Күндер бойынша реттелген элементтер: Дүйсенбі, 20 Шілде 2020

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды. 

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен босатылды", – делінген құжатта.

Асқар Қуанышұлы 1972 жылы Орынбор облысында дүниеге келіп, Свердлов Суворов әскери училищесінде оқыған. Кейін Харьков жоғары әскери командалық инженерлік зымырандық әскерлер училищесіне түсіп, КСРО ыдырағаннан кейін Алматыдағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне ауысады. Одан соң Қазақ гуманитарлық-заң университетін бітіріп, Лозаннадағы Швейцария Федералдық технологиялар институтында электрондық басқару бойынша магистр дәрежесін алады.

Еңбек жолын 1996 жылы "Жарық" компаниясының бас директоры болып бастаған. Бірнеше жылдан кейін ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде сектор меңгерушісі қызметін атқарды.

Келесі жылдары көлік және коммуникация министрлігінде, байланыс және ақпараттандыру комитетінде, Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінде әртүрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

Ал 2006 жылы "Қазақтелеком"АҚ басқарды. 2010-2012 жылдар аралығында Байланыс және ақпарат министрі болып жұмыс істеді.

2012 жылғы қаңтардан бастап Көлік және коммуникация министрі қызметіне тағайындалды.

2014 жылдың наурыз айында Жұмағалиев байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы болды.

Ал осы жылдың жазында Инвестициялар және даму вице-министрі атанды.

2018 жылғы желтоқсаннан бастап премьер-министрдің орынбасары - Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқарды.

2019 жылы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметіне келген-ді.

Published in Санаты жоқ
Дүйсенбі, 20 Шілде 2020 16:05

Әуезов Америкада

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 1960 жылы Совет жазушыларының делегациясы құрамында Америка Құрама Штаттарына сапар жасап, мұхит асып келгенін білеміз. Ол жайында жазушының «Америка әсерлері» атты жолсапар естелігінен де оқығанбыз. Калифорния университетінің Лос-Анджелес бөлімшесіндегі «Қазақ тарихы мен мәдениеті» бөлімінің  профессоры, АҚШ–Қазақстан достығы туралы жазып жүрген америкалық ғалым Деннис Кин (Dennis Keen) Әуезовтің АҚШ-қа сапары барысында барған жерлері мен кездескен адамдары туралы қызықты материал жазып, әлеуметтік желідегі өз блогына жариялаған екен. Газетіміздің көп тіл білетін журналисі Дүйсенәлі Әлімақынның аудармасында сол мақаланы «Қазақ әдебиетінің» оқырмандарына ұсынып отырмыз.

ҰМЫТ БОЛҒАН САПАР

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов – эпикалық сарындағы романдары мен сахналық шығармалары арқылы оқырмандарға кеңінен таныс әрі ағылшын тіліне аударылған ең алғашқы қазақ жазушысы. Оның жауһар туындысы – «Абай жолы» атты романы көптеген тілдерге аударылып, таралған, сонымен қатар әңгімелер жинағы да Ұлыбритания елінде кітап болып шыққан. Әуезовтің түпнұсқа қазақ тілінен өзге тілдерге аударылмаған бір туындысы бар, бұл туынды көшпелі халықтың фольклорымен байытылған сүбелі туындыларының бірі болып табылады. Шығарма «Америка әсерлері» деп аталады.

 Қазақ әдебиетінің аса танымал жазу­шы­сы, ғалым, фольклорисі 1960 жылы Америка Құрама Штаттарын бір ай бойы аралаған екен. Бұл тұс «Хрущев жылымығы» деп аталатын дәуір еді, соның аясында еларалық мәдени алмасулар жиілей түскен. 1959 жылдың қазан айында АҚШ Мемлекеттік департаментінің бағдарламасы бойынша төрт америкалық жазушы – Эдвард Векс, Пэдди Чайефский, Артур Шлесингер, кіші Альфред Казин КСРО-ға жіберіледі. Жарты жылдан кейін америкалық Білім беру кеңесі төрт совет жазушысының сапарына демеушілік жасайды. Сол кездегі Кеңес Одағының ең жоғары әдеби марапаттарына ие болған Әуезов үшін бұл сапарға баратындардың тізімінде болу таңғаларлық жағдай емес еді. Қазақ жазушысымен орыс жазушылары Степан Щипачев пен Леонид Леонов және украин жазушысы Олес Хончар сапарлас болады. Аталған қаламгерлердің бір де біреуі ағылшын тілінде сөйлей алмайтындықтан, олар Мәскеуден келген аудармашы және әдебиеттанушы Софья Кругерская, Мемлекеттік Департаменттің  қызметкері Джон Бейкер, Қоғамдық қатынастар бюросының экскурсия қызметкері Натали Грант Врага, Борис Кравец атты аудармашы және кеңесшімен бірге келеді. Ақпанның ортасынан наурыздың ортасына дейін Әуезов және осы топ мүшелері бүкіл Құрама Штаттарды аралап шығады. Вашингтонда жазушы ұлттық телеарнаға сұхбат беріп, Конгресс кітапханасынан өз кітаптарын көреді. Нью-Йоркте ол Бродвей шоуларына қатысып, астаналық өнер мұражайын тамашалайды және 21 клубқа барады. Калифорнияда  Йосемит ұлттық саябағын аралап, Аризонада Үлкен шатқалдың шетіне шығып көреді. Сапар барысында Әуезов пен оның серіктері қайда жүргендіктерінен ақпараттар беріп отырады. Осы ақпараттар мен Әуезовтің жеке жазбалары арқылы біз қазақтың заңғар жазушысының АҚШ-тағы саяхатын алғаш рет баяндағалы отырмыз.

Вашингтонда

Әуезов жазбасында Нью-Йорктегі Идевальд әуежайына (қазіргі кезде JFK деп аталады) қонған кезде, тым көңілді болғанын,   «Идевальд» атауы «Айдың ауылы» дегенді білдіретінін жазады. Әуежайдың көлемі де оны бейжай қалдырмайды, құдды әр әуекомпанияның өз әуежайы бар сияқты әсер алғанын да жасырмайды. Ондаған ұшақтардың жол бойымен қозғалатынына қайран қалады, тіпті бұл көріністі ол «теңіз түбінде дамылсыз жүзіп жүрген үлкен ба­лық­тың» бейнесіне ұқсатады. Қаламгерлер сапар барысында Нью-Йорк қаласынан екі рет түстенбекші болады, бірақ шұғыл түрде Вашингтонға аттанады. Ол жердегі КСРО Елшілігінде кеңес дипломаттарымен кездесіп, он бес журналиспен баспасөз кон­ференциясын өткізеді. Осыдан бір жа­рым жыл бұрын кеңестік жазушы Борис Пастернакқа әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы берілген кезде, кеңес шенеуніктері оны аталған ірі сыйлықтан бас тартуға мәжбүрлеген. Соны еске түсірген журналистер Әуезовтің даулы әріптесі туралы пікірін білгісі келді. Айналасын барлай білетін жазушы мұндай сауалдың алдынан шығатынын білген де еді. Әне, сол сәтте Кеңес дипломаты  Полянский Әуезовке қалжыңдаған болып, америкалық журналистердің сұрағына: «Пастернакқа қатысты үнемі осындай сауал қою сағыз сияқ­ты болып кетті, олар ол сағызды не еш­қашан ары жұтпады, не түкіріп тастамады, тек шайнаңдаумен келеді», – деген ойын білдірді. Журналистердің өздерінен Әуезов: «Неліктен шведтер Пастернакты таңдады?» – деп сұрайды. Сондай-ақ әлгі сауалға: «Нобель комитеті елемеген ұлы орыс жазушылары болды. Толстойдың таланты Нобель сыйлығын алуға молынан жететін еді,  бірақ ол оны алған жоқ. Орыс коммунизміне жанашыр, мемлекетіміз бен халқымыз талантын мойындаған жазушы Максим Горькийдің аталған сыйлыққа қай жері лайық емес? Ол да алған жоқ. Осындай ұлы таланттар өмірден өткен соң, Пастернакты марапаттаудың не қажеті бар?»  – деген сыни пікірмен жауап береді. Вашингтонда болған кезінде Әуезов «Атлант» журналының бас редакторы, бір жыл бұрын мәдениет алмасу бағдарламасы бойынша Советтер елінде болған Эдвард Вексс жүргізетін «Совет жазушылары» дейтін бағдарламаға қатысады. Бұл кадрлардың уақыт өте келе жоғалып кетуі ықтимал, бірақ олардың апта бойы Пастернак мәселесін қозғағаны анық. Бағдарламаның қысқаша сипаттамасына сүйенсек, әйгілі бір телесыншы Әуезовке қойылған «Кеңес жазушыларында ой шектемесі бар ма?» де­ген арандатушылық сұрақпен алдын ала таныс болған. Әуезов және оның серік­тері жүрген жерлерін жау көзбен емес, тұрақты туристердің көзімен аралап жүрді. Мемлекеттік палатада олар Сенатта қаралып жатқан азаматтық құқықтар туралы заң жобасына куә болды. Конгресс кітапханасында Әуезовке өзінің романдары ұсынылды (Бұл кітапханаға Қазақстаннан жылына елу кітап жеткізілетін). Бірнеше жыл бұрын салынған Ислам орталығында Әуезов имамнан намазға шақыру туралы сұрайды және оның стереомагнитофон арқылы таратылатындығын біледі. Әуезов үшін Шекспирдің кітапханасына бару осы сапардағы басты оқиға болады. Оның пьесаларын қазақ драматургінің тұңғыш рет қазақ тіліне аударуы, осы еңбектің әлемдегі ең үлкен Шекспир материалдары жинағына енуі кім үшін болса да үлкен қуаныш болатын.

Нью-Йорк қаласында

Әуезов Вашингтоннан Нью-Йорк қаласына пойызбен аттанады. Жазушы бұл қалаға алғашқы сапарынан кейін қайтарда тағы арнайы келеді, бірақ бұл сәттер туралы оның жазбасында анық ақпараттар жоқ. Бас шаһардағы екі сапарында да ол іс-шараларға қатысумен болды. Кеңес жазушылары империя Штаты ғимаратына көтеріліп, Нью-Йорк қор биржасында капитализмнің эпицентріне еніп, Бруклин көпірін көрді, бұл көпірді олар революционер орыс ақыны Владимир Маяковскийдің әйгілі өлеңінен білетін. Колумбия университетінің славян кафедрасында болған кезде, Әуезов PhD докторының қазақ эпикалық поэзиясы бойынша диссертация қорғағанын естіп, қатты қуанғанын жасыра алмайды. Ол қаланың мәдени байлығына қайран қалды. Астаналық өнер мұражайында Әуезов Ричард Липпольд, Джимми Эрнст және Иван Олбрайттың туындыларына назар аударды. Егер оған қандай заманауи өнер туындылары кереметтей әсер етті десек, ең алдымен Голливуд фильмдерін айтуға болады. Әуезов осы сапарында көрген «Жағажайда», «Сүлеймен мен Шеба», «Бен-Хур», «Джек риппер» және «Қан шелегі» сияқты бес түрлі фильмді айрықша есіне ала отырып, өз жазбасында суреттейді. Соңғы фильмде сюжет бойынша өліктерден мүсіндер жасайтын битник туралы көрініс Әуезовті үрейлендіреді. Ол Кеңес цензурасы мұндай моральдық құлдыраудың экранға шығуына ешқашан жол бермейтінін ашық айтады. Нью-Йорктегі уақытының көп бөлігі социалистік саясатқа жаны ашитын немесе мәдени диалогты жақтайтын америкалық жазушылармен және зиялылармен кездесумен өтті. Америкалық ПЕН орталығында олар 1930 жылдары Орталық Азияны аралаған Гарлем Қайта өрлеу дәуірінің ақыны Лангстон Хьюсті кездестірді. Американың Жазушылар одағынан түскі ас ішіп, сыншы Элизабет Джаньюайдың (Әуезов оны Женуа ханым деп атайды)  үйінде қонақта болады.   Ақын Карл Сандбургпен, жазушы Рекс Стаумен және сыншы Альфред Казинмен кездесті. Бейбітшілікті жақтаушы доктор Уильям Хицц Әуезовпен 21 клубта жолығады. «Saturday Review» журналының редакторы, Гитцигтің досы Норман Кусинсол оларды өз редакциясына шақырып қана қоймай, сондай-ақ Коннектикуттағы үйіне қонаққа апарды. Ядролық қарусыздануды насихаттаумен қатар, Казин «Күлкі терапиясы» деген атпен танымал бола бастайды, мұнда әртүрлі ауруларды емдеуде жалған күлкі қолданылған. Бұл дәрігер Әуезовтің жолдасы Леонид Леоновтың кеңестік әзілдерін кейінірек өз журналында жариялады және қазақстандық жазушыға: «Романист Мұхтар Әуезов Қазақ даласындағы Шыңғыс тауларының етегінде туып-өскен. (Журналистер республиканың атын жиі атайды). Ол кең маңдайлы, келбетті адам, тұрқы шығыстық пішінде. Бірақ сіз оны Сан-Франциско дәрігері ретінде елестете алар едіңіз», –  деген таңғажайып сипаттама береді.

Калифорния мен Аризонада

Наурыз айында Әуезов және оның мәдени елшілер тобы Батысқа қарай бет алды. Осы тұста айта кететін маңызды бір жайт, Әуезовтің «Американың әсерлері» эссесі – тек Американың Шығыс жағалауындағы сапар барысын қамтитын аяқталмаған сапарнама. Калифорния мен Аризонадағы жазушының шытырман оқиғаларын баян ету үшін біз жергілікті газеттердің үзінділеріне жүгінуіміз керек.  Делегация мүшелері бірнеше күн бойы Калифорнияның Фресно қаласында болады, бұл қала әдетте туристердің көп баратын саяхат орны емес. Фресно мемлекеттік кол­леджінде сабақ берген әйгілі ақын Филип Левиннің өзара танысы болуы мүмкін. Калифорниядан келген екі академикпен бірге «Колледж» атты мектеп журналының дөңгелек үстеліне ресейлік авторлар да қатысады. Әдеттегідей, пікірталаста Леонов кеудемсоқ болып көрінді, ал кішіпейіл Әуезов негізінен үнсіз отырды.  Саяжайындағы егіндік туралы сөйлегенін естіген Әуезов қатты қайран қалғаны анық. «Колледж» дөңгелек үстелінің материалында:  «Қазақтың көрнекті ғалымы және фольклортанушысы Әуезов алманың пішінін талқылау кезінде өзінің әдеттен тыс әрекетінен бас тартып,  бағбан сияқты сабырлы көрінді», –  деп жазылған. Әуезов өмірінің көп бөлігін Алматыда, алманың туған мекенінде өткізді, сондықтан оның бау-бақшаға деген құштарлығы керемет еді. Аталған басылым Кеңес жазушыларының осы сапары туралы: «Жазушылар көргісі келетін орындарды көрді, кейбір сәттерде олар фильм тамашалап, супермаркетке, орта мектептерге, фермалар мен жеке үй­лер­ге, Йосемит ұлттық паркіне де бас сұқты», –  деп жазады. «Шынында, интернетте Әуезовтің шытырман оқиғаға толы сапарынан алынған бірнеше фотосуреттің бірі кездеседі. Бұл суретте Әуезов үстіне қысқа пальто, басына сұр шіләпі киіп, Йосемит паркінің аты аңызға айналған қызыл ағаштарының бірінің түбінде серіктерімен бірге тұр. Ол аталған үлкен орманды аралап жүргенде қобалжыған да болуы мүмкін, өкініштісі, бұл сәттер туралы ешқандай деректер кездеспеді. 3 наурызда хатшылар Лос-Анджелеске кетеді, олар сол жақтағы бір университетке барғанынынан хабардармыз (Калифорния университетінің Лос-Анджелестегі бөлімшесі болуы мүмкін) және Уилшир бульварындағы «Chapman Park» қонақүйінде баспасөз конференциясын өткізеді. Сол жиналысқа қатысқан журналистер үшін Кеңес қайраткерлері көбіне қорғанушы және айыптаушы сынды болды. Әуезов делегацияның ең үлкен мүшесі еді, бірақ сабырлы қазақ пен украиналық Хончар топтың жетекшісі болып тағайындалған Степан Щипачевке арнайы жауабын берген жоқ. Келесі күні «LA Times» газеті Щипачевтің америкалық қатысушыларды ренжіткені туралы жазды. «Біз Америкада орыс жазушыларынан гөрі Ресейде америкалық жазушыларды әлдеқайда көп шығарамыз», – деп мақтанады ол. Бір аптадан кейін «LA Times» басылымы аталған материалды сұрыптаудан бас тарту туралы шешімдерін  жариялауға мәжбүр болды. Олар Щипачевтің айыптауы туралы  «Дені дұрыс емес ақпаратқа негізделген» деп жазады. «Орыстар «Доктор Живаго» шығармасының неше ай бойы әлемдік көп сатылымдағы кітаптар тізімінде тұрғанын ұмытып кетті ме? Немесе көптеген жоғары оқу орындарының драма, шағын проза, роман жанрын оқыту бөлімдерінде Чехов, Достоевский, Толстой, Тургенев және Гогольдың шығармаларын оқуға талап қойыла ма?» деген мәселелер қарастырылады.

    Өзара мәдени барыс-келістер болғанымен, екі елдің арақатынасы әлі де салқын екені аңғарылады.  Келесі аптада қаламгерлер  Аризонаға жол тартты. Онда Әуезов Үлкен шатқалға барып, Франк Ллойд Райттың Оңтүстік-батыс сәулет өнерінің таңғажайып мекені – Талиес Уэстке саяхат жасады. Қалаға қайтарда Әуезов пен бір тілші  бірге отырады да, екеуара әсерлі әңгіменің барысында жазушы алыстағы тау төбесіндегі зәулім үйді нұсқап, оның не екенін сұрайды. Сонда жанындағы тілші: «Бұл – Вриглидің үйі (Сағыз магнаты Уильям Вригли), – дейді. Әуезов бұған: «О, Капиталист!» –  деп жауап қайтарады. Ол: «Америкада барлығы капиталист », – деп айтқан кезде жүзінен күлкі байқалып тұрады.  

 Бостон, Нью-Йорк және қайту сапары

АҚШ бірлескен мемлекеттер ұйымының алғашқы ақпарында Әуезовтің Жаңа Орлеанға баруды жоспарлағаны туралы айтылған. Бірақ оның өз жазбаларында  олардың Жаңа Орлеанға барған-бармағаны анық көрсетілмейді. Бостонға жеткенде жазушылардың Гарвард университетіне барып, танымал сатирик және Пулитцер сыйлығының иегері Джон П.Марквандпен Эдвард Векс арқылы танысқанын білеміз. Сосын олар Нью-Йоркке қайтып,  америкалық ақын Роберт Фростпен кездескен.

Шынын айтқанда, бұл сапардың  тарихи құндылығы аса жоғары деуге болады. Бірақ бүгінгі ғалымдар мен зерттеушілер оның маңыздылығын жете түсіне қойған жоқ.   Мүмкін, осы тарихи сапардың бастапқы кезеңі туралы дереккөздердің жоқтығы оларды үмітсіздендірген болар. Сапар туралы интернеттегі дүдәмал ақпараттар және автордың балалық шағында отбасынан алынып, мұражайда сақталған суреттер ғана сыр шерте алады. Әуезов АҚШ-қа сапарынан бір жыл өткен соң, Мәскеуде ота кезінде қайтыс болды. Оның «Америка әсерлері» соңғы нүктесі қойылмаған күйде қалды. Бұл сапар оның өміріндегі ең ұлы оқиға еді. Келесі жылы Әуезовтің қайтыс болғанына 60 жыл толады. Ендігі мәселе – «Американың әсерлерін» көпшілік аудиторияға жеткізе алатын тілге аудару керек.  Шыңғыс тауында туған Мұхтар есімді жазушының дала эпостарын қағазға түсіріп, оның кітаби нұсқасын АҚШ-тың Конгресс кітапханасынан кездестіруі америкалықтар үшін таңғаларлық оқиға болмақ.

Ағылшын тілінен аударған

Дүйсенәлі Әлімақын

 

Дереккөз: qazaqadebieti.kz 

Published in Әдебиет

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім беру саласын басқару жүйесі өзгеретінін айтты. Бұл туралы министр Facebook парақшасында жазба жариялады.

Келесі жылдан бастап білім беру саласын басқару жүйесі өзгереді.

Білім беруді басқару органдары жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуы – білім беру сапасы мен тиімділігін арттырудың маңызды шарттарының бірі.

Сарапшылар аудандық, қалалық және облыстық білім басқармаларының өзара байланысы мен жұмыс жүргізу жүйесіндегі кемшіліктер туралы ұзақ уақыт бойы айтып келеді. Бұл мәселені ескере отырып, жүйені өзгерту туралы шешім қабылданды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті Заң қабылданғаны белгілі.

Енді 2021 жылдан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру басқармаларына беріледі, яғни әр мектеп пен балабақшаның мәселелері облыстың бақылауында болады. Бұл – жалпы білім беру саласы үшін өте маңызды қадам.

Мысалы, ауылдағы мектепке жөндеу жұмыстары қажет болса, мектеп директоры аудандық білім бөліміне жүгінеді. Ал, аудандық білім бөлімінің басшысы аудан әкіміне емес, бірден облыстық білім басқармасына өтініш жібереді.

Айта кетейін, қазір аудандық және қалалық білім бөлімдері (яғни мектептер мен балабақшалар) аудан әкіміне қарайды. Сәйкесінше, қаржыландыру мәселесі сол аудан мен қаланың мүмкіндіктеріне (бюджетіне) тікелей байланысты.

Мұндай өзгерістер Білім және ғылым министрлігінен әр мектеп пен балабақшаға дейінгі «жолды» қысқартуға жағдай жасайды.

Мысалы, бір ғана Қостанай облысында жиырмаға жуық аудан мен қала бар, яғни, 20 әкім жұмыс істейді. Білім бөлімдерінің облыстық білім басқармаларына берілуі шешім қабылдау орталығының да 20-ға қысқаратынын білдіреді.

Бастысы, жаңа өзгерістер білім беру ұйымдарындағы жағдайды теңестіруге мүмкіндік береді.

Елімізде бірыңғай нормативтік құқықтық актілер, бірыңғай стандарттар мен талаптар болғанының өзінде, білім сапасы өңірлерде ғана емес, бір облыстың аудандарында да әртүрлі екені жасырын емес. Халықаралық зерттеулер нәтижесі де бір облыстың ішінде білім сапасындағы айырмашылық үлкен екенін көрсетті.

Осы сияқты қаржыландыру деңгейі мен басқару тәсілдерінің әртүрлі болуы мектептерді жылыту маусымына дайындау, оқулықтармен, компьютерлермен қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстарын жүргізу барысына да әсер етеді.

Тағы да мысал келтіріп өтейін, сол Қостанай облысындағы ірі тауар өндіруші кәсіпорындар шоғырланған аудандарда (Қостанай, Меңдіқара, Әулиекөл аудандары) бюджетке аударым көбірек түседі. Дегенмен, өңірдегі Алтынсарин және Қамысты аудандары мұндай көрсеткішпен мақтана алмайды. Яғни бұл білім саласын қаржыландыруға, жөндеу жұмыстарына, компьютерлермен және оқулықтармен қамтамасыз етуге әсер етеді.

Білім саласындағы мұндай басқару жүйесі кері байланысқа, білім саласындағы саясаттың тиімді имплементациясына кедергі келтіреді. Нәтижесінде қаржыландыру бойынша, жөндеу жұмыстарына, кадрлық мәселелерге қатысты теңсіздіктер орын алады.

Ашық айту қажет, қазіргі уақытта аудан мен қала әкімдіктеріне бағынатын мектептер мен балабақшаларға Білім басқарламалары іс жүзінде әсер ете алмайды.

Басқармалардың құзыретінде колледждер, дарынды және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 5-10 мектеп, балалар үйі, ПМПК бар. Енді мектептер мен балабақшалар бір орталықтан басқарылса, қаржыландыруды теңестіру және арттыру проблемалары кешенді түрде шешілетін болады.
Бұл – жақын арада білім беру жүйесін әлдеқайда тиімді етуге негіз болатын қажет шешім.

Тағы бір жаңашылдық – білім бөлімдерінің басшыларын аудан және қала әкімдері емес, облыстық білім басқармасы басшысы тағайындайтын болады.

БҒМ талаптарына сәйкес олар іс-тәжірибелік және функционалдық дағдылары бар кадрлар, білім беру жүйесінде төменгі басшылық лауазымдарда жақсы тәжірибе жинаған мамандар болуы тиіс. Соңғы жылдары бұл лауазымдарға білім саласына қатысы жоқ адамдарды тағайындау фактілері жиі кездесті, оған жол бермеуіміз керек.

Министрлік пен білім басқармалары арасындағы өзара байланыста да бірқатар мәселелер бар екені жасырын емес. Бұл да – әкімшілік және ұйымдастырушылық бағыныстылықтың болмауының әсері.
Білім және ғылым министрлігі өз кезегінде балабақша, мектеп, колледждерге тек жанама түрде, МЖБС, оқу бағдарламалары мен НҚА арқылы ықпал ете алады.

Министрлік білім басқармалары мен бөлімдерінің басшыларын тағайындамайды, мектептерді, балабақшаларды, колледждерді қаржыландырмайды.

Бұл ретте қолданыстағы ұйымдастырушылық және қаржы жүйесі бойынша министрліктің 20 мыңға жуық ұйымды тиімді басқаруы мүмкін емес екенін түсіну керек.

Бұл жағдай жан басына қаржыландыруды кезең-кезеңмен енгізгеннен кейін, бухгалтерия, сатып алу және тағы басқа жұмысты цифрландырғаннан кейін, білім беру ұйымдары жанындағы корпоративтік басқару органдарын енгізгіп, басқа да шараларды қолданғаннан кейін ғана өзгереді.

Әзірше біз облыстық басқармалар мен қалалық/аудандық білім бөлімдерінің басшыларын тағайындау барысында Білім және ғылым министрлігімен келісілу бойынша және білім бөлімдерін облыстық басқармаларға беру жөнінде нормаларды енгізуге бастама жасадық. Бұдан әрі жағдайды талдап, осы бағыттағы келесі қадамдарды жасаймыз.

Басқару жүйесін өзгерту және білім бөлімдерін мектептермен және балабақшалармен бірге облыстық деңгейге беру, аудандық және қалалық білім бөлімдері мен білім басқармаларының басшыларын тағайындау мен жұмыстан босатуды БҒМ-мен келісу туралы норманы енгізу, бірыңғай біліктілік талаптарын қалыптастыру және қалалық, аудандық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармаларының басшылығына кәсіби-практиктерді тарту, директорларды тағайындау жүйесін өзгерту, оларды аттестаттау және ротациялау институтын енгізу, қаржыландыру жүйесін дербестендірілген және жан басына шаққандағы деңгейге өзгерту – жалпы білім беру жүйесінің тиімділігін арттыруға сеп болатынына сенімдімін.

Published in Санаты жоқ
Дүйсенбі, 20 Шілде 2020 11:36

1 аптада 210 адам көз жұмды

coronavirus2020.kz сайты 3-19 шілде аралығында Қазақстанда коронавирус инфекциясынан 210 адам көз жұмғанын жазды.

Ақмола облысы - 7:

1960, 1974, 1962, 1970 жылғы ер адамдар, 1962, 1940, 1974 жылғы әйел адамдар

Атырау облысы - 5:
1955 жылғы ер адам, 1951, 1971, 1951, 1950 жылғы әйел адамдар
 
Ақтөбе облысы - 9:
1965, 1960, 1955 жылғы ер адамдар, 1971, 1938, 1957, 1960, 1944, 1965 жылғы әйел адамдар

Жамбыл облысы - 4:
1956 жылғы ер адам, 1990, 1956, 1957 жылғы әйел адамдар

Қарағанды облысы – 6:
1961, 1938, 1940 жылғы ер адамдар, 1940, 1928, 1957 жылғы әйел адамдар

Маңғыстау облысы – 11:
1940, 1973, 1944, 1972, 1968, 1967, 1951, 1960 жылғы ер адамдар, 1949, 1959, 1954 жылғы әйел адамдар

Солтүстік Қазақстан облысы - 2:
1964, 1945 жылғы ер адамдар

Түркістан облысы - 18:
1941, 1951, 1949, 1960, 1963, 1958, 1952, 1955, 1937 жылғы ер адамдар, 1957, 1942, 1985, 1997, 1956, 1996, 1986, 1991, 1950 жылғы әйел адамдар

Павлодар облысы - 8:
1955, 1956 жылғы ер адамдар, 2020, 1955, 1955, 1949, 1964, 1974 жылғы әйел адамдар

Нұр-Сұлтан қаласы - 114:
1955, 1962, 1952, 1959, 1959, 1940, 1978, 1955, 1953, 1977, 1954, 1963, 1976, 1957, 1943, 1941, 1980, 1963, 1946, 1975, 1950, 1954, 1953, 1958, 1964, 1960, 1947, 1967, 1965, 1932, 1951, 1951, 1973, 1963, 1959, 1954, 1957, 1954, 1975, 1951, 1958, 1946, 1946, 1959, 1950, 1977, 1968, 1944, 1947, 1950, 1951, 1935, 1948, 1942, 1944, 1962, 1970, 1950, 1950, 1986, 1953, 1966 жылғы ер адамдар, 1948, 1950, 1951, 1973, 1942, 1961, 1975, 1966, 1945, 1962, 1952, 1965, 1964, 1970, 1939, 1968, 1957, 1933, 1946, 1965, 1959, 1987, 1972, 1968, 1994, 1946, 1971, 1943, 1948, 1940, 1947, 1937, 1963, 1956, 1961, 1950, 1952, 1950, 1950, 1942, 1959, 1959, 1944, 1955, 1946, 1952, 1941, 1945, 1950, 1947, 1955, 1954 жылғы әйел адамдар

Алматы облысы - 19:
1974, 1951, 1971, 1946, 1971, 1965, 1965, 1949, 1973, 1934, 1974, 1945, 1939, 1962, 1938, 1959 жылғы ер адамдар, 1949, 1947, 1959 жылғы әйел адамдар

Шымкент қаласы - 7:
1951, 1961, 1951, 1959, 1970, 1947, 1962 жылғы ер адамдар
 
Өлім себебін зерттеу жөніндегі комиссия бұл жағдайларды коронавирус инфекциясынан қайтыс болған деп тіркеді.
 
Қазақстанда барлығы 585 адам қайтыс болды.
Published in Санаты жоқ

Алматы облысының аумағында қатаң карантиндік шараларды ұзарту туралы Алматы облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің м.а. А.Чарапиевтің қаулысы

№21 Қаулы

Published in Санаты жоқ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы коронавирус індеті кезінде жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты мәлімдеме жасады.

 

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз!

 

Ардақты ағайын, құрметті бауырлар!

Елімізде вирустық індеттің өршіп тұрғаны өздеріңізге мәлім. Індет жұқтырған адамдардың саны көбейіп тұр, қаза тапқандар да аз емес. «Сақтансаң – сақтаймын» демекші, әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайлылық таныту – өзіміз үшін ғана емес, айналамыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері хақ.

Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елімізде жүргізіліп жатқан карантиндік іс-шараларды сақтай отырып, індеттің алдын алу мақсатында ел азаматтарын жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты төмендегі талаптарды орындауға және дін қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетуге шақырады:  

  1. Мәйітті жууды, кебіндеуді, жаназа намазын оқуды және қабірге қоюды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай өткізуге;
  2. Жаназа намазына, жерлеу ісіне қатысатын адамдарға бетперде тағуға, қол алысып амандаспауға;
  3. Жаназа намазын ұзағымен 5 минут ішінде өткізуге, мәйітті жерлеп болғаннан кейін халықты көп ұстамай лезде қайтаруға;
  4. Зейнет жастағы кісілерге, денсаулығы нашар немесе ауырып жүрген адамдарға және мектеп жасындағы балаларға жаназа намазына қатыспауға;
  5. Жаназа намазына және қабір басында барлық қатысушыларды қосқанда 10 кісіден артық жиналмауға;

Шариғат бойынша жаназа намазын жамағат болып оқу міндет емес (Фәтәуа Һиндия, 1/223). Жаназаны үш қатар болып оқу – мұстахаб. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үш қатар жамағатпен жаназа намазы оқылған мұсылман мәйіттің күнәсі кешіріледі», – деген (имам Тирмизи). Үш қатар жеті адаммен де құрылады, яғни, ең алдында имам, үшеуі бірінші қатарда, екеуі екінші қатарда және біреуі артында тұрады (Фәтәуа Татархания, 1/611).

  1. Жаназа намазын қоғамдық орындарда өткізбеуге;

Өйткені адам жүретін жолда жаназа намазын оқу – мәкруһ. Жаназа намазын арнайы орында оқыған дұрыс (Фәтәуа Һиндия, 1/226).

  1. Қабір басын көтеру, кесене салу және оны қоршау жұмыстарын тоқтатып, марқұмның басына белгі қоюмен шектелуге;

Шариғатта қабірді жоғалтып алмау мақсатында үстіне белгі (құлпытас, ағаш) қойып, марқұмның аты-жөнін жазып қоюға рұқсат беріледі (Хашияту ибн Абидин, 2/236). Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің сүт бауыры Осман ибн Мазғунды жерлеп болған соң, қабірін оңай тауып алу мақсатында бір тасты көтеріп әкеліп, белгі үшін бас жағына қойған (имам Әбу Дәуіт). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірді көтеруге, үстіне отыруға және құрылыс салуға тыйым салған (имам Муслим).

  1. Халықты жинап қонақ асын өткізуді, жерлеу рәсімінен кейін ас беруді, жетісі, қырқы, жылы т.б. Құдайы астарды елімізде эпидемиологиялық жағдай толық тұрақталғанға дейін тоқтатуға.

 

Қадірлі мұсылман қауым!

Ислам – адам баласының өмірін, денсаулығын, сенімін, отбасын және абыройын сақтайтын қасиетті дін.

Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп ескерткен («Бақара» сүресі, 195-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзгеге және өзіне зиян тигізуге болмайды», – деген (Ибн Мажә). Сондықтан өз өміріміз бен денсаулығымыз – Алланың бізге берген аманаты. Мұсылман ғалымдары «Залалды жою пайда келтіруден бұрын тұрады» деген (әл-Бахр әл-Мұхит, 7/280). Қазіргідей жұқпалы аурудың қаупі күшейген кезде одан сақтану – әрбіріміз үшін міндет.

Алла Тағала елімізді, халқымызды жаман аурудан, түрлі пәле-жаладан сақтап, тыныштық пен амандық нәсіп еткей!

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет