Күндер бойынша реттелген элементтер: Жұма, 31 Шілде 2020
Жұма, 31 Шілде 2020 11:12

Жас түлекке жаңа жол

ҚР Үкіметінің қаулысы бойынша халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті құрылды.

Осы оқу жылында біздің университетке «Мейрамхана және қонақ үй бизнесі» және «Туризм» мамандықтары бойынша 700 грант берілді.

УНИВЕРСИТЕТТІҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ:

* Халықаралық деңгейдегі Университет;

* жоғары білікті оқытушылар;

* халықаралық үлгідегі диплом;

* қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқыту;

* тілдік оқыту орталығы;

* практикаға бағытталған оқыту, әлемнің шетелдік тағылымдамасы;

* қызықты студенттік өмір (дебаттар, халықаралық студенттік конференциялар, спорттық секциялар));

* 30 мың теңге мөлшеріндегі Стипендия

ҰБТ-ға түсу үшін бейіндік пәндер: “География” және “Шет тілі”болуы тиіс.

ҰБТ тапсыру кезінде әр пән бойынша орташа қорытынды баға 5 балдан төмен болмауы тиіс, ал жалпы балл 50 балдан төмен болмауы тиіс.

Грантқа құжаттарды 20 шілдеден 19 тамызға дейін тапсыруға болады.

Онлайн режимінде құжаттарды тапсыру үшін қажетті құжаттарды поштаға жіберу қажет: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Қажетті құжаттар:

1. Ректор атына өтініш;

2. Орта, орта-арнайы білімді растайтын құжат (түпнұсқа);

3. Жеке басын куәландыратын құжат (көшірме);

4. Фото 3*4 – 6 дана;

5. Бал. Анықтама 086-У;

6. ҰБТ сертификаты;

7. Скоросшиватель және конверт

Анықтама телефондары:+7 (707) 317-43-56, +7 (778) 495-15-33, +7 (777) 192-66-91.

Біздің мекенжайымыз: 161200, Түркістан қаласы, Байбурт көшесі, 5 (Амфитеатр), Қабылдау комиссиясы.

 

*****

Уважаемые абитуриенты!

По постановлению Правительства РК был создан Международный университет туризма и гостеприимства.

В этом учебном году, нашему университету было предоставлено 700 грантов по  специальностям Ресторанный и гостиничный бизнес и Туризм.

ПРЕИМУЩЕСТВА УНИВЕРСИТЕТА:

* Университет международного уровня;

* высококвалифицированные преподаватели;

* диплом международного образца;

* обучение на казахском, русском и английском языках;

* центр языкового обучения;

* практикоориентированное обучение, зарубежная стажировка мира;

* интересная студенческая жизнь (дебаты, международные студенческие конференции, спортивные секции);

* Стипендия в размере 30 тысяч тенге

Для поступления, профильными предметами на ЕНТ должны быть: «География» и «Иностранный язык». 

В среднем по каждому предмету при сдаче ЕНТ итоговая оценка не должна быть ниже 5 баллов, а общий балл должен быть не ниже 50.

Документы на грант можно сдать с 20 июля по 19 августа.

Для сдачи документов в режиме он-лайн, необходимо отправить требуемые документы на почту: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Необходимые документы:

  1. Заявление на имя ректора;
  2. Документ (оригинал) подтверждающий среднее, средне-специальное образование;
  3. Документ удостоверяющий личность (копия);
  4. Фото 3*4 – 6 штук;
  5. Мед. Справка 086-У;
  6. Сертификат ЕНТ;
  7. Скоросшиватель и конверт

Телефоны для справок:

+7 (707) 317-43-56, +7 (778) 495-15-33, +7 (777) 192-66-91.

Наш адрес: 161200, г. Туркестан, ул. Байбурт, 5 (Амфитеатр), приёмная комиссия

Published in Санаты жоқ

"ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады" деп хабарлайды Ақорда.

 

Құрметті отандастар!

Баршаңызды қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Асыл дініміз бен салт-дәстүріміздің сабақтастығын бекемдеп, рухани құндылығымыздың ажырамас бөлігіне айналған қастерлі мейрамның күллі мұсылман әлемінде алатын орны ерекше.

Тарихымызбен тамырлас, танымымызбен өзектес Құрбан айт Қазақстан халқын бейбітшілік пен татулыққа, өзара сыйластыққа, береке-бірлікке үндейді. Имандылық пен парасаттылықты, жасампаздық пен мейірімді дәріптеп, жақсылыққа жол ашады.

Бүгінде жалпы адамзатқа ауыр салмақ салып отырған қауіпті індетті жеңіп шығу үшін бізге тас-түйін ауызбіршілік пен темірдей тәртіп қажет. Қазіргідей күрделі кезеңде бір-бірімізге қол ұшын беріп, барымызды бөлісіп, жұртымыздың аман-саулығын ойлап, жауапкершілік танытуымыз аса маңызды. Тілегіміз бір, ниетіміз ортақ болса, мақсатымызға жетеміз. Бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын бұл мерекенің мән-мағынасы да осында екенін баса айтқым келеді.

«Сабыр – сәулетті байлық» дейді халқымыз. Рухы асқақ ел ретінде барлық сынақты еңсеретінімізге сенемін.

Әр шаңыраққа құт-береке тілеймін! Халқымыздың амандығы үшін шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын! Құрбан айт баршамызға жақсылық әкелсін!

Published in Санаты жоқ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

 

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қадірлі қауым!

Баршаңызды күллі исі мұсылман баласы асыға күтетін ұлық мейрам – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Айттарыңыз қабыл болсын! Сіздерге Алладан амандық, мықты саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!

Құрбан айт – асыл дініміз Исламдағы екі ұлық мерекенің бірі. Айтулы күнде мұсылман қауымы Құдай жолында құрбан шалып, қанағат пен қайырымдылықтың, мейірімділік пен ізгіліктің риясыз үлгісін көрсетіп, көмекке мұқтаж жандардың бата-тілегін алып, алғысына бөленеді.

Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алады. Ұлық мейрамда ерекше ыждаһат һәм ықыласпен орындалатын құлшылықтар мен ізгі іс-шаралар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, игі дәстүрге айналды.

«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.

Материалдық мүмкіндігі бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.

 

Құрметті отандастар!

Өкінішке қарай, әлемдегі және елдегі жағдайға байланысты Құрбан айтты өз дәрежесінде атап өтіп, жамағатпен құлшылық жасай алмаймыз. Алланың аманаты болған өміріміз бен денсаулығымызды сақтау – мұсылмандық міндетіміз. Алайда сауап іздеген адам үшін жақсылықтың есіктері қашан да ашық. Біз осы ретте құрбан шалу шараларын қашықтықтан жүзеге асыруды қолға алдық.

Құрбан айттың тарихына терең бойласақ, Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) сынақ жібергеннен кейін оны сүйінші хабармен қуантқан. Бұл туралы Құранда баяндалған: «...Бұл нағыз ашық сынақ еді. Біз оның орнына үлкен құрбандық (Ұжымақ қошқарын) ауыстырдық. Біз оған соңғылар ішінде «Ибрахимге сәлем!» деген алғыс қалдырдық. Біз жақсыларды осылай сыйлаймыз. Өйткені, ол иманды пенделерімізден еді» («Саффат» сүресі, 106-111-аяттар).

Аса Мейірімді, ерекше Кеңшілік Иесі Раббымыз осы сынақты тезірек жақсылыққа алмастырғай. Шалған құрбандық, берген садақа, жасаған әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылғай.

Алла Тағала жер бетін жұқпалы дерттен тазартып, жақсылығы мен берекетін жаудырғай. Қауіпті індеттен қайтыс болғандарды мейіріміне бөлеп, науқас жандарға шипасын бергей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай.

Мешіттеріміз ашылып, жамағатпен құлшылық жасайтын күнді жақын етіп, қалыпты өмір тіршілігіне қайта оралуды жазғай! Әмин!

 

Published in Мақалалар
Жұма, 31 Шілде 2020 10:47

Құрбан айт – ұлық мереке

 

Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылады. Дүйім мұсылман баласы Пайғамбардың ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады.

Құран кәрімде өзара таласқан Абыл мен Қабылдың кімнің ақтығын анықтау үшін құрбандық мал шалғандары, соңында Абылдың құрбандығының қабыл болғандығы айтылады. Осы оқиғадан бастау алған құрбандық шалу Аллаға ғибадат ретінде Жаратқанның елшілері арқылы жүздеген жылдар бойы жалғасып, Ибрахим мен Исмаилдың дәуіріне дейін келіп жетті.

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауапты істері арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау дегенге саяды.

Құрбандықтың мәнін ұғу үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мына кең-байтақ ғаламды жоқтан бар еткен Құдіретті ие жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Оларға қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп дін жіберген. Қасиетті құранда: «Мен жындар мен адамдарды тек қана құлшылық жасасын деп жараттым» деген аят келтірілген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған иенің әмірлеріне бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау.

Құрбандық шалу – тек мал бауыздау емес. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сынға түседі.

Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқаларда жұмысым жоқ деген түсінік оған жат. Өйткені, «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес» деген. Пайғамбарымыздың хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.

 

Құрбандық шалудың үкімі

Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында шамасы жеткендерге ғана уәжіп. Осы турасында Алла тағала Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» – деп құрбан шалу бұйрық райда келген. Пайғамбарымыз «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын» деп бұйырған. Әрине, мұндай қатаң ескерту де құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.

Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп. Бірінші, Мұсылман болу, екінші, ақылды және балиғат жасына толуы, үшінші, құрбан айт уақытында жолаушы болмауы және төртіншісі, негізгі қажеттіліктен тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы.

Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки, соның құнына тең келетін ақша. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанымен, жағдайы келсе, құрбандық шалуына рұқсат етіледі.

 

Құрбандыққа шалынатын мал және оның ерекшеліктері

Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынандай болуы қажет.

Алғашқысы, құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді т.б аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкруһ болып табылады. Өйткені мұнда отқа табынушыларға еліктеудің нышандары бар. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.

Екіншіден, құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.

Үшінші, құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы тиіс.

Төртінші, құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнінде Алла пенделердің құлшылығына да құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат – Алланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниеті негізге алынады.

 

Құрбандық шалудың жөн-жобасы, уақыты

Мұсылман – Аллаға толықтай мойынұсын-ған адам. Сондықтан да Раббысына жасайтын ғибадатын өз ойынша емес, Алланың белгілеген ережелері негізінде жасайды. Сондықтан Алла мән берген нәрсеге біздің де көңіл бөлуіміз өте маңызды. Пайғамбарымыз «Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын» деп бұйырған. Құрбандық шалған кезде төмендегі жайттарға да назар аударған жөн: бірінші, Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу. Екінші, Құрбан шалатын жерге малды ұрмай соқпай апару. Үшінші, Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу. Төртінші, оң қолымен «Бисмиллаһи, Аллаһу Әкбар» деп бауыздау. Бесінші, малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпырмау. Алтыншы, малдың қаны толық ағып біткенше күту. Жетінші, Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу.

Ғибадат Алла тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.

 

Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалынған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларға беруге болады.

 

Бірігіп құрбан шалу

Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.

Сұлтанбек КАРИБАЕВ,

 Қызылжар ауылдық

«Қалыбек батыр» мешітінің имамы

Published in Мақалалар
Жұма, 31 Шілде 2020 10:46

Ниет қабыл болсын!

 Баршамызды айтқа аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын. Күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті мереке Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын.

Құрбан айт – Жаратушы иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке. Халқымыз бұл мейрамға айрықша дайындалып, ерекше атап өтеді. Құрбан айт мейрамы адамзатты бірлік пен кешірімге үндейді.

Айт – ағайынның ауызбірлігін арттыра түсетін, мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын мейрам. Айт күні адамдар құрбан шалумен ғана емес, сауапты, ізгі, қайырлы амалдарымен Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі. Осы ретте еліміздің барша азаматын қасиетті мейрамның құрметі үшін мүгедектерге, жетімдер мен жесірлерге, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасауға шақырамын.

Ардақты ағайын, айт күнгі ізгі ниеттеріңізді Алла қабыл етсін. Әрбір отбасына бақ пен береке, отанымызға бірлік пен ынтымақ тілеймін. Еліміздің, әлем елдерінің басына түскен осынау қиын сәтте Жаратқан жарылқаушымыз болсын! Қазақ елінің мерейі үстем, халқымыздың ауызбірлігі арта берсін.

Айт күндері: 31-1-2

ЕСКЕРТУ: Биыл еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мешіттерде айт намазы оқылмайды.

 

Сапархан ТӨРЕҚҰЛОВ,

Еңбекшіқазақ ауданының бас имамы

Published in Санаты жоқ

 

– Әбу Насыр әл-Фарабиді бірінші кезекте кім деп танимыз?

– Әл-Фараби – біріншіден, арабтілді философ. Ол Аристотель, Платон кітаптарын араб тіліне аудара отырып, өзінің көптеген еңбектерінде олардың идеяларын одан әрі қарай дамытты. Әл-Фараби – бүкіл түркі дүниесінің ғұламасы.

– Қазақ ғалымдары арасынан әл-Фарабиді тұңғыш зерттеушілер кімдер?

– Әл-Фарабиді Қазақстанда тұңғыш зерттеген – Ақжан Машани. Ол кісі, негізінен, жаратылыстану ғылымдары жағына көңіл бөлді. Ал ұлы ғалымды Қазақстанға шынымен қайтарған – Ағын Қасымжанов. Ол кісінің жетекшілігімен Философия және құқық институты жанынан 1975 жылы әл-Фараби мұрасын зерттеу орталығы құрылды. Сол жылы А.Қасымжановтың Б.Ғафуровпен бірлесіп жазған «Әл-Фараби – мәдениет тарихында» деген монографиясы Мәскеуде жарық көрді. Бұл еңбек қоғамда үлкен серпіліс тудырды. Сондай-ақ орыс тілінде Мәскеуде «Әл-Фарабидің эстетикалық көзқарасы» деген кітабы шықты. Әнуар Әлімжановтың Ағын Қасымжановтың ғылыми редакциялауымен «Ұстаздың оралуы» атты ромны да әл-Фарабиге деген қызығушылықты арттыра түсті. Міне, әл-Фарабидің өз отанына – Қазақстанға оралуының қысқаша тарихы осындай. «Ал бұған дейін кімдер зерттеді?» дегенде шындықты айту керек, Өзбекстанда Мұзаффар Хайруллаев деген академик әл-Фарабидің философиясы және дүниетанымдық көзқарастары туралы бір-екі кітап шығарды. Бірақ Ташкентте жарық көрген бұл еңбектер орталықтан – Мәскеуден шықпағандықтан одақтың көлемде таныла қоймады.

– Профессор Шәмшидин Әбдіраманов: «Мұзафар Хайруллаев әл-Фараби туралы алғаш Ақжан Машанидің аузынан естіген. Бізде академиядағы мәселелер шешілмей, әрі-сәрі болып жүргенде Хайруллаев докторлық диссертациясын қорғап, әл-Фарабидің 5-6 еңбегін аударып шыққан» дейді...

– Ақжан Машанидің бізге әл-Фараби туралы алғаш ақпарат берген адам екені рас. Ол кісінің өзбек академигі Хайруллаевпен кездескені де рас шығар, ол жағын мен білмедім. Дегенмен, философиялық тұрғыдан алғанда академик Хайруллаевтың да еңбегін бағалағанымыз жөн. Ақаң әл-Фарабидің жаратылыстану ғылымдарына арналған еңбектерін көп қарастырса, ұлы ғұламаның философиялық көзқарастары жайлы тұңғыш рет 1965 жылдары үлкен монография жазған – Мұзафар Хайруллаев.

Жалпы, әл-Фарабидің қазақ жұртына оралуы, танылуы 1970 жылдардан басталды. 1993 жылы А.Қасымжанов пен Ә.Дербісәлінің ұйытқы болуымен бұрынғы С.М.Киров атындағы университетке әл-Фараби есімі берілді және сонда «Әл-Фараби» орталық ашылды.

– Еуропаның қайта өрлеу дәуіріне әл-Фарабидің қосқан үлесі, ықпалы қандай?

– Әл-Фарабидің ықпалы еуропалық ренессанс дәуірінің басталуына түрткі болды. ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде 2010 жылдың 18 қарашасында – Бүкіләлемдік философия күні аясында «Әл-Фараби және еуропалық ренессанс дәуірі» деген тақырыппен дөңгелек үстел өтті. Оған жер-жердің бәрінен фарабитанушы ғалымдар қатысты, Қазақстаннан екі математик, бір философ бардық. Сонда Еуропа ғалымдарының әл-Фарабиді соншалықты жақсы білетіндіктері мені қатты таңғалдырды. Олардың ұлы ғұламаны терең білу себебі – әл-Фарабидің көп еңбегі сол Еуропада сақталған. Орта ғасырда өмір сүрген бабамыздың еңбектері ХІ-ХІІ ғасырлардан бастап бірнеше рет латын, еврей тілдеріне аударылған. Еуропалықтар грек мәдениетімен, Эллада мәдениетімен араб және түркітілдес мұсылман философтарының еңбектері арқылы танысуға мүмкіндік алған. Католик шіркеуі дін мен ғылымды ажыратып тастағандықтан орта ғасырда Еуропада мәдениет-өркениет, ғылым мен философия кенжелеп қалды. Ал араб халифаты тұсында мұсылмандық өркениет кең қанат жайып, Бағдад қаласы мәдени, рухани орталыққа айналды. Онда Платон, Аристотель, Гиппократ, Гален, Птоломейлердің шығармалары араб тілдеріне аударылып, мұсылман әлеміне кеңінен танымал болды. Ол кезде ғылым тілі араб тілі еді. Аристотелизм ағымының ықпалы күшті болғандықтан мұсылман перипатизмінің негізі қаланды. Ол, негізінен, екі бағытқа бөлініп, біріншісі – әл-Кинди, әл-Фараби және ибн Сина (Авиценна) атымен байланысты шығыстық аристотелизм болса, екіншісі – ибн Туфейл, ибн Баж, ибн Рушдтың (Аверроэс) атымен байланысты испан аристотелизмі. Әл-Фарабидің Еуропаға кеңінен таралуына оның ізбасарлары – осы испандық перепатетиктер ықпал етті. Олар өз еңбектерін араб тілінде жазды. Ал бұл уақытта Еуропа әлі грек тілін меңгере қоймаған-ды. Әл-Фараби грек философиясын жетік меңгергені соншалық, тіпті еуропалықтардың өздері Аристотель мен Платонның философиясын әл-Фараби аудармалары арқылы оқып үйренді. Осы жерде айта кетерлік бір жайт, еуропалық ренессанс дәуірінің басталуына себепкер болғандардың бірі – әл-Фараби.

– Осы жайында кеңінен айтып берсеңіз...

– Әл-Фарабидің, әсіресе, жаратылыстану ғылымдарына қатты ықпалы болды. Еуропа ғылымына әсері оның ізбасарлары ибн Сина, әсіресе, ибн Рушд арқылы көрініс тапты деп айта аламыз. Аверроизм, негізінен, ХІІІ-ХIV ғасырларда прогессивті француз және итальян философиясына қатты Р.Бэкон, Д.Скот өздерінің теориялық шығармаларында әл-Фараби, ибн Сина, ибн Рушд еңбектерін қолданды. Спинозаның кейбір трактаттарында құрылымы мен бағытына қарай әл-Фараби еңбектеріне жақындық сезіледі.

– Әл-Фарабидің Александрияға жер аударылғаны туралы айтсаңыз...

– Әл-Фараби ғылымды еуропалық не азиялық деп бөлген жоқ. екеуін тұтас қарастырды. Осы орайда ислам дінінің кейбір мәселелерімен келіспейтіндігі жөніндегі пікірлері үшін оны Александрияға жер аударады. Ол жақта әл-Фараби христиан ғалымдарымен танысып, логикадан мағлұмат алса, өз кезегінде оларға математика және басқа ғылымдарды үйретеді. Осылайша әл-Фараби Шығыс пен Еуропа мәдениеттерін байланыстырушы «көпірге» айналады. Сондықтан да ол кісінің еңбегі, атағы тек біздің ғана емес, әлемдік философияның, әлемдік ғылымның дамуында ерекше мәнге ие.

– Әл-Фарабидің ең бір танымал еңбегі – «Музыканың үлкен кітабы». Осы еңбектің жаңалығы неде?

– 1200 беттен тұратын бұл кітаптың екі томын француздың ұлы шығыстанушысы Р.Эрланже 1930-1935 жылдары түпнұсқадан француз тіліне аударды. Өкінішке орай, бұл бізде осыдан екі жыл бұрын ғана қолға алынып, Жалғас Сәндібаев тәржімалады. Қазіргі музыкада жеті нота болса, әл-Фарабидің музыканы математикалық цифрлар арқылы қағазға түсірген еңбегінде нота саны – 12. Сол бес нотаны әлі күнге ешкім тапқан жоқ. әл-Фараби музыканың тек теориясын зерттеп қана қоймаған. Сондай-ақ тәжірибе жүзінде де қолданып, көптеген аспаптарда тамаша ойнаған. Өзі де «канун» деген музыкалық аспап ойлап тапқан. Музыка туралы 1200 беттік еңбек жазып отырған адамның сол саланы жетік меңгергені анық. Әл-Фараби музыканың емдік қасиетін айта отырып, оның сазды, құлаққа жағымды, ырғақты болуы керектігін ескерткен.

Сұхбаттасқан Құралай МҰРАТҚЫЗЫ,

«АҢЫЗ АДАМ» журналы

№ 17 (29) қыркүйек 2011 жыл

 

Published in Әдебиет

Құрметті аудан тұрғындары!!!

Сіздерді барша мұсылманның ұлық мейрамы Құрбан айт мерекесiмен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақстан зайырлы, толерантты мемлекет ретінде елдің рухани құндылықтарын басты назарда ұстап отыр. Ата-баба дәстүрімен үңдестігін тапқан Құрбан айт мейрамы бүгінде мемлекеттік мереке дәрежесіне көтерілді.

Құрбан айт мерекесі – қазақ халқының салт-дәстүрімен біте қайнасып кеткен мейрамдардың бірі. Себебі, дана халқымыз ықылым замандардан бері отбасы мен ағайын-туысты, жақындарды құрметтеп, бауырмашылдықты ту еткен. Соғыс және репрессия жылдарында елімізге көшірілген түрлі этнос өкілдерін бауырына басып, қамқорлық танытқан. Яғни, ізгілік нұрын себу, мұқтажға көмектесу ежелден-ақ қанымызға сіңген абзал қасиеттер. Бұл мерекенің басты мәні – сыйластықты арттыру, жақсылыққа ұмтылу.

Биылғы еліміздің басына туып отырған алмағайып сәтте бұл мерекенің де мәні арта түспек. Яғни, сүрінгенге сүйеу болу арқылы біз бірлігімізді танытамыз. Осы мерекеде ізгі амалдар жасап, құрбандық шалып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға жәрдемдесу, бір-бірімізді қолдау арқылы қысылтаяң кезеңнен бірге шығамыз. Індеттің бетін қайтару үшін ең бірінші – заңға бағыну маңызды. Демек, тәртіпке болаттай берік болу да бірлігімізді көрсетіп, берекелі тірлігімізге оралуға жарқын жол ашпақ. Осы ретте құрбандық шалу арқылы жақындарымызға жанашырлық танытайық, елдің амандығын тілейік, ағайын.

Себебі, дәл қазір бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып Исламға тән сабырлық танытатын  кез.

Ендеше, ниеттеріңіз қабыл болсын! Басты құндылығымыз –еліміз аман, тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын!

 

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет