағдай. Бұл әйел неге етті үнемі шикі пісіреді?.. Әртүрлі, қисынсыз қалжың туар еді. Досымыздың өзі осылай, үнемі шикі ет жей ме – гастриті, қарны қабысқан, арық бітімі осыдан шығар… Қайткенде, досымыздың дастарқанындағы ет жай ғана шикі емес, жаңа айтқанымдай, ғажайып кейіпті – суға батырып қана алған өгіз тулақ сияқты. Ақыры, біздің әйелдердің бірі бұл құпияның сырын ашу талабымен арнайы тәжірибе жасайды ғой. Күнделікті, өз дастарқанына дайындаған етті бір қайнатып қана қазаннан алады – шикі, бірақ тіс өтердей; екі қайнатып алады – толық піспеген, алайда, анадай, тым қатты емес. Содан осы әйел ме, басқа абысын ба, бір жолы етке құйылған су жеткіліксіз көрініпті, содан жаңа қайнаған ет үстіне қосымша суық су қоспалайды ғой. Әдепкідей, екі, әлде екі жарым сағаттан соң қазаннан алып, табаққа салған кезде қараса… тастай қатты, тұпа-тура анау досымыздың үйіндегідей. Бәлкім, уақытынан жаңылысқан шығармын деп, қайтадан отқа қояды. Ертеңіне, әлде арғы күні әлдеқалай есіне түсіріп, манағы тәжірибені қайталапты. Ет бір қайнады – үстіне қосымша суық су. Міне, алақай! Сол сәтінде мен қасаң еттің құпиясын таптым деп, көңілі жақын екі абысынға телефон шалыпты. Яғни, біздің досымыздың әйелі қазанға салынған ет бір қайнаған соң, үстіне жаңадан суық су құяды екен… Солай деп, келесі кезекте біздің әйелдер өз күйеулеріне айтады. Бірақ ешқайсымыз сенбедік. Сонда әдейі істегені ме? Әдейі десті. Қонақтар жемесін, етіміз өзімізде қалсын деп. Артынан екі-үш қайнатып, кәдімгідей пісіреді… Еріккен әңгіме ғой. Епетейсіз әйел, білгені сол, басқасы тұрыпты, жөндеп қазан да ұстай алмайды…

Сонымен, кезекті бір қонақ. Досымыз осының алдында ғана соғым сойған. Әуелгі дастарқан – қазы, қарта қасаңдау көрінді, үйреншікті жағдай – таңырқамадық, оншама тартынбадық. Келесі кезекте үйме табақ ет келген. Қосымша сыбағамыз және бар: қалғанымыздан жарым жас үлкен Төлекке – жамбастың үлкен қалағы, менен екі ай кіші Блокқа тоқпаш жіліктің басы, ал маған ерекше құрмет – тайдың бүктеле піскен тұтас бір жалы. Сияпатта мін жоқ. Әйткенмен, менің қайда да үйреншікті сақтығым бар, сыртына майы шылқыған, ақсары, тырсылдаған семіз жалды айналдыра қарап отырып, бір шетінен жұқалап, жарым жапырағын кесіп алдым. Иә. Бәрі бұрынғыша. Бұл үйдің еті – грузовой машинаның ескі покрышкасындай деп едім ғой, кім тістеп көріпті, әйтеуір айтып қалған бейнелі сөз, сол ретпен келсек, бір кесім жал – жеңіл машина дөңгелегінен ажыратылған рәзеңке камераның бір үзігі сияқты екен. Еппен ақырын ғана шайнап, сөлін тартқандай ырым жасадым да, аузымды сүрте бергендей, салфетканың бір ұшымен қайта алып, томарлақтап, қоя салдым. Содан соң сыбаға табағымды, үстінде үйіріліп жатқан тұтас жалмен қоса, Төлектің алдына жылжытып едім. Ерекше құрметіме риза болып қалды. Алдындағы, бір шеті ғана кетілген тұтас жамбасты маған ысырды. Содан соң, пышағы қалай өткенін білмеймін, шикі жалдың жуан ұштығынан үлкен бір жапырағын кесіп алды. Кесіп алды да, аузына салды. Келер мезетте оқыс даусы шыққан. Қайткенде мәдениетті кісі, жұмсақ қағаз сүлгіні аузына тосып, шайнамасын тастады және екінші қайыра қолын тығып, сынған жарты тісін суырып алып еді!..

Ал осыған кім сенеді? Жарайды, өзі де дәнекүс азу екен дейік. Дәп сол сәтінде опырылуы қалай? Сондай-ақ, ерекше тәсілмен, тастай қатты қылып пісірген ет жайын да ешкім ұғындырып бере алмас. Бір, екі рет емес, үнемі, жиырма, отыз жыл бойы осындай ерекше ет жеген досымыздың жұмбағына да ешкім сенбес еді. Бірақ анық, дәп осы қалпында өмірден өткен хикаят.

Досымыздың да, оның айрықша аспаз әйелінің де аттарын атамай, әрқилы жағдайда, қызық үшін айтқан осы бір әңгімеге бұрын-соңды ешкім де иланып көрген емес. Осы қағаз бетінде де сенімсіз күйінде қалатын шығар.

 

  1. Ағаға артықша құрмет

Бұл жолғы, ешкімге көлеңке түсірмес хикаямыздың басты кейіпкерлерінің есім-сойын нақты атауға болады. Ісләм Жарылғапов және Советхан Ғаббасов.

Жазушылардың Жамбыл көшесі, Байзақовқа тақау қиылыстағы, Сараңдардың Сары үйі аталған жаңа қонысында тұрамыз. Көп кешігіп, сегіз, әлде тоғыз жылдан соң, дәл қатарымыз – Чапаев көшесі жақтан тағы бір үй салынды – мұнда да тек қана жазушылар. Көп ұзамай, Алқаштардың Ақ үйі болып шықты. Өздеріне де обал жоқ. Жапырлай келіп қонып жатқанда біздің жақ ерулікке асықпаса керек. Соған орай Сараңдар мәртебесі. Енді Алқаштар. Рас, отыз шақты әріптес ішінде бес-алтауы үнемі дерлік көңілді жүретін еді, қалғаны да солармен бірге кетті. Әйтпесе, әдетте Ақ үй дейміз. Ал біз – тиісінше Сары үй. Бұл атаулардың да түпкі мағнасына бойлап жатқан ешкім жоқ. Шындығында, қырық-елу үйден құралған таза қазақ ауылы екенбіз.

Ісләм Жарылғапов әуелден-ақ Сары үйдің шығыс беттегі бірінші далаңында тұратын. Мен – екінші далаңда. Қайткенмен бір ғимаратта жасаған соң, көршілермен кездеспей тұрмайсың. Ісләм ақсақалмен арамыз жаман емес, баяғыда, Есенберлиннің тұсы, мен көрген бірер жылда Госкомиздатта бас редактор болған. Бұл – көкірегі кең, білімдар кісі еді. Әр кезде, әрқилы үлкен қызметтер атқарған. Оқығаны көп, сөзге және шешен. Алайда, жазғаны жоқ, немесе жоққа тән. Оның есесіне, қазақ тілі мен мәдениетіне том-том кітап келтірген талай қаламгерден артық еңбек сіңірген. Бұл кісінің шығармасы – кітап емес, жекелеген, тың сөздер. Түрлендіріп, жаңаша қалыптаған. Мәселен, «көрермен», «оқырман», «аялдама», «саяжай» дегендей. Ең ақыры – кәдімгі «балмұздақ». Хош. Бұл кісі орысшаға да, қазақшаға да жетік. Ең кереметі – ғаламда жоқ жалқау. Өзім нақты куәгер болған бір жағдай. Есенберлин – «Жазушы» баспасының директоры, өзімен ежелден сыйлас Жарылғаповқа аудармаға кітап береді ғой. Қарақалпақ жазушысы Қайыпбергеновтың «Қарақалпақ қызы» романы. Алдынала шарт жасалған, жиырма бес пайыз аванс ақшасын алған. Сонымен бітті. Бір жыл өтеді, екі жыл өтеді, үш жыл – аударма жоқ. Алайда, бұл қалпында қалуға тиіс емес. Біріншіден, аз ба, көп пе, тиесілі борыш баспаның мойнында тұр, барлық межесі өтіп кеткен, не ақшаның орнын жабу керек, әйтпесе, қолжазба түсуі керек. Екіншіден, сол кездегі қарақалпақтың, Ташкент пен Москвада кітаптары шығып жатқан лауреат жазушысы қаңтарылып отыр, әредікте сыпайылап телефон шалғанда әне, міне деп алдарқатып қана қоямыз. Ақыры, Ісләм ақсақалмен менің сөйлесуіме тура келген. Басқа жұмыстардан қолым босамай жатыр, дейді. Соңғы бір жылда екі қайтара берген жауабы. Шындығында, бұл кезде қолы мүлде бос, уақыт емес, мойны жар бермей жүргені анық. Үшінші мәртеде ашып айтып едім, Ісеке, қарақалпақ пен қазақтың айырымы жоқ, осы біздегі сауатты әйелдердің біріне мәшіңкеге беріңіз, бастан-аяқ тұпа-тура көшіріп шықсын, үстінен қарайсыз да, қиыспай тұрған жерлерін түзете саласыз, аударма деген – міне, осы, сіз де тыныш, баспа да тыныш болар еді деп. Үлкендігін алға салып, әжептәуір ренжіп қалды. Мен өз ісіне соншама жауапсыз қарайтын желбегей кісі емеспін, деп. Төтенше жағдайды Ілекеңе мағлұм қылдым да, бар парызымнан құтылдым. Арты не болғанын білмеймін.

Міне, 1972 жылдың соңында осы Ісләм ақсақалмен көрші шығыппыз. Әуелде, кездейсоқ ұшыраса қалғанда әжептәуір әңгімелесіп жүрдік. Тек қызғылықты басталған кеңесіміз созылып кететін жағдайлары бар. Міне, он жыл болды, бұл кісінің мен көргендегі бір ғадеті, тоқтаусыз сөйлейді. Қанша уақыт өтсе де, қандай әңгіме болса да, орта жолдан үзіп, тастап кете алмайсыз. Бұл саңылаусыз, кенеусіз кеңестен құтылу үшін – сол арада тағы біреу ұшырасуы шарт. Ендігі қызықты тың құлаққа аудара салып, тезінен сытылып шығуға мүмкіндік бар. Соңғы бірер жылда маған салқын тартқан, өйткені, сұраған кітабын, қашыра сөйлеп, бермей қалғам. Екі томдық Парсы-орыс сөздігі. Жалпы, кімге болмасын кітап беру әдетімде жоқ, оның үстіне, бұл Ісләм ақсақал оқуға алған кітабын қайтармайды екен, тіпті, Мұхтар Әуезовтың өзінен бүгіп қалғаны бар деп айтатын. Әйткенмен, ашық араздығымыз жоқ, бұрынғыдай құлдырап түспесе де, кездесе қалғанда тарп жабысатын. Сондықтан кешелі-бүгін емес, талайдан бері қашқалақтап жүретін болғам. Есіктен шыға бере, арғы далаң тұсы, тақау төңіректе қарасы көрінбей ме деп, барлап алам. Анадайдан көзге шалынса, айналып өз жағымнан шығам және бірден-ақ көшенің қарсы бетіне өтіп кетем.

Осындай бір күн еді. Таңертеңгі сағат тоғыз жарым. Академия кітапханасына бара жатырмын. Әдетімше, үйіміздің сол қанаты, өтер жолыма көз салдым. Ешкім көрінбейді. Қолымда портфелім бар. Тура тарттым. Кенет… арғы далаң алдына жете бергенде… қарсы бүйірден Ісекеңнің шыға келгені. Тап бір мені аңдып тұрғандай. Әрине, аңдыған жоқ. Кездейсоқтық. Мен осылай қарай жылжығанда, ол үшінші қабаттан төмен түсіп келе жатқан. Не керек, ұсталдым. Ісләм ақсақал бірден-ақ әлденендей қызғылықты, ғибратты кеңесін бастады. Ал маған ешқандай қызықтың да, ғибраттың да керегі жоқ. Бұдан бұрын он, жиырма, отыз мәрте естігем. Бұл емес, басқа әңгімелер. Әйткенмен, бәрібір. Бүгін менің жазу емес, кітапхана күнім. Сол жазуға қажетті әлденендей қосымша әдебиет. Мен әңгіме қызбай, жаңа басталғанда уақытым азын, асығысымды білдіріп қозғалақтап едім, Ісекең атап ренжімесе де, қабағын шытты, тұра тұр, мынау саған да керекті кеңес деп барып, ұзақ-сонар хикаятына кірісіп кеткен. Арада тұтас жарым сағат болып көрінген төрт-бес минуттан соң, менің бақытыма қарай, барар жол – қала жақтан, кездейсоқ емес, тіке тротуарынан ауытқып, Сары үйдің тура алдынан өту үшін… бұрылып жүрген Советхан Ғаббасов шыға келгені. Үстінде әдемі сұр костюмі бар. Галстук таққан, салтанатты кейіпте. «Ассалау…» – Ісекең Советханның қолын алып үлгермеді, «Ал, жақсы, Ісеке, аман болыңыз» деп, өзімнің құтқарушыма бас изеп ишара жасадым ба, жасамадым ба, лып етіп, бұлт етіп, ойнақтап шыға бердім. Бұл – нақтылап айтайын, таңертеңгі сағат онға жиырма минут қалған кез.

Содан, тұтқыннан құтылған көтеріңкі көңілмен трамбайға жетіп, көп күтпей, сәтімен жылжып, Академия кітапханасына барып, сағат түскі үштен өткенше отырдым. Қайырым жол – небәрі жиырма-жиырма бес минут шамасы, көлденеңнен тосып тұрған ешкім жоқ, тезінен жеттім. Содан Сары үйдің шығыс бұрышын айнала бергенде… бірден көзім шалды – Ісләм ақсақал мен Советхан екеуі сол манағы жер, ашық қақпа, далаң алдында әңгімелесіп тұр екен. Әңгімелескенде, Советхан үнсіз, бар болғаны басын изеп қана қояды, үздіксіз, тынымсыз сөйлеуші, әрине, Ісләм ақсақал. Мен таң қалып, бір сәт бөгеле бере, ың-шыңсыз кері шегіндім. Істің сәтіне қарай, ақсақал ары қарап тұр, ал Советхан арқанға ілініп, шылбырмен маталған, шарасыз қалыпта мені аңдады, аңдамады, қайткенде «Құтқара көріңіз!» – деп аттандай алмайды.

Бұл Советхан – негізгі мамандығы медик, ғылым докторы, профессор, жұғымды, жақсы жігіт; оқытушылық, дәрігерлік жұмыстары қат-қабат, түнгі кезекте болды ма, таңғы шаруасын шұғыл атқарды ма, әйтеуір қолы босап, үйіне қайтқан мезеті. Осы Советхан, бұдан басқа тағы жиырма бес-отыз жазушы өткен айда ғана Ақ үйге жапырлай қоныстанған. Ал Советханның әуелден-ақ жазуға ықылас, құмарлығы мол, әңгіме, повесть, роман… дегендей. Жалпы жұрттан озбаса да, қалық емес. Оның үстіне, өзінің тосын мамандығына қарай, біздің жазармандар қауымына тартынбай қолқабыс, жәрдем жасап тұратын кісілігі және бар. Ең бастысы – үнемі сыртта жүргендіктен, қаламгер қауымына кұрметі ерекше. Міне, жазушыларға арнап салынған үйден пәтер алып отыр. Бұрын сырттай, одақ пен баспада ғана көретін ағайындармен енді етене араласуға мүмкіндік туды. Мерей, әрі мәртебе. Қарап тұрса, бәрі де әйдік. Оның ішінде көкбуырыл шаш, тығыршық, тығыз бітімді, салмақты, салауатты Ісләм ақсақалдың бар болмысы үлгілі көрінсе керек. Және алғаш рет жекелей жүздесіп, сөзін тыңдап тұр. Әрі мәнді, әрі соншама қызғылықты. Мен құсап, ал енді сау болыңыз деп, орта жолдан үзіп кетуге әдебі жібермейді. Әуестік пен құрмет ағасынан айыра алмай тұр.

Мен енді Сары үйді сырттай айналып, келесі далаң алдына жеттім де, қызықты мәжіліс үстіндегі екеуге қауіпсіз жерден тағы бір рет көз тоқтата қарап, ішке кірдім. Бұл кезде сағат төртке тартқан. Ісләм ақсақалдың Советхан інісін ұстап алғанынан бері тура алты сағат өткен. Асықпай шайымды іштім. Қызық үшін әйеліме Ісләм ағасы мен Советхан жазушы екеуінің қалай кездескенін, таңертеңнен бері ана далаң алдында тапжылмай әңгімелесіп тұрғанын айттым. Неше сағат? Тура алты сағаттан асты, дедім. Әйел сенбеді. Сен кеткеннен кейін, осы түс әлетінде, анығы – түстен кейін ұшырасқан шығар, деген. Мен өтірік айтпаймын, алғаш кездескен минутынан бастап білем деп, әжептәуір ренжіп қалдым. Е, мейлі, деді әйел. Өздеріне ұнаса болды, саған да, басқаға да зияны жоқ қой, деді. Зияны – түнгі кезектен келе жатқан дәрігер әлі таңғы шайын ішкен жоқ, дедім. Маған, әрине, бәрібір. Керек десең, қызық.

Содан соң, ішкі бетке қараған кабинет балконына шығып, шыққанда, ербимей, басымды сұғып қана қарап едім, манағы екеуі әлі тұр екен. Сағат төрт жарым. Сұхбат басталғалы – жеті сағатқа тақады. Қашанғы аңдисың, күлдім де, бүгінгі жұмыстың қорытындысы, қажеттеп әкелген дәйектерімді қатарға қостым, жазу емес, тағы да әрқилы ұсақ-түйек. Кенет есіме түсіп, биіктен және қарап едім, Ісләм ағам мен Советхан әріптесім әлі де сол кеңесте, сол орнында тұр екен. Сегіз сағат болды. Енді мен күлкіні қойып, таңырқай бастадым. Міне, сегіз сағат. Екеуі де тізе бүкпей, осы сегіз сағат бойы түрегеп тұр. Жүріссіз, қимылсыз, бір шаршыда. Аяқтары талмай ма. Қарындары ашпасын, шөлдемесін, бірі – айтудан, екіншісі – тыңдаудан жалықпасын, бәрін жиып қойғанда, бұлардың қуықтары қалайша жарылып кетпей тұр? Мен білгенде ақсақал қанша сөйлесе де шаршамас еді, әйткенмен, бір-екі, үш-төрт емес, сегіз сағат бойы тынымсыз толғағанда дауысы қарлықпай ма, сөзі таусылмай ма. Не деген кенеусіз кеңес. Осы сегіз сағат бойы табан аудармай тыңдап тұрған Советханның жүйкесі қандай берік, төзімі қандай шексіз.

Әрі күліп, әрі қайран қалып, және кітап ақтарыстап әжептәуір отырған соң, балконнан сұғынып тағы қарадым. Ешқандай өзгеріс жоқ. Міне ерекше кеңес тоғыз сағатқа тартты. Бұл – күз мезгілі болатын. Әжептәуір ызғары бар қара күз. Күн біршама қысқарған. Жаңа батты, алакеуім. Мен соңғы рет қарағанда тағы да әлденендей өзгеріс байқалмады. Қызғылықты теке-тұрыс тоғыз жарым сағатқа жетіпті. Бұдан соң рекордтық… онсыз да ешкім мойындамас рекорд жасалған, әйткенмен, есте қалар дөңгелек сан күтіп едім, он сағатқа толды ма, толмады ма – анығын айта алмаймын. Бұл кезде алакөлеңке қоюлап, шамсыз ауланы қараңғылық басқан. Ісләм ағам мен Советхан әріптесім әлі тұр ма, немесе осыдан бірер минут бұрын қимай айрылысып, үйлеріне кетті ме, нақты білмеген соң, ақиқат куәлікке дауаламай отырмын. Алайда, осы екеуінің таңғы сағат тоғыз қырықтан кешкі сағат жетіден өткенше – жиыны тоғыз жарым сағат бойы үй алдында табан аудармай тұрғанын, және аса көп білетін Ісләм ақсақалдың бар білігі, ішіне сыймай, тура тоғыз жарым сағат бойы мағналы, деректі, әсем сөз болып, сыртқа құйылып жатқанын, міне, осыншама керемет кеңесті сөз ұғатын, кісі сыйлайтын Советхан Ғаббасовтың соншама уақыт – тоғыз жарым сағат бойы кірпік қақпай, дем шығармай, айрықша ықыласпен тыңдағанын нақты куәландырамын. Бәлкім, он сағат, одан да астам шығар, алайда, ақырына дейін қадағалауға мүмкіндігім болмағанын айттым.

Арада үш күн өткенде естігенім, біздің жазушылар қатарынан шыққан дәрігеріміз, анығы – орыстағы Чехов, ағылшын Моһэм сияқты, дәрігерлер қатарынан шыққан жазушымыз Советхан Ғаббасов көлденеңнен салқын тиіп, ауырып қалыпты. Әйтеуір аман-есен, екі аптадай емделіп, құлан-таза жазылған екен. Ал Ісләм Жарылғапов ықыласты інісімен соншама мағналы кеңестен соң жаңаша қуат тапқан сияқты. Салмақты, салуалы әңгіменің жүгін көтере алмаған Советхан інісі ауырып жатқан екі апта ішінде, әрине, алыстан шалып, екі-үш рет көрдім.

Ал енді осы әңгімеге кім сенеді? Менің бұл кісілерді көргенім емес, салқын күзде, екі аяқтарымен тік тұрып, тоғыз жарым сағат бойы үздіксіз әңгіме-кеңес құрғанына. Мені сыйлайтын, ең сенімді тыңдаушыларымның өзі: Мұха, ағасы, атасы, әсірелеп жібердіңіз деседі. Мүмкін, бір жарым, екі сағат. Тіпті, сіздің көңіліңіз үшін көтеріп айтқанда төрт сағат. Шындығында, анау екі сағаттың өзі неғайбыл, ал төрт сағатыңыз мүлде қисынсыз… Төрт емес, тоғыз сағат деймін, нақты айтсам – тоғыз жарым сағат! Тапжылмады, табан аудармады, үй алдында, аулада тұрды да қойды! Қанша айтсаң да, ешкім сенбейді… Кейінірек ойладым: әттегене, сол күні қолым бос еді, алакөлеңке түскенде киініп сыртқа шығып, Советханды азат етуім керек еді, содан соң Ісләм ағам жаңа тыңдаушыдан тың күш тауып, ғажайып әңгімесін одан әрі жалғастырса. Енді неше сағатқа жетер еді? Рас айтам. Түнгі он екіге дейін тұруымыз анық. Қап… Шын қызықтың уақытын өткізіп алыппын. Қайта айналып келмес керемет еді.

Осымен, адам сенбес әлденеше хикаямыздың ең қисынды үшеуі қатарынан тәмам болды.

6–8.ІV.2018,

Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ.

  1. Алматыдағы ғажайып

Ілкіде, адам сенбес өзгеше хикаяларымыздың таңдама үш тармағын ғана қағазға түсірген едік. Сол қалпында «Жұлдыз» журналы, 1998 жыл, 10-номерде басылып шықты. Сырттай естуімізше, әрине, ешқайсына ешкім сенбеген. Жалпы танымда анекдот кейіпті, қызғылықты кәкір-шүкір ғана. Сөйте тұра, тасқа басылып кеткен соң, «әттегене…» – деп санымды соқтым. Адам сенбестің ең негізгі, ешқашан ешкім нанбас, тіпті, анекдот ретінде де қабылданбас өзгеше бір тармағы ұмыт қалыпты. Мана айтқанымыздай, мүлде қисынсыз жағдаят. Енді, еске түскен соң, жамиғаттан жасыру – кәдімгідей күнә болар еді.

Өткендегі үш бірдей «Сенбесіміз» – әрқилы мінез, жағдаят көріністері болса, мынау – әлеуметтік деп айту артық, партиялық басшылық десек ауыр, әкімшілік… әкімшілікте отырған, нақтылап айтсақ, дәп сол бір тұста астана мәртебесі бар Алматыны берік ұстап тұрған әлдебір тегеурінді, данышпан партия-совет басшысының ғажайып таным, шексіз қиялының көрсеткіші. Сонымен…

1963 жыл, жазға салым болса керек. Мен университеттің қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантымын. Мұрынға су жетпей жатқан қысталаң кезең. Жатақханада бір бөлмеде тұратын Кенжебай Жүсіпов дейтін жігіт бар еді. Ғаламат дарынды және соншама пәруайсыз жан. Сәл кейінірек «Көк мұнар» романының өзгеше бір кейіпкерінің прототипі болған математик, осы аспирантура күндерінде жетекшісінің докторлық диссертациясын көтермелеп шыққан, ақыры уақытында қорғап үлгермей, екі-үш жылдан соң ғана ғылыми дәрежеге жеткен. Кейінгі тағдырын білмеймін, ал мына ерекше оқиғаның алғашқы куәгері болғандықтан әңгімеге қыстырып отырмын. Сонымен, мен – күндіз архивте, Кенжекең – лабороторияда, екеуіміздің басымыз қосылған мазаң кештердің бірінде алдыма неше бүктелген әлдебір газет тастаған. Алматының облыстық, әлде қалалық басылымы, орыс тілді «Вечерняя Алма-Ата», немесе «Огни Алатау». Бірінші апрель күнгі емес, естері дұрыс па өздерінің, деген. Міне, деп, нұсқап көрсетті.

Шынында да ғаламат екен. Астана шаһарымыз үлкейіп, өсіп, өркендеп келеді, дейді. Әрқилы транспорт, оның ішінде жеңіл машиналар да бұрынғыдан өлшеусіз көбейді… Осыған орай, үлкенді-кішілі көшелерде көлік атаулының еркін қозғалысына жол түйісіндегі бағдаршамдар айрықша бөгесін болып тұр. Сондықтан да қала басшылығы Алматы көшелеріндегі семафор атаулыны түгел алып тастауға шешім қабылдап отыр…

«Әзіл шығар», – дедім мен. Бірақ қатарынан берілген жаңалықтар шекесінде «юмор» деген маңдайша жоқ. Анық, деді Кенжекең. Мынау – осыдан үш күн бұрынғы газет. Өзіміздің химик аспирант Жұмажан берді. Саған көрсет деп. Ол да ақылға сыйғыза алмапты. Филолог қой, мүмкін Мұхаң жұмбағын шешер деп еді. Кеше. Ұмытып кетіппін. Ал бүгін… Главпочтаның қатары, Коммунист пен Кировтың қиылысында арнайы, сатылы машиналармен төрт көзді семафорды ағытып алып жатқанын өзім де көрдім…

Ол кезде Алматыда, қандай да үлкен көшенің қиылысы, қақ ортада, айқыш кермелерге орнатылған әдемі семафор тұратын. Кейінгідей, әр бұрышта емес және жалғыз. Төрт тарапқа қараған, үш жарықты, әмбебап бағдаршам. Міне, айналасы апта өтпей, Алматы көшелеріндегі семафор атаулы түгел сыпырылып түсті. Мен ойлап едім, жаңасын салар деп. Неге қолма-қол ауыстырмады деп. Жоқ, ресми газет ақпары ақиқат екен. Еш жерде бағдаршам атаулыдан тұлдыр қалмады. Бұл, қазіргі заманғы дүние тарихындағы өзгеше жаңалықтан соң, үлкен қаладағы қозғалысқа қаншалық жеңілдік келді – нақты айта алмаймын, алайда, толып жатқан көлденең қиындық туғаны, атап айтқанда, ондаған, бәлкім, жүздеген машина соқтығысып, бәлкім, нешеме адам мерт, майып, кәріп болғаны күмәнсіз. Міне, осы, барлық көшедегі семафорсыз жағдаят бір жылдан астам, өте ұзақ уақытқа созылды. Келер жылы жазда ғана қала көшелері қайтадан семафорлана бастап еді… Ал осыған есі дұрыс қандай адам сенеді?

Біз айтып отырған хикая – астана шаһардағы осы қатарлас ғажайып атаулының бастамасы ғана екен. Көп ұзамай Алматы көшелері, оның ішінде Опера театрының екі қапталы, Баспочтамт пен бұрынғы Үкімет үйі, ендігі ҚазМУ-дың бас корпусы және басқа да орам, сквер атаулыдағы күргейлі бұта біткен түгел оталып тасталды. Кәдімгі, тыныс үшін, сән үшін егілген, кейде дөңгелене, кейде ұзынынан созылып, алаңқай, көше біткеннің көркін келтіріп тұратын, кісі бойы, тұтаспа қалың, екпе шіліктер ғой. Жағалай, жаппай, тұпа түбінен қырыққан соң, бүткіл Алматы, үлкен ағаштары ғана сорайып, мүлде жалаңаш қалды. Неге десеңіз… сол Опера театрының маңы, ҚазМУ мен Баспочтамт алды, және басқа да бүркенішті көше, даңғылдар – дүйім Алматы – кеш батар-батпастан қыз, жігіттердің ойнағына айналады екен. Иә. Сондай қалқалы тұстарда құшақтасып, аймаласып отырады, тек сонымен ғана шектелмесе керек. Тақау үйлерде тұтатын еңбек сіңірген зейнеткерлер жоғарғы қабаттан барлық қызықты көріп тұрмақ. Мынау не сұмдық деп, арысы Орталық Комитет, берісі қала басқармасына шағынған да осы байырғы балшабектер екен. Тек сквер, көшелер ғана емес. Ол кездегі Космонавт пен Виноградовтың қиылысы, Никольск шіркеуінің жоғарғы қапталында шағын парк бар еді. Еңселі дарақпен қатар, гүлзар және күргейлі бұталары да көп. Тақау төңіректегі студент жатақханаларында тұратын жастардың күндіз сабаққа дайындалатын, кешкілікте тыныс табатын демалыс орны. Қатар-қатар, қоралас, үйірімді бұта атаулы түгел сыпырылды. Бұл тарапта айрықша қатаң, арнайы жарлық болған сияқты. Өңкиген еменнен басқа тұлдыр қалмапты.

Сөйтіп, 1963 – бір-ақ жазда бұрнағы желекті Алматы тыр-жалаңашқа жақын, тақыр сида қалыпқа түсіп еді. Әуелгі жоспар артығымен орындалды. Ал енді қу тақырда ауна, ойна, еңбекте – қарық болдың. Алайда… билік тарабынан үлкен қателік кетіпті. Күрегейлі бұта атаулыны түбінен қырықпай, тамырымен қоса қопарып тастау керек екен. Келесі жылы барлық жерде қу түбірден қатар-қатарымен жаңа бұтақшалар өсе бастаған. Жер бауырлаған жіптік тармаққа біткен нәзік жапырақтар. Екінші жылы тобықтан озып, қарыстан асты. Үшінші жылы тізеге жеткен. Төртінші жылы белуардан шығып, бұрынғы өлшеміне ұмтылған. Енді, әуелгі нысан бойынша қайыра қырықпаған соң, бес жыл дегенде, түк болмағандай, әуелгі табиғи қалыбын тауып еді. Сол сәтінде жалпы жұрт кешегі, арғы күнгі барлық қырқым мен қысасты ұмыта салған. Ешқашан күргейлі бұта саясында ойын жасамасақ та, тек біздің есімізде қалыпты. Ұмытпастық үшін баяндап отырмыз. Бірақ бұл жолы да сондай бір науқан болғанына ешкім сенбесе керек.

Осы, күнәкар бұта біткенді жаппай отау үрдісі қаладағы барлық аялдамада тұрған сәкі атаулыны түгел жинап әкету жарысына ұласты. Түн ортасы ауып, жұрт аяғы басылар-басылмаста қызықтың ең үлкені осы аялдама орындықтарында жалғасады екен. Жер жетпегендей, дәп осы араға келіп отырады, әңгімелеседі, құшақтасады, аймаласады… Енді тып-тыныш болдық. Ал тапа-тал түсте, онсыз да минуттап емес, сүт пісірім де емес, ет асым мезгілге кешігетін, кешікпесе де, көбіне-көп тоқтамай өтетін автобус, троллейбус, трамбай – бір сөзбен айтқанда, қоғамдық көлікке кіріптар, жастар емес, қартаңдар, оның ішінде күні кеше тәртіп пен тазалық туралы жоғарыға ғарыз жазған кәрі балшабектер де, таяғына асылып, белі үзіліп, әрең тұрады. Қайткенде тақыр жерге отыра алмайсың. Уақасы жоқ, оның есесіне түнде де ешкім отырмайды.

Ендігі бір ерекше қызық – Алматыдағы Горький атындағы, Панфиловшылар атындағы ең үлкен екі демалыс паркіне қатысты. Сквер мен аялдамаларда зауық тарқатқан жұрт жыныс орманға жақын паркте мүлде шектен шығуы күмәнсіз. Осыған орай, бұл күнәкар екі жынойнақ та ішінара қалың бұта, жалғас қима шілік атаулыдан тазарады. Серейген, мыжырайған кәрі дарақтар ғана қалыпты. Бір шеттен қарасаң, екінші шеті айнадай көрінеді. Әйткенмен, бүткіл байтақ парк оқшау, дербес, тылсым мекен сияқты. Күндіз емес, түнде. Сондықтан, төтенше әрі ұтымды амал табылады. Екі парк те сыртқы қоршаулары жойылып, жайдақталуы қажет екен. Төңірегінен бөлектеп тұрған берік шарбақ – ескіліктің қалдығы, бүгінгі совет жастары мен социалистік еңбекшілердің еркін дем алуына бөгесін дейтін орынды уәж айтылады. Сөйтіп, патша заманынан қалған берік қоршау түгелімен жоққа айналды. Панфилов паркінің сырты, бәлкім Колпаковский тұсында орнатылған, биіктігі кісі бойынан астам, қолдың саласындай тізілген, ұштығынан түбіне дейін әсем көрікті, ұзынынан созылған, кемі екі-үш шақырымдық шойын шарбақ тұтасымен жинап алынды. Сырты жылтыр қара сырмен боялған ондаған тонна металл. Алып кету де оңай емес. Сол беті, сыртқы меже, әрбір тұста қатарластыра қалап қойған еді. Ай емес, жыл, бір емес, екі, әлде үш жыл бойы қаңсып тұрды. Ақыры, әрең әкетсе керек. Әрине, төрт тарап, бұрынғы қандай да қозғалысқа толық жетімді төрт қақпаның орнына парктің сегіз емес, он, жиырма емес, бар тарабы ашық ашық-алаң қалған. Бұрнағы темір шарбақтар көлденең куәгер болып тұрған екі-үш жыл ішінде, қаланың қақ ортасындағы саялы демалыс жайы – бар көгінен айрылған, шаңдақты қу тақырға айналды. Сол қалпы, азып-тозып, тағы төрт-бес жыл тұрып еді. Ақыры, әлдеқайдан төтенше пәрмен түссе керек, жаңа шарбақтар жасалыпты. Үздік-создық, бірнеше ай, жарым жылда әрең орнатып бітті. Демалыс паркі толығымен, қайтадан қоршалған. Парк аймағына кез клеген жерден кіріп, шығатын, неше тарам, айқыш-ұйқыш жолдар түгел кесілді. Бұл жетім соқпақты тақаудағы жылдарда қайтадан шөп басады. Алайда манағы, жаппай қырқылып кеткен жеке-дара, немесе күргейлі бұталар өз бетімен қайта шықпайды. Демалыс паркінің ендігі ішкі тынысын айтпағанда, сыртқы кейпін де бұрнағымен салыстырып болмас еді. Жаңа шарбағымыз – қоғамдық зират қоршауындай жетімек, әрі сұрықсыз. Енді қайткенде де өзіндік ауданы белгіленген паркті біржола және толық  игеру қажет екен. Баяғыда жас пен кәрі серуендейтін, кішкене балалар алаңсыз ойнайтын, тынысы кең демалыс жайының солтүстік-шығыс бұрышына советтік патриоттық идеяларды әйгілейтін, қатар-қатарымен өңкиген, бітімі де, тұрғысы да зор және бар жағынан рабайсыз, құбыжық ескерткіш кешен орнатылды. Тақау қапталы – шағын зират есепті, қашан және неге қойылғаны белгісіз, әлдебір партиялық қайраткер мен тағы бір көрнекі балшабектер жерленіпті. Ол аз болғандай, қақ ортаға ауқымды екі-үш залы бар үлкен ресторан орнапты. Осының бәрі – сорақы, бірақ замана ауқымынана туындаған өрескел жағдаят дейік. Ал сонда әуелгі, кілтипан – ескілікті демалыс жайының сыртын жалаңаштау кімге қажет болыпты? Осындай, ешбір данышпан ойлап таба алмайтын ғажайыптың мәнісі неде? Біз айтып отырған, бір емес, қанша мәрте қайталанған кереметтің қандай жасырын сыры бар?

Көшелерінде семафоры жоқ, қазіргі замандағы үлкен қала, орындықсыз аялдамалар, көк желекке тыйым салынған аула мен сквер, қақ ортасына кісі көміліп, тас тақырға ұсқынсыз, қаралы ескерткіштер орнатылған демалыс паркі… Дамыған социализм кезеңі – 1963-1965 жылдар деп қойыңыз. Дәп сол кезде Алматы қаласын қандай данагөй партия-совет қайраткері басқарады екен? Іздегенге тауып алу оңай. Ал соған керісінше, менің осы және бұрнағы «Адам сенбес» жазбаларымды оқыған қандай да есі түзу кісінің мұншама ғажайыпқа сенуі әсте мүмкін емес.

Сондай-ақ… арада тағы бір елу-алпыс жыл өткен соң… туған елімізде бүгінгі данагөй көсемдер мен бишікештер жасап жатқан бірталай жаңалықты істерге… кейінгі әулетімізді нық сендіру де мүмкін болмайды, дер едім.

15.1.2019

Силвер Сприң, АҚШ.

Оқылды 930 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 15, 2024

Зоя МАГАМАДОВА, заместитель…

Акцию «Таза Қазақстан» школа имени Толе би проводит с начала апреля. Учащиеся 5-11…
Сәу 15, 2024

Жанаргуль НИЕТАЛИЕВА,…

Тургенский филиал Иле-Алатауского ГНПП такие акции с участием школ Тургенского сельского…
Сәу 15, 2024

Алматы облыс әкімі Марат…

Облыстағы аталған бағыт аясында Жамбыл ауданындағы «Жамбыл Жабаев» мұражайы, «Таңбалы»…
Сәу 11, 2024

Аманаттықтар көмек қолын созуда

Алматы облысында су тасқыны болған өңірлерге көмек жинау қызу жүріп жатыр. Игі бастамаға…
Сәу 04, 2024

Ұлт саулығына төнген қатер

Денсаулық – бірінші байлық. Сондықтан саламатты өмір салтын ұстанып, деннің сау болуына…
Сәу 04, 2024

Әлеуетті мекеннің өрісі кең

Ауданымыз жер көлемі мен ел көлемі бойынша алдыңғы қатарда екені белгілі. Соған сай…
Сәу 04, 2024

Сатираның сардары

«Адамгершілігі жоқ қоғамның сатиригі хайуандар туралы мысал жазады. Уот тәк!» – деп…
Нау 29, 2024

Көктерек қашан «ауыл» болады?

Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт…
Нау 29, 2024

Аудан әкімі тағайындалды

Кеше аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХІХ сессиясында аудан әкімі лауазымынаТалғат…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет