Дүйсенбі, 10 Ақпан 2020 14:46

Мұқағали тілі

Халық тілінің қайнар көзі сан ғасырды бастан кешіру барысында қалыптасқан ауыз әдебиетінің алтын қорынан бастау алады. Сондықтан тіл халықтың баға жетпес асыл байлығы. Әрқандай халықтың жазба әдебиеті ата-бабаларымыз жаратқан ұшан-теңіз мол ауыз әдебиеттен нәр ала отырып дамиды. Сол үшін орыс халқының әйгілі жазушысы Максим Горький «Сөз өнері ауыз әдебиетінен басталады» дейді.

Ауыз әдебиеті – халық тілін үйренудің мектебі. Халық тілін үйренудің алтын бесігі болған ауыз әдебиеттен үлгі алған Асан қайғы Сәбитұлы, Шалкиіз Тіленшіұлы, Ақтанберді Сарыұлы, Бұқар Қалқаманұлы қатарлы өкілдік сипатқа ие от ауызды, орақ тілді жыраулар дүниеге келді.

XX ғасырға келгенде қазақ әдебиеті өзінен бұрынғы замандар әдебиетіне ұқсамайтын аумалы-төкпелі тариты бастан кешірді. Дәл осы тұстарда Махамбет Өтемесұлы, Абай Құнанбайұлы қатарлы ұлы тұлғалар қазақ өлеңін жыраулық дәстүрден ақындық дәстүрге қарай бетбұрыс жасатты. Әсіресе ұлы ақын Абай төл әдебиетіміздің тілін жүйеге келтіріп, қазақ поэзиясының мазмұнын байытып, түрін молайтып әлемдік әдебиет деңгейіне өсті.

ХХ ғасыр ішінде қазақ әдебиеті орасан биік бір белеске көтеріліп дамыды. Ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай бастаған ұлы көштің жалғасын Мағжан, Қасым, Мұқағали, Төлеген қатарлы жыр жұлдыздары жалғады. Мұқағали Мақатаев аты аталған жыр жұлдыздарының ішінде қазақ поэзиясының тіл байлығын дамытып, өзіндік бір биік белеске көтерген шоқтығы биік дара тұлғалардың бірі еді.

 

2

Қазақ әдебиетінің классигі, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Мұқағали қазақ поэзиясының ұзақ сағынып көрген асыл перзенттерінің бірі. Ол шын мәніндегі ұлттық құбылыс. Сыпыра жырау мен Асан қайғыдан бері қарайғы жыраулық мектепті Махамбет пен Дулат аяқтаса, Абайдан басталған ақындық мектеп Мағжан, Сұлтанмахмұт, Ілияс тұсында жалғасын тапты. Қан кешкен қасіретті ұрпақтың өксік аралас өкініш Қасым жырларынан көрініс тапты. Соларға деген бүкіл халықтық махаббат жыршы қауым тарапынан шын сырымен шынайы жырға деген керемет құштарлықты оятты. Сондай құдіретті тасқынның бой бермес ересен күші барша алапат болмысымен көрініп, айналасына жақұт шашқандай мәз-мейрам еткен жойқын өнегесін Мұқағали шығармаларынан танимыз. Бүгінгідегі қазақ рухы алдың-күлдің тіршіліктен жалығып кеткенде Мұқағали жырларына үңіледі. Оның, мейлінше табиғи шумақтарынан жанына дауа табады. Оның үнсіз жымиғанына да халық жадырап, «қағаржып үнсіз жылағанынан» да халық тебіренгендей, халық күңіренгендей болады. Ол халық болмысымен бірге қайнасып кеткен ұлы тұлға. Ұлы құбылыс, ұлы ақын» («Қазақ әдебиеті», 2011 жыл, 22-шілде), – деп жазған екен.

Мұқағали Мақатаев қазақ халқының тіліне шынайы мұрагерлік еткен әрі халық тілін байытып қазақ поэзиясын тың белеске көтерген ұлы ақын. Оның қай жырларын оқысаңыз да халықтың асыл жауһар сөздері өз орнын тауып құлпырып тұрады. Ақынның:

Өлмесін деп берген ғой тауды маған,

Мен күңіренсем, күрсініп тау жылаған, – деген өлең жолдары кімді болса да суреткердің тіл шеберлігіне еріксіз бас изетеді.

Мұқағали халық тіліне бай ақын. Ол халық тілінің асыл жауһарын өз жырында жаңаша қабылдап, өлең жазудың өресін ерекше биік белеске көтерген сөз зергері.

Мұқағали поэзиясында «Қара», «Ақ», «Көк», «Жасыл», «Сары», «Боз», «Тарғыл» қатарлы сөздердің жиі қолдануынан өзіндік дара ерекшелігі менмұндалап тұрады. Бұл пікірімізге дәлел ретінде ақынның бірнеше өлең шумағын мысалға алайық. Ақынның «Қап-қара, ғажап, сиқырлы» атты жырында:

Қап-қара, ғажап, сиқырлы

Қашпаңдар қара бояудан!

Қандырып уыз-ұйқымды,

Қап-қара түннен оянғам.

Қап-қара түнді көрдім де,

Жап-жарық таңға кездестім.

Қарасыз, сірә, мен мүлде,

Аппақтың нарқын сезбеспін.

Ақ пенен қара алмасып,

Алмасып тұрса әрдайым.

Ақ түске ғана жармасып,

Қараны неге алмаймын, – деп «қара» сөзі бірнеше рет қайталанып тұрса да әр өлең жолдарына әр беріп, өң беріп, өз оқырманын тіл құдіреті арқылы баурайды. Сондай-ақ ақын «қара» мен «ақ» сөзін алмастыра қолданып, оқырман қауымға өмір туралы үлкен ой тастайды.

Мұқағали қазақтың қара өлеңіне өзгеше бояу, өзгеше түс беріп, кемелдендіріп жаңаша үлгіде дамытты. Ақынның:

Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып, өзіне қайтарамын, – деп айтқаны осының айқын мысалы.

Тілдің көркем әдебиеттегі маңызы өте зор, әр суреткер тек көркем сөз өнері арқылы ғана адам жанын зерттейді. Жыр жүйрігі Мұқағалидың «көк», «боз» сөздерін қолдануынан мысал келтіре кетейік.

Көктем де келер,

Құстар да жетер, ән салып.

Көктер де шығар,

Көгілдір нұрға тамсанып. («Көктем де келер».)

 

Боз атқа мініп,

Боз тауға, мүмкін, шығарсың.

Боз көйлек киіп,

Бозарған таңда тұрарсың.

Боз айдай балқып,

Бозарған көкте тұнарсың.

Бозарған, жаным,

Боз түске неге құмарсың?! («Қажыдың, қарғам».)

 

3

Қазақ әдебиетінің жыр жұлдызы Мұқағали Мақатаев поэзиясы ұлттық рухқа тамыр тартып, адам сезімінің құпия сырларын ашып, сыршылдығын, шыншылдығын әйгілеп жатады. Мысалы:

Жақсаттанды демейсің, сүйем десем,

Табынатын тәңірім, ием де сен.

Адам болып күн кешу қиын маған,

Арқа тұтып өзіңе сүйенбесем.

Сен менің сүйегім мен қанымдасың,

Жанымдасың, ұятым, арымдасың.

Саған деген махаббат дамылдасын,

Тек сенің топырағыңды жамылғасын.

Өзіңше түсің де ерек, ісің де ерек,

(Сырым бар саған айтар ішімде көп).

Қомағай көзімді бір тойдыра алмай,

Қорқамын бәрі осының түсім бе деп.

 

Немесе:

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

Мұқағали халықтың жыр асылын тіліне ұйытқан киелі ақын. «Мұқағали нені жырласа да жүрегіңе жеткізе, құлақ құршын қандыра, жаныңды тербете жырлайды» (Нұрғиса Тілендиев).

Мұқағалидың «Дариға, домбырамды берші маған» атты өлеңін оқып отырып халқымыздың «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген ұлағатты сөзі ойыма орала береді. Ақын өлеңдерінен өз дәуірінің бейнесі, ауыл адамдардың нағыз қазақы тірлігі елестейді.

Дариға, домбырамды берші маған,

Жаныма келші, жарым, келші, балам!

Бейуақта іңірдегі көңіліме,

Күй болып күңіреніп енші, далам.

Домбыра, қоңыр қазым, аққуымсың,

Арманым, мұңым, сырым,  шаттығымсың.

Домбыра, жүрегіммен үндес едің,

Сенімен сырласымдай тілдесемін.

Бабамнан қалған мұрам сен болмасаң,

Өнердің не екенін білмес те едім.

Өсірген өнерімді қызыр бабам,

Үніңнен айналайын бұзылмаған.

Киелі пернеңе бір қол соқпасам,

Ішегің жетімсіреп ызыңдаған, – деген шумағында ақын нағыз қазақ болып әлемге жар салады. Атақты батыр Бауыржан Момышұлы: «Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халықтың жанын білмейді», – деп тектен-текке айтпаған.

Мұқағали Мақатаев поэзиясы қазақтың құнарлы топырағында өсіп-өніп жетілген халық тіліне бай мәңгілік поэзия. Ол өз дәуіріндегі қазақ ақындарының ішінде шоқтығы ең биік, мәртебесі ең жоғары, оқырманы ең көп ұлы ақын. Бұған ғалым Мырзатай Жолдасбековтың: «Мұқағали бүтін бір ғасырдағы қазақ поэзиясын биіктетіп кетті», – деген сөзі куә.

«Мұқағали Мақатаев өлеңдері ұлттық поэзияның жаңа бір белеске көтерілгендігін, жаппай еуросентристік ағымға ойысқан заманда қазақтың қара өлеңінің шынайы қасиеттерінің қадірі артып, бұрынғыдан да толысып, кемелдене түскендігінің куәсі. Ол қазақ өлеңнің ұлттық бояуы мен рухын ұстанды, түрлендіре байытты да, сонымен қалың қазақ оқырмандарының жүрегіне жол ашып, ұлттық поэзияның шашасына шаң тимес тарланбозы ретінде мәңгілік ұялап қалды. Сонымен қатар, ақын қазақ лирикасын ХХ ғасыр әдебиетінің озық дәстүрлерімен шынайы құнарландырды.

Мұқағали Мақатаев поэма жанрында да ерекше қолтаңбасымен дараланады. Қазақ тарихының құбылысты мәселелеріне барумен бірге, өзі өмір сүрген кезең шындығына да қалам толғады. Саяси-әлеуметтік, қоғамдық-саяси сарындағы поэмаларының өзінде шынайы көңіл шымырқаныстарына толы көркем шындықты бейнелейді. Ол поэма жанрын тақырыптық жағынан байытты, жанрлық- стилдік тұрғыдан жаңғырта түсті. Дастан, поэмаларында лирикалық сарындар, азаматтық-әлеуметтік тыныс, тарихи арна барынша жеке- дара оқшауланып көрінді. Саяси тақырыптарға да барып, бірнеше құнды поэма қалдырды» («Мұқағали – мәңгілік ғұмыр», «Іле кеші» газеті, 2011 жыл, 12 тамыз, 3-бет).

Мұқағали тілі – нағыз халық тілі. Ақын халықтың ана тілінің кәусәр бұлағынан қанып ішті. Халықтың бай тіліне мұрагерлік етті, ұлы тұлға Махамбеттен жыраулық үлгі алса, алып Абайдан ақындық дәстүр қабылдады.

Жинақтап айтқанда, Мұқағали Мақатаев ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының тілдік қорын байытты, қазақтың қара өлеңіне өзгеше түс беріп, көркем поэзияны ең жоғары деңгейге көтеріп жаңалық енгізіп, үлкен белеске көтеріп, қазақ поэзиясының дат шалмас алтын діңгегіне айналды. Өз поэзиясы арқылы күллі қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік ұлы тұлғаға айналды. Мұқағали қазақ болып әлемге тіл қатты, қазақ болып күллі дүниені шарлады. Мұқағали тілі- халықтың баға жетпес қымбат мұрасына айналды.

Мұқағали тілі – көздері ашылып зерттелмеген халық байлығына айналып кеткен асыл қазына.

 

Нұрлан Сәрсенбаев,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

Оқылды 1747 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Қонаев – ұлт мақтанышы Хантәңір мұзбалағы »

Соңғы жаңалықтар

Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…
Сәу 19, 2024

Тазалық – ұлы істердің бастамасы

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Малыбай ауылдық округінің сайлаушылары! Мен, Бектасов Мәди Мәдиярұлы 1982 жылдың…
Сәу 17, 2024

Горнодобывающий сектор – стимул для…

Вольфрам входит в первую десятку редких металлов, незаменимых в современном промышленном…
Сәу 15, 2024

Зоя МАГАМАДОВА, заместитель…

Акцию «Таза Қазақстан» школа имени Толе би проводит с начала апреля. Учащиеся 5-11…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет