Күндер бойынша реттелген элементтер: Дүйсенбі, 17 Маусым 2019
Дүйсенбі, 17 Маусым 2019 15:21

Музей түнінде «сақ алауы» лаулады

Музей түні шарасы 1977 жылдан бері Германиядан бастау алып, жыл сайын 150-ден астам елде өткізіліп келеді. Жылына бір рет әлемнің бүкіл музейлері түнгі уақытта келушілер үшін есігін айқара ашады. Аудан тұрғындары асыға күтетін мәдени шара биыл да «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінде  дәстүрлі түрде жалғасын тапты. V рет ұйымдастырылған мерекеге мекеме қызметкерлері қызу дайындалған.

Шараны ашқан музей директоры Тасқын Тойбаев:

– Өздеріңіз білесіздер, музейдің білікті ғылыми қызметкерлерінің жұмысы нәтижесінде осы уақытқа дейін Жетісу жеріндегі Сақ кезеңіне жататын обалардың тізімі, олардың паспорты жасалып, сақталу, қорғалу деңгейлері бойынша анықтау, сондай-ақ, археологиялық қазба жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Алтын адам бүгінде еліміздің брендіне айналды. Музейге келуші шетелдік туристердің қатары жыл санап артып келеді. Бізде ағылшын, түрік, қытай, неміс тілінде экскурсия жүргізіледі. Қызметкерлердің басым көпшілігі тарихшы, зерттеушілер, археологтар. «Музей түніне» келер болсақ, биыл осынау шараны бесінші рет өткізіп отырмыз. «Музей түні» Еңбекшіқазақ ауданы көлемінде жыл сайын жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары асыға күтетін рухани, мәдени іс-шараға айналды. Осы уақыт ішінде ел азаматтары, музей ісіне қызығушылар, өнертанушылар, шетелдік қонақтар бізді өте жақсы таныды. Шараның жыл сайын қызықты өтуіне атсалысып келе жатқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына, музей мен туризм саласындағы әріптестерімізге алғыс айтамын», – дей келе әрдайым музей жұмысын насихаттап, ел руханиятына үлкен үлес қосып жүрген БАҚ өкілдеріне,  туризм саласында белсенді әріптестік орнатып келе жатқан мамандарды алғыс хатпен марапаттап, арнайы сый-сияпат жасады.

Қонақтар музейдің экспозициялық залдарына экскурсия жасап, тарихи жәдігерлерді тамашалаудан бастады. Жастар «Алтын адамның құпиясы» атты квест-ойынын ойнады. Бүлдіршіндерге «Тас бетіндегі өнер» атты шығармашылық сабақтар өткізіліп, қылқаламдармен өрнектер бояуды үйретті.  Сондай-ақ, «АРТ» балалар өнер мектебі оқушыларының туындыларынан көрме ұйымдастырылды.  «Ұста Дәркембай атындағы қолданбалы өнер музейі» шеберлерінің және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Кәкей Қырғауыл «Өрмек тоқуды» көрсетсе, көзеші Жанболат Нұрданбектің саз балшықтан қыш құмыра жасау шеберлік сабағы да меймандарға ерекше әсер сыйлады.

Ер жігіттер күресіп, арқан тартып белдесіп, асық ойнап, садақ атып, қырағылықтарын тексерді. Түн жамылғанда қыз-жігіт болып бөлініп, «Ақсүйек» ойнап, алтыбақанда тербелді. Ашық аспан астында балаларға  ұлттық құндылықты дәріптейтін  «Күлтегін», «Мұзбалақ», «Қазақ елі» мультфильмдері көрсетілді. Кеш соңында домбырашылар өзара жарысып, қонақтардың құлақ құрышын қандырса, «Жібек жолы» ансамблі, «Улыбка» би тобы өнерпаздары өнерлерін ортаға салды. Арайлым Мамырбекова, Нұртас Қайратұлы әннен шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шара соңы осы түннің символикасы «Сақ алауын» жағумен аяқталды.

Жансая ЫСҚАҚ

Published in Өнер
Дүйсенбі, 17 Маусым 2019 11:25

Төтеншеліктер жемқорлыққа қарсы

Жақында төтенше жағдайлар бөлімінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен қоғам дертіне айналған – жемқорлықтың алдын алу мақсатында жиын өтіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Шара барысында партия филиалының консультанты Бағдат Рахимов қатысушыларға парақорлық мемлекеттің болашағына балта шабатындығын айтып, аулақ болуға шақырды. Партия ардагері Асыл Байтулақов сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақстанда атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтті:

– 2017 жылы Қазақстанда  3 мыңнан астам жемқорлық қылмысы тіркелген. Осы фактілер бойынша мемлекетке келген жалпы шығын 8 млрд теңгені құрапты. Қазіргі уақытта оның жартысы мемлекет пайдасына алынып, сыбайлас жемқорлықпен айналысқан 1 мыңнан астам адам сотталды.

ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың ресми мәліметіне сәйкес, 2017 жылы 700 тұлға, соның ішінде, 18 республикалық, 95 облыстық, 101 қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар ұсталған. 2018 жылы жоғары шенді 700-ден астам лауазымды тұлғаның жасаған жемқорлық фактісі әшкереленген. Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында ағымдағы жылы аумақтық партия филиалдарында партия жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестердің 2 отырысы, партиялық бақылау комиссияларының 3 отырысы өткізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылған арнайы мобильді топ жыл басынан шамамен 16 ұжымды аралап, мемлекеттік мекемелерде азаматтарды қабылдады, түсіндіру жұмыстары жүргізілді – деді Асыл Байтулақұлы.

Жиын барысында төтенше жағдай-лар бөлімінің инженері Руслан Исмяков, №6 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Ғабит Ибадуллаев ұжымдық жиналыстарда әрдайым жемқорлыққа қарсы түсіндіру жұмыстарының жүргіз-летіндігін айтты.

Сардарбек НҰРАДИН.

Published in Мақалалар

 Ел тәуелсіздігі ұлттық санадан басталады. Ұлттық сананың ең негізгі белгісі - әр ұлттың өзін-өзі танып, өзін өзге ұлттардан айыра біле отырып, ұлттық мақсаттар мен мүдделерді іске асыру үшін күресу,  жалпы бүкіл адамзат мақсаттары мен мүдделеріне ұштастыра білу. ҚР Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын тегін арқау еткен жоқ. Жаңалықтың жаршысы Елбасының бастамасы ең мықты реформа - әліпби ауыс-тыру.  Бүгінде сол реформаның алғашқы кезеңі нәтижелі жүзеге асты деуге әбден болады: жаңа ұлттық жазудың латын графикасы негізіндегі емле ережелері әзірленіп, үкіметте мақұлданып жұртшылыққа ұсынылды.  Латын әліпбиіне көшу – ұлттық санамызды қайта жаңғырту және жаһандық әлеммен ықпалдасуға жол ашады.

Емле ережесі қалай жасалды? Алдымен төл сөздердің емлесіне қатысты орфографиялық ереженің ұстанатын басты ғылыми принципі айқындалды. Ол дыбыстың негізгі реңкі бойын-ша орфографияланатын қазақ жазуының фонематикалық ерекшелігінен шықты. Бұл А.Байтұрсынұлы анықтап берген жүйеге – дыбыстың мағына ажырататын реңкін таңбалайтын фонемалық ұстанымға (принципке) – табан тірейді. Бұл ұстаным қазіргі жазу тәжірибемізден ауытқымауға, тілдік санада жатталған жазу дәстүрінен қол үзбеуге көмектеседі. Сондықтан емле ережесінің 70-80 пайызы қазіргі жазумен сәйкес келеді. Бұл жалпыхалықтық сауаттылықтан ауытқымау үшін әлемдік жазу жүйесінде қолданылатын әдіс. Бұдан шығатын нәтиже тілімізді, ұлттық ерекшелігімізді сақтап,  тек қана өзіміздің төл әріптерімізбен жазып – ұлттық болмысымызды жаңғырту. Мемлекеттік тілімізді Заңмен бекітіп, осы заңның ішінде жаңа әліпбиімізді бекітіп бірізділік жазу арқылы ұлттық мәдениетімізді сақтап қалу өте маңызды.

Осы уақытқа дейін Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Еңбекшіқазақ аудан-дық филиалы тіл үйренуші-лерге оқыту курсын өзге ұлт өкілдеріне кирилл графикасы бойынша оқытып келді. Алдағы мақсатымыз осыған қосымша ауданымыздағы  ересек тұрғындарға, мекеме қызметкерлеріне, жеке тұлға-ларға жалпы тіл үйренушілерге латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйрету.

   

  Динара Сағымбекова,

Еңбекшіқазақ аудандық

«Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы.

Published in Саясат
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет