Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 29 Қараша 2018 15:05

Болмыс болашаққа сай болсын

   Елбасы Н.Назарбаевтың халқымыздың тарихи  талғамын терең таразылап,  халық көкейінде жүрген талай-талай дүниелерді дөп басып айтқан «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы осыдан бір жарым жыл бұрынғы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласының заңды түрдегі жалғасы екендігі сөзсіз.

  Мақалада түркі өркениетін дамытуға қатысты бірқатар мақсат-міндеттер белгіленді. Мемлекет басшысы төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін ұрпақтың болашағы зор болады дейді. Сондықтан бұл – бүгінгі болмысымызды сараптап, болашағымызды бағамдауға арналған мақала. Оның стратегиялық маңызы зор.

  Кезінде Ілияс Есенберлин «ағаш неғұрлым биіктеп өскен сайын, тамыры оның тереңдей түседі» деген. Дәл қазір біз қарыштап дамыған сайын тамырымызды да солай игеріп жатырмыз.

  Осыдан 3 жыл бұрынғы Қазақ хандығының 550 жылдығында біз өзіміздің ұлттық мемлекетіміз осыдан 550 жыл бұрын басталады деп келсек, енді Елбасының мақаласынан кейін өзіміздің тарихымызды кем дегенде 3 мың жылға ары жылжытып отырмыз.

  «Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді» дей отырып, Елбасы Ұлы даланың жеті қырын тілге тиек ете келіп, бізге бірнеше талап қойып отырғандай.

  Біріншіден, күллі түркі халқының «қара шаңырағы» болған Қазақстан бүгінде сол тізгінін ұстау мүмкіндігінен айырылып қалмауы үшін біздің болмысымыз жаңа кезеңге сай болуы қажет.

  Ал, бұдан келіп екінші мәселе туындайды, ол – сананың жаңғыруы. Адамдық болмыс оның санасының деңгейімен өлшенеді. Олай болса, бізге қойылған талаптың тағы бірі – білімді болу, ғылымды дәріптеу.

  Үшіншіден, бүкіл түркі халықтарының Қазақстанды «қара шаңырағы» ретінде танып, сол туыстық қарым-қатынасты дамыту және тәлейімізге бұйырған мәдени мұрамызды сақтап қалу үшін Елбасы бізге бірнеше ірі жобаларды ұсынып, оны жүзеге асырудың жолын да көрегенділікпен көрсетіп қойды.

  Төртіншіден, ұлттық кодымыздың негіздерінің бірі болған ауызша және музыкалық дәстүрді де жалғастыру мәселесі қаралып отыр.

  Дала фольклорының антологиясы, Ұлы даланың көне сарындары жинағы ұлттық өнеріміздің тарихындағы айтулы жаңғырудың бірі болмақ деп пайымдаймын.

  «Елдің елдігін ер білдіреді, ердің ерлігін ел білдіреді» дегендей, ұлттық қаһармандарымыз, ұлы ойшылдарымыз, елді парасатпен басқарған тұлғаларымыз туралы деректі фильмдер немесе телесериалдардың түсірілуі қарастырылып отыр. Бұл ұлттық тәрбиеміздің бойына қан жүгіртіп, жақсыға еліктеу, жаманнан жирену әдетімізді жандандыра түсуге игі шарапатын тигізері сөзсіз.

 

Бекет Ахметов,

Еңбекшіқазақ аудандық

мәслихаттың хатшысы.

Read 42 times

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама