Сәрсенбі, 29 Қаңтар 2020 09:42

Қарымды қаламгер

Бүгінде сексеннің сеңгіріне сеніммен шығып, журналистік шығармашылық өмір жолындағы атқарған қызметін, жариялаған туындыларын тізбелеп, қорытындылағандай болғанмен әлі де сергек қаламы қолынан түспеген жерлесіміз ақшилік Нұрсадық аға Сарғожаевтың әңгімесін жазушы Жарылқасын Нұсқабаев хатқа түсірген екен. Осы өмірбаяндық очеркті аздаған қысқартулармен оқырман назарына ұсына отырып Нұрекеңе мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз өзі шығармашылық жолын бастаған кешегі «Үлгілі колхоз», «Еңбек жалыны» бүгінгі «Еңбекшіқазақ» газетінің ұжымы атынан.

Хайролла Ахметжанов,

Қазақстанның құрметті журналисі.

 

Көп оқу орындарын бітіріп, түрлі мамандықтарды игергеніммен содан іріктелгені бір ғана сала. Ол еңбектегі ғұмырымның темірқазығы атанбақ. Оған мысал: мен 1957 жылы Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген селосындағы ауылшаруашылығын механизациялау училищесін тәмамдап, комбайнер мамандығын алдым. Одан кейін 1958 жылы Қазақстан магниткасына қажетті металург кадрларын дайындау үшін Сверловск облысы, Нижний-Тагиль қаласындағы жоғары техникалық училищеде республика жолдамасымен тегін оқып, электро-кран жүргізудің алтыншы разрядтағы мамандығын игердім. Қарағанды, Теміртау қаласында домна, мартень пештері толық іске қосылмағандықтан демалыс алып, ауылға келдім. Есік қаласындағы шоферлік курсқа 1959 жылы қабылданып оны да бітірдім. Сөйтіп, техникалық білімдерім, мамандығым әр салада әрі көп болғандығымен бірақ соның бірін таңдап, тізгіндемеппін.

Жетінші сыныпты бітіргенше ауылдағы кітапханадағы кітап қорын оқып тауыстым. Көрген киномды, оқыған кітабымды күнделік тұрғысында жазуға ынтықпын. Жағымды, жағымсыз кейіпкерлерді де тіземін. Өзімше талдап, салыстырамын. Саз балшықты илеп, одан құмыра жасау, оқулықтардағы суреттерді ақ қағазға көшіруге құмармын. Бұл қол өнерімді мектептегі ұстазым Матан Ахметовке көрсетіп, одан мақтау сөз еститін болдым. Көгілдір экран алыстағы ауылдарға толық жетпеген кез. Есесіне әр үйде газет-журнал, радио далада да үйде де сайрап тұратын. Аудан орталығынан шығатын екі беттік «Үлгілі колхоз» газетін әке-шешеміз дауыстап оқытады.

Күнделік жазуға біршама төселдім. Кейбір жазғандарымды аудандық редакцияға хат арқылы жіберемін. Газет бетіне шықпайды, бірақ жауап келеді.Соның өзі мәртебеңді өсіреді, жазуға деген ынтамды арттырады. Ақыры алғашқы мақалам көктемде, жетінші сыныпта окып жүргенде «Ағаш бүршік жарды» деген атпен «Қазақстан пионері» газетіне тұңғыш шықты. Оқушылар таласа оқып, мұғалімдер де мәз болды. Бұл мақалам еліктегіш бала жүрекке қанат бітірді, көңілдегі бастау бұлақтың көзін ашты. Одан кейін «Үлгілі колхоз» атты аудандық газетке үзбей мақала жазуды жалғастырдым. Облыстық газетке де мақалам шыға бастады. Сөйтіп, жергілікті тілші атандым.

Университетті 1965 жылы бітірген соң жолдамамен Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанас ауылында «Балқаш еңбеккері» редакциясында бөлім бастығы болдым. Еңбекшіқазақ ауданы Талғар ауданынан жеке өзінше аудан болып бөлініп, редакция жаңадан ашылды. Сонда 1965 жылы жауапты хатшы, одан кейін Алматы қаласында Қазақ радиосы «Ауыл өмірінде», «Шалқарда» радио журналист жұмысын аз жыл болса да атқардым, 1967 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы, Кеген ауылында, Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарында аудандық редакцияда жауапты хатшы болып, ақыры облыстық «Жетісу» газетінде де жауапты хатшылықты атқарып, осы редакциядан 1999 жылы еңбек зейнетіне шықтым. «Жетісу» газетінің бас редакторы Жақыпжан Нұрғожаев болатын.

Алматыға бару, оқуға түсу ертеде қиын еді. Ол кезде орта мектепті бітіргендер үшін екі-үш жыл жұмыс істеу, мінездеме алу, жұмыс туралы анықтама жинау міндетті. Онсыз техникум мен институтқа құжат қабылдамайды. Соңында Есік қаласындағы шоферлік курста оқып жүрген кезімде 5-мамыр 1960 жылы, Баспасөз күніне орай Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Грамотасымен марапатталғаным. Жоғарғы Советтің Указын алғаш қазақ радиосынан естіп, ертесіне облыстық, республикалық газеттерден оқығаным бар. Онда: «Сарғожаев Нұрсадық жолдас! Баспасөз органдарының жұмысына белсенді араласқаныңыз үшін Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президиумы 1960 жылы 4-майдағы Указы бойынша Сізді осы Грамотамен наградтайды» делінген.

Ендігі мақсат – журналист болуға кұмартқаным. Ол үшін университетке түсуім керек. Әкем қайтыс болған соң ағасы Әлімқожаның тәрбиесіндемін. Шешем жоқ. Әлімқожа атаның кемпірі Жұмақызды апа деймін. Университетке түсуімді атам да, апам да қолдады. Үйдің есік-терезесін қараңғылап, екі ай бойы оқуға дайындалдым. Грамота арқасында бір орынға таласқан бес абитуренттің ішінен іріктеліп мен де қабылдандым. Енді студентпін. Бұл 1960 жыл. Ол кезде университетте журналистика факультеті жеке емес, филология факультетінің бір бөлімі еді.

Сөйтіп, бес жылымыз бес күндей өте шықты. Енді атағы да, абыройы зор жоғары білімді журналиспіз. Облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі Еңбекшіқазақ ауданында жаңадан ашылган редакцияға жолдама берді. Редактор Батқал Орынбаев деген кісі. Мені газетке шыққан мақалаларым арқылы сырттай біледі екен. Бірден қабылдады. Жауапты хатшылыққа тағайындады. Газет екі тілде шығады.

Жауапты хатшы мен жұмысқа ширақпын да пысықпын. Мақаланы түнде үйде жазам, күндіз макет сызып, баспахана мен редакция арасында зыр жүгірем. Редактор түрлі жиналыстарга кетеді. Журналистер командировкамен шапқылайды. Редакциядағы барлық жұмыстар жауапты хатшының мойнында. Газетті дайындау түнгі сағат он бірге дейін созылады. Газет баспаханада түнімен басылады. Ертеңгі сегіз болмай поштаға тапсырылуы керек. Тәртіп қатаң, жауапкершілік басым.

Жүгері өсіруші звено жетекшісі Ахмет Шамсудинов деген азаматтың тәжірибесін мен газетке көбірек жариялаған едім. Сол мақалаларды жинақтап, Алматыдағы Қайнар баспасына апарып едім, жоғары жақтан бұрыннан тапсырма болған болар бірден қабылдап, бірер айда «Жүгері өсірудің жүлдегері» деген атпен 2,8 баспа табақтық алғашқы кітабым, республика көлемінде таратылды. Бұл 1980 жыл болатын.

Талғар аудандық «Звезда Алатау», «Алатау жұлдызы» газеті редакторының орынбасары Асыл Қосымбаев мені 1976 жылы орысшадан қазақшаға аудармашы және жауапты хатшылық жұмысқа шақырды. Бас редактор А.Костин. Газет мұнда да екі тілде шығады. Байжұма, Жеңіс, Момбектер қазақ бөлімінде. Журналистік салада біраз пысылған мені редактор бірден қабылдады.

Қазақ ССР Жоғарғы Советіне және ССРО Жоғарғы Советіне депутат болар кандидаттар бұрын ерте хабарланып, олардың өмірбаяны, еңбек жолы кеңінен насихатталатын. Солардың бірі – Қайназар ауылынан бастауыш мектеп мұғалімі, ұйғыр қызы Раушангүл Ахметованың кандидатурасы ұсынылды.  Мен оның ұстаздық еңбегін газетте жан-жақты баяндадым. Сол еңбектерім «Білім» баспасынан «Парламент мүшесі» деген атпен 1980 жылы кітапша болып шықты. Раушангүл ССРО Жоғарғы Советіне депутат болып сайланды.

Мұғалімдер қашанда идеологияның алтын қазығы емес пе. Олар үгітшілер, түрлі баяндамаларды дайындайтын секретарь, халық арасынан табылатын белсенді насихатшылар. Ы.Алтынсарин атындағы медаль Еңбекшіқазақ ауданында Жұмабек Шормановқа тұңғыш берілді. Ол Көктөбе ауылындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен көп жылдар бойы сабақ беретін ең тәжірибелі мұғалім саналатын. Облыс, республика көлемінде өтетін мұғалімдер олимпиадаларында ол үнемі жүлделі оралатын. Осы ұстаздың сабақ берудегі тәжірибесі жайлы «Сен де бір кірпіш дүниеге» деген атпен «Мектеп» баспасынан шыққан кітабым республика көлемінде таратылды.

Өзім туып өскен Еңбекшіқазақ ауданы, оның тарихы маған ежелден аян, ауданға кейін Шелек ауданы қосылды. Жер аумағы жағынан Республика көлемінде Мақтааралдан кейінгі екіші орында. Ауданның 70 жылдығына орай 2001 жылы «Шелегім мен Есігім жерұйығы бесігім» деген үлкен тарихи кітап шығарған едім. Арада он жыл өткен соң 2008 жылы «Алтын адам атамекені» деген Еңбекшіқазақ ауданының тарихын шежіре ғұмырнамасын қайта толықтырып, жұртшылыққа табыс еттім.

Талғар ауданының шежіресін ұзақ зерттеп «Талғарым – тау бесігім» деген атпен кітап 2011 жылы «Білім» баспасынан жарық көрді.

«Жетісу» газетінің бұрынғы редакторы Баймолда Мусин зейнетке шығып, оның орнына журналист Жақыпжан Нұрғожаев редактор болып келді. Жақыпжанды бұрыннан танитынмын. Бірде Жақыпжан мені «Жетісу» газетіне жауапты хатшы болуға шақырғаны. Жүрегім дауаламады. Көп ойлана келе ақыры келісім бердім.

Бұрынғы Талдықорған облысы Алматы облысына қосылып, іріленді. Орталық Талдықорған қаласы. Редакция сонда көшті. Редакцияда Жұмаш, Орысбай және мен 1999 жылы еңбек Зейнетіне шығып, демалуға кірістік.

Қазақстан ''Республикасы Президентінің 2011 жылғы 10-қарашадағы жарлығы бойынша маған «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалін аудан әкімі Талғат Өміралиев салтанатты жиында омырауыма өзі тақты.

Алматылық зейнеткер Клара Ақбаева бұрын облысымыздың бірнеше аудандарында партия комитетінің хатшысы болған күйеуі Әбдіқани Ақбаев жайлы, марқұмның еңбектері туралы 7,2 баспа табақ тұратын, 2003 жылы «Бақытты дәурен ғұмыр-ай» деген гұмырнамалық хикая жаздырды. Одан кейін Еңбекшіқазақ ауданының Қаракемер ауылында тұратын сексенге келген қария Мұқан Ілімтоновтың Нарынқол, Кеген аудандарында бас зоотехник болған ертедегі еңбегін қағазға тіздім. Кітап 2006 жылы «Ұрпағыма мұрағат» деген атпен жарық көрді.

Қазақ Совет Энциклопедиясының бұрынғы және соңғы басылымдарында Бөлек батыр жайлы тарихи анықтама жазылған. Бөлек батыр атақты Аңырақай соғысында қалмақтың бас батырын жекпе-жекте жеңіп, жеңістің бастамасын үдеткен.

Бөлек батырдың дулығасы мен сауыты екі жарым ғасырдан бері көздің қарашығындай  біздің ауылда сақталған. Алғаш Наурызбай Жылқыбаевтың «Ақши» ауылындағы үйінде, одан кейін Есік каласындағы бүгінгі ұрпағы Сақып Жылқыбаеваның қолында аса ұқыптылықпен сақталған. Мен Астана қаласындағы мемлекеттік мұражай директорына хат жазып, ақыры сонда тапсырдық. «Рауан» баспасынан «Бөлек батыр» деген кітап шығардым. Ауыл азаматы Махмұт Андақбаевтың халық атынан көп іздену нәтижесінде Ақши орта мектебіне 2017 жылы Бөлек батыр аты беріліп, ауылда үлкен жиын болды.

Жуналистік қызметтен бастаған еңбек жолым біртіндеп осылай жазушылыққа жетелегені. Пайғамбар жасынан асып, асқар тау астық, бір мезгіл артқа қарадық. Азды-көпті тірлікті тәуба тұтудамыз. Өткен күндер көкейде, көңілде сайрап тұр. Жазылмаған хат, каптаулы дүние көп-ақ. Енді соларды жарыққа шығарсам деген ой туды. Адамның соңында өшпес аты, қалдырған хаты қалмақ. Аумалы-төкпелі өмірді, ғибратты ғұмырды кештім. Артымда абройлы атым, ғылымда хатым қалсын дедім. Сондықтан да жан сырымды, ғұмырымды өзге емес, өзім айтуды жөн көрдім. Тегімді, жеті атамды, өскен ортамды, тәрбиелеген мектебімді, ақжарқын достарымды өмірімнің өзегі етіп байланыстыра келе «Өмірімнің өрісі» деген өмір хикаяларымды моншақтай тіздім.

«Өмірімнің өрісі» атты кіабымның ендігі жалғасын «Тарихым тәбәрәкім» деп сабақтадым. Онда жеті атамды толық қамтыдым, очерктерімді де кіргіздім. Кітап 2008 жылы жарық көрді. «Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының құрметті азаматы» атағының өзін әзірге қанағат тұттым, – деп аяқтады әңгімесін Нұрсадық. Бұл әңгімені оның 80 жылдығына орай «Қарымды қаламгер» деп біз де толықтырдық.

 

Жарлықасын Нұсқабаев.

«Білім» баспасының директоры, жазушы,  Алматы қаласы

Оқылды 1001 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « «Бір жылда үш маусым бар» (Тәмсіл) Әйтей батыр »

Соңғы жаңалықтар

Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…
Сәу 19, 2024

Тазалық – ұлы істердің бастамасы

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет