Сәрсенбі, 26 Тамыз 2020 03:18

Алланың өзі де рас, сөзі де рас

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз еш уақытта жалған болмас.

Көп кітап келді алладан, оның төрті,

Алланы танытуға сөз айырмас.

 

Аманту[1] оқымаған кісі бар ма?

Уәктубиһи[2] дегенмен ісі бар ма?

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,

Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға.

 

Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,

Оларға кез-кезімен нәби[3] келді.

Қағида шариғаты өзгерсе де,

Тағриф[4] алла еш жерде өзгермеді.

 

Күллі махлұқ өзгерер, алла өзгермес,

Әһлі кітап[5] бұл сөзді бекер демес.

Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен

Бос сөзбенен қастаспай түзу келмес.

 

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

 

Осы үш сүю болады имани гүл[6],

Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ[7] біл.

Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл.

 

Дін де осы шын ойласаң, тағат[8] та осы,

Екі дүние бұл тасдиқ[9] — хақтың[10] досы.

Осыларды бұзатын және үш іс бар:

Пайда, мақтан, әуесқой — онан шошы.

 

Руза, намаз, зекет, хаж — талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылғанменен татымды бермес жеміс.

 

Бас жоғары жаралған, мойын төмен,

Қарашы, дене біткен ретімен.

Істің басы — ретін танымақтық,

Иман білмес тағатты қабыл демен.

 

Имамдар[11] ғибадаттан[12] сөз қозғаған,

Хуснизән[13] мен иманды білді ойлаған.

Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,

Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған.

 

Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,

Мү’мин[14] болсаң, үйреніп сен де ұқсап бақ.

Құран рас, алланың сөзідүр ол,

Тә’уилін[15] білерлік ғылымың шақ.

 

Алланың, пайғамбардың жолындамыз,

Ынтамызды бұзбастық иманымыз,

Пайда, мақтан, әуесқой — шайтан ісі,

Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?

 

Му’мин болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол,

Шыр илан да, таза ойла бір иманды,

Мұнафиқ[16] намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.

 

Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла,

Пендесіне қастықпен кінә қойма.

Распенен таласпа мү’мин болсаң,

Ойла, айттым, адамдық атын жойма!

 

 

[1] Иман келтіремін, сенемін құдайға (арапша)

[2] Оның кітаптарына сенемін (арапша)

[3] Пайғамбар (арапша)

[4] Түсіну, білу, анықтау (арапша)

[5] Қайдайдан келіпті деген кітаптармен ғамал (іс) ететін адамдар (арапша)

[6] Имани гүл (арапша) – кәміл, иман

[7] Тахқиқ (арапша) – анық, айқын

[8] Тағат (арапша) – құдайға құлшылық қылу, жалбарыну

[9] Тасдиқ (арапша) – растау, бекіту. Бұл жерде шындық мағынасында

[10] Хақтың (арапша) – құдайдың деген мағынада

[11] Имам (арапша) – дін басылар, молдалар

[12] Ғибадат (арапша) – бұл жерде құдайға құлшылық жолы

[13] Хұснизан (арапша) – жақсы ой, көркем ой

[14] Мү’мин (арапша) – мұсылман дініне, құдайдың бірлігіне анық сену

[15] Тә’уил (арапша) – бұл жерде анық мағынасын жете білу деген мәнде

[16] Ішінен дінге қарсы, сырты мұсылман, екі жүзді адам

Оқылды 87 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаз 24, 2020

10 правил ношения масок

10 правил ношения масок: 1. Перед тем как надеть маску, обработайте руки спиртосодержащим…
Қаз 24, 2020

«Жанұя» әлеуметтік орталығының елге…

Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға арналған "Жанұя" әлеуметтік орталығының жұмыс…
Қаз 24, 2020

Тоқаев: Қазақстан БҰҰ Жарғысының…

Қазақстан БҰҰ Жарғысының қағидаттарына адалдығын сақтайды. Бұл туралы Қазақстан…
Қаз 24, 2020

124 науқастың жағдайы нашар

Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 2 869 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың…
Қаз 24, 2020

Медицина қызметкерлеріне үстемеақы…

Бүгін Алексей Цойдың төрағалығымен Денсаулық сақтау министрлігінің алқасы өтті, онда…
Қаз 24, 2020

Кадрлық резерв мүшелері Көктөбеде

Бүгін «Nur Otan» партиясы кадрлық резервінің мүшелері Көктөбе ауылында болып,…
Қаз 23, 2020

Азаматтарды қабылдады

Бүгін аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев жеке…
Қаз 23, 2020

Жолдау талқыланды

23 қазанда «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат…
Қаз 23, 2020

Биыл 1411 байланыс орталығы…

«Азаматтарға арналған үкіметтің» әлеуметтік-еңбек саласы бойынша 1411 бірыңғай байланыс…

Күнтiзбе

« Қазан 2020 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет