Күндер бойынша реттелген элементтер: Дүйсенбі, 10 Маусым 2019

Әде Тыналықызы 1939 жылдың 10 мамырында туылған. Несіп анасы мен Тыналы әкесінің 11-ші баласы. Негізі әкесінің кіндігінен 12 бала дүниеге келіпті. Әкесі Еңбекшіқазақ ауданының бұрынғы Молотов, қазіргі Көктөбеде қарапайым еңбек адамы болған. Анасы Несіп он екі баланы дүниеге әкелдім деп үйде қарап отырмапты. Өмір бақи бір ауылдың белді де, белсенді еңбеккері болыпты. Әде дүниеге келгенде әкесі Тыналы өзінің күнде оқып жүрген  құран кітабын аударып отырып, осы қызым ерекше бір жан болсын деп «Әде» деп қойыпты. Әде араб тілінен аударғанда сөзге өте шешен деген сөз екен. Баланың қойылған есіміне де байланысты деген сөз рас болып шықты. Кішкентайынан орысша, қазақша, ұйғырша, азербайжанша, түрікше  тілдерді жетік меңгерді. Әкесі Тыналы дінге қарсы заманның өзінде құран оқуды тастамаған, дінін сатпаған, өзінің айтқаны келетін әулие адам болыпты. Оның көріпкелдігіне ауыл - аймақтағы ел жүгініпті.

Осындай көрегенділігінің арқасы ма, әкесінің айтқаны келіп, Әде де сөзге ұстатпайтын шешен болып өседі. Есіктінің орталығындағы жалғыз қазақ мектеп интернатында оныншы сыныпты бітірген соң, көзі ашық, көкірегі ояу Әде Тыналықызы аудандағы орысша, қазақша «Звезда Алатау», «Алатау жұлдызы» газетіне қызметке келеді. Сол кездегі аудандық редактор ешбір ойланбастан газеттің корректорлығына қызметке алады. Арада үш жыл өткен соң, 1963 жылы аудандық комсомол комитеті аудандық байланыс торабына қызметке жібереді. Аудандық байланыс торабының бастығы керемет жақсы адам Марат Сүлейманұлы Есқараев болатын. Әлі буыны қатпаған жас комсомол қызды қамқорлыққа алып, оқуларға жіберіп, білімін жетілдіріп, еңбекке шыңдайды. Әде жас кезінен аудандық көркемөнер үйірмесіне қатысып, би билеп, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» пьессасындағы Шұға рөлін сомдайды. Ол кезде Ильян Жаңабайұлы Жакеев те, көркемөнер үйірмесіне қатысып опера әншісі атанады. «Ермек Серкебаев» деп қалжыңдайтын құрдастары. Міне, осы өнердің арқасында болашақ жас жұбайлар бір – бірімен танысып, үш жыл жұптары жазылмай жүріп, үйленеді.    

Әде Тыналықызы Есдәулетова өзі-нің туған ауылынан ешқайда кеткен жоқ. Тұрақты бір жерде аудандық байланыс торабында, қырық жылға жуық істеп зейнеткерлікке шығыпты. Күйеуі Ильян Жаңабайұлы Жәкеев екеуінің қол ұстасып жүргендеріне биыл елу бес жыл толыпты. Ұзақ жыл өмірдің ыстық-суығын бірге көрген екеуі де бірдей сексенге толады екен. Сексенге шығар екі бірдей Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматтарына, жолығып өмір жолымен таныстық. Екеуі де аттан түспей, әлі де қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып келеді. Сексенге желтоқсан айында толатын Ильян Жаңабайұлы қазірде Еңбекшіқазақ аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы.Ал Әде Тыналықызы болса, мамыр айында сексенге толыпты. Екеуіне де сексен жасты бермейсің, өйткені күнде ертеңмен тұрып, денелерін қыздырып, шақырымдап жүгіретіндерін айтады. Әде апай, қолы қалт ете қалғанда тігін машинасын алып, немерелеріне киім тігіп беретінін көзімізбен көрдік. Есік қаласының орталығындағы, екі қабатты үйдің бір бөлмесінде спорттық құралдардан басқа, жүзге жуық гүлдердің жайқалып өсіп тұрғанын да байқадық, бейне бір гүл базарына кіріп кеткендей әсерде қалдық. Бұл да Әде Тыналықызының еңбегі. Екеуінің де өмір бақи саламатты өмір салтын ұстап, шынығып, шымырланып жүргендерін көріп, таңғалмасқа амал қалмады. Ал Ильян Жаңабайұлы жайлы айтсақ, Шелек ауданының Киікбай ауылында туып, 1943 жылы Көктөбе ауылына отбасымен көшіп келеді.1963 жылы аудандық комсомол комитетінің инструкторы, кейіннен ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі.1967 жылы Еңбекшіқазақ ауданының мәдениет бөлімінің меңгерушісі, бұл жұмысты облыс бойынша алдыңғы қатарға көтергені үшін, ерен еңбегіне байланысты Кеңес одағының мәдениет Министрінің құрмет грамотасымен марапатталады.1970-1993 жылдары аудан кәсіподағында, аудан ауыл шаруашылығында, одан әрі аудан партия, Совет қызметінде жұмыс істеген.1993 – 2004 жылдар аралығында Көктөбе ауылдық округінің әкімі. Одақ ыдырап ауыл қиын жағдайға түскенде бұл ауылдан да жоқтан, бар жасап, мектеп, балабақша, жылу жүйелерімен, тұрғындарға жарық беру мәселесін түбегейлі шешіп, ел тұрмысының жақсаруына үлкен үлесін қосады. 2004 жылдан бастап, зейнеткерлік жасқа шықса да, Еңбекшіқазақ ауданының кәсіподақ ұйымының төрағасы болып қызмет істеп келеді. Осындай халқына қалаулы, еліне елеулі  жандар жайлы тоқтала кетсек, елге жасаған жақсылықтарын сөзбен айтып жеткізе алмайсың! Ел сыйлаған екеуінің де кеуделерінде жарқыраған медальдар. Медаль алудан бір – бірінен қалыспапты. Алған құрмет грамоталары мен алғыс хаттары бір сандық десе де артық айтқандық емес. Әде Тыналықызы мен Ильян Жаңабайұлы сияқты халқының қадірменді ұл – қызына, ұзақ ғұмыр, мәңгілік махаббат тілейміз!             

            

ІЗГІ  ТІЛЕК

(Әде мен Ильянға арнау)

 

Көктөбедей, туғаныңмен жайлауда,

Өмір сүрдің тау бөктері  орманда!

«Есік қала» болды сенің мекенің,

Бірге жеттің Ильянмен  арманға!

 

Атты шапақ арайланып таңдар да,

Болдың тағы отаныңа  қорған да.

Байланыстың мамандығы болған соң,

Сол тарапта өтіп жатты  жолдар да!

 

Осы жылда, Ермек ұлың  жетілді,

Сыйлы болдың елге сөзің өтімді.

Ильяның гүлдер талай ұсынды,

Қосағыңмен түзеп алдың көшіңді!

 

Редакция жолыңды алғаш  ашыпты,

Көктем сайын мерейің үстем тасыпты.

Қосағыңмен  қол ұстасып еңбекте,

Алшысынан түсірдің көп асықты!

 

Ильян Жаңабайұлы жүрсе шаршамай,

Еңбек сүйгіш жасынан –ақ ол солай!

Жолын күттің іс сапарға кеткенде,

Жақсылыққа жорып күнде нақтылай!

 

Болып өстің жастайыңнан  белсенді,

Әде апа, тік көтердің еңсеңді.

Ана менен  әкеңе  ұқсап  кетесің,

Деп айтумен  ел – жұртыңда көп сенді.

 

Әке-шешеңнің  аруағы да қолдады,

Содан өзің нұрландырдың бар маңды!

Келін болып барған жерге  тұрақты,

Бола білдің саналы да, қорғанды!

 

Ильян, Әде  зейнеткер де атанды,

Тәрбиелеп қоғамдағы  асауды.

Екі азамат сексен  жасқа толыпсың,

Сол бақытпен өмір сүр ел қатарлы!

 

Немере қызық, жемісінде әкелсін,

Ермегіңмен  бақытты күн кешерсің!

Алла Тағала қолдап, қорғап, жебеумен,

Қадамдарыңа ақ жол кілем төселсін!!!

 

Шаяхмет Құсайынұлы,

Халықаралық Жазушылар, Қазақстан Жазушылар, Қазақстан Журналистер одақтарының мүшесі.

Қазақстанның құрметті Журналисі, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы.

 

Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет