Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 10 Қаңтар 2019 15:46

Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кесер.

  Күннің бетін бұлт көлегейлеп, ай жүзуін тоқтатпайынша тіршілік тынысы жалғасатыны ақиқат. Әлбетте, арсыз адам, зарлы заман болса да... Әйткенмен, пасық пиғылдардың да жіңішкеріп, үзілетін кезеңі келеді. Айналаңдағы айуандықтарды көргенде, сезгенде осындай ойға іштей сенім артып, өз-өзімді алдаусыратып қоятыным бар. Арын сатқан тексіз қыздарымызды ұлт болып тезге сала алмай әлекпіз, бағытын батыстан іздеген жастарымыздың сәбилерін қоқыстан іздеп біз жүрміз. Алдымыздағы көлік терезесі ашылса, шақалақ шыр ете ме деп алаңбыз. Сәбиін саудалаған ананы жазаға тартпай, шетел асқан ұлт ертеңінің тағдырына алаңдаймыз. Ересегін қойып, баласына шапқан кер заманның кері қылықтарын көргенде жаныңды қоярға жер таппайсың. «Педофил» деп үріккенімізбен, қарғыс атқандардың жазасын лайықты бере алмай келеміз. Осындай былыққа батқанымызды көреміз, білеміз, сеземіз, қай жерден қателік кетті деп сан соғамыз. Шарасыздықтан жазасын Жаратқанның қарауына қалдыратын сәттеріміз де жетерлік.

  Бүгінде елімізде кей ақпарат көздерінің мәліметінше 10 мыңнан астам жезөкше бар екен. Бұл Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан келген транзитті жезөкшелерді қоспағанда. Тіпті, қалың қазақтың ордасы шырайлы Шымкентте бір түнде 2000-ға жуық ,арын сатқандар көше кезеді екен. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбеюде. Бұдан 10-15 жыл бұрын Қазақстандағы «түнгі көбелектер» тек Алматы қаласының Саин мен Сейфуллин көшесінде ғана топталып тұратын-ды. Ол кезде теріс кәсіппен айналысқан қыздар қысылып-қымтырылып, ашық жерде тұруға ұялатын. Қазір ше, кез-келген бұрышта, тіпті, халық көп жүретін жерлерде қызметін еркін ұсынады. 500-ге жуық жезөкше «қызметтерін» заңдастырып беруін сұрап Елбасына ашық хат жолдағаннан кейін не айтасыз? Онда «Бізге қарай тас лақтыра беретін дәурен өтті. Клиенттеріміздің жағдайы жақсы емес» деп мұң шаққан. Кейіннен құқықтарының қорғалмай отырғандығын ашық айтыпты. Заңгерлеріміз Қылмыстық кодексте жезөкшелердің іс-әрекетін жауапқа тартуға байланысты бап қарастырылмағанын айтып дабыл қағуда. Тек жеңгетайлық жасағаны үшін 271 бапта қылмыстық жауапкершілік көрсетілген. Ал «түнгі көбелектер» бұл ісі үшін әкімшілік айыппұл алады. Оның да мөлшері тым төмен көрінеді. Тіпті, астаналық 25 жастағы аяғы ауыр келіншек те ғаламторға бір түндік қызметін ұсынып, жарнама бергені жұрттың жағасын ұстатты.

  Бұл аз десеңіз, елімізде «жеңіл жүрісті жігіттеріміздің» «қызметі» ерекше дамып келеді. Тіпті, ақшаға сатылатын еркектер туралы арнайы сайттар бар. Оған тіркелгендер қатары жетіп-артылады, былайша айтқанда бәсекелестік қызып тұр.

  «Онда жүктелген суреттерде көбінің бет-жүзі емес, бұл мамандықтағы ең маңыздысы – дене, жыныс мүшелерінің бейнесі. Кәрім есімді суреті сайтта тұрған жігіт 24 жаста. Орал өңірінің тумасы. Бірде курстастарымен түнгі клубта отырғанда бір жігітпен танысқанын айтады. Әңгімелесе келе ол үлкен тәтелерді «ләззәтқа батыратынын» айтып, қаласаң арнайы сайтқа тіркейін, көп ақша табасың деп ұсыныс жасапты.  Ол кезде бас тартса да, бір қажеті болар деп телефонын алып қалған. Бірнеше күннен соң сайтқа тіркеліп, содан қоңыраулар түсе бастаған. Көбіне 30 бен 50 жас аралығындағы әйелдер хабарласатынын айтады Кәрім» – деп жазады 365 info.kz порталы...

  Жоғарыда келтіргенімдей, шетел асқан сәбилер тағдыры шынымен тамұқ. Соңғы 15 жылда 9 мыңға жуық еліміздің ертеңі әлемнің түпкір-түпкіріне сатылған. Естеріңізде болса, АҚШ елінің есі дұрыс деп танылған екі азаматы айуандыққа барып, Қазақстаннан асырап алған  балаларымен ұзақ жылдар бойы жыныстық қатынасқа түсіп келген. Сорақылығы сол, бума-бума қағаз жинап, жылдар бойы кезегін күткен қазақстандықтар шетте қалып, кезекте тұрмаған шетел азаматтары 457 баланы заңсыз сатып алған. Заң бойынша шетел асқан сәбилердің жағдайы турасында тиісті органдарға есеп беріп отыруы тиіс асырап алушы тарап. Алайда, 2005 жылдан бері 673 тұлымшағы желбіреген ұл-қыздарымыздың тағдыры жұмбақ күйінде қалып отыр. Бұған енді не деп налимыз?

  Әңгімеміздің әліппесінде айтқанымыз-дай-ақ адамның адамға жаны ашымаған, итше ырылдасып, достыққа емес қастыққа ұмтылатын дәуірдің дәл ортасында тұрмыз. «Бала – бауыр етіміз» дейміз. Адамтектес хайуандардың тырнағына жазықсыз ілігіп, тағдыры тәлкекке түскен сол бейкүнә балаларға біз шын араша түсіп жүрміз бе осы?

  Елді дүрліктiрген жасөспірімдер арасындағы суицид былай тұрсын, апта сайын айтылатын педофилияға қатысты ақпарға құлақ етіміз үйреніп қалды. Бұрын бұл терминнің не екенін ешкім білмейтін. Қазір педофильдің кім екенін екінің бірі жатқа соғады.

  Қазіргі қоғамда ай сайын жантүршігерлік жаңа ақпарат. Анығырақ болу үшін айтайық, орталық ақпарат құралдарында жыл басынан бері Ақтауда – 2, Ақтөбеде – 3, Көкшетауда – 2, Түркістанда – 2, Солтүстік Қазақстан облысында – 2, Қарағандыда – 1, Қызылордада – 1, Шығыс Қазақстан облысында – 4, Таразда – 1, Павлодарда – 1, Семейде – 1 сорақы оқиға орын алды деп жарыса жазып жатыр. Педофильдердің көпшілігі 8-10 жастағы қыздарға зорлық көрсеткен. Араларында 3-4 жасар бүлдіршіннің өмірін бүлдіргендер де бар. Арсыздар сәбилерді тәтті-мәтті әперіп немесе «әке-шешең шақырып жатыр» деп алдап әкеткен. Ел көзінен тысқары жерге апарып, арам ойын іске асырған. Арамниеттiлердiң көпшілігі қылығын, дұрысы қылмысын  мас күйінде жасағаны белгілі болып отыр. Сондай-ақ, жауыздар бүлдіршіндерді мектептен шыққан кезінен бастап аңдып, адам аяғы саябырлаған жерде бас салғаны анықталды. Кейбірі қыздардан құмарын қандырған соң, босатып жіберсе, енді бірі «басқаларға айтып қояр» деп сескеніп, азаптап  өлтірген.  Тағы  бір  анықталғаны жәбірленгендердің көбісі өздерінің өгей әкелерінен зорлық көрген. Мысалы, Көкшетауда қанішер өгей әке 3 жасар сәбиді зорлаған. ҚР ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділдә Ораздың айтуынша, айуан қызды  анасынан  ұрлап  әкетіп, 1000 доллар тауып беруін бұйырған. Ақшаны тапқанға дейін, сәбиді өз пәтерінде қамап ұстаған. Артынша араққа сылқия тойып алып, бүлдіршінді екі күн бойы зорлағаны анықталды. Сол сияқты Шығыс Қазақстан облысының Зырянов қаласында 41 жастағы жауыз өзінің 6-сыныпта оқитын өгей қызын 3 жыл бойы зорлап келгені белгілі болды. Айуан қызын болған оқиғаны біреуге жеткізер болса, өлтіретінін айтып қорқытыпты.  Бұл тек дәлелденгені ғана. Ал қорқыныштан ішқұса боп жүрген жасөспірімдеріміздің тағдыры айтуға ауыр.

  Бесіктен белі шықпаған бүлдіршіннің өміріне қиянат жасағандарды жазалау мәселесі қандай? Бұл мәселе осыдан біраз уақыт бұрын Парламентте көтерілген. Ол кезде халық қалаулыларының азғантай бөлігі жауыздарды түгелімен жою керек десе, қалғандары оларды заң шеңберінен шықпай, жұмсақ жазалауды ұсынды. Заң дегеннен шығады, бізде, бізден былайғы бірқанша елде тұп-тура педофильге қатысты заң жоқ. Сылбырлықтың болатыны сондықтан. Қатаң жазалау болмағасын, айуандар бастапқы әдетін қайталап жатқаны. Біздегі заң педофильдерді «кәмелетке жетпеген балаларды азғырып, жыныстық зорлау жасады» деген айыппен ғана жазалай алады. Анығырақ айтқанда, заңдағы Парламент қабылдаған соңғы түзетуге сай 14 жасқа толмағандарға жыныстық зәбір көрсеткендерге 15-тен 20 жыл аралығында бас бостандығынан айыру көзделген. Ал кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тартқандар 5-тен 10 жылға дейін арқалайды.

  Психологтар педофильді түрме «түзейді» дегенге сенбейді. Психолог Жанна Сыпатайқызы: «Абақтыға отырып келгенмен, олар бастапқы әдетінен айыға алмай, бұл тірлікке қайта барады. Тіпті кей жағдайда түрмеде «тәртіпті» болғандарды мерзімінен бұрын босатып жібереді. Сондықтан, оларды түрмеге емес, жындыханаға жабу керек», – деген пікірде. Ал психотерапевт Ғалия Құдиярова болса: «Мұны ауру деп анық айта алмайсыз. Өйткені олар қылмысқа барғандарын біледі, жазаның да жеңіл екеніне еттері үйренген. Оларды мүлдем қоғамнан құрту керек. Мұндай адамдарды емдеу мүмкін емес», – дейді.

  Бұрынғылар: «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кесер» деген екен. Бұл заңға да, тәрбиеге де тиесілі сөз. Бірінші, адам кейпіндегі айуандарды жазалау күшеюі тиіс.

 Екінші, ана тілінің нәрін, ата-бабасының әуезді әнін санасына сіңіріп, бесік тербеген аналарымыз азайғаны ащы да болса ақиқат. Өсе келе ертегімен елітіп, мақал-мәтел арқылы жақсыға үйретіп, жаманнан жерітіп отырған ата-әжелеріміз де жоқтың қасы. Сөз төркіні сол, ұлттық тәрбиеден алыстап, тамырымыздан ажырап барамыз. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының көксегені де осы: тарихи тамырымыздан көктеу. Себебі, тегінен ажыраған ұлт, өзге тамырдан нәр іздейді. Осы ретте әрбір тұлға, әр ата-ана ұлттық тәрбиені жас буынның санасына сіңіруде еңбек ету керек. Әлбетте, бабалар ұлағаты – ақпараттық майдан заманында жас буынға шамшырақ. Сіз ұлыңызды намыс-ты, қызыңызды қылықты етіп тәрбиелеу арқылы ел ертеңіне зор пайда әкелесіз. Себебі, үздік отыз елдің қатарына қанша кірсек те, тамырынан ажыраған елдің ертеңі жоқ екенін ұмытпағанымыз абзал.

  Мөңке би жырлаған кер заманның кері енді келгендей. «Аттың жүйрігі кетіп шабаны қалар, адамның жақсысы кетіп жаманы қалар, ақылы жоқ санасыздың заманы болар» деген болжамды сөзі құдды бүгінгінің бейнесін айқын айшықтағандай. Көмекей әулие аталып кеткен кешегі Бұқар жырау да болашақты бағамдауы еріксіз таңданыс тудырып, таңдай қақтырады. «Келешек қасқырдай жауыз, түлкіниеттілер қаптаған заман болады» деп болжаған екен. Ештен кеш жақсы, ағайын. Еліміздің ертеңіне шын алаңдаушылық білдірсек, әр істі өзімізден бастайық. Тәрбиені түзейік, тоқпақ жалды торпаңды ерттеп мініп, арғымақтың тұяғы жеткен жерге иелік еткен баһадүр бабалар ұрпағы екенімізді ұмытпайық. Алтынға бергісіз асыл сөздерін, күн сөнгенше сөнбейтін даңғыл жолдарын ұлықтайық.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Read 150 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама