Сейсенбі, 15 Қыркүйек 2020 03:53

Әлемге ақыл себуші

Әлемге ақыл себуші egemen.kz

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.

Қарадан хакім болған сендей жанның

Әлемнің құлағынан әні кетпес!

...Сұм дүние сылаң беріп көптен өтер,

Сау қалғанның көбісі ертең бітер.

Тоқтамас дүниенің дөңгелегі,

Шешеннің айтқан сөзі көпке кетер, – деп Мағжан ақын жырлағандай, шешеннің айтқан сөзі көпке жетті. Бұл шешен Абай еді.

«Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды», деп, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай шығармаларының өшпес мұра екендігіне кеңінен тоқталды. Абай бейнесін жан-жақты ашып көрсетті. Абай мұрасы қазақтың интеллектуалды болмысын, бұл елдің әлемдік өркениетке қосқан, қосып келе жатқан үлесін көрсетеді. Абай ұлттың ақыны, «қазақтың бас ақыны» дәрежесіне көтеріліп, ғасыр өтсе де, есімі асқақтай беруде. Жер бетінде адамзат баласы пайда болғаннан бас­тап, күллі адамзат қауымының ақыл-ойының жемісіне айналған әлемдік шығармалардың тұтас сюжеті Абай шығармаларының өн бойына айналды. Гуманист Абай Құнанбайұлының әрбір адамның басты қадір-қасиетіне деген терең сенімі, оның табиғатын барлық өлшем ретінде көре отырып адамзат баласы прогресінің мүмкіндігін бекіту еді. Білім мен ілім Абай үшін адамның үлкен әлеуетті мүмкіндіктерін ашу құралы болды. Білім алу, үздіксіз өзін-өзі рухани азықтандыру – хакім үшін адам прогресінің кілті.

Абайдың ақындық өнер тегінен дарыған халықтың арасынан есімі озық шығып, адамзаттың ақыл-ойына өз үлесін қосқан интеллектуалды дана данышпанына айналуына дәуірмен, ғасырмен қайталанып келіп отыратын тарихи әдеби сюжеттер себепкер болды. Бұл тарихи сюжеттер Абайдың өзінің толысуына, жер шарының әрбір пендесіне ой салатын рухани әлемнің тұтас формуласын жазып қалдыруына жол ашты.

Бір ақынның есімі бір ұлттың паспорты ретінде аталып, сол ұлттың рухани көрсеткіші бола алады деген түсінік бар әдебиетте. Бұл түсінік әлі де жалғасып келе жатыр. «Хәр халықтың сөз санатында оны дүниеге танытқан, өздерінде сөз символына айналған тұлғалар бар: орыстарда бұл – Пушкин, өзбектерде – Науаи, украиндарда – Шевченко, кырғыздарда – Шыңғыс Айтматов, татарларда – Тоқай...». Грузин халқы десек, Шота Руставелиді, орыс халқы десек, Лермонтовті еске алатын едік. Абай да осы қатардан орын алады. Біздің жан-жақты ғылыми ізденісіміз Абай поэ­зиясы мен прозасының алар кеңістігі адамзатқа ортақ ақыл-ой қазынасын тұтас қамтуымен айқындалып, тек бір ғана «қазақ елінің ақыны» дегеннен гөрі, «әлемге ақыл-ой сәулесін себуші» деген анықтамаға толық сай бола алатынын көрсетті.

Оларды қоя алмаймыз Абаймен тең,

Себебі оқымаған, ілімі кем..., – деп Сұлтанмахмұт айтпақшы, Абайдың білімі «жеті жұрттың» білімін қамтыды. Бұл ойымызға ХХ ғасырда жазып кеткен М.Әуезовтің: «...Сыншыл ойға көз сүзіп, бас иген, дінге сынның тұрғысымен қараған, халқының мәдениеті жолында аянбай күрескен жалынды қайраткер пысық, дүниеқор, мансапқор, алаяқ фео­дал ақсақалдардың ішінде серік таппай күйінген Абай қазақ елінің көлемінде ғана емес, сонымен бірге қазақ елімен іргелес жатқан шығыс елдерінің көлемінде де заманынан оза туған дана кісі болды» деген пікірі дәлел.

Абай – әлемге ақыл-ой сәулесін себуші. Ақынның өзінің кеңістігі: жер, тағдыр, мұра, халық. Осы тақырыптарды жырлау барысында Абай барынша оқыды, ізденді. Абайдың ең бірінші жетістігі: артына терең, ойлы мұраларын қалдырып кетуінде ғана емес, ол барлық оқығанын-білгенін; адамзат баласының рухани кемелденуіне бағыт беретін тұнық ойларын сүзгіден өткізіп; қазақы қалыпқа салып; туған ұлтына мұра етіп тартуында. Абай елікпеді. «...Ауғанның Жәлелләтдіні мен Мысырдың Мұхаммед Ғабдүһиының учениелері де, керек десе сол тұстағы Ресей мұсыл­мандарының арасында дәріпті болған Исмаил Гаспринскийдің де учениесі Абайды өзіне еліктіре алмады». Абай ешкімді еліктіруге тырыспады. Бұл ретте ақынның өмірлік түйінді тұжырымы: «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық. Бақпен асқан патшадан, миымен асқан қара артық».

Осы ретте біз келесі сауалдарға жауап іздемекпіз. Әлемдік көзқарас деген не? Ақынның (жазушының) әлемдік көзқарасы қалай қалыптасады? Өз оқырманына әлемдік көзқарас қалып­тастыру үшін ақынның (жазушының) шығармашылық лабораториясы нені қамтуы тиіс? Абай Құнанбайұлы шығар­маларынан адамзатқа ортақ әлемдік рухани мұра­лардың реминисценция­сы байқала ма? Абай ойларының әлем әдебиетіне ортақ шығармалар сю­жетімен үндестігі қандай? Абай заманында ұлттың өзін-өзі сақтау идеясы өзінің көкейкестілігімен бірінші кезекте көрінді. Ел тағдырын елеп-екшеген ақынның көрегендігі, кемеңгерлігі осы ұстанымның тіршілікке сәйкестігін тап басып таныды. Жалпы, кез келген шығармашылық иесінің шығар­машылық лабораториясының бай болуы оның білім­паздығымен, оқыған ғылымымен өлшенеді. Ал реминисценция шығармада автор қалауы бойынша өзінен бұрынғы ақын шығармаларындағы образға сүйену немесе белгілі бір ойды беруде тура, ал­дың­ғы бір авторды қай­талауы түрінде болуы мүмкін. Сондай-ақ автордың өзі­нің айтар ойы кейбір шығар­малардағы ойлар­мен үндес, сәйкес келіп жатса, бұл реми­нисценция құбылысы деп білгеніміз жөн.

«Абай ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстанған адам» болды.

Қарадан шығып сұлтан болған әкесі Құнанбайдың тәлімін көріп, халық ауыз әдебиетімен, дала ақындары мұра­ла­рымен сусындаған Абай сөзінің әлем­дік құндылығына, әлемге ортақ шығар­малармен сюжеті үндес.

ХХІ ғасырдағы абайтану саласы тео­риялық жағынан әлем әдебиет­тануымен салыстыра зерттеу тереңдей берсе, бұл абайтанудың ғана емес, қазақ әдебиеттануының жаңа биігі болмақ.

Ғаламда әрбір адамның өзіндік орны бар. Абай он бесінші қарасөзінде:
«...Егерде есті кісілердің қатарында бол­ғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» дейді. Адам өз мақсатына еңбекпен, сол еңбектерді өзгелердің дұрыс бағалауымен, сонымен бірге өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді. ХХІ ғасырда өзін-өзі жетілдіру теориясының принциптері жетіле түсуде. Цифрлық технология көмегімен әрбір адам мүмкін­діктерін аша түсуге болады.

Тәуелсіз ел ретінде Қазақ елі өзінің іргесін нығайтып, даму жолына түсті.

Абай есімі аталғанда, «қазақ халқы» деп әлем танитындай дәрежеге жетуіміз ХХІ ғасырдағы абайтануға зор үлес қосуды қажет етеді. Технология дамыды, ақпарат кеңістігі кең деген уақытта біз өткен ғасырдың ақыл-ой маржанына мұқтажбыз. Бұл – Абай мұрасының өміршеңдігі.

Абайды дәріптеуді насихаттау – бұл уақыт жаңарған сайын жаңғыра беретін игілікті мақсат. Бұл мақсат Қазақстанның жаңа генерациясын тәрбиелеуге негіз болады. Сонымен қатар Абай шығар­маларын оқи отырып, қазақтың байыр­ғы, мәдени тілдік сөз қолданысы ерек­шеліктерімен бірге, ауызекі сөйлеу тілі, ауыз әдебиеті мен жазба әдеби тілі сөз­дік қорын, мақал-мәтелдердің қолдану ерекшелігін молынан пайдаланғанын көреміз. Күрделі һәм мағыналы. Абай тілін толық меңгерген, ақын қолданған кез келген сөздің мағынасын түсіндіріп, ойын еркін жеткізе білетін адам – ол бүгінгі және болашақ қоғамның элитасы. Ертеңгі ұрпақ туған тіліміздегі сөздердің мағынасын түсінбеу дертіне шалдықпауы үшін Абай тілі бүгінгі және болашақ қазақ элитасының тілі болуы тиіс.

 

Арай ЖҮНДІБАЕВА,

әдебиет зерттеушісі,

философия докторы (PhD),

Шәкәрім университетінің қауымдастырылған профессоры

ДЕРЕККӨЗ

Оқылды 119 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Әлемге ақыл себуші Әлемге ақыл себуші »

Соңғы жаңалықтар

Қаз 24, 2020

10 правил ношения масок

10 правил ношения масок: 1. Перед тем как надеть маску, обработайте руки спиртосодержащим…
Қаз 24, 2020

«Жанұя» әлеуметтік орталығының елге…

Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға арналған "Жанұя" әлеуметтік орталығының жұмыс…
Қаз 24, 2020

Тоқаев: Қазақстан БҰҰ Жарғысының…

Қазақстан БҰҰ Жарғысының қағидаттарына адалдығын сақтайды. Бұл туралы Қазақстан…
Қаз 24, 2020

124 науқастың жағдайы нашар

Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 2 869 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың…
Қаз 24, 2020

Медицина қызметкерлеріне үстемеақы…

Бүгін Алексей Цойдың төрағалығымен Денсаулық сақтау министрлігінің алқасы өтті, онда…
Қаз 24, 2020

Кадрлық резерв мүшелері Көктөбеде

Бүгін «Nur Otan» партиясы кадрлық резервінің мүшелері Көктөбе ауылында болып,…
Қаз 23, 2020

Азаматтарды қабылдады

Бүгін аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев жеке…
Қаз 23, 2020

Жолдау талқыланды

23 қазанда «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат…
Қаз 23, 2020

Биыл 1411 байланыс орталығы…

«Азаматтарға арналған үкіметтің» әлеуметтік-еңбек саласы бойынша 1411 бірыңғай байланыс…

Күнтiзбе

« Қазан 2020 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет