Күндер бойынша реттелген элементтер: Бейсенбі, 06 Маусым 2019
Бейсенбі, 06 Маусым 2019 10:18

Музейдің жас достары қонақта

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Бала күлкісі – әлемнің көркі» атты мерекелік іс-шарасы өтті. Мерекелік шараны ашқан музей директоры Тасқын Тойбаев балаларды қорғау күні мереке ғана емес, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі екенін, сондай-ақ адамзаттың алдында тұрған зор міндет – болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру екенін айта келе, сәбилерге бақытты балалық шақ тіледі. Шара барысында музейіміздің кішкентай қонақтары Саят Стамғазиев пен Аяулым Орысбек әннен шашу шашты. Балаларға арнайы «жәдігерлер мен петроглифтер көшірмесі», «лабиринттік топтық жарыс», «сурет өнері», «квест ойыны» сияқты түрлі интерактивтік ойындар ұйымдастырылды. Бұдан кейін балаларға тарихи-мәдени ескерткіштердің мән-мағынасын ұғындыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу, тәуелсіздік символына айналған Сақ ханзадасы – Алтын адам туралы мәлімет беру мақсатында арнайы экскурсия жүргізілді.

Шара соңында музей атынан балаларға естелік сыйлықтар мен тәттілер үлестірілді. Айта кетейік, іс-шараға негізінен Есік қаласындағы көп балалы отбасылар мен жеке адамдардың қамқорлығындағы балалар (патронаттық) шақырылды.

 

Олжас Болатбекұлы,

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз хатшысы.

Published in Жастар
Бейсенбі, 06 Маусым 2019 10:16

Қайта жаңғырған ескерткіш

«Өлі разы болмай, тірі байымайды». Осынау бағзы заманнан бойымызға сіңген өсиет өткеніміз бен бүгініміздің арасын байланыстырып, адами бітім-болмысымыздың іргетасына айналды. Себебі, бабаларының есімін ұлықтаған, өнегесін ұмытпаған елміз. Бұған тағы да дәлелді жақында көрдік. Қаратұрықтықтар жиылып, ырыс-ынтымағы бір арнаға құйылып, 25 млн теңгеге соқыр саясаттың құрбандарына арналған ескерткішті абаттандырды.

Аталмыш ескерткіш 1993 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналып бой көтерген. Содан бері іргесі сөгіліп, ұсқыны кеткен-тін. Ауыл тұрғыны Айнисам Вайденова бас болып, аудан әкімдігі қолдаған ескерткіш жуырда ашылды. Оған аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов арнайы қатысып, салтанатты сөз сөйледі. «Ынтымақ жүрген жерде іс бітеді. Бүгін міне, осынау игіліктің куәгері болып отырғанымыздың өзі берекенің жемісі. Біз – бір елміз. Мақсатымыз ортақ, мүддеміз бір. Кеше ғана қуғын-сүргінге ұшыраған бабаларымыздың да арманы осы болды: еркін күнде тыныстау. Ендеше, осынау қасиетімізді бағалайық» – деді. Ізгі ойларымен ауыл ақсақалдары И.Насыров, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, экономика ғылымдарының докторы Ә.Нұрманов, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы Е.Сұлтанғазиев, Қазақстан ұйғырлары ұлттық ассоциациясының төрағасы Х.Маметов бөлісті. Кейіннен жиылған көпшілік ескерткіш-мемориалдың лентасын бірге қиды. Естелік суретке түсіп, боздақтарға арнайы құран бағыштады.

Айта кетейік, 0,8 гектар аумақты алып жатқан ескерткіштің айналасы да толық абаттандырылып, қоршалған. Ағаштар отырғызылып, құран бағыштаймын деген азаматтарға толық жағдай жасалған. Сәулетшісі – Бахрам Глаудинов, мүсінші – Рустам Шамахунов.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Published in Тарих
Бейсенбі, 06 Маусым 2019 10:11

Арыстар аты ұмытылмайды

Жазықсыз жаны қиылған жандарды еске алу мақсатында Талғар ауданының Жаңалық ауылына елі мен жері үшін, ұлт үшін құрбан болған Алаш арыстарының арман-мақсатынан сыр шертер қаралы жиынға облыс әкімінің орынбасарлары Ләззат Тұрлашов пен Ақан Әбдуәлиев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, Талғар ауданының әкімі Рыскелді Сатбаев,  саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қатысты.

Жиырмасыншы ғасыр Қазақ елі үшін қиын-қыстау кезең болды. 1929 жылдан 1953 жылға дейін Қазақ елінде мыңдаған адам қуғын-сүргінге ұшыраған.  Оның арасында алаш арыстары Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды халқымыздың қамын ойлаған, зиялы қауым өкілдері де бар. Халқымызды қырғынға ұшыратқан қаралы жылдары 25 мың қазақ зардап шексе, оның 4 жарым мыңы осы Жаңалық ауылында жерленгені жайлы деректер бар.

Жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов:

- Қазақ халқы түрлі «тар жол, тайғақ кешуден» өтіп, қасіретті жылдарды артқа тастаған тарихы тереңге бойлаған қасиетті халық. Өткеннің өкініштерін еске алсақ, Бірінші дүниежүзілік соғыс зардабы, 1917 жылы болған Қазан революциясы, азамат соғысы, ашаршылық, Ұлы Отан соғысы салдарынан алапат демографиялық шығынға ұшырады. Бүгін еске алып отырған саясат, мәдениет қайраткерлері, ғалым, жазушылар, қазақ зиялылары сол зұлмат заманда жазықсыз өлім құшқаны Қазақстан болашағына көп зиянын тигізді. Өткен жылы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында саяси қуғын сүргін құрбаны болған осы жерде жерленген 4 мыңнан аса боздақтарға арналған музей ашылды. Тарихи ошақта ұлт қайраткерлері туралы материалдар қойылып, есімдері тасқа ойылып жазылды. Біздің халқымыз жазықсыз жапа шеккен қайраткерлерді, олардың рухтарын құрметтеуді ешқашан естен шығармайды, мәңгілік есінде сақтайды, – деді өз сөзінде.

Келесі сөз кезегін алған республикалық «Әділет» қоғамы бірлестігінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов:

- Біз бүгін ұлттық тарихымыздағы ең бір қасіретті оқиғалардың тағдырын, бүгіні мен ертеңін айтуға жиналып отырмыз. Қазақ қазақ болғалы екі ұлы апатты басынан өткерді. Бірі – Ақтабан шұбырынды, екіншісі – ХХ ғасырда 70 жылға созылған қыспақ, зорлық-зомбылық, әділетсіздік. Соның ішінде қиянаты ешқашан ұмытылмайтын ашаршылық пен халқымыздың қаймағының атылып, асылып, жойылғаны, - деп бұл тарихи кезеңдердің ел есінен ешқашан кетпейтіндігін, тарихтан өшпейтіндігін айтты.

Алашорда үкіметінің мүшесі Садық Аманжоловтың немересі Шолпан Аманжолова, Ұзақбай Құлымбетовтің қызы Орынша Құлымбетова, Мұхаметжан Тынышпаевтың баласы Дәулет Тынышпаев әкелерінің асыл қасиеттерін, қанды қырғында көрген қасіреттерін баяндап берді жұртшылыққа. Осы әулеттің немересі Нұрсәлім қажы облыс әкімшілігіне алғыс білдіріп, М.Тынышпаевтың 140 жылдығына арналған медальдарды табыс етті.

Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа жеккен құрбандар рухына Талғар ауданының бас имамы Мұсабек Тағанұлы құран бағыштады. Жиын соңынан жиналған қауымға арнайы ас берілді.

Жансая ЫСҚАҚ

Published in Тарих
Бейсенбі, 06 Маусым 2019 10:09

Музей түні. Ночь в музее

Құрметті Есік қаласының тұрғындары мен қала қонақтары!

 

14 маусым күні «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Сақ алауы» атты «Музей түні» өтетіндігін хабарлаймыз. Іс-шара аясында жастарға арналған квест ойындар, шеберлік сабақтары (көзеші, тоқыма, зергерлік өнер), көрмелер мен концерттік бағдарлама өтеді. Сондай-ақ, ашық аспан астында балаларға «Күлтегін», «Мұзбалақ», «Қазақ елі» мультфильмдері көрсетіледі. 

Басталуы: 18:00-де.

Құрметпен, Тасқын Тойбаев

«Есік» қорық-музейінің директоры

 

 

Уважаемые жители и гости

города Есик!

 

Рады сообщить, что 14 июня в Государственном историко-культурном заповеднике-музее «Есик» в рамках ежегодной акции «Ночь в музее», которая проводится в пятый раз, состоится специальное событие «Сакские костры».

В программе – игра-квест для молодежи, мастер-классы, творческие занятия (текстильное искусство, гончарное и ювелирное мастерство), выставки и концертная программа. Под открытым небом детям также будут показаны мультфильмы «Күлтегін», «Мұзбалақ», «Қазақ елі» на казахском и русском языках.

Начало: 18.00.

С уважением, Таскын Тойбаев,

директор заповедника-музея «Есик».

 

Published in Жарнама
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет